Басты жаңалықтарЭкономика

«Орталық-Батыс» жобасы: Ақтөбе экономикасы үшін тиімділігі қандай?

Елорданы батыспен байланыстыратын «Орталық-Батыс» жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда аталған жобаның Нұр-Сұлтан-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш бағытындағы жол құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. «Орталық-Батыс» жобасының жүзеге асырылуы — өнеркәсіп пен туризмнің дамуы, орталықтың батыс өңірлерімен байланысуы үшін маңызы өте зор. Автомобиль дәлізі облыстың үш өңірі — Ырғыз, Шалқар және Мұғалжар аудандары бойынша өтеді. Облыс территориясынан өтетін жолдың жалпы ұзындығы — 518 шақырым. Бұл бағытта республикалық маңыздағы тасжол үш ауданның ауылдық елді мекендерін көлік қатынасымен қамтамасыз етіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жүк тасымалында көлденең шығындарды төмендетуге серпін береді деп күтілуде.

«Орталық-Батыс» дәлізі жобасын облыста іске асырудың  барысы туралы біз «ҚазАвтоЖол» Ұлттық  компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетовтен сұрап білген едік…

(Суретте «Орталық-Батыс» жобасының орналасу сызбасы).

 

«Нұрлы жол» және жаңа экономикалық саясат

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы халыққа арнаған Жолдауында алғаш рет «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын таныстырған еді. Бүгінде аталған бағдарлама ел экономикасы өсімінің негізгі қозғаушы күші саналады. Мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатқан жылдардан бері елімізде жалпы ішкі өнім өсіміне елеулі ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, транзиттік жүк ағындарын ұлғайтуға, заманауи және сапалы автокөлік жолдарының пайда болуына, сондай-ақ жалпы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға септігі тиіп жатқаны белгілі.

«Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі мақсаты — астанадан барлық аймақтарға тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық, туристік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Бағдарлама іске асырылған жылдардан бері елімізде  «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс» және «Орталық-Батыс» жобалары да қолға алынған болатын. Соның ішінде «Орталық-Батыс» жобасы бойынша Нұр-Сұлтан-Қостанай автожолын және Ақтөбе-Қарабұтақ-Денисовка учаскесін жөндеу толықтай аяқталды.

1500 адам жұмысқа тартылады

Республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш автомобиль жолы, яғни «Орталық-Батыс» дәлізі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауын іске асыру мақсатында екінші санатты, екі жолақты жүріс бөлігімен қайта жаңарту жұмыс жобасы негізінде әзірленген болатын. Аталған жоба іске асырылған жағдайда, облыстың экономикалық ахуалын дамытуға елеулі ықпал етпек. Атап айтсақ, автомобиль жолы өтетін өңірлердің жергілікті дамуына, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға, жолаушылар және жүк тасымалы шығындарын азайтуға, аудандардағы өнеркәсіп пен сауда, ауыл шаруашылығы салаларын өркендетуге, сондай-ақ ішкі туризмді дамытуда маңызы зор. Ең бастысы — сауда, көлік қызметтері, қоғамдық тамақтану сияқты басқа да салаларда шағын және орта бизнесті, жол бойындағы сервистік қызметті дамытуға мүмкіндік бермек. Жоба жүзеге асырылған шақта республикалық маңыздағы жол бойында авто-газ құю станциялары мен дәмханалар, кемпингтер, қонақүйлер салу сияқты бизнес нысандары бой көтермек. Осының негізінде кәсіпкерлер ұсынатын қызметтердің сапасы мен сервисін жақсартуға мүмкіндік туады, — дейді Марат Махамбетов.

Оның айтуынша, аталған жоба аясында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында жергілікті тұрғындар қатарынан шамамен 1000-1500 адамды жұмысқа тарту жоспарлануда.

518 шақырым, 11 участок

«Орталық-Батыс» автомобиль дәлізінің жалпы ұзындығы — 1292 шақырым. Оның 518 шақырымы Ақтөбе облысы аумағы бойынша өтеді.

Автомобиль дәлізі облыстың оңтүстік өңірлері саналатын Ырғыз, Шалқар және Мұғалжар аудандарын қамтымақ.  Жаңа транзиттік дәліздің маршруттық бағытын сызу кезінде, трассаның негізгі осіне қолданыстағы ұзындығы 401 шақырымдық республикалық маңызы бар А-26 — Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз автомобиль жолы және жергілікті маңыздағы Ырғыз-Нұра-Қостанай облысының шекарасы аралығындағы жол қабылданды. «Орталық-Батыс» жобасының  Ақтөбе территориясындағы бөлігі 11 учаскеге бөлінген, — дейді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық  компаниясы» АҚ облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.

