Ауыл

Құт қонған Қосарал

­­­­Қосаралға қоныстанғысы келетіндер көп   

Қосарал — Байғанин өңіріндегі Сағыз өзенінің бойында орналасқан шағын ғана ауыл. Бірлігі жарасқан, айрандай ұйыған осы елді мекенге шалғайлығына қарамастан, әрісі Маңғыстаудың Жаңаөзен, Бейнеу аудандарынан, берісі Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіден, Алға мен Мұғалжардан жұртшылық көшіп келіп жатыр. Әлі де мұнда қоныстануға  ниет білдірушілер көп.

Бұған ауыл халқының дархандығы, жомарттығы, қамқорлығы себеп болып отыр.  Қосаралдықтар оларды баспанамен қамтып, мал жинап беріпті.

Бәрі бір-біріне тілектес, тілеулес ауыл халқы бір-бірімен ет жақын туыстай болып кеткен. Алыстан келетін отбасыларды қарсы алу үшін ауылдың үлкен-кішісінің бірі де қалмай, жұмылып, расында, үлкен шаруа тындырды. Бірі иесіз, бос қалған үйлердің бұрынғы иелерімен сөйлесіп, келісім жасаса, бірі есік-терезесін ауыстырып, үйдің сылағын жүргізіп, әктеді, енді бірі пеш салып, отын-суын тасыған. Көштің де басы-қасында жүрген — осы ауылдың азаматтары. Өз қаражаттарын шығарып, көлік жалдап Бейнеуден, Қандыағаштан отбасыларды көшіріп әкеліпті. Сондай-ақ оларды азық-түлік, киім-кешек, отын-су, мал азығы секілді тұрмыс-тірлікке қажеттінің бәрімен қамтыған.

Қазір мұнда жаңадан қоныстанушылар үшін барлық қызмет түрі тегін. Таксишілер олардың барлығын аудан орталығына тегін апарып, алып келеді. Монша да тегін.

Қосарал көп ауылдан халқының кеңдігімен, ұйымшылдығымен алда. Тағы бір басты ерекшелігі, мұндағы дүкендерде арақ-шарап, спирттік ішімдік атаулысы мүлде сатылмайды екен. Шілдехана, бесіктойларды да ішімдіксіз, ұлттық сусындармен өткізу дәстүрге айналған.  

Ынтымағы жарасқан ауылдағы берекелі тірліктеріне жаңадан қоныстанушылар да шексіз риза. Ауылдастарының кеңпейіл, ыстық ықыластары оларға тың серпін беруде.

Біз осы істің басы-қасында жүрген ауыл азаматтарымен, қоныстанушылармен сөйлескен едік. Сонымен…

Телефонға әлі күнге дейін дамыл жоқ…

Дидар ҚҰРМАНИЯЗОВ, ауыл тұрғыны:   

