Тарих

Жалынға оранған жастық

…Сол кез біздің де жастық шағымызбен тұспа-тұс келді. Кеше ғана мектеп бітірген кластасымыз, ауылдағы ағайынның балалары Ауған аттанып жатты. Алғашқы кезде «баламыз интернационалдық борышын өтеп жатыр» деп айналасына мақтанышпен қарайтын ата-аналар бірте-бірте уайымға салына бастады. Себебі ауылға «200-жүк» деп аталатын темір табыттар келе бастады. Өрімдей жігіттердің бірі қолынан, бірі аяғынан айырылып оралып жатты.

…Кластасым Д. есімді көркемсарбаз жігіт болатын. «Ауғанстаннан келіпті» деген соң бүкіл класс шуылдап жетіп барғанымыз есімде. Баяғы ашық-жарқын, әдемі жігіттен түк қалмапты. Самсоз, көп сөйлемейді. Бет-аузында жарақаттың тыртығы. Кластың ұлдары аздап көңілденіп алған соң, ананы-мынаны айтып әзілдей бастады. Бір кезде әлгі кластасымыз басынан бірдеңені жұлып алғанда … бетіндегі тыртық ұласып барып, ойқа-шойқа басқа жалғасты. Шошып кеттік. Парик дегенді де бірінші рет көруіміз. Сөйтсек, ауыр жараланған кластасымыз өліп-тірілген екен. Кейін де аса оңала қоймай, ақыры қайтыс болды. Ауған соғысының жауынгерлерімен таныстығымыз осылай басталған.

Кейін де журналист ретінде Ауған соғысының жауынгерлерінен сұхбат алуға тырыстық. Әлде мемлекеттік құпия екенін, әлде сол бір қан кешкен кезді естеріне түсіргісі келмей ме, олар ашылып ештеңе айтпайтын.

…Алға ауданындағы Қарақобда ауылының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Қайрат Ізтілеуовті арнайы іздеп барғанда да, сөйлете алатынымызға, қажетті ақпаратты ала алатынымызға сенімсіздеу едік…

…Ресейдің белгілі актері Сергей Маховиковтан айнымай қалған Қайрат бізді емен-жарқын қарсы алды. Үш немересінің бірі мойнына мініп, бірі арқасына жабысып, мәре-сәре болып отырған жігіт ағасы Ауған соғысы жайлы әңгіме қозғалғанда, кібіртіктей берді…

Төбесінен құс ұшырмай әлпештеп өсірген жалғыз ұлды ата-анасы қастарынан ұзатқысы келмеген болу керек, әйтеуір, Қайрат жоғары оқу орнына барған жоқ. Сол кездегі Алғаның СПТУ-16 аталатын кәсіптік училищесінде оқып, «кең профильді шофер-тракторист» мамандығын алып шықты.

Әскер қатарына шақырылды да, Мәскеу түбінде оқу-жаттығудан өтті. Алты ай жаттығып, барлаушылар мектебінен сержант шенін алып шықты.

Содан соң бір жарым жылға созылған оқ пен оттың арасындағы жорық күндері басталды.

Баграмда алғашқы шайқасқа түсті. Көптеген жауапты операцияларға қатысты. №108 барлаушылар ротасында болған Қайрат өзінің батылдығымен, ылдым-жылдым тиянақтылығымен көзге түсті. Сондай бір шайқастардың кезінде қолы мен аяғынан ауыр жарақат алып, алдымен Кабулда, одан соң Ташкентте бес ай госпитальда жатып, емделіп, содан соң ІІ топ мүгедектігін алып, елге оралды. Осы екі жылда жалғыз ұлдың от пен оқтың ортасында — Ауғанстанда жүргенін марқұм анасы білген де жоқ, айтпады.

Ол кезде, қазіргідей емес, мүгедекке үрке қарайтын қоғам болатын. Жұмысқа да тұру қиын. Қайрат Темірғалиұлы бір жылдан соң өзі сұранып жүріп мүгедектігін ІІ топтан ІІІ топқа түсіртіп алды. Ауылдың Мәдениет үйіне жұмысқа тұрды.

«Еділ менен Жайықты шатастырып картадан, Ең алғашқы махаббат басталады партадан» демекші, мектептен бастап бірін-бірі ұнатқан Нұржамал Есбаева да Ауғанстаннан сылтып басып келген бозбаланы күтіп жүрген болатын. Үйленді, балалы-шағалы болды. Колхозда еңбек етті. Кейін шаруашылық ыдырап, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кезде өзіне тиесілі пайын алып, шаруа қожалығын ашты. Балаларын оқытты, үйлендірді, немерелер де өсіп келеді.

Ауған соғысының ардагері, «Әскери қызметтегі ерекшелігі үшін», «Әскери еңбегі үшін», «Ауған халқынан алғыс», т.б. көптеген медальдардың иесі Қайрат Темірғалиұлы әдебиетке, өлеңге, өнерге жақын жан болып шықты. Мұқағали жырларын төкпелей оқып, мақал-мәтелді, ел аузындағы әңгімелерді айтқанда риза болдық.

…Біз барғанда Қайраттың мектептен басталған махаббаты, мықты Ұстаз Нұржамал Ізтілеуованы кездестіре алмадық, ол аудандық олимпиадаға оқушыларын алып кеткен екен. Зайыбы туралы айтқанда көзіне шуақ тұна қалатын отағасыдан Нұржамал Ізтілеуованың өзі өскен ұясы жайлы, он баланы тәрбиелеген әкесі — яғни қиын да қызық тағдыр туралы да естіп, қойын дәптерімізге түртіп алдық. Ол енді басқа әңгіменің парасы…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button