Ырғыз бен Шалқар аралығында көне жол пайдаланылады

Бұл жерде айта кететін бір жайт, құрылыс-монтаж жұмыстары барысында Ырғыз бен Шалқар арасындағы көне жол пайдаланылатын болады. Яғни құрылыс жұмыстары кезінде екі аралықтағы ескі жолдың табаны реконструкциялаудан өткізіліп, Шалқардан Ембі, одан әрі Қандыағашқа дейін жол салынады. Бүгінгі күні бес участок бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Олар — жоба бойынша 805-873, 873-915, 1125-1174, 1174-1215 және 1215-1259 шақырымдағы учаскелер. Қазіргі таңда жолдың 774-805 шақырымдағы учаскесі пысықталуда, содан кейін ғана мемлекеттік сараптамадан өткізілмек. Нақтырақ айтсақ, бұл участок Ырғыз өңіріндегі мемлекеттік табиғи резерваттың аумағынан  өтетіндіктен, сараптама әзірге  тоқтатылды, — дейді М.Махамбетов.

Бүгінгі күні  «ҚазАвтоЖол» мекемесінің  облыстық филиалы жолдың 915-974, 974-1033, 1033-1073, 1073-1125 және 1259-1292,3 шақырымындағы учаскелері бойынша «Орталық-Батыс» дәлізін қайта жаңартуға жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі жұмыстарды сатып алу туралы «Интехцентр ЛТД» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан.

Құрылыс жұмыстары үшін жер рәсімделіп жатыр

«Орталық-Батыс» жобасы аясында Нұр-Сұлтан-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш автомобиль жолын реконструкциялауға қатысты жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу  жұмыстарын жобалаушы «Интехцентр ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл желтоқсан айында тапсыратын болады. Ал аталған жобаны іске асыру барлық әзірленетін жобалық-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін республикалық бюджеттен қаржының бөлінуіне немесе халықаралық қаржы институттары есебінен инвестицияларды тартуға қарай белгіленген. Жобаның жалпы құны мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін анықталады, — дейді М.Махамбетов.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы мамандары жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысында Мұғалжар, Шалқар және Ырғыз аудандары әкімдіктері өкілдері мен жергілікті халыққа қоғамдық тыңдаулар өткізген. Халық бұл шараға белсенді қатысқан. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс өтетін аймақтарда жер рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Дюбингтер мен су өткізгіштер немесе ақтөбелік өнімдер

Бұл — кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын жоба. Жол құрылысына қажетті инертті материалдар, яғни фракционды құрамдағы қиыршық тас сияқты өзге де жабдықтар жергілікті жерде өндіріледі. Бүгінде Мұғалжар өңірінде қиыршық тас өндіретін он шақты зауыт бар. Барлық қажетті материалдар осындай зауыттардан алынады. Құрылыс жүргізілетін жақын аймақтарға материалдар автокөлікпен тасымалданбақ. Ал егер құрылыс аумағына жақын маңда станса болса, қажетті материалдар теміржол арқылы жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы — топырақ, қиыршықтас, құм аралас тастар және темір-бетон сияқты барлық материалдардың жергілікті жерде өндірілетіні қуантады, — дейді филиал басшысы.

Марат Махамбетов бұл бағытта жұмыстың нақты қашан басталатынын әзір айта алмайды. «Қазіргі күні Ақтөбе-Атырау бағытындағы жолды салуға, оның ішінде Ақтөбе-Қандыағаш бағытына ерекше басымдық беріліп отыр. Жол құрылысына қажетті материалдар Ақтөбедегі «Стройдеталь» және темір-бетон өнімдерін шығаратын «ЖБИ-25» зауытынан сатып алынып жатыр. Аталған кәсіпорындар су өткізгіш құбырлар мен мал өтетін төртбұрышты дюбингтерді, сондай-ақ көпір құрылысына қажетті элементтердің барлығын өндіреді. «Орталық-Батыс» жобасы бойынша облыс аумағында екінші санаттағы жол салынбақ. Егер іс алға жылжып жатса, алдағы уақытта біз бұл жоба бойынша да аталған кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Екіншіден, бұл жұмысқа тартылатын мердігерлер — Қазақстанда жол құрылысымен айналысатын кәсіпорындар болмақ. Ол үшін әуелі астанада тендер өткізіледі. Тендерге қандай компаниялардың қатысып, кімнің ұтатыны белгісіз», — дейді филиал басшысы.

