Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде диализатор шығаратын зауыт салынады

Бұл Қазақстанды толықтай диализатормен қамтамасыз ететін кәсіпорын болмақ

Қазір облыста 416 адам гемодиализ алады. Ақтөбе қаласында гемодиализ процедурасына мұқтаж жандар үшін 5 гемодиализ орталығы жұмыс жасайды. Мамандардың айтуынша, елімізде, оның ішінде облыста созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққандардың өмір сапасын жақсарту мақсатында түрлі инновациялар үнемі енгізіліп отырады. Соның бірі — биыл облыста диализатор шығаратын зауыт іске қосылмақ. Бұл — ТМД елдері аумағында баламасы жоқ медицина өнеркәсібі саласындағы мүлдем жаңа кәсіпорын.

Биыл облысқа 800 миллиард теңге инвестиция тартылады

Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин халық алдында берген есепті кездесуінде мәлімдеген болатын.  «Біз бір нәрсеге қатты көңіл бөлуге тиіспіз. Тек жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың әлеуетіне сүйеніп, экономикалық үрдістің тұрақты өсуін қамтамасыз ету — ол оңай емес. Сондықтан басты басымдықтардың бірі — қосымша инвестиция тарту. Ол шетелдік инвестиция болсын, болмаса, өзіміздің отандық инвесторларымыз болсын, осы жұмысқа мейлінше көңіл бөлуге тиіспіз. Былтыр облысқа 600 миллард теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде 23 инвестициялық жоба іске асырылып, 1200-ден астам жұмыс орны құрылды. Биылғы жылғы жоспарымызда  одан да көбірек инвестиция тарту, шамамен 800 миллиард теңгеден асу межесін көздеп отырмыз. Бұл — жоғары көрсеткіш. Оған қол жеткізу оңайға түспейді. Алайда біз жұмыла атқарған жұмыс арқылы осындай нәтижеге жетуіміз керек», — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, шетелдік және отандық инвесторлардың ықпалымен биыл облыста мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт, диализатор шығаратын кәсіпорын, мобильді бұрғылау қондырғылары мен  басқа да құрылыстар жоспарлануда. Аталған жобалардың тек экономикалық жағынан ғана емес, экологиялық және әлеуметтік жағынан да маңызы ерекше.  Атап айтсақ, биыл «ЭкоТехПрогресс» ЖШС-ның «Мұнай қалдықтарын қайта өңдеу зауыты құрылысы» жобасы жүзеге асырылса, онда жылына 500 мың тоннаға дейін мұнай қалдығын кәдеге жаратуға және өңдеуге мүмкіндік берілмек. Ал  «Global Service Company XXI» ЖШС-ның диализатор шығару бойынша жобасы ТМД елдерінің аумағында баламасы жоқ медицина өнеркәсібі саласындағы мүлдем жаңа кәсіпорынның құрылуына ықпал етпек.

Бүгінгі таңда облыста инвестиция ағынын көбейту мақсатында «GOSB» түрік инвесторымен бірге индустриалды аймақ жасау жұмыстары жүргізілуде. Ірі жобаны жүзеге асыру жақын жылдары қосымша​ 500 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға, кемінде 15 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Диализатор — жоғары технологиялық сүзгі

Диализатор шығаратын  кәсіпорын туралы жазбастан бұрын, әуелі диализатор терминіне, бұл өнімнің адам ағзасына тигізетін пайдасына  кеңірек түсінік бергеніміз жөн болар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының  емдеу-профилактикалық, қоғамдық денсаулық сақтау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бақыт Түлкібаеваның айтуынша,  диализатор —  синтетикалық материалдан жасалатын жоғары технологиялық сүзгі. Гемодиализ ағзадан тыс орындалатын ем-шараларда қанды тазартады. Емдеу процедурасы кезінде қан диализдік аппаратқа жалғанған сүзгіштен (диализатор) өтеді. Емнің әрбір сеансы әдетте 4-5 сағатты алады. Мұндай емдеу шарасын науқастар аптасына кемі үш рет алуға тиіс.

Диализатордың басты ерекшелігі — өте жұқа, жартылай өткізгіш мембраналардан тұрады. Мембраналар қан мен диализдік ерітінді арасындағы бөгет қызметін атқарады. Ол заттардың қанға араласуын қамтамасыз етеді.

Залалсыздандырылған пластмасса түтіктер диализаторға жалғанады. Бір түтік қанды диализаторға жеткізуге, келесі түтік оны ағзаға қайтаруға арналған. Түтіктер және диализатор (қан өткізетін контур) диализдік аппаратқа жалғанады. Аппарат қан өткізетін контурдағы қан айналымын қауіпсіз бақылап отырады, — деді Б.Түлкібаева.

Стандартты диализ жеткілікті әрі тиімді болуы үшін бірнеше шарттарды сақтау керек. Ең бастысы, қан кем дегенде 250 мл/мин жылдамдықта, ал диализ ерітіндісі кем дегенде 500 мл/мин жылдамдықта ағып кетуі керек.