— Бұдан 2-3 жыл бұрын сол кездегі Қосарал негізгі мектебінің директоры Берқайыр Оңғаров жыл сайын бала санының азайып бара жатқанын, сол себепті болашақта мектептің жабылып қалу қаупі туындайтынын айтып, ауыл азаматтарына ауылды сақтап қалу үшін әрекет ету керектігін айтқан-ды. Сөйтіп, сол кезде жан-жақтан көпбалалы отбасыларды тартуды жоспарлаған едік. Дегенмен хабарландыруымыз халыққа кең таралмады. Таныстарымызға, ауылға келіп-кеткен ағайынға айтумен ғана шектелген соң ба, ықылас білдіріп, көшіп келуге ниет білдіргендер болған жоқ. Қазіргі мектеп директоры Өтеген Кенжеғазы  да бұл мәселені көтеріп, бірігіп, әрекет етуге шақырды. Содан былтыр қараша айында әлеуметтік желілер арқылы, әсіресе, WhatsАpр желісі арқылы түрлі топтарға хабарландыру тараттық. Бұдан кейін телефонға дамыл болған жоқ. Небары бір-екі айда мәселе шешіліп, ауыл халқы көбейді. Тек біздің облыс қана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен, әсіресе, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарынан хабарласушылар көп болды. Шамамен 200-ден астам адам хабарласты. Қазірдің өзінде телефонға дамыл жоқ. Ауыл азаматтарымен ақылдаса келе, алдымыз қыс, оңтүстіктің халқы батыстың қарлы бораны мен үскірік аязына шыдас бермес деп, еліміздің батыс аймағынан хабарласқан азаматтардың өтініштерін қабылдадық. Біздің талап-тілек бойынша көшіп келушілер ауылда кем дегенде 5 жыл қоныстануы және мектеп жасындағы 2-3 баласы болуы керек. Олар үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға уәде бердік. Сөйтіп, Маңғыстаудың Жаңаөзен, Бейнеу аудандарынан және аудан орталығы Қарауылкелдіден, Алға мен Мұғалжар ауданынан жас отбасылар көшіп келді. Олар көшіп келмес бұрын ауыл тұрғындарынан, кәсіпкерлерден, ауылда бұрын тұрған азаматтардан, аудан халқынан қаржы, мал жинадық. Ауылдағы зейнеткерлер де бұл қайырымдылық іс-шараға белсене қатысты. Жағдайларына қарай жұртшылық қой-ешкісін, сиыр, жылқысын берді. Сондай-ақ иесіз қалған үйлердің бұрынғы иелеріне хабарласып, рұқсат алдық. Ауылдың жұмысқа қабілетті барлық тұрғыны жұмылып, үйлерді жаңартуға қолғабыс көрсетті: есік-терезелерін алмастырып, үйдің ішін сылап, әктеп, пеш салдық. Мектеп оқушылары да, қыз-келіншектер де бұл шаруадан тыс қалған жоқ. Отын-суын да ауыл азаматтары тасып әкелді. Балаларды мектеп формасымен, оқу құралдарымен толық қамтамасыз еттік. Оқушыларды дүкенге ертіп апарып, таңдатып жүріп киіндірдік. Жылы киімдердің бәрін алдық.  Мектепте жұмыс жасайтын Ақсырға деген апай көшіп келген отбасы балаларының бәріне мектеп формасын, спорттық киімдер алып берді.

5 отбасының әрқайсысына 12 ұсақ жандықтан және бір-бір баспақтан бердік. Көрші қақысы деп көршілері де демеушілік көрсетті.

Таксишілер оларды аудан орталығына тегін жеткізеді. Бұл отбасылардың мүшелеріне монша да бір жылға дейін тегін.

Қазір жаңадан қоныстанушылар ауылға сіңісіп кетті. Олармен бәріміз тығыз байланыстамыз. Халқымыздың салт-дәстүрі біздің ауылда берік сақталған. Ерулік беру дәстүрімен ауыл халқы оларды қонаққа шақырып жатыр. Бұл басқосуларда да олардың мәселелері тыңдалып, шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.

Бұрын ауыл дүкендерінде, кейбір үйлерде арақ-шарап сатылатын. Қазір спирттік ішімдік мүлде сатылмайды. Ауыл кәсіпкерлерімен сөйлесіп, бұл мәселені шештік. Олар да арақсыз да кәсіптерінің ілгері жылжитынын түсінді. Жастар мүлде арақ ішпейді. Қонақтықтар да, шілдехана, бесіктойлар да ішімдіксіз өтуде.

Іргелес Қазақстан ауылы халық саны аз болғандықтан тарап кетті. Кезінде ферма орталығы болған іргелі ауыл еді. Қазір 3-4 үй ғана қалды. Олар да көп ұзамай көшеді…

Қазір де телефоныма хабарласушылар көп. Олардың деректерін көршілес Көкбұлақ ауылының азаматтарына бердім. Өйткені көкбұлақтықтар да ауылды сақтап қалу үшін осы игі бастаманы қолға алып жатыр.

Алыстағы құда-жекжаттар да бейтарап қалған жоқ

Медет БАҚДӘУЛЕТ, кәсіпкер, Байғанин аудандық мәслихатының депутаты:

— Ауылдың белсенді азаматтары бірігіп, осы игі істі қолға алды. Әркімнің өзіне жүктелген міндеттері болды. Ауыл тұрғындарының бәрі ізгі бастамаға өз үлестерін қосты. Тіпті алыстағы құда-жекжаттарға дейін қол ұшын созып, малдарын беріп, ақшаларын аударды (Олар өздері туралы, яғни кімдер мал беріп, қаржылай көмек көрсеткендігін  айтпауымызды өтінген болатын).

