Басты жаңалықтарМереке

Сиыр жылы сізді не күтіп тұр?

Жұлдызжорамал

Өткен тышқан жылы әлемге көп өзгеріс әкелді. Пандемия кезінде аурудан сақтанып, жұмыстың жаңа режиміне көштік. Денсаулықтың қадірін түсініп, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастадық. Мұның жақсы не жаман екенін нақты айту қиын. Дегенмен сиыр жылында бұл өзгерістер сол қалпында қалмақ.

Астрологтар мен нумерологтардың айтуынша, биылғы жылда да әлемдік экономикадан тұрақтылық күте алмаймыз. Өйткені ғаламдық өзгерістен бұл сала да шет қалмайды. Әсіресе, шағын бизнес өкілдеріне белді бекем буып, қиындыққа қарсы тұруға тура келеді. Сондықтан сиыр жылында көп көлемде несие немесе қарыз алмау керек. Қандай жағдай болса да мәселені өз күшіңізбен шешуге тырысқан абзал. Сондай-ақ биылғы жылдың маусым, қараша, желтоқсан айларында ұзақ сапарға жолға шығуды жоспарламау керек. Сонымен…

Тышқан (1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008, 2020)

Тышқан жылы туғандарәділ, кеңпейілді, жомар­т жүректі және өз-өзін бас­қара білетін адамдар. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныс­тары жетерлік. Бірақ нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмаға­нымен, алға қойған мақсатына жетпей­ тынбайды. Олардан жақсы сауда­гер, жазушы­, сыншы не публицист шығады.

Тышқан жылы туғандарға сиыр жылы — қаржылай және инвестициялық бағыттағы маңызды шешім қабылдау кезеңі. Өзіңіздің еңбегіңізді бағалаған сайын оны өзгелер де бағалауға үйренеді. Қосымша табыс көзі көбеюі мүмкін. Дегенмен қаржыны да абайлап ұстап, жинау керек екенін ұмытпау керек. Бәрін уақтылы төлеген дұрыс, қаржы операцияларына қатысты тәуекелге бел буатын әрекетке бармаған жөн. Әйтпесе тышқан жылы туғандар өз қиялынан өзі зардап шегуі мүмкін. Бұл жылдың ұраны —  іскерлік пен рационалдық.

Сиыр (1901, 1913, 1925, 1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997, 2009, 2021)

Сиыр жылы туғандар — алған бетінен қайтпайтын қыңыр, бірақ өз-өзіне өте сенімді, ұстамды жандар. Олар үнемі көш басы­нан көрінгісі келеді. Сырттай қарағанда бұл жылы туғандар сабырлы болып кө­рінуі мүмкін. Бірақ ашуланғанда жан-жағын жайпап жіберуден тайын­байды. Ондай кезде өз-өзіне есеп бере алмайды. Сондықтан сиыр белгісіндегілерді себепсіз мазаламаған жөн.

Сиыр жылғыларға бұл жыл — ерекше жыл, өйткені олар 12-кезеңге жетіп отыр. Бұл жылы жаңа есіктер ашылады. Олардың қолында барлық есіктің кілті бар, тек оны аша алса болғаны. Биыл жасалған жұмыстар ондаған жылға әсер етуі мүмкін. Бір орында отырмай, жұмыс істеу керек. Мансап баспалдағымен дамуға мүмкіндік бар, көбі жеке бизнес ашып, өзге де ауқымды жобалар бастауы мүмкін. Махаббат пен қарым-қатынас жаңа белеске шығады, білім алу мен ғылыми дәрежеге жететін, кітап пен мақала шығаруға қолайлы жыл болмақ. Сырт келбетті өзгертуден қорықпаңыз. Жаңа дүниелерді үйреніп, рухани ұстаз табуға, болмаса сондай ұстазға айналуға тырысыңыз. Дегенмен шамадан тыс оптимизмнен, алданудан, өзіңізді алдаудан сақтаныңыз. Сондай-ақ бұл жылы туғандар артық салмақ қосып алуы мүмкін.

