Әлеумет

Былтыр 32566 адам тұрақты жұмысқа орналасты

Әлемді шарлаған жаман індеттің кесірінен елімізде біраз жұмыс орындары жабылып, кей жұрт жұмыстан қысқарды. Ал біздің облыстағы жағдай қалай? Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, былтыр, яғни нағыз карантин кезеңінде 48 мыңнан астам жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтушы жаңа жұмыс орындарымен қамтылып, олардың 32566-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. Жұмыссыздық және жұмыспен қамту тақырыбы аясында біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бисенғалиевамен сөйлескен едік.

— Карантин, күйзеліс, үрей, жұмыссыздық… Коронавирус осы жұмыспен қамту саласына қалай әсер етті?

— Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі —  халықтың  әл-ауқатын көтеру және жұмыссыздықты азайту. Жұмыспен қамту деңгейін арттырып, халықтың  тұрмыс жағдайын жақсартып, облыстағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Еңбек» бағдарламасының іске асырылуы оң ықпал етіп отыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты — халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Жұмыссыздық деңгейін өсірмеу мақсатында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп, былтыр  23 007 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 56,3 пайызы, яғни 12 954 адам тұрақты жұмысқа тұрды. Облыста елдегі төтенше жағдай және шектеу шараларына байланысты болған дағдарысқа қарамастан, халықты жұмыспен қамту мақсатында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде 60 351 жұмыссыз адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Негізі, 47 963 адам қамтылады деп жоспарланған болатын. Жоспар артығымен орындалды.

Сонымен бірге дағдарысқа қарсы қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру халықты жұмыспен қамтуға және олардың табыстарының артуына оң үлесін қосты. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасының» әлеуметтік және инфрақұрылымдық 300 жобасы шеңберінде 12 046 адам жұмыспен қамтылды, оның 6051-і жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасты. Жобаларға, негізінен, жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатысқан болатын. Орташа жалақысы кемінде 87 000 теңге болды. Аталған жобалардағы жұмыстар аяқталып, жаңа нысандардың бой көтеруі есебінен 374 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.

— Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы таратып айтсаңыз…

— Жұмыссыздарды жұмысқа тартуға арналған белсенді шаралардың түрі көп: қысқа мерзімді курстар, түрлі мемлекеттік бағдарламалар, шағын несие беру. Бағдарлама аясында техникалық және кәсіптік оқытуға 1085 адам жіберілді, қысқа мерзімді кәсіптік оқу бойынша сұранысқа ие 13 мамандық бойынша 17 білім беру ұйымдарында 769 жұмыссыз оқытылып, 760 адам жұмысқа  орналастырылды. Олардың арасында облыстық жастар істері басқармасы ұсынатын NEET санатындағы жастар, табысы аз және көпбалалы отбасылар мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер, қысқартылатын жұмыскерлер басым құқыққа ие. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтетін «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар стипендия алады, жол жүруге және медициналық тексерістен өтуге материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ кәсіптік курстың ұзақтығы алты айдан аспайды.

— Қазір жастардың дені кәсіпкерлік негіздерін оқитын сияқты ғой. Кәсіп ашушылар көп пе?

— Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп тұрғандықтан болар, соңғы кезде жеке кәсіп ашушылар көбейді. Айталық, «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған 1404 адамның 1006-сы қаржыландырылды. Анығы, 159-ы шағын несие алып, 847 адам мемлекеттік  грантқа ие болды. Сонымен қатар 1357 жұмыссызға өз ісін ашуға әрі белгілі бір отбасының әл-ауқатының артуына мүмкіндік беру мақсатында барлығы 745,5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант тапсырылды. Грант беру кезінде аз қамтылған, көпбалалы отбасы мүшелеріне және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, жастарға басымдық берілді. Грантқа ие болған 639 адам мал, құс  шаруашылығын дамытуға бел байласа, 191 адам тігін цехын ашуға ниет білдірді. 161 адам кондитерлік цехтар мен наубайхана ісін қолға алды. 77 грант иегері сұлулық салоны қызметін ұсынып жүр. 259 адам балаларды оқыту, дәнекерлеу, терезе қондыру, фотосалон, полиграфия қызметтерін ұсынуды жөн көріпті.

