Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ақтөбенің киелі жерлері — Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз байлығы  

Биыл ел егемендігінің мерейлі 30 жылын атап өткелі отырмыз. Тәуелсіздік бізге, халыққа қай жағынан да еркіндік қана емес, ғасырлар бойы өзіне тән құпия-сырды бүгіп жатқан, талайларға әлі де рухани азық сыйлайтын қасиетті орындарымызды түгендеуге мүмкіндік берді. Өлкетануға қатысты қызықты деректерді ашуға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы да оң септігін тигізді.

Қасиетті орындардың мәдени-географиялық белдеуін құру — мемлекеттіліктің басты көріністерінің бірі. Символдық қалқанымыз һәм ұлттық мақтанышымыз іспеттес Ақтөбедегі 12 киелі жер жоғарыда аталған жоба бойынша арнайы тізімге енді. Біз солардың бүгінгі жай-күйі, күтімі және алдағы уақытта мемлекеттің қорғауына алынатын ескерткіштердің жайы туралы білген едік.

 Қобыланды батыр мемориалдық кешені

— Қобданың бренді

Қобда ауданына қарасты Жиренқопа ауылында орналасқан Қобыланды батыр мемориалдық кешені, аты айтып тұрғандай, қазақ халқының эпостық қаһарман батырының жатқан жері. Бір замандарда батыр сүйегі жатқан жерде мазар болған деседі. Ол мазар жөнінде 1906 жылы В.Карлсон, кейін Ж.Кастанье жазып кеткен. Онымен мазар ерте кезде бұзылып, ХХ ғасырдың бас кезінде үйінді болып қалған. ХХ ғасырдың елуінші жылдары ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан осы бейіт басында болған. Ал алпысыншы жылдардың аяқ кезінде антрополог Ноэль Шаяхметов қазба жұмысын жүргізіп, Герасимов әдісімен бас сүйегіне қарап кескінін жасауды жоспарлайды.

Кешенге қысқаша тоқталсақ, Қобыланды батырдың сүйегі қайта жерленген мавзолейден, «Даңқ» залынан және белгі тастардан тұрады. Төбесінен қарағанда кешен қалқанның үстіне қойылған батырдың дулығасына және жанында жатқан садаққа ұқсайды…  Мұнда батырдың қайрақ тасы, сүйегі қайта жерленгенде орнатылған тас белгілер және бар. Нысан Жиренқопа ауылының шығысындағы Ұлы Қобда өзенінің бойындағы жалпы аумағы 2,06 гектар жерді алып жатыр.

Бүгінгі таңда батырдың рухына тәу етіп, нысанды көрем деушілер аз емес. Бірақ жердің шалғайлығы — басты мәселе. Дей тұрғанмен, алыс жолға қарамастан, Қобданың басты бет-бейнесіне айналған кешенге келушілер жаз айларында ерекше көп.

Ағалы-інілі батырлардың кесенесі:

ұлттық нақыш төрге озған

Есет Көтібарұлы Қазақ елінің батыс өлкесін отарлаушылардың қанды-қансыз, зорлық-зомбылыққа толы езіп жаныштануына қарсы халықты көтерген ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы екені белгілі. Белгілі қаламгер, журналист Тауман Төрехановтың «Дала Геркулесі» атты тарихи романында осы туралы Е.Ковалевский, В.Залесский, В.А.Перовский В.Григорьев, Н.Игнатьев, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов пен Михаил Венюковтың зерттеу жұмыстарын жүргізгендігі аталып өтеді. Сонымен қатар Ғ.Ахмедовтің «Жем бойында» және З.Байдосов пен Т.Төлепбергеновтің «Есет батыр» атты кітаптарында аталған тұлға туралы нақты мәліметтер келтірілген.

Негізінен, ХІХ ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына алғашқы кесене 1890 жылы кірпіштен күмбезделіп өріліп, қабырғалары әшекейленіп тұрғызылады. Алайда біршама уақыт өткен соң әрі табиғи факторлардың салдарынан кесене құлап қалған. Сондықтан оның орнына екінші рет қазіргі заманның сәулет өнерінің талаптарына сай келетін ұлттық нақыштағы кесене 1993 жылы қайтадан салынады.

Құбылаға қарағанда кесененің оң жағындағысы — інісі Дәрібай, ал сол жағындағы Есет Көтібарұлының кесенесі. Екі кесененің ортасында биік шырақ-мұнара бар. Кесененің жанына құлпытастар орнатылған. Кесененің ұзындығы мен ені — 7х7 метр, ал биіктігі — 8 метр. Екі кесененің ортасындағы мұнараның биіктігі — 16 метр. Мұнарадағы мәрмәр тақтаға сол кездегі тарихи тұлғалардың есімдері жазылған.

Жалпы, өз еліне қамқорлығымен, батырлығымен аты шыққан халық батыры Есет Көтібарұлы халыққа әулие, аруақты адам ретінде де танымал болған. Сол маңнан өткен жұртшылықтың бабаның басына барғанда тоқтамай, бас иіп, дұға оқымай өтпеуі сондықтан.

