Тарих

Ұлағат іздері

Уақыт сынымен шыңдалған елге сыйлы жандардың парасатты жолын айта жүру — өскелең буын үшін тағылымды іс. Өмірдің өрінде өнегелі із салғандармен тілдесудің өзі бір ғанибет. Ал саналы ғұмыры ғибратпен өрілген жандарды өткен шақпен баяндаудың ауырлығы бір басқа…

Елге сыйлы үлкен әулеттің берік діңгегі, жүздеген шәкірттердің жүрегіне білім нәрін сепкен аяулы ұстаз, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Жарылқасын Ермекбаев ағамыздың келместің кемесіне мініп кеткеніне де қырық күн таяпты. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті…

Жақсы ағамен жақынырақ танысып, білісуім 2004 жылы аудандық «Шалқар» газетінен өзімнің алғашқы еңбек жолымды бастаған тұста басталды. Ағай ол кезде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы еді. Бөлім жаңадан құрылған, жұмысы енді-енді қалыпқа түсіп жатқан кез. Қызмет орнымыз бір ғимаратта, бір есіктен кіріп шығамыз. Қазіргідей хат-хабарды жылдам жеткізетін ғаламтор мен факстың жаппай қолданысқа жете қоймаған кезеңі. Редакциядағы жасы кіші өзім болғасын «барып кел, алып келге» ылғи дайын тұрамын. Сондай тапсырмалардың ретімен ара-тұра бірінші қабаттағы кеңсесіне соғасың.  Бара қалсаң ол кісі үнемі қағаз жазып отыратын. Жазу үстіндегі адамның ойын бөлу — жолыңа біреу тұрып алғандай кедергі екенін қазір өзіміз де ұғындық. Осындай сәттерінде ол шаруасы қанша қауырт болса да, қаламын байыппен қойып, өзіңе ден қоятын. Жазар ойы тарыдай шашылып кетсе де апшымай, сенің амандығыңды сұрап, түздегіңді түгендеп, үнемі жылы кейіп танытатын. Бойында ұстаздың ұстазында болатын биязы  екпін мен терең зерделілік бар еді. Жұмысқа ұқыптылығы, үлкенмен де, кішімен де тең тілдесуі, кез келген істі сабырға суарылған табандылықпен тындырар тинақтылығына тәнті едік.

Елбасының халыққа арнаған Жолдауларына орай ол кезде жыл бойы газетке пікірлер үздіксіз жарияланатын. Жарылқасын аға сол пікірлерді алдымен өзі бастап жазып  жеткізеді. Аудандық газеттің сол жылдардағы тігінділерінен оның қолтаңбасы айшықталған мақалаларды көру қиын емес.

Бірде аудан әкімінің рухани істер жөніндегі орынбасары тарапынан бізге тапсырма түсіп, Қауылжыр ауылдық округіне іссапарға бардым. Ауыл әкімі ол кезде Серік Көшербаев дейтін ағамыз еді.

Екеуміз округ орталығынан күншығысқа қарай 18 шақырым жердегі «Бірлестік» шаруа қожалығына бардық. Қожалық орналасқан жер — кезіндегі «Ақтоғай» совхозының қарамағында 25 мыңдай қойы бар, №2 фермасының орны  екен. Осы жерде уақытында 30-дан астам отбасы түтін түтеткен. Бертін келе Сарышоқы деп аталған бұл ауылдан тұрғындарының үдере көшуіне тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру сеп болған. Туған мекенін қимай, ауыл ізінде отырған «Бірлестік» шаруа қожалығының төрағасымен сөйлесіп, газетіміздің 2005 жылғы 16 желтоқсандағы кезекті санына ««Бірлестіктің» берекелі еңбегі» деген тақырыпта мақала жарияланды. Онда «Ауылға жақындай бере өркештей болып көрінетін бұзылған үйлердің орындары бейне бір алапат құйын жүріп өткендей әсер қалдырады. Тек тамырын тереңге бекіткен, көше бойын түзеп, қаз-қатар өскен теректер осындағы 30 үйдің отының сөнгенін жоқтап, жапанда өскен жабайы жиделердей  алыстан мен мұндалайды» деп суреттелген жері бар.

Мақала шыққан күні редакцияға Жарылқасын ағай сол газетті қолына ұстап келді. Ойымды лезде «бір қате кетті ме екен?» деген күмән билей бастады. Бірақ ол жылы жүзбен: «Үдере көшкен елдің көрінісін жақсы келтірген екенсің!» деп сол тіркесті меңзеп мені бір көтеріп тастады. Кабинетте өзіммен бірге отыратын ауылдас ағасы, ардагер-журналист Әбдіқұл Жұмабаевпен сол сәтте ұзақ сөйлесті. Әңгімелері жаңағы мақаладағы Сарышоқы жайынан тұтанып, кезіндегі 60 түтіннен бүгінде 6 үй қалған Алақозы ауылының келешегіне ойысты. «Қойыны құтты, шөбі шүйгінді, мал баққанға береке дариды, бұндай жер иесіз болмас»,— деп олар туған ауылдың болашағына сеніммен қарады.