Бақыт Түлкібаеваның айтуынша, облыста негізінен жоғары ағынды диализаторлар қолданылады.

«Alpha Plan GmbH» — әлемдік көшбасшы компания

Ақтөбеде диализатор шығаратын зауытты «Global Service Company XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алмақшы. Жоба құны — 3,7 млрд теңге,  қуаттылығы — жылына 1 миллион диализатор өндірілмек, жұмыс орындарының саны — 36.

Бұл жоба ТМД елдері аумағында баламасы жоқ медициналық өнеркәсіп саласында мүлдем жаңа кәсіпорын құруға ықпал ететін болады. Аталған жоба аясында «Global Service Company XXI» серіктестігі «ALPHA Plan GmbH» неміс компаниясымен өндірістік желіні жеткізуге шарт жасасты, — дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Иран Шархан.

«Alpha Plan GmbH» компаниясының негізі 1993 жылы Дрезденде (Германия) қаланған. Аталған компания  мембраналық негіздегі медициналық шағын материалдарын өндірудің ең озық технологияларын жеткізеді. Компания соңғы екі жылда 20 елдегі клиенттеріне қуаты жылына 40 миллион диализатордан асатын медициналық технологиялық жабдықты жеткізе отырып, диализаторларды шығаруға арналған жабдықтар саласындағы әлемдік көшбасшы саналады.

— Жобаны іске асыру үшін Самара-Шымкент тасжолы, яғни Хромтау қаласы бағытындағы Рауан тұрғын алабында ауданы 3 гектар жер телімі бөлінді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жобаға шетелдік жобалаушылар (Украина, Италия) тартылуда. Жабдықтарды монтаждау (Германия) жұмыстары биыл қолға алынбақшы. Кәсіпорын биыл төртінші тоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, — дейді басқарма басшысы.

416 адам  гемодиализге мұқтаж

Бақыт Түлкібаеваның айтуынша, бүгінгі күні Ақтөбе қаласы және Мұғалжар, Шалқар, Қобда, Мәртөк, Байғанин аудандарын қоса алғанда 416 науқас гемодиализ алады.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында гемодиализ процедурасына мұқтаж жандарды  қамтамасыз ететін 5 гемодиализ орталығы бар. Жыл сайын гемодиализдің сапасы жақсарып келеді. Науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға әсер ететін түрлі инновациялар үнемі енгізіліп отырады. Осындай жұмыстардың әсерінен  науқастардың өмір сүру ұзақтығы жақсарады, — дейді ол.

Ол гемодиализге тәуелді әрбір науқасқа мемлекеттен бөлінетін қаражаттың гемодиализ орталықтары бар клиникаларға арнайы жолданатынын айтты. «Клиникалардың басшылары қажетті құжаттарды, науқастардың тізімін ұсынады. Ол үшін тендер өтеді. Мәлімделген науқастардың санына байланысты ақшалай қаражат клиникалар бойынша бөлінеді. Егер жыл ішінде науқастар саны ұлғайған жағдайда, тиісінше қаржыландыру қосымша тендер арқылы жүргізіледі. Керісінше, науқастардың саны азаятын жағдайлар болады. Мәселен, олар басқа клиникаларға ауысады болмаса басқа қалаларға тұрақты тұруға кетеді және басқа да жағдайлар болады. Мұндай кезде  бір науқастың ем-домына бөлінген қаражат келесі жылға ауыстырылады», — дейді Б.Түлкібаева.

Бүгінгі таңда облыста бүйрек ауруына шалдыққан науқастарды емдейтін мамандар — нефрологтар да жеткіліксіз. «Нефролог мамандардың тапшылығы, әсіресе емханаларда, сондай-ақ аудандық ауруханаларда сезіледі. Негізінен нефрологтар гемодиализ орталықтарында, жеке клиникаларда жұмыс жасайды. Дегенмен емхана басшылары маман тапшылығын болдырмас үшін жағдайдан шығудың жолын табады. Олар жеке гемодиализ орталығымен, яғни нефрологтың кеңесі қызметі бойынша шарт жасасады», — дейді Б.Түлкібаева.

Ол нефролог мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын халықаралық конгрестер мен конференциялар өткізілетінін айтты. Соның бірі —  Ресей-Түркия көшпелі конгрестері. «Бүгінде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін оқыту курстары ұйымдастырылады. Жыл сайын нефрология және гемодиализ бойынша көптеген кітаптар шығарылады. Пандемияға байланысты онлайн курстар өте жақсы дами бастады», — дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Қандыағашта гемодиализ орталығы ашылады