Анық-қанық

ҚАСИЕТТІ ОРЫНДАРДЫҢ КҮТІМІНЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

Облыстағы республикалық және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандардың тізімі, олардың сипаттамасы және суреттері Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына жіберіліп, арнайы тізімге һәм мемлекеттік қорғауға қайсысының ілігетіні сол жерде анықталады. Ал өңірдегі бұл жұмыстармен, жалпы ескерткіштерді қорғау, зерттеу ісімен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанындағы арнайы орталық айналысады.

— Бүгінгі таңда Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар ескерткіштер, яғни киелі жерлердің тізіміне 12 нысан енгізілді: Қобыланды батыр, Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешендері, Абат-Байтақ, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымдары, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Есет-Дәрібай кесенесі, Ойсылқара қорымы, Досжан ишан мешіті, Исатай батыр кесенесі, Әбубәкір кесенесі, Қызылүйік ғибадатханасы және Жаманшың метеорит кратері. Бұл нысандар — облысымыздың мақтанышы, еліміздің туристік әлеуеті.    

Жергілікті маңызы бар ескерткіштерге тоқталар болсақ, облыс бойынша бұл тізімге 45 нысан енді, — дейді облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

Оның айтуынша, ҚР Заңына сәйкес аталған жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушылар тарихи-мәдени мұра нысандарының күтіміне жауапты. Яғни жергілікті атқарушы орган — қала және аудан әкімдіктері.

Қазіргі таңда киелі жерлердің тізіміне енгізу үшін 25 ескерткіштің мәліметі әзірленіп жатқанын білдік.

Биыл Абат-Байтақ қорымы абаттандырылады

Қобда ауданындағы тағы бір киелі жер — Абат-Байтақ қорымының зерттелуі әріден басталады. Аталған ескерткіш алғаш рет П.Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде келтіріліп, онда подпоручик Ригельман Қарасу өзені үлкен Қобдаға құятын сағада «пирамида тәрізді жасалған қырғыздар (қазақтар) Астана деп атаған біршама тастан қашалған құрылыстар тауып, суретін салып және мұнда белгілі адамдар жерленгені, солардың бірін олар Байтақ деп атайтыны» жазылған. Кейін ХІХ ғасырдың соңында ғана осы ескерткішті Я.Полфёров, негізінен, аңыз ретінде сипаттаған. Ал ХХ ғасырдың басында тұңғыш рет «Байтақ мавзолейінің» графикалық фиксациясы Ж.Кастаньенің «Қырғыз (Қазақ) даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» атты еңбегінде жарық көреді. Соғыстан кейінгі жылдары бұған өзіміздің тарихшылар да біртіндеп назар аудара бастады. М.Меңдіқұлов Абат-Байтақ мавзолейіне салыстырмалы-типологиялық талдау жасайды. Өз кезегінде қорымды кешенді зерттеуді 1979-1980 жылдар аралығында Қазақстан Мәдениет министрлігінің (жетекшісі — С.Әжіғалиев) экспедициясы жүзеге асырып, осы жолы ескерткішті ғылыми негізде қарастырады.

Абат-Байтақ кешенінің маңыздылығы XVIII-XX ғғ. басында бұл жерде қазақтың аса зор қорымының бой көтеруімен байланысты. Оның құрамына мазар мен 200-ден астам құлпытастар кіреді. Көптеген ескерткіштерде араб әрпімен қазақ тілінде жазылған мәтіндер мен таңбалар ойылып түсірілген. Олардың тарихи-этнографиялық маңызы өте зор.

Мавзолейдің жалпы биіктігі 16 метр болған, қазіргі сақталып тұрған биіктігі — 14,5 метр.

Аңыз бойынша мавзолей ХV ғасырда өмір сүрген, «Жерұйықты» іздеп өткен Асан қайғының ұлы Абат батырға арнап салынған. Әкесінің тапсыруымен шөбі шүйгін құнарлы мал өрісін іздеуге шыққан Абат батыр осы Бесқопада желмаядан құлап, қаза табады. Екінші атауы — «байтақ» кең, шексіз деген ұғымды білдірсе керек. Аңыз желісі бойынша Байтақ кедейлерге көп көмектескен, қолы ашық, жомарт адам болыпты. Соған байланысты қосалқы есімін халық берген деп айтылады…

Биылғы жақсы хабар — Абат-Байтақ қорымының айналасы көркейтілмек. Облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратовтың айтуынша, жергілікті бюджеттен бұл мақсатта қаражат бөлінген.

— Осы жылы ортағасырлық бірегей ескерткіштердің бірі Абат-Байтақ қорымының аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Атап айтсақ, электр желісі тартылып, шырақшы үйі мен мавзолейдің арасын жалғайтын жаяу жол дұрысталмақ. Және қорымға келген қонақтар мен туристерге экскурсия жасау үшін жалғыз аяқ жол салынады. Бұл — жоспарға енген жұмыстар.

Меніңше, қорымдағы құлап жатқан 50-ге жуық ескі құлпытастарды қалпына келтіру керек. Сондай-ақ келушілерге қазіргі заманға сай дәретхана салынса, жақсы болар еді. Орайы келгенде айтқан ұсыныстарым. Атқарушы билік осыны газеттен көріп, қозғау болса деген ой, — дейді ол.

