Басты жаңалықтар

Смартфон ұстаған сәби бағымыз ба, сорымыз ба?

Адамдар ақпараттың 80-90 пайызын көз арқылы қабылдайды. Қазіргі уақытта тек қана ересектердің ғана емес, балалар мен жасөспірімдердің де көздері нашар көреді. Әсіресе, бесіктен жаңа шыққан балалардың тілі шықпай жатып, «сотканың» сенсорлы бетін кіп-кішкентай саусақтарымен жылжытатынын қайтерсің… Осы көріністі әуелі қызықтап қарап, кейін құлағымыздың тыныш болуы үшін сәбидің қолына смартфонды ұстата салатынымыз да рас.

Хромтау қаласындағы №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Байжанованың айтуынша, бірінші сынып оқушылары алдыңғы қатардағы партаға отыруға таласады.

— Қазіргі оқушылардың жартысынан көбінің көзі нашар көреді. Бәрі де тақтаға жақын отырғысы келеді. Алдыңғы қатарда алты орын ғана бар. Күн сайын оқушыларды қай жерге қалай отырғызатынымды білмей басым қатады. Бұрын өзім мектепте оқығанда көзілдірік киген балаларды өте сирек көретін едік. Қазір көзі нашар көретін оқушылар жетіп артылады. Әрине, бұл — смартфонның кесірі,— дейді бастауыш сынып мұғалімі Н.Байжанова.

Көз дәрігерлері монитор мен гаджеттердің алдында ұзақ уақыт отыру,

көру мүшесіне шамадан тыс күш түсіру, күн тәртібін сақтамау, яғни белсенді жаттығу мен демалысқа уақыт бөлмеу, қимылды қажет ететін ойындарды ойнамау, таза ауада аз уақыт серуендеу, күннің көзін жасанды жарықпен ауыстыру (әсіресе қысқы мезгілде), жарықтың, не қараңғының тым артық болуы көздің көруін нашарлататынын айтады. Сондай-ақ денені дұрыс ұстамасақ та, көру қызметі бұзылады екен. Себебі миды қоректендіретін тамырлар тарылады да, бұл өз кезегінде көздің көруіне әсер етеді. Дұрыс тамақтанбау мен күйзеліс те көру қабілетін төмендетеді.

Алыстан көре алмаушылық көбейіп тұр

Облыстың штаттан тыс балалар офтальмологі Анар Өтеболатова көз ауруларының балалар арасында жиілеп кеткенін айтады.

— Көз ауруларының миопия, гиперметропия, астигматизм, көздің қылилануы секілді түрі көп. Алайда ең жиі кездесетіні — миопия, яғни алыстан көре алмаушылық. Миопия жылдан жылға көбейіп әрі жасарып жатыр. Бұрын жасөспірім кезде басталатын миопия қазір алты жастан басталуда. Себебі көп: смартфондар кесірі, қимылдың азайып кетуі, экология, дұрыс тамақтанбау. 

Алыстан көре алмаушылық көбіне жүре-бара пайда болады, туа біткен түрі өте сирек кездеседі. Миопия әр адамда әр уақытта байқалады: ерте басталған, мектеп жасында, жасөспірім кезінде, 17-18 жасында білінуі мүмкін. Туа біткен, тұқым қуалайтын түрлері де кездеседі. Миопияның басталған уақыты өте маңызды, себебі миопия тек өсе береді. Мәселен, алтыдағы балада миопия анықталса, баланың өсу кезеңімен бірге көзі де нашарлай береді. Телефон, смартфон, планшеттерді балалардың жақыннан көретіндігі көзге айтарлықтай күш түсіреді, ең қауіптісі — сол. Көздің ішінде фотоаппараттағы зум секілді жақындатып, алыстатып тұратын көз бұршағы деген аппарат бар, оны жұмыс жасатып тұрған ішкі бұлшық еті. Бір нүктеге жақыннан қадалып қараған кезде сол апппаратқа күш түседі, яғни ішкі бұлшық ет қысқарады, шамадан тыс күшті көтере алмай, қатып қалып, шаршай бастайды. Сосын көру қызметі бұзыла береді. Көз қатты шаршаса, миға белгі жібереді. Айта кетейін, ананың құрсағында шарананың көзі өсінді секілді мидан бөлініп шығады. Сондықтан да көз бен ми өте тығыз байланысты. Байқасаңыз, жарақат алғанда, неврологиялық аурулар кезінде де көз аурулары анықталып жатады, — дейді балалардың офтальмологі Анар Өтеболатова.

