Қолөнердің қадір қасиеті

Ұлттық мәдениетіміздің ең байырғы, аса құнды саласының бірі саналатын қазақ қолөнері өзіндік даралығымен, терең тарихымен ерекшеленеді.
Қазіргі кезде қолөнер элементтері үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, әшекей бұйымдарда көп қолданылып жүр. Бүгінде ұлттық болмысты сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, рухани жаңғыру жолында талмай еңбек етіп жүрген қолөнершілеріміз жетерлік. Біз Наурыз мейрамы қарсаңында осы қолөнердiң қадiр қасиетін арттырып, заманауи технология тiлiмен үндестiрiп жүрген шеберлермен тілдескенді жөн көрдік.
Ағаш ыдыстың пайдасы
Бүгінде ұлттық нақышта ою басылған белдік, әмиян, сөмке, ыдыс-аяқ секілді басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдарды табу оңай. Қолөнершілеріміз қазақ халқының көне мұраларын қайта жаңғыртып, заманауи әдіспен жаңартып, ел назарына ұсынып келеді. Сондай-ақ ұлттық нақышта, ұлттық бояуы сіңген дүниелерді нарыққа бейімдеп, бизнес көзіне айналдырып, табыс табуда.
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде баспанасы киіз үйінен бастап, ет тартатын астау-табағы, құрт езетін астауы, сүт, қымыз құятын шарасы, саптыаяқ секілді барлық ыдыс-аяғы, қарапайым қасығына дейін ағаштан жасалып отырған.
Себебі, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді болып келген.
Сонымен қатар ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген.
Кейінгі кездері ел ішінде осы дәстүрді ұстанатын отбасылардың қатары көбейіп, ағаш бұйымдарды күнделікті тұрмысына қолдана бастады. Сонымен бірге ағаштан ойылып, ұлттық өрнек салынған қазақы табақтарды пайдалану да сәнге айналған. Сауда дүкендерінен де ағаштан жасалған ыдыстарды жиі кездестіреміз. Әсіресе, той-мерекелерде астау-табақпен ет тарту жақсы үрдіске айналып келеді. Қазақтың етке арналған үлкен астаулары расында әсем көрінеді.
Шалқар ауданындағы жеке кәсіпкер Эльмира Елеусізова — осындай ағаштан жасалған табақтар, нантақтай мен оқтаулар тәрізді ыдыстар жасаудың шебері.
Бала күнінен қолөнермен айналысқан ол бүгінде ағаштан жасалған ыдыстар мен мүсіндерден бөлек, сурет салу, камзол тігу, бисермен әшекей бұйымдар жасаумен де айналысады.

— Бүгінде ұлттық нақыштағы дүниелерге жұртшылықтың сұранысы жоғары. Қазір Наурыз мейрамы қарсаңында ет тартатын астау-табақтарға тапсырыс көп түсіп жатыр. Қазақтың бұрыннан барлық ыдыс-аяғы ағаштан жасалған. Оның ішінде сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні тіптен бөлек. Кейінгі кездері осы дәстүрді ұстанатын отбасылардың қатары көбейіп, ағаш бұйымдарды күнделікті тұрмысына қолдана бастағаны қуантады.
Негiзiнен, ағаш ыдыстар экологиялық жағынан да таза болып келедi, — дейді Эльмира Елеусізова.
Аса ыждағаттылық пен төзімділікті талап етіп, кәсіби шеберлікпен атқарылатын бұл жұмыстың құны да арзан емес. Астаулардың ең арзаны 15 мың теңгеден басталып, көлеміне қарай сәйкесінше бағасы да өседі. Бас табақтар — 9 мың теңгеден. Ыдыстар арнайы ұлттық нақыштағы оюлармен көмкерілген.
— Ағаш бұйымдары табиғи зат болғаннан кейін таза ұстап, орнымен қолдансаңыз ұзақ жылға шыдайды. Сондықтан ағаш ыдыстарды тұтынушылар қатары жыл санап көбейіп келеді.
