Басты жаңалықтар

Мұғалжар ауданында биыл төрт ауылға газ кіргізіліп, алты ауылға су тартылады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданында болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, бірқатар
нысандардың құрылысын қарады. Алдымен өңір басшысы Ақкемер ауылдық округінде «Ақтөбе — Қандыағаш» тас жолына күрделі жөндеу жүргізетін мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Марат Махамбетовтің айтуынша, «СП Сине мидас строй &Тодини» ЖШС ұзындығы 44,3 шақырым болатын
«Ақтөбе — Тамды» тас жолын жөндейтін болады. Жоба құны — 39,7 миллиард теңге. Тамды ауылы мен Қандыағаш қаласы арасындағы тас жолды «АқжолҚұрылыс-АзВирт-АссанаДорСтрой» компаниясы жөндейді. Мекеме 2023 жылға дейін 51,7 шақырым жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға тиіс.
— Қазіргі таңда мердігерлер құрылыс материалдары мен темірбетон бұйымдарын дайындап жатыр. Ақтөбедегі «Стройдеталь», «ЖБИ-25 кәсіпорындарынан 200 мың тоннадан астам инертті материал, сонымен қатар, жергілікті карьерлерден қиыршақ тас әкелінді. Мердігер мекемелер арасында жергілікті тұрғындарды жол жұмыстарына тарту туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Жалпы, екі жобаны жүзеге асыруға 560 жұмысшы, 300 техника жұмылдырылады. Бұл — бірінші санаттағы төрт жолақты жол болмақ.
Жұмысты 2023 жылы қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр, —деді Марат Махамбетов.

Алты ауылға су тартылады

Облыс басшысының жұмыс сапары аудан орталығы Қандыағаш қаласындағы А.Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінде жалғасты. Ондағы мектеп ұжымымен кездесіп, оқушылардың өнерін тамашалады. Аталған мектеп 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Қазақ және орыс кластарындағы 300 бала домбыра, қобыз, баян, фортепиано секілді т.б. музыкалық аспаптарды игеріп жатыр.
Мұнда Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов облыс әкіміне биылғы жылға арналған жұмыс жоспарларын таныстырды.
Оның айтуынша, аудан аумағында елді мекендерді газдандыру бойынша төрт жоба жүзеге асырылмақ.

— Былтыр Елек ауылында мектеп салынып, орталық су жүйесімен қамтылған болатын. Газ қондырылатын ауылдардың дені «Ақтөбе —Қандыағаш» тас жолының бойында орналасқан. Тұрғындар үшін барлық жағдай жасалуы керек,— деді Оңдасын Оразалин.
Аудан әкімінің айтуынша, жалпы биыл сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыру бағытында алты ауылға су беріледі. Олар: Басшилі, Құмсай, Талдысай, Жарық, Шеңгелши және Қожасай ауылдары. Жоба нәтижесінде жалпы аудан тұрғындарының 96,5 пайызы ауыз сумен қамтылмақ. Ол үшін 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр.
Сонымен қатар ауданда әлеуметтік нысандар салу жұмыстары да жүзеге асырылып жатыр. Биыл аудан орталығы мен Ембі қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында екі үлкен мектептің құрылысы жоспарланған, сондай-ақ «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша 213 миллион теңге көлемінде
Жағабұлақ, Сағашилі, Ақкемер ауылдарына спорттық ангар салынбақ.
Бұдан соң өңір басшысы Қандыағаш қаласындағы «Вернал Ойл Казахстан» ЖШС шағын мұнай өңдеу зауытын аралады. Кәсіпорын 2002 жылдан бері жұмыс жасайды.
Зауыттың қазіргі таңдағы өндірістік қуаты жылына 150 мың тонна мұнай өнімін құрайды. Өнім еліміздің бірқатар өңірлерінде, Ресейде сұранысқа ие. Қазіргі таңда мұнда 135 адам еңбек етуде. Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап меморандумға сәйкес, жұмысшылардың еңбекақысы 15 пайызға, инженер-техникалық қызметкерлердің еңбекақысы 3 пайызға көтерілмек.
Сондай-ақ облыс әкімі аудан орталығынан салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысын бақылады. Жұмысты мердігер «Ерзат»
өндірістік кооперативі атқаруда. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Спорт нысаны осы жылдың тамыз
айында пайдалануға берілмек.

Гемодиализ орталығы

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин Қандыағаш қаласында биыл ашылған «MEDLIFE+» медициналық гемодиализ орталығымен танысты. Мұнда бүйрегі мен несеп шығару жолдары, сонымен қатар вирус гепатитімен ауыратын адамдарға көмек көрсетіледі.
Қазіргі таңда бұл жерден Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарының да 35 тұрғыны үнемі ем қабылдауда. Орталықта бес диализ аппараты бар. Қабылдауды кардиолог,нефролог, невролог және т.б. бейінді мамандар жүргізеді.
Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевқа осындай орталықтарды басқа аудандарда да ашу мәселесін қарастыруды, сондай-ақ маман тапшылығын жою мақсатында жергілікті кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
— Тоғыз жылдан бері гемодиализ жасатып жүрмін. Осы күнге дейін қысы-жазы облыс орталығына қатынадық, қыс мезгіліндегі боранды күндері пойызбен
барған кездеріміз де болды. Енді міне, алыс жол жүрмей-ақ, жақын маңнан ем алатын болдық. Ауданнан осындай медицина орталығы ашылғанына өте
қуаныштымыз, — дейді тұрғындардың бірі Ғалым Тұрсынбаев.
«MEDLIFE+» орталығының басшысы Олег Ханның айтуынша, мұндағы науқастар 1 топ мүгедектігі бар азаматтар. Олар емді 4 сағат, аптасына 3 рет алады. Бүгінге
дейін мұндай орталық тек Шалқар ауданында болған.

Диализ залы толықтай ең озық жапониялық «Nipro» медициналық қондырғыларымен толыққан. Жоғары сапалы 3 гемодиализ аппараты жұмыс істеп тұр.
Науқастардың қаны арнайы сүзгі арқылы өтіп, тазартылады.
Жеке инвестордың қаржысына ашылған гемодиализ орталығында жоғары білікті 7 маман қызмет атқарады. Сонымен қатар мұнда Мұғалжар, Байғанин және Темір
аудандарының тұрғындары да келіп, ем қабылдауда. Облыс әкімі жұмыс бағдарламасының соңында орталық аурухананың терапиялық, балалар бөлімдеріне соқты.
— Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 85 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Материалдық базамыз мығым. Қазіргі таңда 75 дәрігер, 237 орта буын қызметкері жұмыс атқаруда. Былтыр 8 жас маманмен толықты.
Стационарда 98 кереует қоры бар, емханамыз тәулігіне 600 адамды қабылдай алады. Сондай-ақ күндізгі стационарда 50 кереует бар, — дейді аудандық ауруханының бас дәрігері Миржан Кенжебаев.
Өңір басшысы орталық аурухананың материалдық-техникалық базасымен танысып шықты. Былтыр рентгенологиялық жабдық сатып алынып, сонымен қатар, ерте сатыдағы онкологиялық ауруларды анықтай алатын компьютерлік томограф іске қосылған. Бұл жабдықпен бүгінде Алға, Темір және Байғанин аудандарының
тұрғындары да тексеріліп жүр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Оңдасын Оразалин аудан басшылығына мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды, барлық нысандардың құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,
Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button