Жаңалықтар

Сұлупан Шынтасова — палатаның жаңа басшысы

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен отырыста палатаның жаңа басшысы лауазымына Сұлупан Шынтасованың кандидатурасы мақұлданды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов, сондай өңірлік кеңес мүшелері қатысты.
Жиында өңірлік кеңестің төрағасы Асхат Айтжанов облыстық кәсіпкерлер палатасының жаңа басшысын құттықтап, палата жұмысына жаңа жетістіктер тілеп, ынтымақтастықтың жалғасуына сенім білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов облыс әкімдігінің жұмысы «Атамекен» палатасы және бизнес-қоғамдастықпен тығыз байланысты екенін атап өтті.
— Кәсіпкерлік саласының өкілдері әкімдіктер жанындағы бизнесті қорғау жөніндегі кеңес беру-ақылдасу органдарының құрамына енді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде бизнестің жер қатынастары, эпидемиологиялық ахуал, агроөнеркәсіп кешенді субсидиялау, салық салу, тариф белгілеу салаларындағы мәселелерге қатысты өтінімдердің 60 пайыздан астамы оң шешілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарлмасы шеңберінде отандық өнім өндірушілерді қолдау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, 51,7 миллиард теңгеге 205 жоба қаржыландырылды. Шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес дамуында әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша жұмыстың тиімділігіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде облысымыз «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде 11-орыннан 5-орынға шығып, 6-тармаққа көтерілді, — деді С.Бекбергенов.
Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, Ақтөбе облысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағыттары мен жобаларын орындауда үнемі озық өңірлердің қатарынан көрінеді. Ол өңірлік кәсіпкерлер палатасының жаңа басшысына осы қарқыннан түспеуді, палатаның салалық комитеттері жұмысына белсенді араласуға шақырды.
— Маңызды бағыттардың бірі — «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қатысуымен өңірлерде, соның ішінде Ақтөбе облысында микронесиелеу ұйымдарын құру. Қаржыландыру «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы есебінен жүзеге асырылады. Биылғы жылы Ақтөбеде микроқаржы ұйымдары арқылы 1 миллиард 300 миллион теңге көлеміндегі қайтарылған қаражаттың шағын несиелеуге бағытталғаны белгілі. Микроқаржы ұйымдары бірінші кезекте, ауылдық жерлерде кәсіп бастаушыларды қаржыландырудың қолжетімділігін арттырады. «Бастау» жобасы бойынша білім алған тыңдаушыларға кәсіп ашуға несиелерді жылдық үстемеақысы 6 пайызбен береді. Жоба басталғалы бері ел аумағында 150 мың адам білім алды, соның 9 мыңға жуығы — Ақтөбе облысының тұрғындары, — деді Нариман Әбілшайықов.
Жиында өңірлік кеңес мүшелері палатаның орталық аппаратының өкіліне көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауап алды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

***
Сұлупан Шынтасова 1959 жылы 4 мамырда облыстың Шалқар қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді, экономист, заң ғылымдарының магистрі. Ф.Энгельс атындағы Ленинград кеңес сауда институтын, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік және Қазақ-орыс халықаралық университтерін тәмамдаған. ЕНА Париж (Франция) университетінде қайта даярлау курсын аяқтаған.
С.Шынтасова еңбек жолын 1980 жылы Ақтөбе қаласындағы құрылыс дүкенінде аға тауар сарапшысы болып бастады. Содан кейін облыстық сауда бөлімінің бастығы, Ақтөбе облысы әкім аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің талдау және жедел ақпарат секторын басқарды. Әр жылдары облыстық коммуналдық меншік департаменті, базарлар және бір реттік талон бойынша кейбір қызмет түрлерін әкімшіліктендіру басқармасы, Ақтөбе облысы бойынша ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде басшылық қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы, Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан әйелдер күштері альянсының төрағасы, Ақтөбе қаласы мәслихатының хатшысы болды. С.Шынтасова биыл облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ол — облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.
Сұлупан Шынтасова — Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» (2009 жыл) және «Парасат» ордендерінің иегері. ҚР Тәуелсіздігі, ҚР Конституциясы және ҚР Мәслихаттарының мерекелік медальдарымен марапатталған, «Аманат» сыйлығының лауреаты (2020 жыл). 2008 жылы «Ажар» Қазақстан әйелдерінің жетістіктеріне қоғамдық құрмет көрсету ұлттық сыйлығы» республикалық байқауы номинациясының иегері атанды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button