Басты жаңалықтар

Ең ежелгі өсімдік сақталған мекен

Облыстың солтүстік бөлігінде жатқан Мәртөк ауданында да табиғаты таңдай қақтырарлық көрікті жерлер жетерлік. Аудандағы Қызылжар ауылдық округінің шабындығы, Жаңатаң қыстағы жанындағы қандыағаш тоғайы «Тірі табиғат ескерткіштері» мәртебесін алғанын естіп пе едіңіз? Ал дәл осы мерейлі мекенде тым ежелгі өсімдік санатына жататын папоротник өсетінін біреу білсе, біреу біле қоймас.

Біз бұл жолы флорасы мен фаунасы бай, хрустальді көлдер өлкесі Мәртөк ауданындағы туризм саласы туралы әңгімелемекпіз.

Мәртөктің маралдарын көрдіңіз бе?

Аудандық кәсіпкерлік бөлімі берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы Мәртөкке 200-ден астам саяхатшы келіпті. Бұл — Қазан ауылындағы «Зәру» пантоемдеу шипажайына келушілерді қоспағандағы көрсеткіш.

2017 жылы еліміздің батыс өңірі бойынша бұрын-соңды болмаған марал өсіру ісі Ақтөбенің Мәртөк ауданында  бірінші болып қолға алынды. Бұл аймақта марал өсіріп, шаруашылықты дамыту үшін 700 гектар жер бөлінді. Жалпы ұзындығы 15 шақырымға жететін аумақты жергілікті кәсіпкер қоршап қойған. Шаруашылыққа жақын маңнан ашылған мүйізбен емдеу шипажайына барлық инфрақұрылым тартылған. 50 адамға арналған екі қабатты шипажайы бар. Мұнда келушілер 5-10 күн ем қабылдайды.

Марал шаруашылығы — облыстағы бірегей тың жоба. Осы арқылы кәсіпкер Тілегеновтер отбасы еліміздегі санаулы пантомен емдеу шипажайлар қатарын толықтырып, халықтың денсаулығын жақсартуға атсалысуда. Болашақта мүйіз өңдейтін цех пен туристік база салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұғы мүйізінен жасалған емдік дәрі-дәрмектің бірінші рецепті б.э.д. 168 жылы Қытайда пайда болған екен. Мүйізі үшін бұғы бағу Қазақстанда, Қытайда, Жаңа Зеландияда кең таралған. Еліміздің ең әдемі жерлерінің бірінде, Қазақстанның шығысындағы Қатонқарағайда бірнеше марал шаруашылығы орналасқан. Осы Шығыс Қазақстаннан сатып әкелінген 250 бас марал Ақтөбе облысы Мәртөк ауданынан үш шақырым жердегі Қазан ауылында өсіп жатыр.

Бұл орын — Мәртөктің туристер алдында еш ұялмай көрсететін бірден-бір аймағы.

Шевченкоға келіңіз!

Саяхатшыларды әдетте Мәртөктің тылсым табиғаты мен қарағайлы орманы қызықтырады. Жоғарыда тым ежелгі өсімдік папоротниктің осы аудан аумағында өсетінін айттық қой. Мәртөктің Шевченко ауылының шетіндегі көне тоғай — облыстағы папоротник өсетін жалғыз жер. Ол не деп ойларсыз? Папоротник — сөздіктерде қырыққұлақ немесе усасыр болып қазақшаланады. Тым ежелгі өсімдік. Динозавр, стегозавр, осылар тәрізді басқа да алпауыттар замандарын бастан өткерген. Ол замандарда, әрине, қазіргі бізге таныс өсімдіктер болмағаны да мәлім.

«400 миллионнан астам жыл бұрын планетада пайда болған бұл жоғары өсімдіктер динозаврлардың пайда болуы мен жойылуынан, тарихи кезеңдердің, дәуірлер мен дәуірлердің өзгеруінен, климаттың өзгеруінен, материктер географиясы мен геологиясынан, жер сілкінісі мен жанартау атқылауынан аман қалды. Кейбір өсімдіктер басқаларын алмастырды, өйткені жағдай өзгеріп отырды, бірақ папоротниктер ғана сахнадан кетпеді», — деп жазылады кей сайттарда. Міне, дәл осы өсімдік түрі біздің Мәртөкте өседі.

