Басты жаңалықтар

Бақылау топтарының жұмысы көңіл көншітпейді

Облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәселелер қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

«Бүгін коронавирус инфекциянының төрт жағдайы тіркелді. 1 ақпаннан бері Ресейден және Қазақстанның өзге өңірлерінен келгендер арасынан бес науқас анықталды. Жағдай әсіресе Ақтөбе қаласы, Хромтау, Мәртөк, Мұғалжар, Шалқар аудандарында тіркелуде. Соларға баса наза аудару керек. 2021 жыл басталғалы Ойыл ауданында бірде-бір жағдай анықталған жоқ. 76 адам инфекциялық стационарларда емделуде, жүктеме 17%-ды құрайды. 23 адам карантиндік стационарда. 895 медицина қызметкеріне екпе егілді, 19 ақпанға дейін вакцинацияның бірінші кезеңін аяқтаймыз», — деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов қазіргі таңда медицина мекемелерін екпені сақтайтын мұздатқыш қондырғыларымен қамтамасыз ету шараларының қабылданып жатқанын айта кетті.

Қазіргі уақытта облыс басшылығын бақылау топтары жұмысының осалдығы алаңдатады. 7-15 ақпан аралығында 184 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде небәрі 11 заңбұзушылық анықталған, оның тоғызы Ақтөбеде, екеуі Шалқар қаласында.

«Бірнеше рет ескерту берілсе де, бақылау топтарының жұмыстары көңіл көншітпей отыр. Кейбір көңіл көтеретін орындар түн ортасынан кейін де жұмыстарын жалғастыруда. Әсіресе, қазір шектеу шараларын кезең-кезеңімен жұмсартып жатқанда өте сақ болу керек.

Біз кәсіпкерлерге көмектескіміз келеді, бірақ олар жағдайдың күрделі екенін түсінулері тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай нашарласа, бірінші басшы ретінде бастарыңызбен жауап беретіндеріңізді ескертемін», — деді облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдеріне.

Облыс басшысы бұл жұмысқа депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерін, кәсіпкерлерді тартуды ұсынды.

Сондай-ақ облыс әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына барлық бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

«Бірінші айдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелерге қол жетті, бірақ біз экономиканы дамыту қарқынын төмендетпеуіміз қажет. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыратын Жол картасын іске асыру арнайы бақылауда», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button