Жаңалықтар

Жақсы жолдас

МЕРЕЙ

Жасың ұлғайған сайын бала кезгі достардың қадірі арта түседі екен. Мұның бір себебі, үлкен өмірге қадам басар балаң тұстағы қол ұстасқан кіршіксіз көңіл, ақ жарқын пейіліңнің ешқашан суымайтындығында болса керек.

Біздің қатарластарымыздың ішіндегі сондай жанымызға жақын, жүрегімізге жылы әсер қалдырып жүретін жолдастарымыздың бірі Орынбай Ақайдаров бүгінде өзімізбен қатар бір сапта үлкендіктің ауылына алқымдап келіп қалғанымен, кейде сол баяғы мектептегі кезіндей бейкүнә, аңқау кейіпте көрінетіні де бар. Сондайда арамыздағы әже атанған құрбыларымыз әзілдеп: «Орекең сияқты неге жап-жас болып жүрмейсіңдер?» — деп, біздерді бір қағытып қалады.

Адам баласын алаламайтын, бір көрген кісімен де тез тіл табысып, бауырына еніп кететін бұл досымыздың қанына туабітті осындай ерекше қасиет жұрттың бәрінің бірдей бойына дари береді дейсіз бе?

Осыдан үш жарым жылдай уақыт бұрын Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің 1967 жылғы түлектері ұшқан ұямызда бас қостық. Жарты ғасырдан кейінгі жүздесу бір жағы көңілімізді қуанышқа толтырса, екінші жағынан жанымызды жабырқатқан да жайы болды. Бір-бірімізді сағынысып көрісуімізге мәз болғанымызбен, осы кезге дейін арамыздан бақилық болып кеткен жан достарымызды еске алу соншалықты ауыр да соқты. Сондай сәттерде өзінің әдемі әзілімен, жылы сөзімен Орынбай досымыздың бәрімізді тұйықтан алып шыққандай болғанын қалайша ұмытармыз.

Біз білім алған жылдары бүкіл ауданда он жылдық мектеп екеу-ақ еді. Оның бірі — аудан орталығында, екіншісі Калинин атындағы кеңшарда болатын. Қыркүйек айы жақындағаннан алыс ауылдардың сегіз класс бітірген балалары ойдан-қырдан жиылып, негізінен, Ырғызда бас қосады. Сондай ретпен 1965 жылы біздер тоғызыншы класқа тоқсан оқушы болып жиналдық. Алғашқы таныстық, кейбіреулер тез тіл табысып, енді бірі айналаға үрке қарап жүр. Айтайын дегеніміз, Орынбайымыздың көптің ортасынан табылып, бәрімен де ескі достардай тез араласып кеткендігі. Сол кездер бізге әлі де ыстық.

Ұстаздарымыз қандай еді. Әкімжан Айтжанов, Итемген Байманов, Амандық Құлымбаев, Сәуле Айтжанова, Аймақ Құлтазин… Олардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Бірі қатал да талапшыл мінезімен есте қалса, екіншісі кісі бетіне қатты келмейтін биязы қалпымен бәрімізді бағындырып алатын. Қай пәннің мұғалімі болмасын, өз істерінің шебері деп айтуға тұрарлық еді.

Біздің түлектер арманшыл болатын, алғы күнге ұмтылатын. Орынбай Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетіне оқуға түсті. Бірыңғай мал шаруашылығымен шұғылданатын өңірден шыққан жасөспірімнің бұл қадамына сол кезде таңғалмаған адам жоқ десе де болады. Бірақ онымен қатар жүріп, бірге өскен достары, біздер, түсіндік.

Өйткені Орынбай сол кездің өзінде бір қалыппен жүре беруді ұнатпайтын. Түзу келе жатып, әлі ешкім аяқ баспаған тың жолға тартып кетуді жақсы көретін. Оның үстіне аудандық газетте қызмет атқаратын ізденгіш журналист Ильгиз Жарылғаевтың үйінде жатып оқуы рухани әлеміне көп өзгерістер әкелді. Туысы болмаса да, жақынындай болып кеткен жақсы аға қазақ-орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарды жаздырып алатын. Сабақ тапсырмаларын түгелдей орындап үлгермесе де, сол басылымдарды ол түп-тұқиянына дейін қалдырмай оқитын және өзін қызықтырған жаңалықтарды бізге жеткізіп отыратын. Оның әсіресе «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарының әр санын асыға күтіп жүретінін байқайтынбыз. Осылайша Орекең әдебиетке де құштар болып өсті. Кейде тіпті журналист ағасымен редакцияға ере барып, жергілікті баспахана жұмысымен танысқанын да мәз болып айтатын.