Ал ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 1 желтоқсандағы №1213 қаулысына сәйкес «Тірі табиғат ескерткіштері» мәртебесін алған Жаңатаң қыстағы жанындағы қандыағаш тоғайында жойылып бара жатқан өсімдіктің 61 түрі бар екен. Орман бүлдіргені, алтай жұлдызгүлі мен жоңғар марьяннигінің сылдырағын осы жерден табасыз. Әрине, бұл аумақты жыртуға, шабуға тыйым салынған. Ауданның оңтүстік-батыс жерімен Елек өзені және оның салалары Ақсу, Жамансу, Тәңірберген (Танаберген) ағып өтеді. Шығысын бойлай Жайық өзенінің саласы Қиялы Бөрте өзені ағады. Бірнеше ұсақ көлдер бар.

Мәртөк өлкесі құстардың түрлілігімен ерекше. Мұнда 160-қа жуық құс түрі ұя салады, маусымдық көші-қон кезінде қызылжемсаулы қарашақаз, кіші аққу, жыланшы бүркіт, бүркіт, лашынды кездестіруге болады.

Құстарды бақылау, оларды қадағалау — әлемде 60 миллионнан астам адам осындай хобби түрімен айналысады екен. Сондай-ақ олардың көпшілігі құстардың жаңа түрлерін көру мақсатында ғана әлемдік сапар шегетін көрінеді.

Еркебұлан Мәртөкке шақырады

Біз бұған дейін «Еркебұлан елге шақырады» атты мақаламызда ақтөбелік Еркебұлан Аймұратұлының өңірдің туризм саласынының дамуына қосып жүрген үлесі туралы айтқан болатынбыз. Бастапқыда туған жері Байғанин өңірін туристер аймағына айналдыруды көздеген Еркебұлан бүгінде облыстың бірнеше ауданына тур ұйымдастырып жүр. Өткен жылдың өзінде Мәртөкке 9 тур ұйымдастырып, 200-ден астам турист апарған да осы жігіт.

— Барлығы бір Ақтөбе облысының аудандары болғанымен, әр өлкенің өзіне тән сұлулығы бар. Және бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әр сапар сайын ерекше көңіл күйде қайтамын.  Мәртөк ауданына ұйымдастырылатын турымыз бір күнге жоспарланған. Таңертең шығып, кешке қалаға қайтамыз. Түскі ас — «Зәру» пантоемдеу шипажайында. Облыстағы жалғыз марал шаруашылығының осында екенін, сондай-ақ дәл осы жерде ем қабылдауға болатынын барлығы білуі тиіс деп ойламын. Өйткені бұл шипажай өзге өңірлерге мақтанып, марқайып көрсете алатын орындардың бірі және бірегейі, — деген Еркебұлан турдың ұйымдастырылу ретін айтып берді.

— Қаладан шыққан туристер алдымен желді станцияға келіп, тынығып алады. Қалың орманды көруге дайындалып шыққан олар бұл жерден тезірек кеткенше асығады (күліп-ред.) Желді станция — біздің бір-бірімізбен жақын танысып алатын орнымыз. Бұдан соң міндетті түрде бұлаққа соғамыз. Содан кейін барып Аққайың ауылындағы орманға беттейміз. Орманға жақындаған тұстан бастап қыз-жігіттер шашырай жөнеледі. Тылсым табиғатпен тілдеспестен бұрын суретке түсуді бастайды. Барлығы суретке түсіп болған соң, бас қосып демаламыз. Әрбір саяхатшының таза ауаның не екенін сезініп, табиғатпен іштей тілдескенін қалаймын. Оның өзіндік рахаты бар, — дейді тур ұйымдастырушы.

Еркебұлан күн нұрына таласып,  иіліп-бүгіліп тұрған аққайың мен қарағайдың сұлулығын тамашалаған туристердің кәдімгі маралды көргендегі сәттерінің өзі бір әңгіме екендігін айтады.

   Мен бұрын Мәртөк ауданының «фишкасы» сұлу табиғаты мен ормандары деп ойлайтын едім. Маралдарды көргенде бұл ойым өзгерді, — дейді ол.  

Р. S  Көк теректері мен қандыағаштарының қылқандары денеңді шымшып қалуға әзір тұратын ерке мінезді табиғаты бар Мәртөкке келіп демалсаңыз, еш өкінбейсіз.  Асқақтаған биік ағаштардың түбіне келсеңіз, апшы қуырған аптапта да қоңыр салқын лепке рахаттана бойсұнасыз. Ал қысының өз қызықтары бар. Ол мүлде бөлек әңгіме.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button