Құқық

 «Банк қызметкерімін» деп ақша жымқырған

Қылмыс

Соңғы кезде әртүрлі жолмен алаяқтық жасайтындар көбейді. Тұрғындар барынша сақ болғаны жөн.

Мәселен, 14 қаңтар күні  белгісіз біреу жәбірленушінің ұялы телефонына қоңырау шалады. Өзін банктердің бірінің қызметкерімін деп таныстырған адам: «Сіздің шотыңыздан белгісіз біреу ақша алуға әрекет жасады. Жинақтарды сақтау үшін қаржыны уақытша шотқа аудару керек», — дейді. Осылайша әлгі адамның банк картасының деректемелерін алып, 800 000 теңге көлемінде ақша жымқырады. Жалпы, осылай алданып қалатындар көп. Мәселен, «ОЛХ» қосымшасында  белгісіз біреу «ГАЗ-53» және «ЗИЛ-130» автокөліктеріне қажет қозғалтқышты сататынын жазады. Құралды сатамын деп  тұрғынның 72 900 ресей рублі, яғни 450 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденіп кетеді. Жәбірленуші ақшаны шотқа аударып жіберген. Осы оқиғалар негізінде  ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Облыстық полиция департаменті тұрғындарға барынша сақ болуды, ешкімге сенбеуді ескертеді. Тіпті банк қызметкерлеріне де жеке шоттар мен карталарға қатысты  SMS-код және басқа дербес ақпаратты айтуға болмайды. Есіңізде болсын, банктер мен төлем жүйелері ешқашан хаттар жібермейді немесе клиенттерден телефон арқылы шот деректерін беруді сұрамайды. Ұрлықтың алдын алу үшін барлық қажетті ақпарат банктерде бар. Сондықтан тұрғындар осыны ескергені жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button