Басты жаңалықтарЭкономика

Шағын және орта бизнес экономика дамуына серпін беруге тиіс

Былтыр аймақта «Бастау» жобасы бойынша 1404 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша курстан өтті. Соның 1006-сы бизнес-жобасы аясында өз ісін сәтті бастаған. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Бүгінде облыста құзырлы органдарға «Бастау» жобасы бойынша оқуға тапсырыс беріп жатқандар баршылық. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қазірдің өзінде 524 адам оқуға бағытталып отыр.

Ауылдағы түлектерге қаржы жетпей жатыр…

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен  Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің дамуындағы маңызды стратегиялық мәселелер жан-жақты талқыланғаны белгілі. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласы ерекше назарға алынған болатын. Президент алда іске асырылатын негізгі міндеттер мен жіберілген олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған жоспарларға да тоқталды. Оның айтуынша, шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне жұмыс тауып беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, оның ахуалы қандай болса, халықтың жағдайы соған пара-пар келеді. «Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету — ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажет іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы — ха­лықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау Бизнес» бағыты бойынша 150 мың­нан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 па­йызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам мемле­кет қолдауынан тыс қалды. Әсі­ресе, бағдарламаның ауылдағы түлек­теріне қаржы жетпей жатыр. Сон­дықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауымыз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент халыққа берілетін шағын несиелердің пайыздық ставкасы 6 пайыздан аспауға тиіс екенін де баса айтқан болатын.

Күні кеше ғана ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Президенттің осындай  тапсырмаларын орындау шаралары бойынша мемлекеттік органдардың ұсыныстарын тыңдағанын айта келе:  «Мемлекет басшысының әр тапсырмасын нәтижелі әрі жедел орындау қажет. Қабылданып жатқан шаралар халық пен бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуді, сондай-ақ экономикалық белсенділікті жандандыруды қамтамасыз етуі керек», — деп, Үкімет басшысы шағын және орта бизнес — экономиканың дамуына серпін беруге тиістігін, ол үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айтты.  «Үкіметтің 2021 жылғы басты мақсаты — экономикалық өсуді 3 пайыз қамтамасыз ету, негізгі капиталға инвестицияларды 20 пайызға дейін, жалпы ішкі өнімді және шағын және орта бизнестің үлестерін 30 пайызға ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,4 есе, өңдеу өнеркәсібін 10 пайыз арттыру, жұмыссыздықты 4,9 пайызға дейін қысқарту», — деді Премьер-Министр.

Қаржылық және әлеуметтік пайдасы зор жоба

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандары берген ресми мәліметке сүйенсек, былтыр облыста мыңнан астам тұрғын бизнес негіздерін оқу үшін жолдама алған.

Өткен жылы аймақта «Бастау» жобасы бойынша 1404 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша курстан өтті. Соның 1006-сы өз жобаларын іске асырды. Бизнес-жобалардың көпшілігі ауыл шаруашылығы өндірістік кешеніне, оның ішінде мал шаруашылығы, құс өсіру, түйе, омарта шаруашылығы, жылыжай салуға бағытталды. Сондай-ақ «Бастау» түлектері тек қалада емес, алыс аудандарда қызмет көрсету саласына да басымдық берді. Әсіресе, шаштараз, сұлулық салондарын, ателье, қоғамдық тамақтану орындарын ашу мақсатында бизнес-жобалар қорғалды. Сол сияқты автосервис, полиграфия, металл өңдеу, туризм, жиһаз жасау, ұялы телефондар мен кіржуғыш машиналарды жөндеу орталықтарын ашу  сияқты жобаларда  іске асырылды, — дейді палата мамандары.

Мамандардың айтуынша, «Бастау» жобасы өзінің қаржылық және әлеуметтік пайдасы зор екенін көрсеткен. Біріншіден — бұл кешегі жұмыссыздар үшін өз бетінше табыс табу мүмкіндігі. Екіншіден — кәсіпкерлік жолына енді ғана қадам басқандар үшін істі кеңейтуде ықпалы зор. Сол сияқты мұндағы мақұлданған жобалардың әрқайсысы орта есеппен 1-ден 4-ке дейін жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобалардың өздері белгілі бір аймақтың қажеттіліктеріне, сондай-ақ бизнес-жаттықтырушылардың жеке маркетингтік зерттеулеріне сүйене отырып жасалады.

Былтыр карантиндік шаралар ескеріле отырып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қысқа мерзімде «Atameken Academy» қашықтан онлайн оқыту платформасын құрған. Оқыту үдерісі бойы қатысушыға кеңес беру үшін бизнес-тренер бекітілген. Нәтижесінде пандемия кезінде өз ісін ашудан қорықпаған тыңдаушыларды мемлекет жеңілдікті несиелермен және өтеусіз гранттармен қолдапты.