Қалай болғанда да орыстілді журналдардан техника мен технологияның түрлі жетістіктеріне көз салып өскен бозбала политехникалық оқу орнының қиындықтарына бас иген жоқ. Қайта курстан курс аттап, ілгері жылжыған сайын белсенділігін арттырып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі мәдени шаралардың ұйтқысына айналды.

Жоғары оқу орнын бітірген соң сол кездегі қалыптасқан тәртіпке сай жолдамамен Алматыдағы «Қазақмұнайөнімдері» мекемесіне жұмысқа қабылданды. Жас маман институт қабырғасындағы игерген теориялық білімін тәжірибеде тиянақтады. Жолдасымыздың жас болса да сондай ірі кәсіпорында еңбек етіп жүргенін біз мақтаныш тұттық.

Көп ұзамай ол әскер қатарына шақырылды. Жоғары білімді маманға лейтенант шені берілді. Ал жауынгерлік борышын өтегеннен кейін ол Ақтөбе қаласындағы «Мұнай өнімдері» басқармасында бас инженерлік қызметке жіберілді. Бұл аса жауапты қызмет еді. Мұндай мекемелерде директор басшы болғанымен, бүкіл шаруаның ұйымдастырылуы, жауапкершілігі осы лауазым иесінің қолымен атқарылатын. Ол бұл жерде де абырой биігінен көріне білді.

Аталған кәсіпорында кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне сайлануы оған көрсетілген кезекті сенім еді. Негізінен, жұмысшылардың мүддесін қорғаумен бірге, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесу, тұрғын үй, емдеу, демалу жайын реттеу сияқты көптеген шаруалар Орекеңнің қатысуымен оңтайлы шешіліп жатты. Кеңес Одағы тұсында кәсіподақ жұмысына байланысты тәжірибе алмасу мақсатында Америкаға барды, Корея, Тайланд мемлекеттеріне жолы түсті. Сол елдердің кәсіподақтарының жұмысынан іліп алып, жаңалықтар жасауға да талпыныс жасады. Бірақ біздегі қалыптасқан қағиданы өзгерту оңай еместігін де байқап, шегініс жасаған жайы да болды.

Тоқсаныншы жылдары елдегі экономикалық құрылымдар өзгерді. Көптеген кәсіпорын-мекемелер жекешелендіріп, басшылар құрамы жаңарды, өзгерістер орын алды. Бірақ Орынбай өзінің мамандығына деген құштарлығын сөндірген жоқ. Талай жылғы тәжірибесін пайдаға асырып, мұнай ұңғымаларын сынамадан өткізуге көмегін тигізді. «Қазақойл» компаниясында жемісті еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлік демалысқа шықты. Сол жолда жүріп, соңынан ерген ұлы Азаматты да мұнайшы мамандығына тартты.

Мамандығы дәрігер, тәжірибелі терапевт, бір жағынан мамандар даярлау жолында ұзақ жыл ұстаздық еткен жан серігі Қарылға келіні Мөлдірді де аялап, құшағына басып отырады. Бигелді бастаған үш немересі — ата-әжесінің көз қуанышы.

Орынбайдың тағы бір ерекше қасиеті — жолдасқа, досқа адалдығы. Қайда жүрсе де бала кезден бірге өскен, тай-құлындай тебіскен біздерді ұмытпайды, іздеп отырады. Қаби Қабдылдин, Нағашыбай Ақатаев, Аманкелді Мектепбаев, Қуандық Ахметов сияқты қатар жігіттер оны сол үшін де жоғары бағалайды.

Ортамызда топ жарған,

Түлегісің Ырғыздың.

Жары болдың мәңгілік,

Қарлығадай бір қыздың, —

деп бір ретте кластас достардың арасынан құттықтауымызды өлең жолдарымен кестелегеніміз бар. Ондағы ойымыз — Орынбайдың поэзия тілін де терең түсінетіндігін бағамдаудан туса керек.

Досымыз бүгінгі күні қол созған жетпіс жастың жауапкершілігі жоғары. Алдың азайып, артыңдағы інілерің аузыңа қараған тұста салмақты сөз айта білу де сын.

Ал Орынбай бұл жағынан да қамшы салдырмай келеді. Өмір көрген, жақсылармен жолдас болған, ілгерідегі үлкендердің соңынан із адастырмай келе жатқан оның алдан мұнартып көрінген ақсақалдық ауылына да абыроймен баратындығына нық сенімдіміз.

Қасымбек ӘБДІРАХМАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button