АуылБасты жаңалықтар

Жарыққа барар жол қайда?

Кезінде жалғанның жетегіне еріп, арманның артынан жүріп, талай жан ауылдан шығып кетті. Қалаға жедел жеткенімен, шаһар олардың барлығына бірдей құшағын жая қоймады. «Ауылдан адам көшкенімен, адамнан ауылдың көшпейтінін» түсінген жұрт туған өлкеге қайта оралды. Бірақ барлығы емес. Оны бүгінгі кей ауылдардың жағдайына қарап-ақ түсінуге болады.

Әрине, облыста Тәуелсіздік жылдарында еңсесін тіктеген ауылдардың да саны көп. Десе де картадан жоғалып кету қаупінде тұрған елді мекендер де бар.

Біз бұл жолы Қобда ауданына қарасты Жарық ауылдық округі туралы сөз қозғамақпыз. Оған себеп — бүгінде әлеуметтік желілерде жүрген ауыл тұрғындарының үндеу хаты. Онда ауылдағы үш қабатты мектептің жабылып қалу қаупінде тұрғандығы, аудан орталығынан 45 шақырым жерде жатқан Жарықта екі қолға бір күрек табылатындығы, көшіп келгісі келетін жандарға бос үйлер бар екендігі айтылыпты.

Құрамына Жарық, Жаманкөл, Қанай, Ортақ ауылдары кіретін ауылдық округ кезінде өрісі малға, даласы жанға толып, «гүрілдеп» тұрған кеңшарлардың бірі еді. Шөбі шүйгін, жері құнарлы, берекелі ауылдан да сонау тоқсаныншы жылдары тұрғындар үдере көшкен болатын.

Сол ауылда бүгінде 600-ден астам ғана халық тұрады. Тұрғындардың бір бөлігі бюджеттік мекемелерде еңбек етсе, көбі өзінің жеке кәсібін бастаған. Мәселен, алақандай ғана ауылда 31 шаруа қожалығы бар. Айта кетейік, округ әлі де аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласы жағынан бірінші орында тұр. Ащықара мен Қобда өзен-сулары жағалауында орналасқан ауылдың климаты малға жайлы. Егін шаруашылығына да қолайлы.

Облыс орталығынан ауылға дейінгі жол сайрап жатыр. Ауызсу да Жарық тұрғындары үшін мәселе емес. Судан тапшылық жоқ мұнда. Ұялы байланыс желісі де жақсы ұстайды. Интернет мәселесі де шешілген. Әлеуметтік желіге еркін кіре аласыз. Бірақ Жарық жұрты әлі күнге дейін көмір тасып, күл шығарады. Әрине, күнделікті тірліктеріне электр пештері мен сұйылтылған газ баллондарын пайдаланатын тұрғындар да бар. Ауыл әкімі Ерлан Иманғазин бұл мәселенің де алдағы 2-3 жылдықта өз шешімі табылып қалатынын айтып сендірді. Десе де, ауыл тұрғындарын мазалайтын мәселе ол емес. Ауыл жұрты кезінде гүлдей жайнап тұрған өлкесінің көз алдарында құлдырап, жойылып бара жатқанына алаңдайды. Ауыл әкімі де «Дипломмен — ауылға» келген жастардың тұрақтап қалмайтынын айтады.

Қалада жылдап баспаналы бола алмай жүрген отбасылар ауылға келсе, бірер жылда қорасын малға толтырып, облыс орталығынан да баспана алатындай жағдайға жетер еді. Ауылда мектеп, интернет, Мәдениет үйі, дәрігерлік пунктіміз бар. Көшіп келем деушілерге ауыл кәсіпкерлері қолдау көрсететінін де айтты, — дейді Ерлан Иманғазин.  

Оқушылар азайып бара жатыр…

Ауылдың құлдырап, оқушылардың азайып бара жатқанына алаңдап үндеу хат жазған азаматтардың бірі — Жарық мектеп-балабақшасының директоры Максим Танышкупов. Жарық тұрғындары үшін әр отбасының орны ерекше екендігін айтқан ол ауылға көшіп келгісі келетін жастар мен көпбалалы отбасылар болса құшақ жая қарсы алатындығын жеткізді.

Жарық тұрғындарының ең басты уайымы — ауылдағы мектептің жайы. Кезінде 464 балаға шақталып салынған үш қабатты білім ордасында бүгінгі таңда 55 бала ғана оқиды. Әр сыныпта 3-4 оқушыдан. Мәселен, 2020 жылы 1-сыныпқа 4-ақ оқушы қабылданыпты. Мектепте 23 мұғалім, балабақшада 4 тәрбиеші бар. Мектеп директоры 11 жылдық білім ордасының негізгі мектепке айналып кетпеуі жолында шырылдап жүр.

— Мен осы Жарықтың баласымын. Осында туып-өстім. Еңбек жолымды да осы ауылда бастадым. Кезінде тірлігі қайнап жатқан ауылдың осындай халін көру кім- кімге де оңай емес. Ертеректе 500-ге жуық бала білім алған, қасында мектеп-интернаты болған білім ордасында оқушылар саны күн санап азайып бара жатыр. Сондықтан ауыл әкімдігімен келісіп, үндеу хат жазғанбыз. Ауылға көшіп келетін азаматтар болса, аяғынан тұрып кетулеріне көп болып көмектесер едік, — дейді Максим Танышкупов.

