Спорт

Нұрислам Санаев чемпион атанды

Белгілі ақтөбелік спортшы Нұрислам Санаев еркін күрестен Италияда өткен «Маттео Пелликоне» әлемдік рейтингтегі турнирінің чемпионы атанды.

Әлем көз тіккен дүбірлі доданың соңғы күні тартысқа толы болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық додаға әлемге әйгілі және жаңадан танылып келе жатқан жас палуандар қатысты. Бабы мен бағы қатар келіскендер чемпиондық атаққа ие болды. Әлемдік турнир тарихына жаңа есімдер жазылды. Солардың бірі — ел құрамасының белді мүшесі Нұрислам Санаев. Ол өткен жылғы бәсекеден күміс жүлдемен оралған еді. Ал биыл 57 келі салмақ дәрежесінде ең үздік екенін көрсетті.

Жарыстың төртінші күні бозкілемге шыққан Нұрислам 4 белдесу өткізіп, барлық бәсекелестерін айқын басымдықпен жеңді. Бірінші белдесуінде АҚШ-тың палуаны Николасты 3-2 есебімен ұтты. Екінші қарсыласы, Түркияның спортшысы Ахмет Пекерді 10-1 ұпаймен артта қалдырып, үшінші айналымға еш қиындықсыз өтті. Палуанымыз  үшінші күресінде  де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл белдесуде  палестиналық Али Абурумаиланы 14-4 есебімен ұтты. Ал соңғы финалдық кездесуде АҚШ құрамасының палуанымен қайта күресті. Шешуші сында Нұрислам өз салмағында мықты екенін дәлелдеп, америкалық спортшы Николас Сурианоны  4-2 есебімен жеңді.

Айта кетейік, турнирдің алғашқы күнінде өз салмағында күрескен Мейрамбек Айнағұлов жарысты бірінші айналымнан аяқтады. Ол ресейлік қарсыласынан 7-11 есебімен жеңілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button