Барыс (1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010)

Барыс жылы туғандар — мейірімді, қайырымды жандар. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпайды және Аллаға ғана сенетіндер. Терең ой мен сезімнің, көңіл күйдің адамы. Олар адамдардың тілін таба алмайды, соның салдарынан көбіне ұрыс-керіс, кикілжіңнің арасында қалып қояды. Өзіндегі сенімділікті аңғармайды, қиындықтарға тез мойынсынады.

Барыс жылы туғандар үшін биыл өзінің ішкі әлемімен бетпе-бет қалатын кезең басталды. Ұйқыға, ішкі дауысқа, интуицияға назар аудару керек, медитация жасауды үйренуге болады немесе тыныш жерге барып өмірге сырттан қарап көру қажет. Бұл — жалғыздық кезеңі, сондықтан бұл жыл белсенді әрекетке арналмаған. Көшуге, киелі жерлерге зиярат етуге, бұрынғы таныстармен кездесуге, қайырымдылық қорын құрып, адамдарға көмектесуге қолайлы кезең. Барлық ескі-құсқыдан арылып, керек емес дүниелерден құтылған жөн. Айналаңызға мән беру қажет, аса сенгіш, аңқау болудан сақтану керек.

Қоян (1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999, 2011)
Қоян жылы туғандар жақсы сөйлей біледі, талант­ты, ұстамды, тал­ғамы биік және қайырымды. Айналасындағыларға үнемі өз-өзін көрсеткісі кеп тұрады. Шешім қабылдауға келгенде асығып-аптықпайды. Қоян жылы туғандар — көбіне кәсіпкер, заңгер, дипломат мамандықтарының шебері. Олардың актерлік шеберлігі де ерекше. Сондықтан олардан жақсы актер не әнші шығуы мүмкін.

Қоян жылғылар 2021 жылы пікірлестерін тауып, олардың арасында абыройлы болады. Өзіңізбен-өзіңіз болмаңыз, серіктестер іздеңіз. Түрлі ұйымға мүше болып, әртүрлі адаммен араласуға да қолайлы кезең. Онлайн білім алса, астрология, IT, программалау сияқты стандарт емес мамандық не кәсіпті оқып, үйренсе, нәтижелі болады. Достық деп жүргені махаббатқа айналуы мүмкін. Қоян жылы туғандар сиыр жылында күйгелек болып, соның себебінен қан тамыр және жүйке жүйесі ауруларына шалдығуы мүмкін.

Ұлу (1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988, 2000, 2012)

Ұлу жылы туғандар өзгелерден өмірлік күш-қуатымен, денсаулығының мықтылығымен ерекшеленеді. Бірақ бірбеткей, кез келген нәрсені бірден көңіліне алып қалады, қызба мінезді. Қоғамдағы ықпалы күшті болғандықтан да оны көбі сый­лайды. Әдетте бұл жылғыдағылардың мансап пен билікті бәрінен артық көретіні рас. Дегенмен олар өз абыройы мен жан тыныштығы үшін кейде бәрінен оңай бас тартуға да барады. Ұлулар екіжүзділікті сүймейді және кешірмейді.

Сиыр жылы ұлу жылы туғандар үшін мансап, әлеуметтік және кәсіби қызмет, абыройлы адамдармен жақын қарым-қатынас жасау бірінші кезекке шығады. Бұл —  жұмыс ауыстыруға және мансапта өсуге өте қолайлы кезең. Қаржы жағдайы да жақсарады. Сиыр жылы өмірлік маңызы бар мақсатқа жету күтіп тұр, сондықтан өте жауапты болу керек. Қанша жерден табысты болып жатсаңыз да, кәсіби қызметті асыра пайдаланбаңыз, заң мен ережені бұзуға болмайды және өзіңізге адал болыңыз.

Жылан (1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013)

Жылан жылы туғандар өзінің тәжірибесіне, ақылына ғана сүйеніп, көзімен көргеніне  ғана сенеді. Және өзгенің қатесінен сабақ ала біледі. Олардың жолы болғ­ыштығы сондай, қанша керек, сонша ақша табуға қауқары жетеді. Бір жаманы, құмар ойындардың қызығына түсіп, барынан жиі айырыл­ып қалады. Жара­тылысынан адам баласына сенбейді. Өзінің эмоциясын жасырып, үнемі тек күліп жүреді. Жыландардың ойы мен пейілін де білу мүмкін емес.