Астау-табақтарды жасау үшін өзіміздің арнайы құрал-сайманымыз, станоктарымыз бар. Негізінен, астау жасау оңай шаруа емес. Бұл жұмысты сапалы жасау үшін алдымен төзім керек. Екіншіден, ыдыс-аяқтар көбінесе ағаштың қатты жерінен жасалынады. Ол ағаштарды табу да оңайға түспейді. Мен қараағаш, қайың, үйеңкі ағаштарын қолданамын. Оларды арнайы тапсырыспен Алматы қаласынан сатып аламыз. Үшіншіден, жасаған ыдысымыз сапалы болуы үшін де бар өнерімізді саламыз. Ағаш ыдыс жарылып немесе ішіне су сіңіп кетпеуі керек. Ағаштарды тазалап, кептіріп алған соң, станокқа салып, болғаннан кейін токсинсіз лакпен боялады. Табиғи өнімнен жасалған соң, олар ыстыққа да, суыққа да төзімді. Сондықтан құны да қымбат болады, — дейді шебер.
Сүйектен бұйым жасайтын ісмер қыз
Мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысқан қазақ халқы жануарлардың сүйектерін де түрлі қажеттеріне жарата білген. Қазақ шеберлері үй жиһаздарын, саз аспаптарын әзірлегенде оларды әшекейлеп безендіру үшін мүйіз бен сүйекті кеңінен пайдаланған.
Бабадан қалған осы текті өнерді бүгінге дейін жаңғыртып келе жатқан шебер жандардың бірі — Байғанин аудандық шығармашылық орталығының дизайн үйірмесінің жетекшісі Гүлдана Серікқызы. Ол үш жылдан бері аталған кәсіппен айналысып, мал сүйектерінен ерекше дүниелер жасап шығарады. Оның үлкен шеберлікпен, аса ұқыптылықпен жасалған туындылары қараған көздің жауын алады.

— Кішкентайымнан қолөнерге жақын болып, сурет салуға, ермексаздан мүсіндер жасап, сүйектен түрлі бұйымдар шығаруға әуеспін. Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша білім алдым.
Негізі, кез келген мал сүйектерінен бірдеңе ойлап шығаруға болады. Мұның барлығы шеберлікті талап етеді.
Әсіресе ірі қара малдың сүйектері ерекше бұйымдар жасауға ыңғайлы. Мен кәрі жілік, омыртқа, құйымшақ, жауырын сүйектерін пайдаланамын. Мысалы, сүйекке оюлардың суретін салып, ерекше кәдесыйлар жасап шығаруға болады.
Сүйекті жібуіне қарай кемінде екі сағат суға әбден қайнатып, артық еттерін тазалап аламыз. Мәселен, құйымшақты тазалау оңай шаруа емес. Оның бөлшектері көп болғандықтан, суға қатты қайнатқанда сүйектер бөлініп кетуі мүмкін. Осы жағынан мұқият болу керек. Одан кейін кептіріп, сыртын тегістейміз, — дейді ісмер қыз.
Гүлдана жетекшілік ететін дизайн үйірмесі үш бағытта жұмыс жасайды. Шәкірттеріне мүсін жасаудың, қолөнер түрлерінің, сондай-ақ сурет салудың қыр-сырын үйретеді. Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы Өнер музейінде жеке сурет көрмесін де ұйымдастырды. Облыстық деңгейдегі бірнеше сурет байқауларының жүлдегері атанды.
— Негізінен, портрет салғанды, қазақтың кең-байтақ сұлу табиғатын бейнелегенді, текті жануарларды салғанды ұнатамын. Жыл сайын шәкірттерімнің жұмысын қорытындылау мақсатында сурет көрмелері мен шеберлік кластары өткізіліп тұрады. Балалардың да қызығушылығы өте жоғары.
Жұмысты бастар алдында, шығаратын дүниеңнің түр-сипатын кішкентай бөлшегіне дейін ойластырып, ерекше әдемі болып шығуын жобалайсың. Жалпы, қолынан іс келетін адамға ештеңе кедергі емес. Тек қиялың ұшқыр болса болғаны, — дейді шебер.
