Басты жаңалықтар

Ақтөбенің киелі жерлері — отандық туризмнің қайнар көзі

«Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті.

Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс.

Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Ақтөбедегі киелі жерлер һәм ескерткіштер — облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының тікелей бақылауында. Ондағы мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 12 нысан енгізілді: Қобыланды батыр, Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешендері, Абат-Байтақ, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымдары, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Есет-Дәрібай кесенесі, Ойсылқара қорымы, Досжан ишан мешіті, Исатай батыр кесенесі, Әбубәкір кесенесі, Қызылүйік ғибадатханасы және Жаманшың метеорит кратері.

Біз газетіміздің өткен сандарында бұлардың жартысына тоқталып, қазіргі жай-күйі туралы мәліметтер ұсынғанбыз. Осы жолы енді арнайы тізімге енген 6 қасиетті орынға кезек бермекпіз.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша нендей жұмыстар атқарылып жатыр?

Досжан ишан мешіті мемориалды кешенге айналмақ

Темір ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Досжан ишан мешітін қалпына келтіру жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген нысан көп ұзамай мемориалды кешен ретінде есігін айқара ашпақ.

— ХІХ ғасырдың екінші жартысында Досжан хазірет Шұбарқұдық ауылының аумағында мешіт пен медресе салып, сол жерде балаларды оқытқан. Қайтыс болғаннан кейін мешіттің қасына жерленген. Қазір мұнда оның балалары да жатыр. Өкінішке қарай, мешіттің қабырғалары ғана қалып, күмбезі мен бөліктері қираған. Өткен жылдың шілде айынан бері қорымды қалпына келтіру жұмыстары өз бастауын алды. Құрылыс, абаттандыру жұмыстары күн жылынғасын қайта жалғасады. Ишан салған мешіт ашық аспан астындағы мұражайға айналмақ, — дейді аудан әкімі Жолдас Батырхан.

Оның айтуынша, бұл игілікті іс «Алаш парызы» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Өз кезегінде құрылыс жұмыстарына маңғыстаулық шебер Қуаныш Әлиев бастаған мамандар тартылған. Мұндағы жігіттер кешенді әрлеу жұмыстарын, яғни әр ою-өрнекті қолмен салып, ерекше ұқыптылықпен жасап жатыр. Өйткені бұл — өңірдегі  мемлекеттің қорғауындағы нысандардың бірі.

Кешен аумағында алма бағы жайқалады деп күтілуде. Бұл мақсатта жергілікті билік мұнда 300 көшет егіп қойған.

Қасиетті орынға қысқаша тоқталсақ, мешіттің ұзындығы шамамен — 28 метр, ені — 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында болған. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, қазіргі Шұбарқұдық өлкесінде алғашқы отырықшы қоныстың түзілуіне әсер еткен деседі. Мешіттің алты бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде тіреу жоқ. Терезесінде де бірде-бір қиық белдік жоқ, күмбез бұранда түрінде жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған екен. Мешіт ішіндегі аят хадистері қызыл оюмен боялған. Мешіттің алдында кіреберіс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Бұның бәрін өткен шақта жазып отырған себебіміз, қазіргі кезде бұл жоққа тән, тек қабырғалары қалған…

Тарихтан сыр шертетін көне қорым

Ойсылқара қорымы — Хромтау ауданындағы ең ірі мемориалды-діни кешен. Қорымның эпонимі әулие, түйенің және түйе шаруашылығының пірі Ойсылқара болып саналады. Бұл кешен жалпы алаңы 100х170 метр, шығыстан батысқа қарай созылған 150 бейіт орналасқан дәстүрлі ескерткіштерден құралған көне қорымнан тұрады.

Өлкетанушы Рысжан Ілиясованың «Қазына» атты кітабында бұл туралы біршама мәліметтер келтірілген. Автордың айтуынша, сол елді мекен, өзен де Ойсылқара атты әулиенің атымен байланысты. Сонымен қатар қорымды 1998-2010 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының «Батыс Қазақстанның кешенді этноархеологиялық экспедициясы» (жетекшісі – С.Әжіғали) зерттейді.

Аңыз әңгімеге сенсек, Ойсылқара әулиенің өмір сүрген уақыты шамамен VII-VIII ғасырлар деп айтылып жүр. Қариялар айтқан аңыз бойынша Ойсылқара әулие Мұхаммед пайғамбардың сопылық хадисін орындаушы ретінде сахарадағы жеті жұртты аралаған тақуа кісі екен. Сондай-ақ Ойсылқара ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген діндар адам деген де мәлімет бар.

