АуылБасты жаңалықтар

Кәсіппен көркейген Кемер

«Өзен бойын жағалағанның өзегі талмайды» деген тәмсіл бар. Мал өсіріп, егін салғың келсе, бірінші кезекте сулы жер іздейсің. Ал суы мол жердің нуы да болады, кәсіптің кез келген түрін де ашуға ыңғайлы.  Ойыл ауданының қақпасы саналатын Саралжын селолық округі, міне, табиғаты ерекше осындай жерде орналасқан. Еншісіне екі өзен тиген округ Ойыл мен Қиылдың жағасын жайлап отыр.

Қос өзеннің аңғары көктемде суға толып, мал азығынан тапшылық болмайды. Жері отты, қыры жусанды даланың өрісіне жайылған төрт түліктің қоңы түскен емес. Тарихи атауы Кемер деп жер жағдайына қарай қойылған. Ауыл ақсақалы Жақсылық Бисалиевтің айтуынша, Саралжын ауылы төбеден қарасаң тостағандай ойлы жердің кемеріне қоныс тепкен. Ал Саралжын деген жергілікті шөптің атауына байланысты аталса керек. Сондықтан Саралжын селолық округінің орталығын Кемер деп атайды.

Бұл ауылда құм көшкіні болып тұрады. Жан-жағына тал егілсе де табиғаттың осы бір мінезіне ешкім қарсы тұра алмайды. Ауыл әкімі Абат Мүбараков шеткі үйлерді құм басып жатқанын айтып, құмды тоқтату үшін тал егуді қолға алыпты. Ауылға кіреберіс жолдың қос қапталын қоршап, желектер отырғызбақ.  Бір шеті көл табаны мен бір бүйірін шағылды қыратқа артып жатқан ауылдың еспе құмы кейде техникаға да тұсау болып тұр.

Бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын Ойыл ауданының ірі селолық округінің бірі — Саралжынның төрт елді мекені бар. Округтегі халық саны — 2193 адам.

Бұрындары  шалғай елді мекен саналып, көбісі көшіп кеткен Бестамақ ауылының ажары енді кіре бастағандай. Халықты тұрақтандыру үшін жаңа мектеп салынды. Аудан орталығы мен қаланы жалғайтын күре жол таяқтастам жерде. Өткен жылы көгілдір отын келіп, қалаға көшкісі келген бірнеше отбасы айнып қалды. Газы, жолы бар жерден ешкімнің кеткісі келмейді. Сонымен Бестамақтың болашағы бар, тұрғындарының тұрмысы тәуір. Өйткені бұл ауылдан мал көбірек өреді.

Жасыратыны жоқ, Саралжын селолық округі «қартайып» бара жатыр. Бұл — ауыл үлкендерінің пікірі. Жастары кетіп қалған соң Қоңырат елді мекені жабылды. Қазір онда шамалы ғана отбасы мал өсіріп отыр. Ал Шиқұдық елді мекені де көктемгі су тасқынынан кейде бірнеше күн жан-жақпен қатынассыз қалады. Түтін саны да, жастары да көп Ақкемер мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген ауыл. Тұрғындарының көптен бергі тілектері — жаңа мектеп салынып,  ұялы байланысы орнатылды.

Округтегі қос өзеннің жағасы шаруа қожалықтарына толы. Ең ірі шаруа қожалықтары да осы Саралжын округінде.

Онда неге жастар тұрақтамайды? Себеп біреу-ақ. Көгілдір отын керек. Қалғанының бәрі шешілген.

Бұрын өндірісі жоқ Ойылда жұмыс та, жалақы да тапшы болатын. Бұл қазір сылтау болып қалды. Жұмыс көзі көп, жұмысшы жетіспейді екен.

Аманғалидың айтары бар

Жергілікті кәсіпкерлер кейде малшы, тракторшы таппай қалатындарын айтады. Ал ауылда зіңгіттей жігіттер әкімшілік үйінің алдын босатпайды екен. Рас, қазіргі заманның жастары айлап мал соңында жүрмейді. Тірліктері телефонмен біте қайнасып  кеткен оларға әлеуметтік желіні шарлау үшін интернет керек.