Малын қыстан шығарып беруді де ауыл азаматтары өз міндеттеріне алып отыр. Мысалы, Серікбай Есенбаев, Өтеген Кенжеғазы, Жаншора Сауытбаев, Жанболат Қонысбаевтар өздерінің малына қосып, жаңадан қоныстанушылардың малын бағып беріп жатыр.

Үкіметтің Қаулысына сәйкес негізгі мектеп мәртебесін сақтау үшін білім шаңырағында бала саны 41 оқушыдан кем болмауға тиіс.  5 отбасының жалпы 19 баласы бар. Оның 12-сі — мектеп жасындағы балалар. Мектепте 34 оқушы болған еді, қазір 46-ға жетті.

Жақында тағы бір көпбалалы, жас отбасы біздің ауылға көшіп келмек. Олар үшін де үй дайын. Ерлі-зайыптылардың біріне мектептен мұғалімдік жұмыс та әзір.

5 отбасының мүшелері белсенді, ұйымшыл.

Қарауылкелдіден көшіп келген отбасының отағасы вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Бірде оның зайыбы науқастанып, аудан орталығындағы ауруханаға түсіп қалды. Сол кезде жаңадан қоныстанушылардың бірі аудандық ауруханада жатқан ауылдасымызға тамақ апаратынын айтып, көлік  ұйымдастырып беруімді өтінді. Ауылдың жігіттері оларды ауруханаға апарып, алып келді. Жаңаөзеннен көшіп келген Нұрғиса мен Баян  науқастанып қалған келіншектің 5 баласын үйіне алып кетіп, жағдайларын жасады. Біз бұған дән риза болдық.

Ауылда қарашадан бері ерулік беру дәстүрі қызып жатыр. Бұл да адамдарды бір-біріне жақындастыра түсетін игі дәстүр.

Қосарал ауылында жүн өңдеу цехын ашуды жоспарлап отырмын. Былтыр «Жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының арқасында 6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленген болатынмын. Қазір Қытайдан қажетті құрал-жабдықтардың бәрі жеткізілді. Цехта жүн өңделіп, көрпе, жастық тігіледі. Жоспар бойынша онда кем дегенде жаңадан көшіп келген 3 адамды жұмысқа аламын.

Мемлекет тарапынан ауылды көркейту, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында үлкен қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану керектігі жас отбасыларға түсіндірілуде. Оларды кәсіпкерлікке баулу, тарту мақсатында да біраз жоспарларымыз бар.

Болашағы бар ауыл

Жұмабек АБИТОВ, Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі:

— Жаңадан көшіп келген отбасылардың 3 отағасы жұмысқа орналасты. Қалған екеуін  жұмыспен қамту үшін жұмыс іздестіріліп жатыр. Жаңаөзеннен көшіп келген Нұрғиса шаштараз екен. Қосаралда шаштараз жоқ. Сол себепті оның ауылда шаштараз ашып, өз кәсібін ашуына ықпал ету жоспарда бар. Жалпы, оларға іс тігумен айналысуға, бақша егіп, қаз-үйрек өсіріп, жұмыртқа бизнесін дамытуға кеңес берілуде. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан көрсетілетін  түрлі қолдау, көмектер бар. Мемлекеттік бағдарламалардың халықтың әл-ауқатын көтеруге, кәсіпті ілгері жылжытуға септігі көп. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігі түсіндіріліп жатыр.

Олардың атаулы әлеуметтік көмек алулары үшін тиісті мекемеге құжаттарын  рәсімдеп, тапсырдық.

Қосаралға көшіп келуге ынта білдірушілер жетерлік. Кешегіде бір отбасы хабарласып, ауылға қоныс аударып, онда жылыжай ашқысы келетінін айтты.

Қосарал — болашағы бар ауыл. Елді мекен аудан орталығының іргесінде, яғни  18 шақырым қашықта орналасқан. Ауылдың жолы сайрап жатыр. Ұялы байланыс желісі бар. Жоспарға сәйкес биыл онда орталықтандырылған су құбыры тартылады. Ауылдың маңынан, шамамен 12-14 шақырым жерден газ желісі өтіп жатыр, содан газ құбырын тартуға болады. Болашақта ауылды көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр. Қазір Қосаралда 55 түтін, 68 отбасы бар.