— Қайтарымсыз грант кәсіп ашамын деушіге берілетін «қармақ» тәрізді. Яғни «балық аулайтын» жұмысы бар деген сөз ғой. Халықты жұмыспен қамтудың тағы қандай жолы бар?

— Халықты жұмыспен қамтудың тағы бір тиімді тетігі — шағын несие беру. Бұл бағытта  өткен жылы облыста 953 адамға 4637,3 миллион теңге көлемінде    несие берілді. Шағын несие алғандардың көпшілігі, яғни 845-і — ауыл тұрғындары. Оның 594-і өз жаңа ісін ашқан, 359-ы кәсібін кеңейткен. Облыста  жұмыс берушілер ұсынған тұрақты бос жұмыс орындарына 32 566 адам жұмысқа орналастырылды. Уақытша сипаттағы әлеуметтік жұмыс орындарына 1981 адамға жолдама берілді,  осындай жұмысын аяқтаған 1818 адамның 1567-сі тұрақты жұмысқа қабылданды. Оқу орындарының жұмыссыз жас түлектеріне Жастар тәжірибесі ұйымдастырылып,  3274 адамға бағыт-сілтеме берілді. Жастар тәжірибесін аяқтаған 2196 адамның 1781-і тұрақты жұмысқа орналасты. Ал қоғамдық жұмыстарға 10 402 жұмыссыз тартылды. Оның ішінде «Жасыл Ел» жасағында 2109 жас еңбек етті, оның 1195-і — студент, 638-і — мектеп оқушысы, 276-сы — жұмыссыз.

— Тағы қандай жобалар бар?

— Былтырдан бастап өңірде «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асырылуда. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы, аты айтып тұрғандай, алғаш рет жұмысқа орналасқысы келетін, 29 жастан аспаған түлектерге, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналып отыр. Еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оларға қажетті еңбек дағдыларын беру және алғашқы жұмыс орнына бейімдеу мақсатында халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырған аталған жоба бойынша 71 адам жұмыспен қамтылды.

Зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыскерлердің орнын алмастыру мақсатында қолға алынған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 46 адам жұмысқа орналастырылды. Былтыр басталған жобалар биыл да жалғасатын болады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2020 жылы жұмыс іздеген 32 566 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

— Жұмыссыздықты азайту, жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу мақсатында қандай шаралар атқарылады?

— Өңірдегі жұмыссыздарды азайту және жұмысқа орналастыруды жедел шешу мақсатында жүйелі түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Өткен жылы 107 жәрмеңке ұйымдастырылып, оларға 5224 адам қатысты, оның жартысына жуығы — жастар. Сондай-ақ былтыр Ақтөбе қаласында және облыстың барлық аудандарында тұрғындар көп шоғырланатын жерлерде санитарлық нормалары сақталған, стендтермен жабдықталған мобильді рекруттік  пункттер ұйымдастырып, азаматтарды қабылдап, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ел ішіне шығып, халық арасына мамандардың өздері барып, кеңес беруі оң нәтиже көрсетті. Биыл да  осындай шаралар халықты жұмыспен қамту  мәселелерін жедел шешу мақсатында жалғасын табады.

— Биылғы жоспар қандай?

— Осы жылы да «Еңбек» бағдарламасы аясында 50 мыңнан астам жұмыссызды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып тұр. Бүгінге дейін жұмыс орындарын құру бойынша жасалып жатқан шаралар өңірде жаппай жұмыссыздыққа жол бермеуге және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жұмыспен қамту бағытында алынған іс-шаралар оң қолдау тауып, әр отбасының әл-ауқатын арттыру мақсатында табысын көбейтуге жол ашты.

— Айтпақшы, облыстағы жұмыссыздық деңгейін Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдармен салыстырып беріңізші…

— Халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданған шаралардың аясында  біздің облыстағы жұмыссыздық деңгейі былтыр 4,8 пайыз болды. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жұмыссыздық деңгейі 13,7 пайыз болған екен. Әрине, бүгінгі таңдағы мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау мен жұмыссыздық деңгейін төмендетудің ең тиімді шараларын қабылдау, еңбек нарығындағы талаптарды ескеру, тұрақты жұмыс орындарын құру — бәрі де жұмыссыздықпен күреске негізделіп отыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button