«Хан моласына» шырақшы үйі салынбақ

Әйтеке би ауданының аумағындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымын 1771 жылы капитан Н.Рычков, 1832 жылы А.Левшин, 1835 жылы Д.Эристов, 1898 жылы И.Крафт, 1979 жылдан бастап С.Әжіғалиев басқарған экспедиция зерттеді. 1979-1987 жылдары аралығында Ә.Кекілбай, Ө.Жәнібеков, А.Сатаев, С.Әжіғали бастаған ынталы топтар зерттеп, аталған орын ғылыми айналымға енгізілді. 1998-2001 жылдары нысанның топографиялық картасы жасалып, 950-ден астам бейіт пен 40-тан аса құлпытастарды санап, өлшеп, эпиграфикасын зерттеді. 2010 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этнография және антропология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының докторы С.Әжіғалидың ғылыми жетекшілігімен Әйтеке би ауданы «Хан моласы» қорымын кешенді этноархеологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасын тауып, «Хан моласы» қорымындағы №5, №92 нысандарға археологиялық ғылыми-зерттеу, қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде сүйектегі ген мен ұрпақтарының қандарындағы ген 99,355 пайызға сәйкес келіп, 2 нысаннан алынған бас сүйектерді Будапешттегі Венгр Ұлттық Жаратылыстану музейінің антрополог-ғалымдары Эвингер Шандор, Андраш Биро, Бернерт Жолттар жан-жақты зерттеп, №92 нысаннан алынған бас сүйектің антропологиялық бейнесін жасап, Әбілқайыр хан деп таныды.

«Хан моласы» қорымында 1 мыңға жуық бейіт пен 40-тан аса құлпытас бар. Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлының тарихи тұлғасын анықтау жөніндегі ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Хан моласы» қорымынан қазып алынған сүйектер байырғы орнына қайта жерленіп, қорымға 2011 жылы тас-белгі (обелиск) орнатылды. Сонымен қатар 2015 жылы қорымда ақ түсті граниттен жасалған, биіктігі 25 метр, ішкі бөлігіне қазақ халқының ру-таңбалары қашалып салынған (жалпы саны 52) архитектуралық ескерткіш және кесене тұрғызылды.

Облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығынан білгеніміздей, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымына биыл шырақшы үйін салып, жан-жағына абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Бопайдың бейітіне көңіл аударылса…

Ақтөбедегі 12 киелі жердің арасында Бопайдың бейіті де бар. Ол — Қасым сұлтанның қызы, Қазақ халқының 1837-1847 жалдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы, әйгілі Кенесарының қарындасы.

— Бопай ханымның бейіті тік бұрышты, «төртқұлақты» қоршау болып келеді. Оңтүстік бетінде ішке кіретін есіктің орны бар. Бейіттің қабырғалары, негізінен, өңделмеген кірпіштен қаланған. Қазіргі таңда бейіттің қабырғалары құлап, өте нашар жағдайда тұр. Сосын ғылыми тұрғыда зерттелуі әлі де кемшін. Сондықтан бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ, — дейді облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

Айта кетейік, нысан туралы ғалым С.Әжіғалиевтің «Архитектура кочевников феномен истории и культуры Евразии» атты моногорфиясында қысқаша ақпарат бар.

Есет батыр рухына тағзым

Алға ауданы Бестамақ ауылынан 3 шақырым шығыста орналасқан Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешені — туристер көп баратын орын. Облыс орталығына жақын нысан б.з.д VІ-V ғғ. ежелгі көшпенділер дәуірінің археологиялық қорғанынан, ХІХ ғасырда құлпытасы бар тас қоршаулардан, шырақшы үйінен және 1992 жылы бұрынғы бұзылған орнына салынған Есет батыр Көкіұлы мемориалдық кешенінен тұрады.

Есет Көкіұлы — қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі. Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен Ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген батыр болады.

Қазақтың бірегей батыры туралы тарихи деректер Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында, Санкт-Петербургтегі Орталық мемлекеттік мұрағатта, Мәскеудегі орталық мемлекеттік әскери мұрағатта, Алматыдағы және Ташкенттегі орталық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған. Орыс елші-офицерлері Тевкелеевтің күнделіктерінде, Неплюевтің жазбаларында, сонымен қатар ауыз әдебиеті мен фольклорлық нұсқаларда батыр есімі кездеседі.

P.S. Мемлекеттің ерекше қорғауындағы Ақтөбедегі киелі жерлер туралы мәліметті бір мақаланың ауқымына сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан осы жолы арнайы тізімге енген қасиетті орындардың тек жартысына тоқталдық… Оның үстіне Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірқатар ескерткіштерді кешенді зерттеу жұмыстары енді қарқын алмақ. Өткенсіз болашақ жоқ екенін ескерсек, жазылар һәм зерделенер  киелі жерлер әлі көп-ақ. Рухани жаңғыруды көздейтін ұрпақтың кезеңінде солай болуы керек те…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button