Алғысымыз шексіз!

Наурызбек Сақтағанов, ауыл тұрғыны:  

— Қосаралға қаңтардың 12-сі күні Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылынан көшіп келдік. 4 балам бар. Екі балам мектепте оқиды.

Қосаралдықтар үлкен қолдау, көмек көрсетіп жатыр. Баспанамыз бар. Үйдің іші ұядай, жып-жылы. Отын да жеткілікті. Қорамызды малға толтырды. Соғымға дейін сойып берді. Азық-түлік, киім-кешек, тағы да басқа қажетті заттармен қамтыды.

Маржанбұлақта 8 жыл бойы пәтер жалдап тұрдық. Ауылдық жер болғанмен, пәтерақысы қымбат. Ай сайын коммуналдық төлемдерін қосқанда 45-50 мың теңгеге жуық ақша төледік.  Онда тұрақты жұмысым да болған жоқ. Таныстарымызбен бірлесіп, түрлі құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Бірақ құрылыс жұмыстарына тапсырыс үнемі беріле бермейді. Оның да  тапсырыс берілетін маусымы бар.

«Бұрын қызықтың бәрі қалада» деп ойлаушы едім. Мұным бекер екен. Береке ауылда екеніне көзім жетті. Қосаралдықтардың ықыласына, қамқорлығына шексіз ризашылығымды білдіремін.

Болашақта мал шаруашылығымен айналысып, мал басын көбейткім келеді.

Дәуренбек Аллашов, ауыл тұрғыны:   

— Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан көшіп келдім. Хабарландыруды көрген соң, ауылды көріп келдім. Ұнады. Ауыл халқы да қонақжай, кеңпейіл екен. Содан тезірек заттарымызды жинадық. Өз күшімізбен көшу қиын болды. Жағдайымызды ауыл азаматтарына айттық. Олар көлік тауып, көшіріп әкелді.

Бейнеуде пәтер жалдап тұрған едік. Мұнда баспанамен қамтыды. Бар жағдайды жасап жатыр. Қосаралдықтардың сый-құрметі ерекше. Аз күннің ішінде бәрімен туыстай жақын болып кеттік. Ұлттық салт-дәстүр берік сақталған екен. Ауылдастарымыз ерулік беріп жатыр. Күнде бір үй қонаққа шақырады.

Бес балам бар. Үш балам мектепте оқиды. Зайыбым үй шаруасында, өзім мектепте жұмыс жасап жатырмын.

P.S. Ауылды сақтап қалу үшін қосаралдықтар жасап жатқан игі іс көпке үлгі. Енді Қосаралдағы негізгі мектеп жабылмайтын болды. Бұл туралы бізге облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова айтты.

«Қосаралдықтар өте дұрыс іс жасады. Үкіметтің Қаулысына сәйкес шағын жинақты бастауыш мектепте бала саны 5 оқушыдан, ал негізгі мектепте 41 баладан кем болмауға тиіс. 2018 жылы облыс бойынша осы талапқа сай келмеген  14 мектеп жабылды. Бір ғана Мәртөк ауданының өзінде 6 бастауыш мектеп жабылып қалды.  

Қазір біз 2025 жылға дейінгі ауыл мектептерінің  жай-күйі қандай болмақ, ондағы бала санына, ауылдағы демографиялық жағдайға, елді мекендердегі тұрғындардың жас шамасына, тағы да басқа критерийлер бойынша жан-жақты талдау жүргізіп жатырмыз. Соған сәйкес болашағы жоқ ауылдар анықталып, ондағы мектептер жабылып, балалар аудан орталығындағы интернаттарға орналастырылатын болады.

Мектеп — ауылдың тірегі. Мектебі жоқ ауылдың болашағы да жоқ. Қосарал тұрғындарының ұйымшылдығының, бірлігінің арқасында мектеп қана емес, тұтас бір ауыл сақталып қалды», — дейді Гүлназ Сүлейменова.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button