Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирусқа қарсы вакцина  қауіпті ме?

1 ақпаннан бастап елімізде коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталады. Алайда тұрғындар арасында сұрақ көп. Бірі екпені еріксіз түрде егеді десе, енді бірі оның сапасына күмәнмен қарайды. Жалпы, коронавирусқа қарсы вакцинаның сапасы қандай? Неге  ерте дайындалды? Екпеден кейінгі жағдай қалай болмақ? Осы және өзге де сұрақтарға  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді. Сонымен…

— Қазақстанда вакцинациялау  міндетті әрі мәжбүрлі түрде жүргізіле ме?

—  Елімізде  вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.

— Елімізде  қандай вакцина қолданылады?

— 1 ақпаннан бастап Қазақстан Ресейде шығарылған «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинациялауды бастайды. 15 ақпаннан бастап вакцинациялау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасы қосылады. 2021 жылдың 2-тоқсанынан бастап вакцинациялау процесіне отандық өндіріс – «QazCovid-In» препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.

— Коронавирусқа қарсы екпені кімдер алады?

—   Вакцинациялау вакцинаның келуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте, халықтың коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары осал топтары егіледі. Содан кейін халықтың иммундауға жататын осал топтары қамтылады.

Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмек, реанимация, медициналық-санитарлық алғашқы көмек,  қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтері, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет қызметкерлері егіледі. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады. Бұдан кейін Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс  министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті,  Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.

— Вакцинация ақылы бола ма? Бір вакцинацияның құны қанша?

— Халықтың осал топтары үшін коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация тегін ұсынылады.

— Індетке  қарсы вакцина қауіпті ме? Жанама әсерлері бар ма?

— Қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Кез келген вакцина адам организміне енгеннен кейін, иммунитет қалыптастырады. Иммундаудан кейін дене температурасының аз уақыт  жоғарылап, екпе орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністер болуы мүмкін.

— Коронавирусқа қарсы вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін бе?

Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауруы болса, екпе салынбайды. Аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ағзасы әртүрлі. Адам  вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекемесінен шықпай) дәрігердің бақылауында болуы керек. Осы уақыт ішінде  вакцинаға аллергиялық реакция байқалады.

— Ресейде вакцина алған адамдарға күнделікті телефон арқылы хабарласып, бақылау жүргізіледі. Бізде осындай техникалық сәттер қарастырылған ба?

—  Вакцина алған барлық адамдар алғашқы 30 минут бойы  медициналық мекеменің ішінде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін 3 күн бойы тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігер бақылайды. Екпе алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері  және мұндай әсерлер болса, хабарласуға тиіс емхананың телефон нөмірі көрсетілген арнайы жадынама беріледі.

Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?

— «Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек елімізде 60 жасқа дейін, яғни  кәмелетке толған азаматтар ғана ала алады. Қазақстанда өндірілген вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтуде. Бүгінгі күні отандық вакцина жөніндегі бекітілген нұсқаулық жоқ, сондықтан осы вакцина бойынша контингент анықталуда.

 — Қарағанды зауытында шығарылатын вакцина қайда қолданылады?

— Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасы тек елімізде қолданылады.

— Вакцинаны неліктен  екі рет  алу керек?

— Вакцина алғаш салынғаннан кейін, үш апта өткен соң екіншісі салынады.  Бірінші екпеден кейін  21 күн өтуге тиіс.  Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам ағзасындағы  антиденелер саны артады.

— Ресейлік «Спутник V» вакцинасының сапасы жеткілікті деңгейде тексеруден өтті ме?

— Аталған вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша, бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген. Ал кейбір елдер, мәселен Беларуссия, Аргентина, Сербия қазірдің өзінде оны сәтті қолданып жатыр.

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде, дәрілік заттың сапасын растайтын өндірушінің қазақ немесе орыс тілінде аудармасы бар құжатының электрондық көшірмесі болуы қажет (талдау сертификаттары немесе сынақ есебі немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты). Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.

