Спорт

Киокушинкай-кан каратэ орталығына Дәулет Хайролланың есімі берілді

Қаламыздағы «Жауынгер» киокушинкай-кан каратэ орталығына спортшы Дәулет Хайрулланың есімі берілді. Тургенев көшесі ,78 «А» мекенжайында орналасқан орталықта өткен шараға спортшының туыстары,  федерация өкілдері, спортшылар қатысты.

Жақында ғана кісі қолынан қапияда қаза болған жас спортшы Дәулет Хайролла

киокушинкай-кан каратэден спорт шеберлігіне үміткер болатын. Ақтөбе құрамасының капитаны, көшбасшы болды. Спортпен шұғылданған 8 жыл ішінде Қазақстан кубогының үш дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, Азия кубогының иегері атанып үлгерді.

Дәулет Хайролланың бапкері болған, спортшыны бала кезден баулыған республикалық Ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясы облыстық филиалының жетекшісі Әлішер Құлынтайдың айтуынша, «Жауынгер» орталығына спортшының атын беру туралы бастаманы федерацияның облыстық филиалы көтерген, спортшының ата-анасы бұл ұсынысты қабыл алған.

—  Дәулет жауапкершілігі зор бала болатын. Барлығына көмек көрсеткісі келіп тұратын елгезек жігіт еді. Жаттығу кезінде тапсырмаларды мінсіз орындауға тырысатын еді. Облыс құрамасының капитаны болды. Кішкентай балалар оған еліктеп, ұқсағысы келетін. Бапкер үшін мұндай оқушы табу үлкен олжа.

Дәулет маған 11 жасында келді, содан бергі 7 жылда талмай еңбектеніп, спорт әлемінде біраз жетістікке жетті. 16 ақпан күні Алматы облысында өтетін Қазақстан кубогіне баруға дайындалып жүр еді… — деген Әлішер Құлынтай егер ата-анасы рұқсат етсе, спортшының жетістіктерін әйгілейтін медальдарын, кубоктары мен дипломдарын, спорт киімдерін алып, «Дәулет» киокушинкай-кан каратэ орталығында арнайы бұрыш ашуды ойластырып отырғанын айтады.

—  Дәулет 18-ге толғаннан кейін кішкентай балаларды спортқа баулимын деп бапкерлікпен айналыса бастап еді. Тобында 17 бала болды. Сол балалар ұстазын ұмытпасын деген ниет еді бұл. Сонымен бірге алдағы жылдан бастап спортшы атындағы облыстық, республикалық, болашақта халықаралық деңгейде турнирлер ұйымдастырғымыз келеді, — дейді ол.

Шараға спортшының туыстары да қатысты.

— Баламның арманы көп еді, Еуропа, әлем чемпионы боламын деуші еді. Бірақ Алланың ісіне амал бар ма, өмірі ерте үзілді. Баламның еңбегін елеген азаматтарға рақмет. Ата-аналар балаларына сақ болса екен, ешбір ата-ана баласынан айырылмаса екен. Ал жастарға айтарым: спортты сүйіңіздер, бірақ қолға ешқашан қару алмаңыздар. Ендігі жерде балам тәрбиелеген жас спортшыларға өз тарапымнан барынша қолдау көрсетуге тырысамын, — дейді спортшының әкесі Төлеубай Жақанов. 

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы берген дерек бойынша аталған нысанды 2019 жылдың қыркүйек айында республикалық Ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясы облыстық филиалы спортшысы Дәулет Хайролланың ата-анасы жеке қаражатына салған. Сол жылы федерация басшылығының ұжымдық талқылауымен орталыққа «Жауынгер» атауы берілген.  Мұнда барлық жастағы балалар мен облыстың  құрама командасы үшін тек киокушинкай-кан каратэ бойынша жаттығулар өтіп келеді. Орталықта 7 топ бойынша 120 спортшы шұғылданады. Дәулет Хайролла да осы орталықта жаттығу жасап, шәкірт тәрбиелеген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button