Жобалауға қабылданған жолдың техникалық параметрлері:

Автомобиль жолының санаты — II;

Қозғалыс жолақтарының саны — 2;

Қозғалыс жолақтарының ені — 3,75 м;

Жүріс бөлігінің ені — 7,5 м;

Жол жамылғысының ені — 9,0 м;

Жер төсемінің ені —15,0 м;

Қозғалыстың есептік жылдамдығы — 120 км/сағ.

Киік көші — басты назарда

Жаңа автомобиль дәлізі қолданыстағы Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз жолымен өтеді және бұл орайда Ырғыз, Шалқар, Қауылжыр, Бершүгір, Ембі, Жұрын және Қандыағаш негізгі елді мекендер әрі соңғы пункт ретінде аталады. «Жобадағы дәліз қазіргі күні іске асырылып жатқан Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астраханьға) автожолының 102-шақырымына жапсарлас жатыр.  Бұл тұста көлік айрығы көзделген. Сондай-ақ қолданыстағы жолдарға түйісудің негізінде учаскелерде түрлі деңгейдегі көлік айрықтары салынбақ. Жобада трассаның бойындағы елді мекендерге кіреберіс жолдарды жөндеу де қарастырылған. Сондай-ақ жоба шеңберінде жол-пайдалану пункттерін қайта жаңарту және шалғай учаскелерде инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін демалыс алаңдарын салу белгіленген», — дейді филиал басшысы.

Оның айтуынша, учаскелерде жол құрылысы кезінде мал өтетін арнайы орындар мен жаңа көпір өткелдері салынып, темір-бетонды су өткізу құбырлары орнатылмақ.

«Орталық-Батыс» тасжолының құрылысы киік көшіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан жабайы жануарлар қоныс аударатын жерлерде жол құрылысы нормативі қатаң сақталып, олардың жолдан өту қауіпсіздігі үшін қосымша белгілер орнату және жылдамдықты шектеу мәселесі де жан-жақты қаралған.

Автожолды қайта жаңарту кезінде облыс кәсіпорындарында өндірілетін материалдар пайдаланылатын болады. Атап айтсақ, қиыршық тас, ұсақтау және диабаз тасы «Көктас-Ақтөбе» кәсіпорнының Мұғалжар кен орнынан, сондай-ақ «Мұғалжар Нефтестрой», «БМ-80» және «Мыс компаниясы» серіктестігінің Көктау кен орындарынан жеткізілмек. Сонымен қатар аймақтағы «Ұлпан» кен орнынан құм-қиыршықтас қоспасы алынатын болады, — дейді М.Махамбетов.

Орталыққа бару үшін 200 шақырым жол қысқарады

Бағлан Баймағамбетов, жолшы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы:  

— Елімізде орталықтан, яғни Нұр-Сұлтан қаласынан батысқа, солтүстікке, оңтүстікке тартылатын жол жобалары сызылды. Орталыққа алыстағы аймақтармен тікелей жол байланысы болу керек. Жол — біздің тіршілігіміз, экономиканың күретамыры. Жолсыз ешқандай экономика дамымайды. Қатынас болмаған жерде, жағдай қиындайды. Елбасы кезінде бұл мәселені жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлгені де сондықтан. Соның ішінде, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» сияқты үлкен транзиттік дәліздердің құрылысы іске асырылып, қазір осының нәтижесінде үлкен қозғалыс орнады. Сол бағдарлама әлде де жүзеге асырылып жатыр. «Орталық-Батыс» жобасы — осындай үлкен жобалардың жалғасы.

Ел аумағында 24800 шақырым республикалық маңыздағы жол болса, соның 1900 шақырымы Ақтөбе облысы үстімен өтеді. Мұндай жолдың күрделі жөндеуден өткені бар, қайта жөнделгені бар. Қазір облыста Астрахань бағытына апаратын жол жасалып жатыр. Арақашықтық — 319 шақырым. Бұл — Ақтөбе қаласының шетінен бастап Атырау облысының Сағыз стансасына дейінгі аралық. Атап айтсақ, бұл жоба аясында Қандыағаш қаласына дейін қозғалыс көп болғандықтан, төрт жолақты жол салынбақ. Бүгінде екі аралықтағы жолды салуға мердігер анықталды. Қаражат бөлінді, екі лот негізінде іс жүзеге асырылмақ. Биыл бұл аралықта жол салуда қарқынды жұмыстар басталады. Екі мердігер де — көп жерде өздерін көрсетіп жүрген компаниялар. Ал осы бағытта Қандыағаштан әрі қарай жаңа жолда көлік қозғалысына рұқсат берілді.

