Басты жаңалықтар

«Шалқар көлінің табанын тазарту» жобасы басталды

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өзекті экологиялық мәселелерді шешуге байланысты сұрақтар қаралды.

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов, экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл, «Актобеводпроект», «TOLAGAI-2050» ЖШС-лары өкілдері қатысты.

— Шалқар ауданының тұрғындары Шалқар көлінің табанын тазартуға қатысты мәселені бірнеше рет көтеріп, оны байырғы қалпына келтіріп беруді сұраған болатын. Біз бұл жұмысқа мамандар мен сарапшыларды тарттық. Былтыр жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталған болатын. Үкімет аталған жобаны қолдады, биыл біз соны жүзеге асыруға кірісеміз. Ауқымды жоба үш жылға жоспарланған, дегенмен жұмысты ыждағаттап, екі жылда аяқтауға болады. Оның өңір үшін рекреациялық және шаруашылық тұрғыда маңызы зор. Бұл жобаның өңірдің экологиялық ахуалын түзетуге орасан зор пайдасы болады деп  күтіп отырмыз, — деп атап өтті облыс әкімі.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров Шалқар көлінің табанын тазарту жобасын таныстырды.

Баяндамашының айтуынша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңына қарай көл суы тартылып, табаны батпақтана бастаған. Бұған ағын судың жетіспеуі, су астында неше түрлі өсімдіктердің өсіп кетуі себеп болған.

— «Шалқар көлінің табанын тазарту» жобасының техникалық-экономикалық негізі әзірленіп, сараптамадан өтті. Жобаның жалпы сомасы 3 миллиард теңгені құрайды. Осы жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 432,95 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ салалық министрлікке қосымша қаржы бөлу үшін тапсырыс жіберілді, — деді Нағымжан Алдияров.

Жиын соңында Оңдасын Оразалин мемлекеттік органдар мен «TOLAGAI-2050» ЖШС мердігер мекемесінің басшыларына қоршаған орта мен бау-бақша иелеріне зиян келтірмей өңір үшін маңызды жобаны тиянақты жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қолға алу керектігін тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button