Басты жаңалықтарСпорт

«Ақтөбе» «Тобылды» тоқтатты

Премьер-Лига

Өткен аптаның 19-20 наурыз күндері 2-тур ойындары өтті. Бұл кездесулерде ерекше атап өтерліктей еш жаңалық бола қойған жоқ. Ұтуға тиіс командалар ұтты, ұтылуы мүмкін командалар ұтылды. Тек екі ірі есеп нәтижесі (3:0) тіркелгені ғана тілге ілігер оқиға болды.

«Ақтөбе» өз алаңында өтуге тиіс алғашқы кездесуін ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматыда өткізіп, Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдады.

Бірінші таймда ойын сүреңсіз өтті. Дәлірек айтқанда, екі команданың да қимыл-қозғалыстарында жан-жақты ойластырылған есепке құрылған ештеңе болмады. Екі команда да әйтеуір тынымсыз шабуылдауға тырысты, бірақ жеткілікті комбинациялық өрнектер көрінбей қойды. Допқа иелік ету үшін дөрекі қимылдарға барған қостанайлықтар алғашқы он минуттың ішінде екі «сары қағаз» алып үлгерді. Мұндай ескертуден сәл кейінірек біздің Юрий Перцух та құр қалмады. Осылайша мақсатсыз алашапқын жүгірістерге құрылған, аяққа оралған допты нәтижелі пасқа айналдыра алмаған футболшылар кездесудің алғашқы бөлігін реңсіз аяқтады. Дегенмен бұл таймда «Тобыл» футболшыларының екпіні басымдау болғанын, 45 минуттың үштен екі бөлігінде доп солардың аяғында жүргенін мойындауымыз керек.

Сірә, бас бапкерлер үзілісте пайдалы әңгімелер айтып, нақты нұсқаулар берген болуы керек, екінші тайм бірден жанданып сала берді.

Сондай сәттердің бірінде, 54-минутта, алаңның оң қанатында кейіндеу тұста жүрген Әлішер Әжімов иелігіне келе қалған допты икемге келтіріп алды да, қостанайлықтардың айып алаңына қарай әуелете тастады. Дәл сол жерде жүрген біздің шабуылшымыз Игорь Сергеев шалт қимылдап, екі қорғаушының ортасынан суырыла көтерілді де, допты бірер метр жерден баспен соқты. Жібек торға зу етіп еніп кеткен допқа қостанайлық қақпашы Александр Мокин қолын да созып үлгермеді — 1:0.

Енді «Тобыл» футболшылары атқа мінді. Қалайда есе қайтаруды көздеген олар тайлы-таяғымен біздің қақпаға ұмтылумен болды. Сондай қарбалас шақтың бірінде ақтөбелік қорғаушы қарсыластардың бірін абайсыз шалып құлатты да, жиырма метрдей жерден айып добы белгіленді. Сонымен 74-минутта Серікжан Мужиков қорғаушылардың үстінен асыра өте шеберлікпен үстіңгі оң бұрышқа дәл бағыттаған допқа, обалына не керек, біздің қақпашы кедергі жасап үлгерді, бірақ сол жақтағы діңгекке тиіп кері серпілген допқа ақтөбелік екі қорғаушының ортасынан суырыла шыққан қостанайлық Руслан Валиуллин бұрын жетіп, жібек торды бүлк еткізді — 1:1.

Ойынның қалған 20 шақты минуты да осындай жан алып, жан беріскен сәттерге толы болды. Әсіресе, біздің Рифат Нурмагамет ұшындыра тепкен доп қарсыластар қақпасы алдында жүрген өзіміздің ақтөбелік футболшының аяғына тиіп қиыс кетпегенде, кім білген, тағы бір голға ие болар ма едік. Бірақ бұндай қауіпті сәттер біздің қақпамыздың да алдында болғанын және ұмытуға болмайды.

Жалпы бітіспес екі бәсекелес — «Ақтөбе» мен «Тобылдың» кездесуін кәнігі жанкүйерлер қашанда ерекше ынтамен бақылайтыны мәлім. Екінші таймдағы үзіліссіз текетірес сол сенімді ақтады да. Бұны бір десек, екіншіден, «Ақтөбе» кеше ғана Қазақстан Суперкубогына қол жеткізген, оған іле-шала алғашқы турда жеңіске ие болған, оны аз десеңіз, осы ойынның фавориті ретінде есептелген «Тобылды» бейтарап алаңда тоқтатып, биылғы мақсатының жоғары екенін аңғартты.

Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан ұлттық құрамасына 7 футболшысы шақырылған «Тобыл» командасының бас бапкері Григорий Бабаянның «Ақтөбе» тәуір футболшылар іріктеліп алынған тәуір команда екенін атап өтуі де ақтөбеліктердің биылғы құрамасына берілген оңды баға болды.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 1:1

Гол авторлары: Игорь Сергеев, 54-минут (1:0), Руслан Валлиулин, 70-минут (1:1).

Ескерту қағазын алғандар: Юрий Перцух, 18-минут; Әлішер Әжімов, 58-минут; Армен Манучарян, 71-минут («Ақтөбе») — Лобжанизде, 2-минут; Руслан Валлиулин, 9-минут; Азат Нұрғалиев, 45-минут; Асхат Тағыберген, 51-минут («Тобыл»).

20 наурыз 2021 жыл. Алматы қаласы, «Жас қыран» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы), Армен Манучарян (Демият Сламбеков, 73-минут), Михал Йерабек, Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Юрий Перцух (Рифат Нурмугамет, 84-минут), Тонго Думбия, Дидар Жалмұқан (Еркебұлан Нұрғалиев, 73-минут), Эрвейн Мукам (Олег Чернышов, 68-минут), Максим Федин (Максим Самородов, 83-минут), Игорь Сергеев.

Бас бапкер Алексей Бага.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қайсар»-«Қайрат» — 0:3

Гол авторлары: Вагнер Лав, 45+3 минут (0:1); Камо Оганесян, 62-минут (0:2);  Данияр Үсенов, 77-минут (0:3).

38-минутта екінші рет ескерту қағазы көрсетілген Думан Нарзилдаев («Қайсар») жасыл алаңнан қуылды.

19 наурыз 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. 1300 адам.

«Шахтер»-«Ордабасы» — 0:2

Гол авторлары: Александр Симчевич, 50-минут (0:1), Сергей Хижниченко 89-минут (0:2).

20 наурыз 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Тараз»-«Қызылжар СК» — 0:0

19 наурыз 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 2500 адам.

«Жетісу»-«Тұран» — 3:0

Гол авторлары: Артем Дмитриев, 4-минут (1:0), Аслан Әділ, 69-минут (2:0), Асхат Балтабеков, 76-минут (3:0).

20 наурыз 2021 жыл. Алматы қаласы, «Жас қыран» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Астана»-«Каспий» — 2:0

Гол авторлары: Макс Эбонг, 17-минут (1:0); Марин Томасов, 45+1-минут, пенальти (2:0).

19 наурыз 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақжайық»-«Атырау» — 1:0

Гол авторы: Еркін Тапалов, 74-минут (1:0).

90+2 минутта екінші рет ескерту қағазы көрсетілген Петар Гжельчак  («Атырау») жасыл алаңнан қуылды.

20 наурыз 2021 жыл. Орал қаласы, «Ақжайық» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

*   *   *

Екі турдан соң, әрине, командаларға біржола баға беру қиын. Дегенмен сол екі турда да жеңіске жеткен «Қайрат» 6 ұпаймен жеке дара көш бастап тұрғанын атап өткен жөн. Одан соң 4 ұпайдан жинаған үш команда келе жатыр: «Астана», «Тобыл», «Тараз». 3 ұпайы бар командалар екеу: «Ордабасы», «Ақжайық». 1 ұпай иелері: «Қызылжар СК», «Каспий», «Тұран». Бес команданың әзірге ұпайы жоқ: «Жетісу», «Шахтер», «Атырау», «Қайсар», «Ақтөбе».

Сертификат жөніндегі комиссияның шешімімен «Ақтөбе», «Жетісу», «Шахтер» командаларынан уақытша үш ұпай шегерілгенін еске саламыз. Сондай-ақ «Ордабасы» мен «Қызылжар СК» командалары бір-бір кездесу ғана өткізді.

*   *   *

3-тур кездесулері

4 сәуір, жексенбі:

«Тұран» — «Қайсар»

«Ордабасы» — «Ақжайық»

«Қайрат» — «Тараз»

«Қызылжар СК» — «Шахтер»

«АТЫРАУ» — «АҚТӨБЕ»

«Тобыл» — «Астана»

«Каспий» — «Жетісу»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button