 — Ресейден басқа тағы қандай вакцина өндіруші елдермен  келіссөздер жүргізілуде?

— Қазіргі уақытта еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинаны  өндірушілермен  келіссөздер жүргізіп жатыр. Оның ішінде «Sinovac», «Sinopharm» (Қытай) және  «Phizer» (АҚШ) вакциналарын шығарушылар бар.

— Біздің елімізде қандай вакциналар әзірленіп жатыр?

 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар арасында Қазақстаннан 5 вакцина бар. Біріншісі —  клиникалық зерттеулер кезеңінде тұрған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген инактивті вакцина. Қалған төртеуі, яғни  Қазақ ұлттық аграрлық университеті Огайо штатының университетімен бірлескен екпе,  Қазақ ұлттық аграрлық университетінің екпесі,  М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы және Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеп жатқан, клиникаға дейінгі зерттеулер сатысындағы суббірлік вакцина.

— Вакцинацияның электрондық паспорты дегеніміз не?

— Вакцинацияның электрондық паспорты дегеніміз —  бұл вакцинаның медициналық тарихы. Бұл —  вакцина қабылдайтын халықты бақылау және мониторинг жүргізу және үздіксіз жүргізу үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль (функционалдылық). Қазіргі уақытта вакцинацияның электрондық паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Бұл паспортты медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттер eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы пайдаланады. Вакцинацияның электрондық паспорты  екпе салынғаннан кейін тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Вакцинацияның электрондық паспортында  азамат туралы және  ол алған вакцинаның түрі, кезеңі,  екпеден кейінгі бақылау туралы ақпарат жазылады.

— Интернетте халықты вакцинация арқылы жаппай чиптеу жүргізілетіні  айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас?

— Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинацияның адамды чиптеуге қатысы жоқ. Екпе жасамас бұрын, әрбір адам вакцинаның  құрамы жазылған нұсқаулықпен танысуға құқылы.

 — Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина неге  тез әзірленді?

 — Пандемия кезеңінде осы вакцинаға аса қажеттілік туындады. Бүкіл әлемде коронавирус инфекциясын жаппай жұқтыру және адам өлімі болып жатты. Сондықтан COVID-19 вакцинасын әзірлеу аса шұғыл жағдайда өтті. Бұдан басқа фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық деңгейде болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурсын жұмсады. Бірақ оның жылдам әзірленуі компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларын айналып өтті деген сөз емес.

— Әлемде көшбасшылар мен танымал тұлғалардың қайсысы коронавирусқа қарсы екпе алды?

— АҚШ-та вакцинаны жаңадан сайланған 78 жастағы президент Джо Байден алды. Байденге «Pfizer» және «BioNTech» вакцинасы егілді.

Гвинея Президенті Альфа Кондеге  «Спутник V» вакцинасы салынды.

Аргентина президенті Альберто Фернандес те  Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасын алды. Президентке дейін Буэнос-Айрестің Денсаулық сақтау министрі Даниэль Голлан егілді.

Венесуэла президентінің ұлы Николас Мадуро Гера да  Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасымен егілді.

Түркия президенті Режеп Ердоған «СoronaVac» Қытай препаратымен коронавирус инфекциясына қарсы егілді. Одан бұрын  Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин кожа екпе жасатқан болатын. Ватиканда 84 жастағы Рим Папасы Франциск пен 93 жастағы  Рим Папасы Бенедикт XVI «Pfizer» вакцинасымен егілді. Актер және Калифорнияның бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер коронавирусқа қарсы «Pfizer» және «BioNTech» вакцинасымен егілді.  Американдық деректі кинорежиссер Оливер Стоун Ресейде өндірілген  «Спутник V» вакцинасын алды. Қазақстанда коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алды. Сондай-ақ ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев екпе салдырды. Жалпы біздің  елімізде  жоғары лауазымды 19  адам егілді. Оның ішінде Қорғаныс министрі де бар.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button