Жарылқасын ағаның туған жері осы — Алақозы ауылы. Ұлы Борсық құмының шығыс бетіндегі Базшыған күздеуінде ол 1951 жылдың 5 қазанында дүниеге келген.

«Әжем Балшашақ: «Құдай мені жарылқады, көптен күткен қуанышымды сыйлады» деп, Аллаға разылығын білдіріп, атымды Жарылқасын қойыпты» депті аға күнделігінде.

1959 жылы Алақозыдағы шағын үйде Сайын Қуанышкереев есімді ұстаздан алғаш әріп танып, сәби саусақтарын  қаламға иіп, жазу үйренеді. Барлық балалардың бойындағы қызығушылық біреу, ол — оқуға зейінділік. Бала Жарылқасын да кішкентайынан оқуға ынталы болып, келешегінен жақсы үміт күттіреді.

Әкесі Ермекбай мен анасы Бибатиманың (Бадаш): «Қарағым, біздің таяғымызды ұстама, оқу оқып, білім қу. Мектептегі озаттығың ел қадірлейтін озаттыққа айналсын», деген баталы сөздері өзіне үнемі бағдар болады.

Әліппені ауыл мектебінен ашқанымен, орта мектепті Шалқар қаласынан тәмамдайды. Бұдан соң Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1973 жылы физика мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын сол жылы аудандағы ірі білім ордаларының бірі —  Қорғантұз орта мектебінде қатардағы мұғалімдіктен бастап, кейіннен осы білім ошағының тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды.

Түлектері республика көлемінде жақсы істерімен танымал Қорғантұз орта мектебін басқарған жылдарында Жарылқасын ағай өзінің алдындағы ұлағаты мол, елге сыйлы аға буын өкілдерінің қалыптасқан дәстүрлерін сақтап, олардың өзіндік жақсы жолдарын лайықты жалғастырды.

Жергілікті селолық кеңеске бірнеше мәрте депутат болып сайланып, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан мәслихаттарының — 20 жылдығы» медалімен, бірқатар Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.

1997 жылдан бастап аудандық білім бөлімінде бас маман, білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық кеңесі төрағасы қызметтерін  атқарды. Аудандық ішкі саясат бөлімі басшылығынан кейін аудандық мәслихат аппаратында жауапты жұмыстарды істеді. Осы қызметтер барысында ол даңқты батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовадай небір атақты адамдармен жүздесіп, дәмдес болады. Белгілі ғалымдар Мұхтар Арынов, Зәкіраддин Байдосов, еңбек майталмандары Нағым Қобыландин, Шаймерден Мәуметов, Бейсенбі Көмекбаев, Қыпшақ Сүлейменовтерге шаңырағынан дәм ұсынып, баталарын алады.

Адами болмысымен, қонақжайлылығымен көптің көкейіне қадірі ұялаған Жарылқасын ағадай жайсаңдар арамыздан мәңгіге кеткенімен, оған деген сағынышпен сабақталған жүрек толқытар естеліктер айтыла береді. Төмендегі пікірлер соның бір топтамасы.

Бисенқұл Манасов, курстасы, ардагер ұстаз:

— 1969 жылы мен Қорғантұз орта мектебін, ал Жарылқасын Ермекбайұлы Шалқар қалалық №1 орта мектебін бітіріп, Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түстік. Жоғары оқу орнында Жарылқасын екеуміз бір топта болып және жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Студенттік өмірдің алғашқы күндерінде басталған жолдастық, достық қарым-қатынасымыз ол өмірден озғанға дейін жалғасты.

Жоғарғы оқу орнын 1973 жылы бітіріп, еңбек жолымызды екеуміз де Қорғантұз орта мектебінде бірдей бастап, 1997 жылы Жарылқасын қызмет бабымен Шалқар қаласына қоныс аударғанға дейін, ширек ғасырға жуық бір ұжымда еңбек еттік.

1929 жылы бастауыш мектеп болып ашылған Қорғантұз орта мектебі 1970 жылдардың басына дейін ауданымыздың оңтүстігінде орналасқан жалғыз орта мектеп болатын. Мектепте ұйымшыл педагогикалық ұжым қалыптасқан. Жарылқасын өзінің еңбек жолын осындай білім ордасында бастады. Ұжымдағы Ұштап Иманалина, Балтөре Жаналина, Оспан Бақов, Нұрадин Дүйісмағанбетов, Зағит Сатыбалдин, Қыранбай Тормантаев, Сағитжан Әметов, т.б. алдыңғы қатардағы мұғалімдердің іс-тәжірибелерінен үлгі ала отырып, өзі де кәнігі маман болып қалыптасты.

Аудандық білім бөлімі Жарылқасын Ермекбайұлының еңбегін бағалап,  Қорғантұз орта мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары етіп тағайындады, кейін осы мектептің директоры қызметін атқаруы ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі қиыншылықтармен тұспа-тұс келсе де, ұжыммен тіл табысып  еңбек етті.