Айта кетейік, ертеректе шеберлер сүйектен шаш тарақ, аттарақ жасаған, пышақ та саптаған, ожау, саптыаяқ сияқты ыдыстардың сабын да сүйекпен безендірген.
Мәселен, жылқы малын жоғары бағалаған қазақ оны баптап, күтетін құрал-жабдыққа да баса назар аударған.
Бапкерлер бәйгеге қосатын сәйгүлігіне жабу жауып, әбден терлеткен. Теріден бөлінген түз жылқы түгіне жабысып, сор болып кеуіп қалады екен. Соны үгіп түсіру үшін сүйектен әзірленген арнайы тарақты пайдаланған. Оны «аттарақ» деп атайды. Ондай тарақты жасау үшін жіліншік сүйекті қақ жарып, ағаштың аша бұтағына шегелейді. Қырлы қапталына бедерлеп егеумен тіс, жүз салады. Тарақ жүзінің тереңдігі пышақ сыртындай, яғни 3-5 мм-дей болуы керек.
«Ұршық иіруге шеберлік керек»
Қазір үйде жүн түтіп, жіп иіріп отыратын жанды кездестіру қиын. Дегенмен ауыл адамдары мұны қиын көрмейді, таза еңбекке балайды. Сондай жанның бірі — Шалқар ауданының тұрғыны Әсел Жарылқасова. 28 жастағы келіншекті бір сөзбен «бесаспап» десе болғандай. Себебі ол ұршық иіріп жүн де түтеді, тоқыма тоқиды.

— Жалпы «жоқ» деп айта алмаймын. Қолдан келсе, бәрін істеуге тырысамын. Ұршық иіріп, жүн де түтемін. Одан қыста қолғап, шұлықтар тоқимын. Шалқардың Жылтыр ауылында туып өстім. Жүн түтуді бала күнімде анамнан үйрендім. Тіпті әкемнің қасында жүріп, мал сойып, етті жіліктеуді де біліп өстім. Бүгінде тұрмысқа шыққан отбасым мал ұстайды. Бес сиырды сауып, сүтінен қаймақ, май, ірімшік жасаймын.
Негізінен, жүн түтіп, жіп иірудің өзіндік технологиясы бар екені рас. Қойды қырқып, кейін оның жүнін кəдеге асыру — еңбекқорлықты қажет ететін тірлік. Жүнді əуелі тазартып алу керек. Одан кейін жуып, жақсылап кептіреді. Бұдан соң сабаумен сабап, жүнді иіріп, ширатамыз. Ұршық иіру де шеберлікті талап етеді, — дейді кейіпкеріміз.
Қазақ халқы ұршық иіру арқылы қыздарын тәрбиелеген. Бір жерде отырып іс тігу немесе тоқыма тоқу үлкен шыдамдылықты, ұқыптылықты қажет етеді. Қыздардың шеберлігін шыңдайды. Олардың биязы мінезін қалыптастыруға да үлесі зор.
Кейіпкеріміздің айтуынша, дүкендерден сатып алған тоқыма киімдердің жылуы шамалы. Ұршықпен иірілген жіптің жөні бөлек. Себебі, ол таза жүннен жасалады. Сондықтан да жылуы мол болып келеді.
Қамшы өретін Қуаныш
Қазақ халқының мәдени тұрмысында, салт-дәстүрінде қамшының алатын орны ерекше. Оны жай ғана ат айдайтын құрал деп айта салуға болмайды. Қамшы — өнер туындысы, сый-сияпаттың төресі, ер жігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті кейде батырдың қаруы да болған.
Қуаныш Есіркегенов — қамшы өрудің қыр-сырын шебер меңгерген жандардың бірі.
Оның айтуынша, нағыз қамшы әбден иленген сиыр терісінен 3 таспадан (өрім) 40 таспаға дейін өріледі. Бір қызығы, дәл осы өрімге байланысты қамшының бірнеше түрі, яғни бірнеше атауы бар. Мәселен, ат қамшы, дыр қамшы, сары ала қамшы, мүйіз сапты қамшы, сабына байланысты тобылғы сапты қамшы, т.б.