Іргетасы 1983 жылы қаланған мектеп 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Жарық, жылы, кең кабинеттері заманауи үлгіде жарақтандырылған. Білім сапасы да жоғары деңгейде. Мектеп директоры оқушылардың үнемі облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып отыратындығын айтады.  

— Біздің қазіргі мәселеміз — мектепке бала санын көбейту, тұрақтандыру. Бұл тек бір мектептің ғана емес, тұтас ауылдың мәселесі болып отыр, — дейді ол.

«Дауысын төлдің сағындым»

 Елде жұмыссыздық жайлаған тұста «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткені рас. Ол кезеңде халық болашағын емес, бүгінін ғана ойлаған еді. Бірақ қазір заман өзгерді. Ауылға көшіп барып, қызмет қылып, еңбек етем деушілерге мемлекет тарапынан қолдау да бар. Мұны көпшілігі енді түсініп келеді.

Сонау тоқсаныншы жылдары күйбең тірліктің қамын күйттеп, Жарық ауылынан қалаға көшіп кеткендердің бірі — Ізбасар Қарамулдинов. Біраз жыл өзін қалада сауда саласында сынап көрген Ізбасар ағай уақыт өте келе ауылына қайта оралыпты. Бүгінде туған жер төсінде төрт түлік малын өргізіп отыр.

— Мамандығым — мұғалім. Тоқсаныншы жылдары сауда саласына бет бұрып, ауылдан жырақтап кеттік. Қалаға үйренісе алмадым. Үйді де алдым, шаруам да ойдағыдай жүрді. Бірақ бір бүйрегім туған жеріме қарай бұрып тұрды. Кейін отбасымызбен ақылдасып, Жарыққа қайтадан көшіп келдім. Зайыбым осы ауылда дәрігер. Өзім 2003 жылдан бері ауылдың ауыл шаруашылығы саласына үлесімді қосып келемін, — дейді «Майлыбай» шаруа қожалығының иесі.

Алғашында шаруасын өз қаражатымен бастаған шаруа бұл күнде мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп отыр. Мәселен, өткен жылы 50 миллион теңге көлемінде несие алып, асылтұқымды Мұғалжар жылқыларын әкеліпті.

Айта кетейік, Ізбасар Қарамулдинов — ауданға алғашқы болып асылтұқымды еділбай қойын әкелген шаруалардың бірі. Шаруа әлі де мал басын арттырып, жылқы санын мыңға жеткізгісі келеді. Алдағы уақытта ет бағытындағы жұмыстарды да қолға алу жоспарында бар. Шаруашылық өзіне қажетті ауылшаруашылық техникаларымен толық қамтамасыз етілген. Бірнеше ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

— Қазір қол астымда 5 жұмысшым бар. Мал басы өскен сайын жұмысшы да қажет-ақ. Малшыларыма арнап үй салып қойдым. Ас-суы өзімнен, одан бөлек айлығы тағы бар. Өз малын қосып бағам десе де қарсылық білдірмейміз. Жалпы, Жарық ауылы келіп тұрам десең де, өз шаруашылығымды бастаймын десең де қолайлы ғой. Тек ниет пен ынта болса болғаны, — деген Ізбасар шаруа  ауыл халқының санын көбейтіп, ауылға көшіп келгісі келетін азаматтар болса, жұмыс тауып беруге дайын екендігін айтты.

Бау-бақша баптап, береке тапқан

 Жарық ауылдық округінің әкімі ауылға соңғы 3 жылда үш отбасы көшіп келіп, жаңадан үй тұрғызғанын айтады. Араларында Жарықтың байырғы тұрғындарымен қатар, жаңадан қоныс аударған азаматтар да бар. Бақдәулет Кусетов — солардың бірі. Осыдан үш жыл бұрын Жарыққа қоныс аударған Бақдәулет ағай бұл күнде ауылға әбден «сіңісіп» кеткен. Ол бауырмал, қонақжай Жарық жұрты өзін ерекше ықыласпен қарсы алғанын айтады.

— Қобда жерінде туып-өскеніммен, жастық шағым Ақтөбе қаласында өтті. Зейнет жасына шығар алдында ауылға қайтқым келді. Ағайын-туыстан Жарықтың жері құнарлы екенін естідім. Балаларым осы ауылдан үй салып берді. Алғашында отанасы екеуміз ауылдан наубайхана ашқанбыз. Кейін бау-бақша егіп көрдік. Қауын-қарбызымыз, қияр мен қызанағымызды шыққанын шыққандай қобдалықтар алып кетеді. Кейде өнімді  қалаға алып барамыз. Биылғы өнім жақсы шықты. Бұдан бөлек құс асырап та қаражат табуға болатынына көзіміз жетті. Жаз шыға балапан сатып әкеліп, күзде сойып, құс етін сатамыз. Ауыл маған да, үйдегі апаларыңа да ыңғайлы. Жалпы, еңбек етем деген жанға қайда да жұмыс бар ғой, — дейді биыл зейнет жасына шыққан Бақдәулет ағай.

P.S  Мақала жазу барысында бірқатар таныстарыма хабарласып көрдім. Ауыл туралы, Жарық жайлы айттым. Байқағаным, қалада жұмыс таба алмай, пәтер жалдап жүрсе де көп жастардың ауыл жаққа барғысы жоқ. Әрине, біреуге ақыл айтып, ауылға күштеп апарудан аулақпыз. Біздікі тек ауылдағы барды көрсетіп, көпке ой салу,  жастардың ықыласын ояту. Ал ықылас ырысқа бастайтыны көпке мәлім.  

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button