Жақында Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында 5 аппаратқа есептелген гемодиализ орталығы ашылмақ. Аталған орталық Қандағашпен қоса, Ембі, Темір қалалары, сондай-ақ Байғанин аудандарында тұратын 30-ға жуық науқасқа қызмет көрсете алады. Бұған дейін науқастар аптасына 3 рет Ақтөбе қаласына гемодиализ процедурасын алу үшін келуге мәжбүр болатын. Ал екі аралықтағы жолдың жағдайы өздеріңізге мәлім. Науқастарға әрлі-берлі қатынау үшін жол ауырлық тудыруда. Сондықтан емделушілерге өз үйіне жақын жерден гемодиализ алудың мүмкіндігі тумақ, — дейді Бақыт Түлкібаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі болашақта Ақтөбеде диализатор өндіретін зауыт іске қосылса, онда бүгінде қымбат бағасына алынып жатқан диализаторларды арзан бағада сатып алуға мүмкіндік болатынын айтады. «Зауытта шығарылатын өнімнің барлық талаптарға сәйкес келуі — ең басты мәселе. Бүгінде облыстағы әрбір гемодиализ орталығында шығын материалдарын жеткізушілер бар. Диализаторлар мөлшері, материалы бойынша ерекшеленеді.

Орталықтар қажетті диализаторларды өздері таңдайды. Бүгінгі таңда негізінен bbraum, Nipro, Fresenius, Gambro диализаторлары қолданылады. Барлық диализаторлардың жұмыс істеу принципі бірдей», — дейді Б.Түлкібаева.

Мақсатымыз — импортты отандық өнімге айырбастау

Аймақта биыл іргелі құрылысты жүзеге асыратын мекеме — «Global Service Company XXI» ЖШС бас директоры Шыңғыс Әбілқайыровты сөзге тартқан едік.

— Ақтөбеге диализатор өндіру зауытын салу қандай қажеттіліктен туындады?

— Қазіргі кезде Қазақстанда диализатор өніміне деген сұраныс күннен-күнге артып жатыр, бірақ та диализатор өнімін өндіретін отандық кәсіпорын жоқтың қасы. Яғни еліміздегі диализатор өнімінің барлығы импортталған. Сондықтан осы себептерді ескере отырып және импорттық өнімді отандық өнімге алмастыру мақсатында Ақтөбе қаласынан диализатор өндіру зауытын салу идеясы қолға алынды.

— ТМД елдері аумағында баламасы жоқ зауыттың артықшылығы мен ерекшелігі қандай болмақ?

— Аталған зауыттың ең басты артықшылығы —  медициналық бір реттік материалдар мен мембрандық фильтрлерді (диализаторларды) өндіру, құрастыру және тестілеу процесінің неміс технологиясы бойынша инновациялық өндірістік желісімен жүзеге асырылатындығында.

— Қазір Ақтөбе диализаторға деген қажеттілікті қалай шешіп отыр?

— Осы уақытқа дейін диализаторға деген қажеттілік тек импорттық өніммен ғана шешіліп келе жатыр.

— Зауыт өнімі Ақтөбе қажеттілігін қаншалықты өтейді?

—  Зауыттың өнім өндіру қуаттылығы — жылына 1 миллион диализатор. Бұл  — Қазақстанның диализаторға деген барлық қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеді деген сөз. Бұл ретте, Ақтөбе облысының да диализаторға деген қажеттілігі толық көлемде өтеледі. Мәселен, Қазақстанда былтыр жыл аяғында гемодиализ процедурасынан өтуді қажет ететін 7000-ға жуық емделуші тіркелген. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен тіркелген әрбір емделуші аптасына 3 рет ем қабылдайды, яғни бұл бүгінгі күні жылына 1 миллион данадан астам диализаторға деген қажеттіліктің бар екенін айқындап отыр.

— Болашақта өнім алыс-жақын шетелдерге экспорттала ма?

— Өнімді экспорттау мәселесі жоспарда бар.

— Зауытқа мамандарды тарту жұмысы қалай жүргізілмек?

— Жоспар бойынша зауытқа 100 пайыз  қазақстандық жұмысшылар тартылмақ. Бұл жерде, өндіріске қажетті барлық персоналдың біліктілік талаптарына сәйкес әрбір лауазымға іріктеуден өтетінін атап кеткен жөн. Қызметіне кіріскен әрбір өндірістік персонал біліктілікті жоғарылату бойынша тренинг-курстардан өтеді. Тренингтерді Германиядан келетін жетекші мамандар мен инженерлер өткізетін болады.

— Зауыт құрылысын салу кезінде жергілікті тұрғындар іске тартыла ма?

— Әрине, өндірістік және әкімшілік персонал ретінде жергілікті тұрғындар құрылыс-монтаж жұмыстарына тартылатын болады. Жалақы деңгейі мәселесін қарау кезінде міндетті түрде Қазақстанның еңбек нарығын ескеретін боламыз.

— Кәсіпорын орналасатын аумақ — Рауан тұрғын алабы неліктен таңдалды?

—  Рауан тұрғын алабын таңдаудағы ең бірінші себеп ֫— бұл экологиялық таза аумақ. Сондай-ақ логистикалық тұрғыдан қарағанда, ыңғайлы жол торабында орналасуы басты назарға алынды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button