— Қамшы өру өнерін ұстазым Ермекбай Ахетовтан үйрендім. Негізінен, қамшы иленген сиыр терісінен жасалса, қазір біз заманауи экотеріні қолданамыз. Қамшының бөліктері: өрім, сап, басы, дүм, алақан, өзек және түйін.
Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Оны тобылғыдан, еліктің немесе киіктің сирағынан, мүйізінен жасайды. Негізінде, сап үшін ең көп қолданылатын ағаш тобылғы екен. Қазір бұл ағаш түрін табу қиын, сондықтан қазір біз қара ағаштан жасап жүрміз, — дейді шебер.
Оның айтуынша, қамшыны ұстау мен қолданудың ережесі бір бөлек. Қамшыны әрдайым оң қолға ұстау керек. Жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп танылған. Сондай-ақ қамшыны сыйға тартқан кезде кісінің қолына ұстатпайды, жерге тастаудың мәні —береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмақты жер ғана көтереді дегендігі.
Қуаныш қамшы өрумен қатар, ұлттық бренд үйірмесі бойынша шәкірттер тәрбиелейді. Домбыра мен қобыздың мүсіндерінен кәдесыйлар, басқа да бұйымдар жасаудың шебері.
— Қамшы — халқымыздың қастерлі де киелі дүниесінің бірі. Оны төріне іліп ұстаған. Сондай-ақ қамшы — қайсарлықтың, батылдықтың белгісі. Жаугершілікте қару ретінде тұтынса, бейбіт өмірде спорттық жарыста, мал шаруашылығында қолданады. Сондықтан да қазақтың қамшысы да, қамшы ұстар ұлдары да көп болсын, — дейді шебер.
Жиналмалы бесік шебері
Халқымыз туғанда бесікке жатпаған баланың өсіп дамуына күмәнмен қараған. Бүгінгі техника дамыған уақытта бұл қастерлі жиһаздың осы заманға сай түрі көп. Электрондысы, жиналмалысы, инновациямен жасалған басқа да сан алуан түрі бар.
Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында тұратын Әлібек Тайман — жиналмалы бесік жасаудың шебері. Оның айтуынша, бүгінде жиналмалы бесікке қызығатындар көбейген.

— Мектеп қабырғасында оқып жүргенде қолөнерге жақын болдым. Бұл ретте ұстазым Нұрлан Жақыбаевтың септігі мол. Жоғары оқу орнын кәсіптік оқыту мамандығы бойынша бітірген соң, өзімнің оқыған мектебім Шұбарқұдық гимназиясына еңбек пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналастым.
Екі жылдан бері жиналмалы бесік жасап келемін. Мамандығым қолөнермен тығыз байланысты болғандықтан, қолым бос кезде хобби ретінде айналысамын.
Бұл бесіктің кәдімгі бесіктерден еш кемшілігі жоқ. Артықшылығы — жиналатындығында. Әсіресе, жолға шыққанда тиімді. Жинап алып кете беруге болады. Бесіктің жинау конструкциясы жеңіл. Ою-өрнектерін өзім құрастырдым. Ағаштың фанер материалымен жасаймын.
Негізінен, балаларға арналған құрылғылар осы фанерден жасалады. Ұсақ-түйек желім, сым секілді басқа қажетті құралдарды Ақтөбе қаласынан алдырамын, — дейді ол.
Әлібектің үш бөліктен тұратын бесігінің екі қапталы жиналады. Ұзындығы — 85 см, ені — 40 см және биіктігі — 65 см. Бұрынғы бесіктерден жеңіл әрі оңай жиналуы үшін арнайы топса салынады. Бесіктің құны — 15 мың теңге тұрады.
— Егер бесікті жасау барысында сырты боялатын болса, балаға аллергия беруі мүмкін. Сондықтан таза ағаштан жасаймын, — дейді ол.
Шебердің қолынан бесік жасаудан бөлек, ағаштан сандық, ет табақтар жасау да келеді.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.