Сиыр жылы —  жылан жылы дүниеге келгендерге білім алып, оқуға түсуге, тіл үйренуге,  сапарға шығуға қолайлы жыл. Ғылыммен айналысатындарға диссертация қорғауға, ғылыми дәреже алуға мүмкіндік көп. Оған қоса жаңа жылда заңға қатысты дау жылан жылғылардың пайдасына көбірек шешіледі, заң құжаттарына қатысты проблемалар шешімін табады. Жылан жылғылардың діни сенімі, рухани және адами құндылықтары артады. Жалпы, жыл жайлы, табысты болады, әділдік жеңеді.

Жылқы (1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002, 2014)

Жылқы жылы туғандар — бойында күш-қуаты тасып тұрған жандар. Адамдарды тез баурап алады. Сол себептен де жан-жағына шуақ сыйлап жүреді. Ақшаға өте ықтиятты. Махабба­ттың жолында еш аянып қалмайды. Тез ашуланып, тез басыла­ды. Ешкімге тәуелді бол­ғысы келмейді. Біреудің ақылына мұқ­таж емес. Тек өзінің ғана түйсігіне сенеді.

Сиыр жылында жылқы жылы туғандардың қаржысы көбейеді. Қаржылай серіктестікте, бизнесте, ірі қаржылай кірісте, қарыз қайтаруда, ірі қаржы инвестициясында табысты болады. Дегенмен қаржы мәселесіне келгенде рационал, консерватив көзқарастан айнымау керек, сонда алға жылжисыз.

Жылқы жылы туғандардың биыл құпия ғылымға, өмір мен өлім туралы сауалдарға, көріпкелдік пен сиқырға, зерттеу қызметтеріне қызығушылығы артуы мүмкін. Сондай-ақ сиыр жылы түрлі фобия мен бойдағы өзі кемшілік деп санайтын қасиеттерден құтылуға арналған эмоция жылы болайын деп тұр.

Қой (1907, 1919, 1931, 1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003, 2015)

Қой жылы туғандар — шынайы, жайдары мінез­ді, өте талантты жандар. Оның үстіне тұйық әрі керітартпалығы тағы бар. Жоғары талғам иесі, өнердің әр түріне икемді. Өзінің материалдық байлығы асып-тасып жатпаса да, жоқ-жітіктерді жарылқап, жақсы сөзбен болса да жанына демеу болуға тырысады.

Қой жылы туғандар үшін биылғы жыл махаббат пен қарым-қатынасқа арналмақ. Жалғыз болып, жұп іздесеңіз, маңдайға жазған адамды сиыр жылы жолықтыруға мүмкіндік бар. Екінші жартыңыз болса, қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл жыл іскер серіктесті, тұтынушыларды тартуға, ортақ бизнеске жайлы жыл болмақ. Жаңа таныстар көбейіп, ортаңыз толады.

Мешін (1908, 1920, 1932, 1944, 1956, 1968, 1980, 1992, 2004, 2016)

Мешін жылы туғандар — бүгін бір нәрсе айтса, ертең-ақ ол ойынан айнып шыға келеді, мінезі құбылмалы жандар. Оларға сену қиын. Бірақ ақылдылығы жағынан асып түседі. Жолы болғыш, жоқтан барды құрастырып шығаруға бейім. Өз еркі өзінде болып үйренген. Қызба мінезді. Кез келген мәселеден сытылы­п шығады.