Сондай-ақ ол үйінде отбасы мүшелерімен келісіп, балаларға телефон, планшет ұстатпайтындарын да сөз етті.

— Неге балалар мектепке 6-7 жаста барады? Осы жасқа дейін баланың көзі өте сезімтал әрі өте әлсіз келеді. Сондықтан да осы кезде баланың көзіне артық күш түсіріп,  жүктеме жасауға болмайды. Кейбіреулер төрт жастағы балаларын оқыта бастайды. Әр нәрсе өз уақытымен болғаны дұрыс. Сол себепті де 6-7 жасқа дейін балаларға телефон, планшет ұстатпаған дұрыс, бұны мен ғана айтып отырғаным жоқ, әдебиеттерде солай жазылған. Осыған сай үйде отбасы мүшелерімен келісіп, балаларға телефон, планшет бермейміз. Кейбір отбасыларда анасы немесе әкесі тыйым салады, бұл отбасы мүшелерінің барлығының қатысуымен жасалатын тыйым болуы тиіс. Әйтпесе, ойдағыдай нәтиже болмайды, керісінше, бала өзіне телефон, планшет бермейтін адамды жек көре бастайды. Сондай-ақ кейбірі «бала қоймастан жылайды» дейді. Өзімнің басымдағы жағдайды айтайын, менің үлкенім де дәл солай жылады, әуелі үш күн бұртиып, сұрап жүрді телефонды, сосын бермейтінімізді білгеннен кейін, басылды, — дейді көз дәрігері А.Өтеболатова.

Көкжиекке көз жіберіп қарайсыз ба?

Бала күнімізде әке-шешеміз үйге кіргізе алмайтын, ойынға қанбаушы едік. Қазіргі балалар далада ойнамайды. Әсіресе, түнде есік алдындағы сәкінің үстінде төсек салып алып, аспанға қарап, жұлдызды санап жататынбыз. Ал күндіз үйдің шатырына шығып, көкжиекке көз жіберетінбіз. Өрістегі малды қарап, бұзау іздейтінбіз. Осының бәрі көзге пайдалы екен.

Балалар офтальмологі далада көп ойнайтын бала мен үйде ойнайтын балалардың көру қызметі әртүрлі болатынын айтып отыр.

— Жақында бір вебинарға қатысқанмын. Сонда Мәскеудегі дәрігерлер балалардың далада ойнағаны көзге пайдалы екендігін айтты. Педиатрлар да «баланы далаға шығару керек» деп айтып жатады ғой. Мен оны бала күннің көзіне шықса, D витаминін алады, таза ауада демалады деп қана түсінетінмін. Вебинарда айтылғанды ойлап отырсам, үйде ойнаған кезде көз алысқа қарамайды екен. Ал далада ойнағанда баланың көзі біресе жақынға, біресе алысқа қарайды. Аспандағы құсқа, ұзап кеткен допқа қарауы мүмкін. Көз жүгіреді, бұлшық еті қозғалыста болады. Осындай жаттығулардың бәрі көзге пайдалы. Қазір жұмыстан шаршап келген ата-ана баланы сыртқа шығара бермейді. Мысалы, біз жер үйде тұрсақ та, баланы далаға шығара алмаймын. Әрине, бұл маған сын, — дейді балалардың көз дәрігері Анар Өтеболатова.

Телефонға тәуелді бала сөйлемей қалуы мүмкін

Ал «Дару» клиникасының невропатологі Әдемі Демеуованың пікірінше, телефонға тәуелді бала сөйлемей қалуы мүмкін.

