Мәдениет

Өнер жүгін арқалаған

Байғанин аудандық музей ғимаратында тақырыбында ауданның өнері мен мәдениетіне еңбек сіңірген домбырашы-виртуоз, ұстаз Бақытжан Дүзбаевтың 80 жылдығына арналған танымдық кеш өтті.

Өмірін өнерге арнаған Бақытжан Дүзбайұлы 1941 жылы Көкбұлақ ауылында дүниеге келген. Туа біткен талантының арқасында домбыраны аса шеберлікпен орындап, 1967 жылы облыс орталығындағы мәдени-ағарту училищесінде білім алған. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, туған жерінде қызмет етеді. Әр жылдары аудандық Мәдениет үйінде әдіскер, балалар музыка мектебінде, №19 кәсіптік- техникалық училищесінде балаларға сабақ берді. Қазанғап оркестрінің құрамына қабылданып, Ақтөбе, Алматы, Мәскеу қалаларының сахналарында өнер көрсеткен. Кеш барысында туған жеріне, халқына қызмет қылған ердің еңбегі туралы замандастары да айтты. Ол туралы әріптесі әрі сыныптасы болған ұлағатты ұстаз Қалдығұл Ашықбаев, домбырашы Жібек Ілиясова, еңбек ардагерлері Болат Асанов, Көздібай Қожиндер де өз естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында Бақытжан Дүзбаевтың өнерімен қоса шеберлігі туралы да сөз қозғалды. Ағаштан ою ойып, жони білген өнер иесінің бұл қасиеті балаларына да дарыған. Өнермен қатар, ұстаздық жолдың жүгін арқалаған ел ағасының шәкірттері Құрал Беркалин, Нұркен Мұңайтпасов, Мәлік Халықовтар ұстаздарының үлгі аларлық қасиеті мен өнерін тілге тиек етті.

Қазанғап оркестрінің кіші құрамы халық әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кеш соңында Бақытжан Дүзбаевтың жары мен балалары сөз сөйледі.

                                                                                 Қуат ДОС,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button