Басты жаңалықтар

Міндет — ақтөбеліктерге барынша қолайлы жағдай жасау

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласының даму мәселелері талқыланды. Қала әкімі Асхат Шахаров тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және Ақтөбенің эстетикалық келбетін қалыптастыру мақсатында қабылданған шаралардың нәтижелері туралы баяндап, алдағы жоспарлармен таныстырды.
Өткен жылы қала аумағында көлік жолдарын жөндеу, абаттандыру, көгалдандыру және тұрғын үй құрылысы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы — 651 шақырым, оның 300 шақырымы асфальтбетонмен төселіп, 115 нысан жөнделді.
Биыл 12 нысанның жолдарын орташа жөндеу, Рауан, Қызылжар-3 ауылдарындағы жолдарды салу, Тәжібаев көшесіндегі көпір өткелін қайта құрылымдау жоспарланған.
Сондай-ақ Батыс шағын ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы бойының жолын қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылады.

2020 жылы соңғы отыз-қырық жылда бірінші рет Шанхай, Тұрғындар қалашығы аудандарында, 8-шағын ауданда, қаланың көне бөлігінде ауласы бар аумақтар жөнделіп, асфальт төселді.
Облыс басшысының тікелей тапсырмасымен биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, 230 аулаға асфальт төселеді. 45 мың шаршы метр алаңға гүлдер мен жасыл желектер, соның ішінде 28 мың шаршы метрге көпжылдық өсімдіктер егіледі.
200 аулаға балалардың ойын кешені орнатылып, қала мен қалаға жақын елді мекендерге тағы да үлкен 10 балалар алаңы салынады.
Былтыр 50 мың шаршы метр алаңға жаяужол төселсе, биыл қаланың ескі бөлігіндегі, М.Оспанов, ағайынды Жұбановтар көшелеріндегі, Қарғалы тұрғын үй алабындағы және т.б. аудандардағы жаяужолдар жаңартылмақ.

Жарықты үнемдеу бағдарламасы аясында 350 көшедегі ескірген темірбетон тіректері мен шамдарды алмастыру, шекті зиянды заттарды өлшеп, бақылап отыратын экологиялық аспап орнату қарастырылған.
Инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету мақсатында газбен және энергиямен жабдықтайтын желі салу, төрт тұрғын үй алабын сумен жабдықтау жоспарланған, жалпы алғанда 18 жоба әзірленді.
2021 жылы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы №27 тоғыз қабатты үй пайдалануға берілмек, Жаңақоныс ауылында 140 пәтерлі жатақхананың, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының 3, 4-шағын аудандарындағы жалға берілетін екі тұрғын үйдің, сонымен қатар облигациялық қарыз есебінен №3 шағын аудандағы тоғыз қабатты бес үйдің құрылысы жоспарланған. Осы жылдың соңына дейін 85,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады, үй кезегінде тұрғандар үшін «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының №3, 4-шағын аудандарындағы алаңы 58 мың шаршы метр болатын немесе 1188 пәтері бар №12, 15, 17, 18 үйлерді салу жоспарланып отыр. Бұдан өзге үш денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалық-сметалық құжатын әзірлеу аяқталады, Ясный, Сазды ауылдары мен «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
«Біздің міндетіміз — ақтөбеліктерге барынша қолайлы жағдай жасау, оларды толғандырған өзекті мәселелерін шешу. Биыл Ақтөбеде көптеген ауқымды жобалар жоспарланып отыр. Тұрғын үйді пайдалануға беру, жолдарды жөндеу немесе аулаларды абаттандыру жұмыстарының әрқайсысы сапалы әрі мерзімінде жүзеге асырылу керек. Қаланы дамытуға қатысты барлық мәселелер қатаң бақылауда болады», — деді облыс басшысы жиын қорытындысында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button