АуылБасты жаңалықтар

75 ауыл кеңжолақты интернет желісіне қосылды

Облыста жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған ауылдар саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы 75 ауыл мобильді кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасының мамандары тұрғындарды 100 пайыз талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту үшін жоспар құрылып, нақты жұмыстар атқарылып жатқандығын айтады.

Біз бұл жолы 2020 жылы бірнеше ауылына кеңжолақты интернет желісі тартылған Қобда ауданындағы жағдаймен танысқан едік.

Қобда ауданында да бүкіләлемдік желіге қолы жетпей отырған ауылдар бар. Бірақ бұл мәселе жүйелі түрде шешімін тауып келеді.  Қобда ауданы әкімдігі аппаратының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы Асхат Туреевтің айтуынша, 2020 жылы ауданның халық саны 250-ден асатын 11 елді мекеніне 3G ұялы байланысы жеткен.

Өткен жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен байланыс операторлары арасында  меморандум жасалып, халық саны 250 адамнан асатын елді мекендерді мобильді 3G интернетпен қамту жоспарына сәйкес Қобда ауданына қарасты Бестау, Сарыбұлақ, Әлия, Жарық, Бесқұдық, Қызылжар, Бегалы, Егіндібұлақ, Өтек, Көкүй, Талдысай ауылдары қамтылды.  Құрсай мен Жаңаталап ауылдары биылғы жылдың жоспарында тұр. Қазіргі таңда Әлия, Бесқұдық, Бегалы, Егіндібұлақ ауылдары талшықты оптикалық байланыс арқылы, Сарыбұлақ, Қызылжар, Талдысай ауылдары радиорелелік байланыс арқылы, Бестау, Жарық, Өтек, Көкүй ауылдары спутниктік байланыс арқылы мобильді интернетпен қамтылып отыр, — деді Асхат Туреев.

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданның барлық елді мекендерін интернет желісімен толық қамту мақсатында «Глобустелеком» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіліп, тиісті жұмыстар басталған. Қазіргі таңда Қобда, Ақырап, Жарық, Өтек, Қызылжар, Құрсай, И.Білтабанов ауылдарына интернет желісі тестілік режимінде қосылған.  Қалған елді мекендерді 2021 жылы интернет желісімен қамту жоспарлануда. Ал әлеуметік жоба ретінде Ақырап ауылындағы мемлекеттік мекемелер интернет желісіне тапсырыс бергендіктен, ауыл тұрғындары  интернетпен тегін қамтылмақ.

«… Жылдам хабар алғызды»

 Мобильді 3G интернет желісімен қамтылған Қобда ауданына қарасты ауылдардың бірі — Бесқұдық ауылы. Мыңнан астам халқы бар ауылда барлық мәселе жүйелі шешімін тапқан. Суы мен газы бар, өткен жылдан бастап интернеті қосылған ауылдың биыл орталық көшесіне асфальт төселіп, соңғы үлгідегі жарық шамдар орнатылмақ.

Сондай-ақ мұнда  жасөспірімдердің спортпен айналысып, шеберлігін шыңдауға да барлық жағдай жасалған. Өткен жылы жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, ауылда спорт алаңы салыныпты.

Мақала жазу барысында Бесқұдық ауылының тұрғыны, бүгінде онлайн форматында білім алып жатқан студент Айдана Ізбановамен әңгімелескен едік. Туған жердің көркейіп келе жатқанына жастар жағы ерекше қуанышты. Әсіресе кеңжолақты интернеттің дер кезінде жеткенін айтады.

— Қарағанды мемлекеттік университетінің 2-курсында оқимын. Өткен жылдың наурыз айынан бастап елдегі жағдайға байланысты білімді қашықтан алып жатырмыз. Сабақтарымыз Microsoft Teams, Zoom платформасы арқылы өтеді. Ал  бұл жүйелерге кіру үшін кең жолақты интернеттің маңызы зор. Бүгінде ауылда «Билайн», «Кселл» байланыс желісі де еркін ұстайды. Өзімізге қажетті бағдарламаларды еркін жүктеп аламыз. Мәліметтерді қажет жерге уақытында үйде отырып-ақ жолдаймыз. Интернеттің тек студенттің ғана емес, жалпы адамзат өміріндегі маңызы зор ғой, — дейді ол.

Қоңырау шалу үшін қыр басына шықпайды

500-ден астам тұрғыны бар Сарыбұлақ ауылдық округі өткен жылдан бастап кеңжолақты интернеттің рахатын көріп отыр. Бұрын мұндағы тұрғындар үшін алыстағы ағайынмен хабарласу қиынның қиыны еді. Біреуге қоңырау шалу үшін қыр басына шығу керек еді немесе телефонын терезеге іліп қою қажет болатын. Ал қазір бұл өткен шақтың еншісінде қалды.

Ауыл әкімі Есенғали Өтегенов 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап, ауыл халқы еркін байланысқа шығып, интернетті қалауынша пайдаланып отырғанын айтады.

Елде пандемия басталып, оқушылар жаппай қашықтан білім алуға көшкен кезең бұл ауыл тұрғындары үшін де  қиынға соққан. Сол кезден сүрінбей өткен ауыл халқының тілегі желтоқсан айында орындалды.

Қазір ауылдағы 70-ке жуық оқушысы бар орта мектеп жұмысын дәстүрлі түрде жалғастырып жатыр. Мектеп жанындағы балабақша да кезекші топтарды қабылдап жұмыс жасап тұр. 2011 жылы ауызсуы тартылған ауыл тұрғындары үшін ең бастысы мәселе интернет пен көгілдір отын болатын. Өткен жылы интернет мәселесі шешілді. Биылғы жыл да Сарыбұлақ тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен басталып отыр.  Ауыл әкімі биыл газ құбырларын жүргізу жұмыстары басталатынын айтты.

Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, облыста  315 ауылдық елді мекен бар. Оның 214-інде тұратын тұрғындар саны  250-ден асады. 250-ден асатын 114 ауылдық елді мекенде 3G стандартының ұялы байланыс қызметтері қолжетімді болса, қалған сондай халқы көп шоғырланған 100 ауылдық елді мекенде мұндай жағдай жоқ болатын.  Биыл сол 100 ауылдың 75-і кеңжолақты интернет желісіне қосылды. Атап айтар болсақ, Алғаның — 7, Әйтеке би ауданының — 6, Байғанин ауданының — 12, Ырғыздың — 6, Қарғалының — 3, Мәртөк пен Мұғалжардың — 5 ауылы, Темірдің — 3, Ойылдың — 8, Қобданың — 11, Хромтаудың — 5, Шалқар ауданының 4 ауылына интернет барды.

Интернет сапасының артуы, әрине, еліміздің елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуіне, сондай-ақ  халықтың өмір сүру сапасын арттыруға өз септігін тигізбек. Бүгінгі таңда өңірдің  білім, денсаулық сақтау, көлік-коммуникация және қауіпсіздік саласын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласымен қатар, жер қатынастары, мәдениет, архитектура саласы да цифрландырылу жүйесімен қамтылып жатыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button