Басты жаңалықтар

Орман шаруашылығына 20 трактор берілді

Облыстың орман шаруашылығы жаңа техникалармен толықты.

Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде мемлекеттік орман қорын молайтуға байланысты нақты жұмыстар қолға алынған. Президент халыққа арнаған Жолдауында 5 жыл ішінде орман алқаптарына 2 миллиард, елді мекендерге 15 миллион ағаш егілетіндігін, ол жұмыстардың еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізетіндігін айтқан болатын.

Кеше облыс аумағындағы 7 орман шаруашылығына 20 трактор пайдалануға берілді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин орманшылармен кездесіп, өңірдегі орман шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселе екендігін айтты.

— Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының берген үлкен тапсырмасы бар. Облыс аумағында орман алқаптарын үлкейтіп, материалдық базасын нығайту — басты мәселелердің бірі. Көптен бері мұндай техникалар алынбаған болатын. Былтырдан бастап сол олқылықтың орнын толтырып жатырмыз. Алда үлкен жоспарлар бар. Жалпы, өңірде осы саланы дамытуға басты назар аударылатын болады. Сіздерден жұмыс нәтижесін күтеміз, — деді Оңдасын Оразалин.

Орман алқаптарын үлкейту және материалдық базасын нығайту жұмыстарының жоспарымен танысқан облыс әкімі тиісті мекеме басшыларына құм басу қаупі бар ауылдарға баса назар аударып, қаражат мәселесін алдағы сессия жұмысына енгізу қажеттігін айтты.

Айта кетейік, желтоқсан айында облыстағы орман шаруашылықтарына 6 трактор мен 14 соқа берілген болатын. Күні кеше аталған сала су жаңа 20 МТЗ-920 маркалы тракторымен толықты. Бұл техникалар орман алқаптарының айналасын өрттен сақтауға, арамшөптерден тазартуға, күтім жұмыстарына ыңғайлы. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, орман шаруашылығы мамыр айында тағы бірнеше техникамен толықпақ.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы аясында жасалған жоспарға сәйкес, облыс аумағында 2021-2025 жылдары 30,7 мың гектар алқапқа 60,1 миллион көшет егу жоспарланған. Биыл 1086 гектар алқапқа 2,5 миллион көшет егіледі. Алдағы уақытта бұл мақсатта 7 орман шаруашылығына барлығы 82 адам еңбекке тартылмақ.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button