Басты жаңалықтарЭкономика

Экспорт ахуалы қалай?    

Ақтөбенің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп әлеуеті ерекше дамығанын, жылма-жыл өнім-тауарлардың көлемі де артып келе жатқанын санайғақтардан байқау қиын емес. Бірақ сыртқы сауданың жайына көз жүгіртсек, сүйіншілейтін жаңалығымыз жоққа тән… Бұған, бір жағынан, дүниежүзін шарпыған пандемияның да әсері бар.

Біз өңірдің тамақ өнеркәсібі саласындағы экспорт һәм импорт жағдайын біліп, осыған қатысты жоба-жоспарлармен танысқан едік.

Биылғы меже — 5 пайызға ұлғайту

Ауыл шаруашылығы — өңір дамуының басты драйверлерінің бірі екенін облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы айдың басында ұйымдастырылған өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттер туралы халыққа есеп беру кездесуінде атап өтті. Ақтөбе облысы республика бойынша индустриясы дамыған өңір екенін айтқан ол ауыл шаруашылығы саласын өрге сүйреу арқылы аймақтың әлеуеті, сондай-ақ қиын кезеңдерде өзін-өзі жергілікті өніммен қамту деңгейі едәуір артқанын тілге тиек етті. Бұл мақсатта былтыр субсидияның бірнеше түріне 20,4 миллиард теңге бөлініп, 47,8 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие беріліпті. Соның арқасында ауыл шаруашылығы саласы көрсеткішінің​ бір жылда 6,7 пайызға өскені байқалады, 324,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Сондай-ақ онлайн режимде өткен есеп беру кездесуінде жергілікті тауар өндірушілер есебінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 10 түрі бойынша қосымша резерв құрылып, ол үшін облыс әкімдігінің 300 миллион теңге бөлгені баян етілді.

Жалпы, Оңдасын Сейілұлы өз сөзінде тек Ақтөбені ғана қамтып қоймай, көршілес облыстың тұрғындарына жергілікті өнімдерді ұсыну, одан әрі алыс-жақын шетелдерге экспорттау қажеттігін де баса айтты. Артынша:

— Ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыс алдағы жылдары одан әрі күшейтілетін болады, 2021 жылы біздің алдымызға бірқатар міндеттер қойылды. Соның бірі — өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін 5 пайызға ұлғайту, — деді облыс әкімі.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда біздің облыс өзін 32 азық-түлік тауарларының 24 түрімен қамтамасыз етеді екен.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

«Экспорт» сөзінің өзі (exporto) латын тілінен енген, тікелей аудармасы «порттан шығару» дегенге саяды. Бұл — халықаралық саудаға қатысты қолданылатын термин. Яғни өзге елдерге өнім-тауарларды сату.

20 кәсіпорын экспортпен айналысады

Облыста азық-түлікті сыртқа тасу ғана емес, әкелу де бір-бірімен деңгейлес. Экспорт пен импорт туралы айтып отырмыз. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы маркетинг және инвестиция бөлімінің басшысы Снежанна Кулекенованы сөзге тартқанда білдік:

— Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына кеңінен тоқталсақ, 2019 жылы барлығы 82 миллион АҚШ долларына 205381 тонна өніміміз өзге елдерге жөнелтілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 125 пайызға көп.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша Ақтөбе облысында өткен жылдың 11 айында 196 мың тонна өнім экспортталған. Бұның жалпы көлемі — 61 миллион АҚШ доллары.

Рас, пандемияға байланысты 2020 жылдың басынан шілде айына дейін сыртқа азық-түліктерді саудалау біраз кідірді. Тек жаздың соңынан бері бұл қайта күшейді. Қазіргі таңда қалпына түсті деуге болады, — дейді ол.

Жоғарыда аталған басқарма ұсынған мәліметтерге жүгінсек, облыс бойынша ауыл шаруашылығын өнімін экспортқа шығаратын 20-дан астам кәсіпорын бар. Ресей, АҚШ, Қытай, Германия, Израиль, Иран, Өзбекстан, т.б. мемлекеттерге, негізінен, ет, балық, сүт өнімдері, сондай-ақ сары май, жұмыртқа, көкөністер (қызанақ пен қияр) экспортталады.

Бөлім басшысы Снежанна Кулекенова өз сөзінде елімізде тірі малды шетелге саудалауға қатысты мораторийдің өткен жылдың қараша айында күшін жойғанын, соған сәйкес енді Ақтөбеде өсірілген ірі қараны Өзбекстанға, ал қойды Иран Республикасына сату жоспарланып отырғанын айтты.

Ал өңірдегі импорттың ахуалы қалай? Бұл жөнінде сұрастырғанда, төмендегідей жауап алдық.

— Жергілікті сүт өнімдерімен облысты қамтамасыз ету 72,9 пайызды құрайды. Сондай-ақ өңіраралық кооперация аясында өнімдер еліміздің өзге өңірлерінен де әкелінеді. Бізге сырттан, негізінен, жеміс-жидектер, ұн, сүт және балық өнімдері жеткізіледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша 2020 жылда 132 миллион АҚШ долларына 274 мың тонна импорт келді. Былтырғы импорт, 2019 жылмен салыстырғанда, 16 пайызға төмендеген, — дейді Снежанна Кулекенова.

 

АЙТПАҚШЫ…

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны — 61,8 мың бірлік.

Біздің балмұздақтан ресейліктер де дәм татпақ

Көпшілікке сан түрлі сүт өнімдерімен белгілі ақтөбелік «Айс-плюс»  — отандық нарықта өз орнын әлдеқашан қалыптастырған компания. Кәсіпорын өнімдерін Қазақстанның түкпір-түкпірін айтпағанда, көршілес Ресей Федерациясына да саудалаған. Әсіресе, олардың сары майына сұраныс айтарлықтай болыпты. Бірақ арадағы алыс-беріс әзірше тоқтап тұр, себеп — пандемия.

— 2019-2020 жылдар аралығында біздің компания Ресей Федерациясына 72,5 пайыз майлылығы бар жалпы көлемі 118 тонна сары майды экспорттады. Арадағы байланыс жақсы орнап еді, онымен карантин бұған кері әсерін тигізді. Сондықтан әзірге сырт елге саудамыз жасалып жатқан жоқ. 

Есесіне, жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын «Өндірістік қуаттылықты тәулігіне 50 тоннадан 70 тоннаға дейін кеңейту» инвестициялық жобасын жүзеге асырдық. Келесі заттар сатып алынды: шоколадпен қапталған таяқша, «стақан» және «мүйізше» балмұздақ өндірісі, мұздатқыштар және басқа жабдықтар. Өнімді сақтауға арналған қойма салынды. Арасында балмұздақ цехына қосымша жаңарту жұмыстары жүргізілді. Шығарылатын балмұздақтың түрін көбейттік. Енді біздің балмұздақ дәмі жағынан батыстық және ресейлік өндірушілерден кем түспейді. Бұйыртса, қазіргі таңда балмұздақ өнімдерін Ресей мен Өзбекстан нарықтарына шығаруға дайындалып жатырмыз, — дейді аталған компанияның директоры Қуаныш Ищанов.

Оның айтуынша, қаймақ, айран, сүзбе, май, балмұздақ, т.б. сүт өнімдерін шығаратын жергілікті компания Алматы, Орал, Атырау, Ақтау қалаларында да үлкен сұранысқа ие.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button