Тап қазіргі кезде үкіметтің кәсіпкерлерге қолдауы жақсы болып отырғанын мойындаймыз. Ауылда тұрғасын күнкөрістің көзі тек мал өсіру ғой. Басқа не бар? Мен кейбір жігіттерге таңғаламын. Азғантай айлыққа алданып жүрген сияқты. Әкімшілік үйінің алдында он жігіт жүреді. Оларға уақыт өтсе болды. Үкімет оларға әлеуметтік жәрдемақы тағайындап, жұмыспен қамтиды. Бұл халықты жалқаулыққа үйретіп жатқан жоқ па? Менің қарауымда 3-4 адам жұмыс жасайды. Қолдарына 90 мың теңге айлық тиеді. Ішіп-жемі тегін, — дейді «Нұрасыл» шаруа қожалығының басшысы Аманғали Өмірғалиев.

Аманғали оншақты жылдан бері асылтұқымды Еділбай  қойын өсірумен айналысады.  Қазір отары мыңнан асады. Алды төлдеп жатыр. Бірыңғай қой шаруашылығын жандандырып қана қоймай, асылтұқымды ірі қараның санын көбейтуге көшкен. Малшылары вахталық әдіспен де жұмыс жасайды екен.

Нұрбол Жұмағалиев «Нұрасылдың» сенімді жұмысшысы. Тұрақты жұмыс істеп келе жатқанына он жылдай болыпты.

Айына 90 мың теңге аламын. Оның жартысына азық-түлік аламын деп бас ауыртпаймын. Тамақ тегін. Негізі тракторшымын. Қыста мал жайғауға көмектесемін. Үйреніп кеткесін ешқайда алаңым жоқ. Басқа қандай жұмыс керек? Өзімнің азын-аулақ малдарым осында. Оның да жемшөбі тегін, — дейді ол.

«Нұрасыл» шаруа қожалығының басшысы Аманғали Өмірғалиев ауылдың жалпы жағдайына алаңдайды.

— Біздің де айтар ұсынысымыз бар. «Менің ғана жағдайым жақсы, қалғанында шаруам жоқ» деген ой болмауы керек. Елмен бірдейсің. Ауыл тұрғындары қыста қиналады. Өйткені қысқы отын қалтаңды қағады. Бес тонна көмір жағатын үйлер бар. Менің ұсынысым, осыған үкіметтен қолдау болмай ма екен? Оның қасында малға да субсидия береді ғой. Ал әрбір отбасыға қыста отынға қаржы бөлсе дейміз. Төрт ай бойы көмектессе тұрғындарға да жеңіл болар еді. Ауылда көп үйлер жылуды электр тогына қосады. Оның да түнгі тарифін алып тастады. Ал көгілдір отынның ауылы әлі алыста сияқты, — дейді ол.

Округ әкімінің айтуынша, ауылға газ құбырын тарту жоспары 2022-2023 жылдарға қойылған.

«Спартаның» Спартагы

Бірнеше жылдан бері өзен бойына бақша салып, жұртты қауын-қарбызымен таңғалдырған «Спарта» шаруа қожалығының иесі Спартактың есімі облысқа танымал. Алдымен оның өнімі жетті. Базарлар мен дүкендерде сөреден түспеді. Одан бұрын ауданда мұндай бағбан болмағанын мойындау керек. Қазір Спартак бау-бақшамен қатар, мал шаруашылығын дамытуды қолға алыпты. Бір жаздың ішінде мал қора, малшылардың тұрғын үйін салды. Асылтұқымды 100 — ірі қара, 200 қой сатып әкелді. Енді оның санын көбейтуді күнделікті кәсібіне айналдырады. Спартак малшылар, жұмысшылар тұратын үйіне ақша аямапты. Қала үлгісімен салынған 3 бөлмелі үйдің іші еврожөндеуден өткен.

Ауылда жұмыс жоқ дегенді Спартак тағы да жоққа шығарды. Тіпті есеп-қисабын жазып жүретін қойындәптерін шығарып, кәсіп көзінің, қандай іспен айналысу керектігін дәлелдеп берді. Бау-бақша шаруашылығын қолға алып, бірқалыпқа түскеннен кейін ол 12 жоспар жасапты. Оның әрқайсысының шығындары мен түсетін пайдасын  елеп-екшеп, шотқа қағып та қойған.