«Орталық-Батыс» жобасы әлі жасалып жатыр, біткен жоқ. Бүгінде мемлекеттен қаражат бөлініп, іс жүзеге асырылмақшы. Бұл — Қостанай облысы шекарасынан бастап, яғни Ақшығанақ деген жерден Тәуіптің үстімен Ырғызға келетін, Ырғыздан Шалқарға өтіп, Ембі арқылы Қандыағашқа жететін жол. Осылайша бұл жол Ақтөбе-Астрахань жолына қосылады. Ақшығанақтан Қандыағаш қаласына дейінгі аралық — 518 шақырым. Осы аралықта екінші дәрежелі жаңа жол салынады. Жапан далада, бұрын тек қара жолдан басқа жол болмаған аймақтарда осындай үлкен жоба жүзеге асырылғалы жатыр. Бір қиыншылығы — Ырғыз елді мекенінде сай-сала көп, оның үстіне мемлекеттік резерват орнатылған. Бұл — тарихи жер. Табиғаты мықты киелі Ырғыз өлкесі киіктерімен, солардың өрісімен, көлдеріндегі балығымен ерекшеленеді. Қызыл кітапқа енген немесе жоғалып кету қаупі басым қызғылт қоқиқаз, дуадақ сияқты құстарды, жануарларды Ырғыз табиғатынан кезіктіруге болады. Киіктердің бір қасиеті — келе жатқан көліктің алдын кесіп өтеді. Жобаны жүзеге асыру барысында киіктерге зиян келмеу жағы да жан-жақты қаралды. Дегенмен асығыс келе жатқан көліктер киік түгілі, адамды да қағып кетіп жатады. Сол себепті осындай қиыншылықтарға байланысты бұл жоба созылып кетті. Егер «Орталық-Батыс» жобасы жүзеге асырылған шақта, онда мұның тек Ақтөбе облысына ғана емес, еліміздің барлық батыс аймақтары үшін тиімділігі зор. Бұл жолмен орталыққа айналмай, тура барудың сәті тумақ. Орта есеппен шамамен 200 шақырымдық жол қысқаратын болады. Бұл өз кезегінде экономикаға, ел-халықтың тіршілік жасауына жеңілдік тудырады. Оның үстіне, тарихи әрі табиғаты көркем аймақтың үстінен өтетін жол салынса, облысқа келетін туристердің де саны артады деген ойдамын. Өйткені Жаманшың меториттік кратері мен Хан моласы кесенесі — туристік бағыты айқындалған орындар. Сондықтан бұл жолдың туризм саласын дамытуда да үлесі зор болмақ.  Сол сияқты, жол бойында сервистік қызмет көрсету, демалыс орталықтары көптеп пайда болып, жаңа жұмыс орындарының ашылатыны да белгілі. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, тұрмыс деңгейін арттыра түсетіні сөзсіз.

Қазір екі аралыққа пойыздан гөрі, жеке көлікпен барған өте тиімді. Уақыт жағынан көп ұтасың. Мәселен, Ақтөбеден Шалқарға пойызбен бару үшін кемі 6-7 сағат жүруің керек. Ал тура жол салынса, кемі 3 сағатта бара қоясың. Өздеріңізге мәлім, кезінде Ырғыз ауданының тұрғындары облыс орталығына таңертең шыққаннан кешке әрең жететін. Қазір екі аралыққа 4 сағатта жетеді. Бұл — осындай «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» транзиттік дәлізін жүзеге асырудың нәтижесі. «Орталық-Батыс» жобасы да «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» дәлізін кесіп өтеді.

Біз осы жобаның тездетіп іске асуын тілеп отырмыз. Қазақта «Көз — қорқақ, қол — батыр» деген мақал бар. Егер іс басталып кетсе, мердігер мекемелер 2-3 жылда-ақ жұмысты аяқтайтынына сенімдімін.  Бізде осындай ауқымды жұмыстарды өз жауапкершілігіне алып жүрген мердігер компаниялар баршылық. Тіпті мұндай компаниялар облысымызда да әжептәуір тәжірибе жинақтап қалды. Олар қазіргі сұранысқа, талапқа үйренген. Ешқандай қиянат жасамай, таза жұмыс жасап, осындай үлкен жобаларды игеріп жүр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button