Егер бала телефон тәуелді болса, 200 пайыз ата-анасының кінәсі. Көз көруінің нашарлауы, агрессия, тілінің кеш шығуы, әлсіз болуы — содан. Не істеу керек?
Үйде бәрі телефонға телмірген соң, кішкентайға тыйым салу қиын. Уақыт өтсе, ойын мен мультикке тәуелділік пайда болады. Бәрінің шегі болу керек. Егер анасы жұмысбасты болса, баланы үйде ұстамай, балабақшаға беру керек. Үнемі айтамын. Яслиден бастап беру керек. Бала жан-жақты дамиды, тілі тез шығады, шынығады. Телефон көп қараған балаға қазір «вторичный аутизм» деген диагноз қойылып жүр. Аналарды қорқытқым келмейді. Бірақ бұл — әлемде бар диагноз. Сенсорлы блок, бір нүктеге қадалу баланың дамуын тоқтатып тастайды. Қазір ондай балалар өте көп. Өте. Мысалы, анасы жұмысқа шығып кеткен баланы әжесі қарайды. Әжесі жыламасын деп қолына смартфон беріп қояды. Өзі де инстаграм мен ватсаптан шықпайды. Өкінішке қарай, былдырлап келе жатқан бала сөйлемей қояды. Ымдап көрсететін болады. Ондай араларыңызда кездескен шығар?! Интернеттегі керегі жоқ ақпараттар баланың миын блоктап тастайды.
Баяғы отбасылық құндылықтарымыз жоғалып барады. Әкелеріміздің қасында дойбы, шахмат ойнаушы едік. Ұлдар қол күрестіріп, қыздар қуыршақ ойнап, кішілері сурет салатын, —
дейді Әдемі Демеуова.

Сәбиді смартфоннан қалай ажыратамыз? Не істеуге болады? Бұл орайда Әдемі Демеуова: «Баладан телефонды немесе планшетті алып ап, оны алаңдатып жіберіңіз. Бірге ойнаңыз, билеңіз, күліңіз. Ойыншықтарын жаңалаңыз. Өте сауатты, тәрбиеге мықты аналарды білем. Екі жастағы балалары тастай ғып сөйлейді, бәрін біледі. Сондай ата-аналар айтады: «Үйге келгенде телефонымызды тығып тастаймыз» деп. Үйде үлкендер ұялы телефон ұстамаса, бала да қызықпайды.
Тіпті болмаса, арзан планшет сатып ап, ішіне жануар, түстер, сандарды көшіріп қойыңыз. Арасында алаңдап ойнайды. Есесіне «Буба» секілді түсініксіз персонаж емес, танымдық контент көреді. Баланың көзінше телефонды аз ұстаңыз. Аса қажеттілік болса ғана. Гаджеттің пайдасынан зияны көп. Балаңыздың болашағына алаңдасаңыз, осыдан қорытынды шығарғаныңыз дұрыс», —
деп кеңес береді. 

Экранға үңілуіне тыйым саласыз ба?

Мамандар технологиялық төңкерістің шынымен де балаға төнген қауіп екенін айтып отыр. Сіз балаңыздың телефон қолдануына тыйым саласыз ба? Ал әлемге айфон ұсынған Стив Джобс өзінің отбасы мүшелеріне үйде смартфон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кітап оқуға жұмсайтын қатаң үрдіс қалыптастырған екен.

Ағылшындардың «THE MIRROR» басылымына берген сұхбатында технология магнаты Билл Гейтс балаларына 14 жасқа жеткенге дейін ұялы телефон ұстатпайтынын, сондай-ақ телефон пайдалану уақытын шектен асырмауды қатаң қадағалайтынын айтқан.

Зерттеушілер он жасқа дейінгі баланың жаңа технологияны қабылдауы ерекше болатынын, әрі оған тез тәуелді болатынын жазыпты. Сондықтан да мамандар бала планшетті күніне жарты сағат, ал смартфонды тәулігіне екі сағаттан артық қолдануға тыйым салған дұрыс деп отыр. Ал 10-14 жастағы балалар мектеп тапсырмаларын орындау үшін дербес компьютер қолданғаны жөн екен.

P.S. Ал «Apple» корпорациясының негізін қалаушы Стив Джобс балаларымен емен жарқын әңгіме-дүкен құрған кезінде олардың ешқайсысы да айфон мен айпад ұстауға ұмтылмағандарын айтқан екен.

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған телефон негізі жақынымыздан алыстатып отыр. Сонда смартфон ұстаған сәби бағымыз ба, әлде сорымыз ба? Әлде балаларға ата-ана тарапынан жеткілікті көңіл бөле алмай жүрміз бе екен?

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button