Төрт түлік малдың пірлері саналатын Шопан ата — Маңғыстауда жерленген, ал Жамбыл облысында Зеңгі бабаның күмбезі бар. Ал түйе атасы — Ойсылқара біздің өңірде жерленген болса керек… Бірақ ғылымда мұны айқындайтын нақты дәлел жоқ.

 «Арыстан туған Исатай,

Дегеніне жете алмай…»

Исатай Тайманұлы — 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің көш басынан табылған қайсар қолбасшы, халық батыры. Ол мәңгілік тыныстаған өлке — Шейітсайда 2014 жылы кесене салынды. Бұл — Қобда ауданының аумағында орналасқан кесене.

Кесененің биіктігі — 11,5 метр, ал ені — 6 метр. Кесене ішінде Исатай Тайманұлы мен оның ұлы Оспанның өмір сүрген жылдары және Исатай батырдың бейнесі, сонымен бірге Махамбет ақынның:

«Арыстан туған Исатай,

Дегеніне жете алмай,

Арманда өтіп кетті деп,

Қиналсаңыз біздерге,

Мың сан рахмет сіздерге» деген өлең жолдары қашалып жазылған. Кесененің қабырғалары қазақи нақышта өрнектелген.

Баба басына орнатылған күмбез там мазар салу ісімен айналысып жүрген маңғыстаулық шебер Нұрсұлтан Имашевтың басшылығымен жасалған.  Құрылысқа барлығы он адам тартылыпты. Олар небәрі 3 айда нысанды салып бітірген.

Әйгілі Әбубәкірдің кесенесі

Әбубәкір Боранқұлұлының кесенесі Алға ауданында орналасқанын көпшілігі біледі. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті қазақ ақынының даңқы Орталық Азия елдеріне дейін жетті. Зерттеуші ғалымдардың мәліметінше, ақын медреседе оқыған, яғни басқалармен салыстырғанда, білімі жоғары болған.

Бірнеше жерде бала да оқытқан Әбубәкір аса білімдар, саясатқа жетік болған деседі. Сондықтан сол кездегі  өмір ағымын жіті меңгерген Әбубәкірдің өлеңдері төрт аяғын тең басқан жорғадай, халықтың көңілінен бірден шыққан. Ақынның өлеңдері 1903-1905 жылдары Қазан қаласында екі рет кітап боп басылған. Алайда Кеңес өкіметінің тыйым салуы салдарынан тәуелсіздік алғанға дейін оның есімін атауға, шығармаларын жарыққа шығаруға мүмкіншілік болмады. Жалғыз Әбубәкір ғана емес, «зар заман» ақындарының жолы тым ауыр болғаны көпшілікке аян…

Әбубәкір Кердері мұрасының жанры сан алуан: толғау, арнау, жоқтау, төкпе айтыс, жазба айтыс, жұмбақ айтыс, сықақ-эпиграмма, мадақ, саяси-әлеуметтік, философиялық жырлар, көңіл күй лирикалы, шежіре-жыр, дін мәселелеріне арналған өлеңдері бар. Оның әйгілі айтыстары да сақталған.

— Әбубәкірдің назардан тыс қалып келе жатқан қырларының бірі — оның жыршылық өнері. Оны біз Сарышолақ Боранбайұлымен сөз қағыстыру оқиғасынан табамыз, — дейді облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

АЙТПАҚШЫ…

— Облыс бойынша жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне 45 нысан енді.

Жұмыс тобы өлкетанушылар мен өлке тарихымен қызығушылармен бірлесіп, ескерткіштердің барлық типін қамтыды. Тізімге археология, қала құрылысы және архитектура ескерткіштері енгізілді. Мысалы, біз археологиялық ескерткіш ретінде 10 мың жыл бұрын пайда болған Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтерді ұсындық. Кейбір ғалымдардың есебінше, үңгірдегі суреттер осыдан 40 мың жыл бұрын пайда болып, бұл Қазақстан, тіпті Орталық Азиядағы ең көне бейнелер саналады. Қала құрылысы және архитектура ескерткіштері ретінде тарихи тұлғалар жерленген орындар (Көтібар батыр, Бақтыбай батыр, Ботакөз батыр, Жәлімбет, Қазанғап қорымдары және кесенелері), мешіттер (Дүйсенбі ахун, Шәкен ишан, Нұрпейіс хазірет мешіттері), табиғи мұра ескерткіштері және өзге де нысандар енгізілді.

