Басты жаңалықтар

Жаңа заң: жүргізуші куәлігі талап етілмейді

Елімізде көлік иелерінен жүргізуші куәлігі талап етілмейтін болды. Алайда жеке куәлікті өзімен бірге ұстап жүруі тиіс. 13 ақпаннан бастап күшіне енген жаңа заңда тағы қандай талаптар мен міндеттер көрсетілген?  Бұл туралы  Ақтөбе облыстық жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдос Құлжановтан сұрап білген едік.

Сонымен…

Ағымдағы жылдың 1 ақпанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері  бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Жаңа заңға сәйкес жүргізушілер өзімен бірге тек қана жеке басын куәландыратын құжатын алып жүрсе жеткілікті. Бұрынғы заң талаптарына сәйкес жүргізушілер жүргізуші куәлігімен қатар автокөлікті тіркеу куәлігін өзімен алып жүру міндетті болатын. Осы міндет алынып тасталды. Сонымен қатар аталған құжаттардың жоқтығы үшін бұрын әкімшілік жауапкершілік қарастырылған болса, ол да алынып тасталды. Бұрын Қазақстанда жүргізушіге құжаттарының жоқтығы үшін ескерту беріліп (егер алғаш рет болса) немесе 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған болатын. Енді жүргізушілерге көлікті жүргізген кезде тек жеке басын куәландыратын құжатын алып жүрсе жеткілікті.

— Жаңа заңның 6-бабында жеке басты куәландыратын құжаттар анық көрсетілген. Оқырманға түсінікті болу үшін нақтылай кетсеңіз?

Иә, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігімен қатар келесідей құжаттар жеке басты куәландыратын құжаттар қатарына жатады. Олар —Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты, Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты, босқын куәлігі, Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігі, қайтып оралуға арналған куәлік, туу туралы куәлік, жол жүру құжаты.      

— Автокөлік иелерінен жүргізуші куәлігінің талап етілмеуі көлікті аталған құжатсыз басқаруға рұқсат деген сөз емес шығар?

— Сұрағыңыз өте орынды. Көлік жүргізушілер де осы мәселені дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Жүргізуші куәлігі бұрынғысынша 10 жыл мерзімге қолдануға беріледі.  Біздің қызметкерлер жүргізуші куәлігін, көлікті тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты енді арнайы планшет арқылы тексереді. Яғни жеке куәлігі арқылы көлік иесі туралы бар мағлұмат автоматты түрде планшетте шығып тұрады. Сондай-ақ өткен аптадан бастап планшеттерге автомобильдерді қайта жабдықтау туралы мәліметтер көрсетілетін ерекше белгілер шығарылды. Енді полиция қызметкері планшет арқылы автомобильдің дизайнына енгізілген кез келген өзгерістердің заңдылығын тексере алады. Планшеттерді жетілдіргеннен кейін заңсыз қайта жабдықтау фактісін анықтау және растау әлдеқайда оңай болады.

— Осы жерде көлік иесінен жүргізуші куәлігін тәркілеу рәсіміне жеке тоқталып өтсеңіз?

Егер жүргізуші көлік құралын айыру көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасайтын болса, жүргізуші куәлігі бұрынғысынша тәркіленетін болады.

— Өзінің емес өзгенің атындағы көлікті тізгіндеп жүрген азаматтар арасында қандай да бір түсінісбеушілік болып жүрмей ме?

— Жоқ. Жоғарыда айтып өткендей, автокөлікті басқару заңдылығын тек сақтандыру полисі арқылы тексере аламыз. Сақтандыру полисі — қолхат, құжат түбіртегі деген ұғымды білдіреді. Сақтандырушы мен сақтанушы арасындағы түзілген сақтандыру шартын куәландыратын, сақтандырушы тарапынан берілетін құжат. Жүргізушінің жеке куәлігін тексеру барысында планшетте сақтандыру полисі туралы мәлімет те автоматты түрде шығып тұрады. Егер сақтандыру полисінде тексерілетін жүргізуші болмаса, онда оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал автомобиль әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 797-бабына сәйкес айыппұл тұрағына қойылады. Неліктен сақтандыру полисінің болуына ерекше назар аудару керек дерсіз?  Техпаспортты өзімен бірге алып жүру міндеттемесінің жойылуы мен сақтандыру полисінде жазбаның болуы іс жүзінде осы автомобильді басқарудың заңдылығын растайтын жалғыз растау болып табылады.       

— Облыс аумағында ұялы байланыс қызметі жоқ, интернеті нашар ауылдық жерлер бар. Мұндай жағдайда тексеріс қалай болады?

— Облыс тұрғындарын кеңжолақты интернетпен қамту мақсатында нақты жұмыстар қолға алынған. Ал әзірге интернет желісі жоқ ауылдарда көліктерді телефон арқылы тексеретін боламыз. Ал егер ұялы телефон байланысы болмай қалған жағдайда бұл жұмыс видеотіркеу арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ әрбір полиция қызметкері рациямен қамтылғанын да айта кеткен жөн.

— Облыста шетелдік көлікті тізгіндеп жүрген жүргізушілер де баршылық. Оларға қойылатын талап қандай?

— Мәселен, көршілес Ресей елінің азаматы өз куәлігімен біздің республика аумағына кірсе, олардан міндетті түрде барлық құжаттарын талап ететін боламыз. Өйткені оның құжаттары біздің базада тіркелмеген. Ал шетелдік көлік айдап жүрген еліміздің азаматтары жүргізуші куәлігін көрсетуге міндетті емес, бірақ тіркеу куәлігін көрсетуге міндетті.

— Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзінің фейсбуктегі жазбасында автокөлікті жүргізуші құжаттарынсыз басқарудың осындай мүмкіндігі Грузия, Украина, Польша, Латвия, Литва сияқты мемлекеттерде барын, аталған елдерде де ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгенін жазған. Жалпы, біздің облыста көлік жүргізушілер арасындағы мәдениет қалай?

Иә, министр өз сөзінде жүргізушілердің құжаттарын өзімен бірге алып жүру және жүргізуші құжаттарын ұсыну міндетін алып тастау — бұл заманауи технологиялық «сервистік» полицияны дамытуға бағытталған тағы бір қадам  екендігін айтты. Сондай-ақ ол  мемлекеттің көлік басқаруы едәуір жеңілдеткенін, бірақ жүргізушілер басқалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті есте ұстауы керектігін айтты. Расымен де, осы ретте көлік жүргізушілерден көлік жүргізу мәдениетін қатаң сақтауды сұраймыз. Мәселен, соңғы 3 жылда 110 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша басқару құқығынан айырылған. Сондықтан облыстың автокөлік тізгіндеген азаматтарынан барынша сақтық шараларын сақтап, жолда абай болуын өтінеміз.  

Р. S Сұхбат барысында  Ақтөбе облыстық жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары жаңа заң бойынша жұмыс жүргізуге толық дайын екендігін, облыс аумағындағы полиция қызметкерлерінің 100 пайыз планшетпен қамтылғанын айтты. Жаңа заңға сәйкес көлік жүргізушісі полицияға тек жеке куәлігін ғана көрсетуі тиіс. Егер көрсетпесе, ескерту жасалады. Ал осы тәртіпбұзушылық қайталанса, айыппұл салынады. Егер полицейлердің шектен шығып жүргізуші куәлігін талап ететін жағдайы кездессе, Айдос Құлжанов  102 телефон нөміріне қоңырау шалу қажеттігін айтты. Ондай жағдайда полиция қызметкері үстінен қызметтік тексеріс жүргізілетін болады. 

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button