Шын ниетпен кіріссе, орындалмайтын арман болмайды екен. Менің көзім жетіп келе жатыр. Олай дейтінім, басында 12 жоспар жасадым. Оның алғашқысы бау-бақша салу еді. Оны орындадым. Енді үзбеймін. Одан кейін мал ұстасам деген арманым биыл орындалып жатыр. Ендігі кезекте Қиыл өзенінің жағасына туристер, аудан қонақтары келетін демалыс базасын салу. Ол үшін шағын және үлкен қонақүйлер салып, жеміс ағаштарын егіп, саябаққа айналдырамын. Одан әрі үлкен жылыжай, сүт фермасы, жылқы ұстап, бие байлау, балық шаруашылығын дамыту, суармалы жерге жемшөп егу, егін салу тәрізді тағы басқа жұмыстарға тәуекел етіп отырмын. Тәуекел етпесең, кәсібің де алға баспайды, — дейді Спартак Төремұратов.

Бұдан бұрын ол 500 түп алма ағашын егіпті. Бірақ шықпай қалған. Оған өкініп отырған жоқ. Қайта қателіктен сабақ алғанын айтады.

Шықпай қалған алма ағаштарым 1 миллион 500 мың теңге шығын келтірді. Дегенмен бұл істің басы ғана. Аздап қателік жібердім. Алма ағашының көшеттерін дұрыс таңдамаппын. Бұл да бір тәжірибе болды. Келесіде аяғыңды аңдап басатын боласың. Қалайда алма ағашын гүлдетемін. Негізгі мамандығым зоотехник. Сүт фермасында өзім де жұмыс істеп көрдім. Нағыз деликатес тағамды дайындағым келеді. Ол үшін сары майды малдың қарынына, бүйеніне сақтаймын. Бұл табиғи әрі таза өнім болмақ. Міне, осы шаруаларды жүргізуге әкімшілік маған жер беріп отыр. Бұйырса, мал азығы — жоңышқа егемін. Ойылда егін шықпауы мүмкін емес. Суармалы жерді көбейтіп, бидай, сұлы, тары екпекпін. Тәжірибе жинау үшін аздап 20 гектар жерге тары еккенмін. Бітік шықты. Игере алмадым. Міне, электр желісі тартылып жатыр. Тек ақша керек. Бизнесіңе қомақты қаражат құйсаң, сонша ақша аласың, — деп кәсіпкер кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.

Спартак жазда 25 адамды маусымдық жұмыспен қамтиды. Оның басты ұстанымы — жұмысшыларға жағдай жасау. Сол кезде шаруаң алға жүреді. Жылда үздік жұмысшыларды өз қаражатына Алматы, Астана қалаларына демалысқа жіберіп тұрады екен. Енді шетелге жіберу ойында бар.

Спартактың идеясы тек бұл ғана емес. Заманауи жаңалықтармен үндескен ойы —ауылдан онлайн дүкен салғызды. Қаладағыдай ауылдың кез келген тұрғыны үйде отырып-ақ керек затына тапсырыс береді. Дүкендегі арнайы көлік әп-сәтте жеткізеді. «Kaspi Gold» арқылы да төлем жасай алады. Спартак мұнымен шектелмепті. Елді мекендерге де тапсырыс берген тұрғындардың азық-түлігін жеткізіп береді екен. Егер 50 мың теңгеге сауда жасасаң, қай ауыл болсын, апарып тастайды.

P.S. Міне, осындай кәсіп көздері бар округте жұмыс табу қиын емес. «Бірдің кәсібі — мыңның нәсібі» дегендей — Спартактың өзі осынша адамға жұмыс тауып беріп отыр.  Қос өзеннің сағасы туристер келетін орынға айналады. Бір теңге болса да ауылдың қазанына түседі. Жалпы, Саралжын селолық округінде 3 ЖШС, 2 ауыл шаруашылығы кооперативі, 45 шаруа қожалығы бар екен. Малды ауылдың мазасыз тірлігі бар демесең, тұрмысы қаладағы көп ағайыннан көш ілгері екені анық.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button