Жарылқасын ұстаз болумен бірге үнемі мектептің және ауылдың қоғамдық өміріне де елеулі үлес қосқан азамат еді.

Сәрсенбай Насырадинов, еңбек ардагері:

— 1973 жылдың қыркүйек айында мектебімізге жаңадан келген мұғалімдер қатарында Ақтөбе педагогика институтының түлегі Жарылқасын Ермекбаев екен. Физикадан сабақ беретінін біліп алдық. Менің ағам Сағидолламен қатарлас және тұстас еңбек еткендіктен бе, мен ұстазымды өзіме жақын сезіндім. Ол біздерге де сабақ берді, сонымен бірге мектептегі оқушылар комитетіне жетекшілік етті. Ең бастысы, оқушылар жас ағайды өздеріне жақын тұтты, өздерінің ақылшысы санады.

Өткен жылдың қараша айында біздің мектептің 1975 жылғы түлектері туған ауылымызда жиналып, өмірден өткен ұстаздарымызды, сыныптас достарымызды еске алып, оларға құран бағыштады. Сол жүздесуіміз барысындағы бір топ шәкірттер Шалқар қаласындағы Жарылқасын ағайымыздың үйіне кіріп шықтық. Злиха апайымыз, бала-келіндері біраздан сырқаттанып қалған Жәкеңді аялап, күтіп отырғанын көрдік. Ағайымыз біздерге жақсы тілектерін айтты, мейірімді жүзімен қарап, бәрімізді жанарымен аялап отырғанын сезіндік.

Бүгінде Жарылқасын ұстазымыздың перзенттері елге қызмет етіп жүрген танымал азаматтар қатарына қосылды. Үлкендер жағы «Жарылқасынның балалары ғой» деп сыртынан ырза болып отырса, кейінгілер де өздеріне жанашыр, бауыр ретінде жақын тұтады.

Алмагүл Бадауова, мемлекеттік қызмет саласының ардагері:

— Жарылқасын Ермекбайұлымен Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімі жаңадан ашылған кезде  жұмыстас болдым. Бөлім ол кезде заманауи техникалармен  қамтылмаған, төрт адам болып, аядай бөлмеде жұмыс істедік. Маған бас маманның жұмысы жүктелді, ал Темірлан Назаров есімді інімізге жастар ісі жөніндегі, Айым Алыбаеваға жетекші мамандық міндеттелді. Сол кезде «Әкім сағаты» деген жоба жаңадан енгізіліп жатты. Аудан әкімі тұрғындармен бір күнді белгілеп, телефон арқылы тікелей байланысқа шығып, пікірлеседі. Міне, осы сұрақ-жауап түрінде өтетін шараға ағай бар ынтамен кірісіп, қорытындысын жергілікті баспасөзге беретін. «Ауылым» үгіт бригадасымен елді мекендерді аралап, жұртшылықпен жиі жүздесетінбіз. Осындай ауқымды жұмыстарды біздің бөлім зор сеніммен атқарды. Осының бәрі басшының ұтқыр ұйымдастырушылығы еді. Жұмыс барысында бізге бір дауыс көтергенін көрмеппіз, үнемі сол ұстамды қалпы ғана есімізде. Ағай туралы әдемі естеліктерді әлі айтатын боламыз…

* * *

Абзал ағаның туған жерінде аңызбен астасқан Алақозы, Балақозы, Мәзім, Түйебай деп аталатын тау тектес, алыстан мұнартып тұратын биік төбелер бар. Солардың арасында талпынған тірі жанға тер моншақтатып, танауынан жел естірері — Алақозы биігі. Оның ұшар шыңына көз тастаған әр адам тек еркіндіктің рухын сезеді.

Қарапайым шопан баласы Жарылқасынның да армандары сол Алақозы биігіндей асқаралы еді. Оған тірісінде зайыбы Злиха апай екеуі бірге қол жеткізді десек, артық болмас.

Басқа түскен қиындықпен, кедергілермен күресе біліп, оны жеңу де адамның бір қасиеті.

Ел алдында еңсесі биік жүрген асыл азаматын кенеттен соққандай дауасы ауыр дерт кейінгі жылдары ноқталағанда оған тегеурінді тіреніш болған Злиха апамыздың бойындағы ірілікке, қазақ әйеліне тән қайсарлығына бас иесің.

«Ұрпағы бар — озар» дейді халқымыз. Соңдарынан ерген үш ұлы мен екі қызы бүгінде өмірден өз орындарын тауып, өсіп-өніп, әке салып кеткен өрнекті ізді абыроймен жалғап келеді. Осындай ұлағатты із қалдырған азаматтың есімі енді жыл өткен сайын жаңғыра бермек…

Ал халық жадында Жарылқасын Ермекбаев сынды үлгісі мол ұстаз бейнесі сол бір сырбаз да сыпайы, ізгілікті де ізетті қалпында сақталып қалғаны анық.

Мұхтар МЫРЗАЛИН, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button