Мешін жылғылардың жаңа жылдағы ұраны — жұмыс және денсаулық. Бұл белгідегілердің сиыр жылында жұмыс жасау қабілеті артып, кәсіби өсудің жаңа перспективасын құрады. Жұмыстың көп болуы күнделікті әрекетке айналады. Есесіне бұл үшін берілетін сыйақы да молынан болады. Басшылар мен кәсіпкерлердің қоластында істейтіндер саны артып, білікті қызметкерлері көбеюі мүмкін. Қызмет көрсету саласындағылардың ісі оңға басады, сондықтан жұмысын қымбатқа бағалауына болады. Алайда жұмысты көп істегендіктен, мешін жылы туғандардың иммунитеті төмендеп, шаршап, қажуы мүмкін. Сондықтан ұйқы қанық болуын, уақтылы демалуды ұмытпау керек.

Тауық (1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005, 2017)

Тауық жылы туғандар — аузын ашса, арғы жағы көрініп тұратын ақкөңіл адамдар. Еңбексүйгіш, батыл. Барлық нәрсеге таңданып, білгісі кеп жүреді. Жұрттың назарында болғанды, өзін мақтағанды жақсы көреді. Ешкімге сенбейді, тек өз дегенімен жүреді. Тапқан-таян­ғанын бейберекет жұмсап, ақыр соңын­да ақшасының қайда кеткенін білмей қалады.

Сиыр жылы тауық жылғыларға шығармашылық пен талантын көрсетуге арналған жыл болмақ. Махаббат, романтика да өзектілігін жоғалтпайды. Лотерея ұтып алуға, байқаудан оза шабуға, тендер жеңуге оңтайлы кезең. Биыл тауық жылғылардың отбасында бала саны артып, көп жетістікке жетуі мүмкін. Сиыр жылы хоббиді жеке іс пен бизнеске айналдыруға болады. Жалпы, тауық жылғылардың айы оңынан туайын деп тұр.

Ит (1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006, 2018)

Ит жылы туғандар әділдікті жаны сүйеді, өзінің құқығы үшін күресуге бар күшін сарп етеді. Оны материалдық байлық қызықтыра бермейді. Қатты қажет болып бара жатса, жерден қазса да қаражат табады. Басқаларға мін тағып, сын айтуға бейім. Бұл жылы дүниеге келгендердің арасында мұғалімдер мен бизнесмендер көп кездеседі.

Туған-туыспен болған бұрынғы дау-дамай шешіліп, отбасында татулық пен гармония орнайтын жыл иесі —  ит жылы туғандар. Биыл бұл белгідегілерге материалдық және қаржы жағынан қолдау керек болса, жақындарына қысылмастан айта беруіне болады. Сондай-ақ пәтер, жер учаскесі және жиһаздарды сәтті сатып ала алады. Биылғы жылы ит жылы туғандардың көбінің отбасында сәби дүниеге келіп, сондай-ақ үйлену, қыз ұзату тойлары жиі ұйымдастырылады.

Доңыз (1911, 1923, 1935, 1947, 1959, 1971, 1983, 1995, 2007, 2019)

Доңыз жылы туғандарға әр кез арқа сүйеу­ге болады. Себебі олар — жақсы серіктес, әрі үлкен ақыл иесі. Білім алуға талпыны­сы жоғары болғанымен, ұяң мінезінің кесірінен көп нәр­седен құр қалуы мүмкін. Аз сөйлеп, кез келген мәселені ақылмен шешіп үйренген. Ұрыс-керіс дегенді ұнатпайды. Дос­тары саусақпен санарлықтай. Бірақ олар өмір бойы шынайы дос болып қалады.

Доңыз жылғыларға биыл біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және шетел тілін үйренудің уақыты келді. Интернет-бизнесті жақсы дамытып, мектеп ашуына да болады.

Сиыр жылында бұл белгідегілерге сауда, кеңес беру қызметі және тиімді келісімшарт жасаудың сәті түскелі тұр. Беделді адамдармен танысуға мүмкіндік те бар. Сондай-ақ биыл еш қиындықсыз автокөлік немесе қымбат тұрмыстық техника сатып алуыңызға болады. Доңыз жылы туғандар сиыр жылында тек тұрмыстық жағдайын ғана емес, болашағын да ойлағаны абзал. Ол үшін жан-жақты білім алып, саяхатқа шыққаны дұрыс. Сонда ғана олар өздері армандағандай өмір сүре алады.

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button