Жергілікті маңызы бар тізім 45 нысанмен шектеліп қалмайды. Бүгінде өзге де ескерткіштер жөнінде материалдар жинақтау жұмыстары жүргізілуде, — дейді облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

Қызғылт ұлутас пен топырақтан салынған ескерткіш

Байғанин ауданындағы Қызылүйік ғибадатханасы — соңғы 20 жылда ғана зерттеле басталған нысан. 1999 жылы адамдар төбе айналасынан бес қаруын асынған жауынгерлердің тас мүсінінің бүтіні және сынықтарын байқап, мекенге өзгелердің қызығушылығы осылай пайда болған…

Қызылүйік ғибадатханасы (б.з.д. V – б.з.ІІ ғғ.) Байғанин ауданы Дияр ауылынан 65 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан. Кешен негізгі салт-жоралық ғимараттан, ор және ор іші құрылымдарынан, ғибадатхана ішіндегі көптеген ғұрыптық қоршаулар мен тігінен қойылған сарматтық тас мүсіндерден тұрады.

Аңыз-әңгімелерге сенсек, жергілікті тұрғындар қызғылт ұлутас пен топырақтан салынған ескерткішті ашық күндері алқызыл түсті болып көрінуінен ғимаратты Қызылүйік деп атап кеткен. Арал мен Каспий теңіздері арасындағы кеңістікте орналасқан ғибадатхана осы өңірде өмір сүрген көшпелі этностардың рухани һәм киелі нысаны болған деседі. Сонымен қатар бұл ірі бірлестіктердің (сарматтар, дайлар, дах-массагеттер, сақтар) маңызды саяси орталықтары болғандығы да белгілі.

Жаманшыңға туристердің ықыласы жақсы

Ырғыз ауданындағы Жаманшың метеорит кратері — туристер көп баратын орындардың бірі. Оған қатысты аңыз-әңгіме де аз емес.

Айталық, ол жерге өсімдік өспей, жәндіктер де жолай алмағандықтан жұрт Жаманшың деп атап кеткен деседі. Жаугершілік жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандар осында келіп паналаған деген де долбар бар. Сол кезде құрсанып келген қуғыншылар оларды таба алмапты… Ал 1960 жылдары осы Жаманшыңда құпия әскери бөлімше тұрған деген де дерек бар. Алып машиналар, қару-жарақтар, оқ-дәрілер, тіпті әскери ұшақтар қонатын болған. Жаманшың аумағынан табылған тектиттер ТМД елдері территориясында бірінші рет тек біздің облыстан ғана табылып отыр. Бұрынғы замандарда адамдар бұл заттан түрлі бұйымдар жасағаны да зерттеушілерге мәлім. Ал герцог Эдинбург осы тектиттерден моншақ тізіп, патшаға сыйға тартқан.

Жаманшыңды 1937-1939 жылдар аралығында алғашқы болып зерттеген ғалымдар — А.Яншин мен В.Вахрамеев. Сол уақытта геологтар Жаманшыңда зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде жер бетінен палеозой дәуірінің жыныстарын табады. Жаманшыңның құпияларын табу зерттеуші ғалымдарға оңайға түскен жоқ. Сондықтан бұл жердегі геологиялық жұмыстар 1946, 1957, 1961 және 1963 жылдары одан әрі жалғасын тапты. Зерттеу жұмыстары кезінде ол жерден қара түсті шлактар, әйнектің ерекше түрлері көптеп анықталған. Артынша табылған кен үлгілері Мәскеудегі білікті ғалым Петр Флоренскийге жіберіледі. Өз кезегінде ол 1975-1976 жылдары Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екендігін ғылыми түрде дәлелдеді. Осыннан табылған ерекше тастарға «жаманшит», «иргизит» деген атаулар берілді. Осыдан кейін 1977 жылдың жаз айында метеориттер жөніндегі комитеттің экспедициясы жұмыс істей бастайды. 1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, Германия және Франция елдерінің ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды.

Айта кетейік, зерттеушілер Жаманшың осыдан 075-1,1 млн жылдар бұрын оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарап ұшқан ірі метеориттің жерге қиғаш (көлбеу) құлау салдарынан пайда болғандығын анықтады. Ойпаттың диаметрі 5-6 шақырым, түбі жайпақ, баурайы көлбеу, тереңдігі 700 метрдей. Метеориттің диаметрі 200-400 метрге жетеді.

P.S. Ақтөбе — қасиетті орындарға бай өңір. Алыстан ғаламат дүниелерді іздеудің аса қажеті жоқ. Тек барымызды бағалай алмай, насихаты кемшін болып жатқаны рас. Әйтпесе, талай туристер түгілі, жергілікті тұрғындардың өзі естіп-көрмеген, табаны тимеген киелі жерлеріміз қаншама!? Бұл — Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында түгендеп, танытуға сұранып тұрған салалардың бірі. Түрлі экскурсиялар ұйымдастырылып, туризмге мықтап көңіл бөлсек, бұдан тек ұтатынымыз анық. Өйткені киелі жерлер де егемен еліміздің игіліктерінің бірі.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button