2020 жылы берілген оқу жоспарына сәйкес облыста «Бастау» жобасы бойынша 1404 тыңдаушы қамтылды.

Оның ішінде:

— жұмыссыздар — 1260;

— өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 144;

— көпбалалы аналар — 244;

— аз қамтылған тұлғалар/отбасылар — 120;

— еңбекке қабілетті мүгедектер — 58;

— ерлер — 516;

— әйелдер — 888;

— жастар — 585.

Әділбектің кәсібі

«Бастау» жобасы аясында түлектер тегін оқытылады. «Бұл жобаның ерекшелігі — кез келген жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғыны кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, өз ісін ашуға жеңілдетілген несие ала алады. Өткен жылы 1187 түлек бизнес-жоспарын сәтті қорғады. Соның 1006-сы қаржыландырылды. Нақтырақ айтсақ, қаржыландырылған бизнес-жоспарлардың ішінде жалпы сомасы 565 миллион теңгеге 159 жеңілдікті несие және жалпы сомасы 471,4 миллион теңгеге 847 грант берілді», — дейді палата өкілі Ләззат Жаманқұлова.

Өткен жылы «Бастау» жобасы бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізгендердің бірі — Мұғалжар ауданының тұрғыны Әділбек Жиембаев. Бүгінде арбаға таңылған бірінші топ мүгедегі «Бастау» бойынша өз қызығушылығын арттырып, кәсіп бастауға ниеттенген. Сөйтіп, арнайы білім алып, ұсақ мал өсіру үшін бизнес-жоба құрады. Комиссия алдында жобасын сәтті қорғаған Әділбекке мемлекеттен қайтарымсыз 555 мың теңгеден астам грант тағайындалады. Бұл қаражатқа Әділбек 14 асылтұқымды қой сатып алған. Осылайша мал басын көбейтуді мақсат тұтатын Әділбек болашақта кәсіпкерлік саласында ісін кеңейтуді де ойластырып жүр.

Тереңсайда тұрып, тапсырыс қабылдайды

Былтыр қыркүйекте облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданына арнайы жұмыс сапарымен барған кезде «Бастау» жобасының түлегі Гүлбану Кеңестің кәсібін өз көзімен көріп, онымен тілдескен еді.

Бүгінде Тереңсай ауылында «N&G»  сұлулық салонын ашып, кәсібін жандандырып отырған Гүлбанудың тұрақты клиенттері де бар. Ол 2019 жылы «Бастау» жобасына қатысып, мемлекеттік грантты ұтады. Сөйтіп, ауылдағы Мәдениет үйі ғимаратының бір бөлмесін жалға алып, сұлулық салонын ашады. Қазір ол Тереңсай ауылына 7 шақырым қашықтықтағы Әйке, сондай-ақ Сұлукөл ауылдары тұрғындарына да қызмет көрсетеді. «Ісім жүріп жатыр. Әзірге қасыма көмекші ала қойған жоқпын. Өйткені карантинге байланысты тапсырыс берушілер бұрынғыдай көп емес. Аптасына 4-5 адамға қызмет көрсетіп жүрмін. Бағаны да ауыл тұрғындарының қалтасына қарап, қолжетімді етіп қойдым», — деді Гүлбану.

Грант қаражатына сұлулық салонына қажетті барлық құрал-жабдықтарды алған оның бұл ісіне жолдасы қолдау танытады.

Биыл 346 адамға грант тағайындалады

Мақпал Тұрмағамбетова, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

Биыл «Бастау» жобасы бойынша 346 адамға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (555 600 теңге) қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.  Ал аталған жоба аясында кәсіпкерлік негіздерін оқытуға бүгінгі таңда 524 адам бағытталды. Бұл сан әлі де көбеюі мүмкін. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бұл бағытта өзіне үлкен жоспар қойып отыр. Бұл жерде айта кететін бір жайт, «Бастау» жобасы оқыған адамдардың бәрі бірдей грант алады деу — қате ұғым. Себебі бизнес-жобалардың арасынан ең жақсылары  әрі ерекше жобалар таңдалып алынады. Сол сияқты облыстық деңгейде кәсіпкерлер ісін дамытуға берілетін бұдан өзге де қайтарымсыз гранттар бар. Көпшілігі сондай гранттарға қол жеткізу үшін курстан өтіп жатады.

P.S. 2017 жылдан бастап«Бастау» жобасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба іске асырылған жылдардан бері облыста 7820 адам кәсіпкерлік негіздері курсынан өткен. Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button