Басты жаңалықтар

Жаңа архив ғимараты салынады!

Архив — қазына. Тарихтың қазынасы. Ондағы сақталған құжаттың әр әрпінде байлық бар. Бұл мекеменің әр сөресінде тарихтың қойнауына кеткен әр ғасырдың, әр жылдың, әр күннің дәлелі болатын құнды қор бар. Өткені жоқ ел болмайды.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіндегі ең көне құжат 1860 жылдан сыр тартады. Ол — бұл ғимаратта біздің өлкеміздің кемінде екі ғасырға жуық тарихы жинақталған деген сөз. Осыншалық байлықты жиған қазыналы мекемеге еңселі ғимарат қажет болатын.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіне жаңа ғимарат қажеттігі жөнінде облыстық «Ақтөбе» газеті бірнеше рет мәселе көтерген еді. Міне, бұл мәселе шешілетін болды. Бұйырса, қаламыздағы қазыналы үйге жаңа ғимарат салынатын болды. Осы және облыстық мемлекеттік архивтің жай-күйі, кешегісі мен бүгіні туралы осы мекеменің директоры Марат Төлебай екеуара сұхбат барысында баяндап берді.   

Отыз жыл және алғашқы күрделі жөндеу

 — Бірнеше жыл бұрын Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің таршылық етіп отырғаны, әрі ғимараттың бірнеше жыл жөндеу көрмей, ескіргені, көне құжаттар сақталған қорда желдеткіш жұмыс істемей тұрғанын, қордың «аузы-мұрнынан» шығып, ешбір құжат қабылдауға мүмкіндік болмай отырғанын өз көзіммен көріп, мақала жазғаным есімде. Бүгінгі жағдай қалай? Бұл мәселе шешілді ме?

— Өлкеміздің тарихының көне құжаттық жәдігерлерін сақтап отырған киелі шаңырақ — Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің өзінің ғасырға жуық тарихы бар.  Облыстық мемлекеттік архив 1923 жылы 15 қыркүйекте губерниялық архив бюросы ретінде құрылған. Алғашқы кезде мұнда 2 адам ғана жұмыс істеген және 4 қор ғана болған. 1932 жылы наурызда Ақтөбе облысының құрылуына байланысты облыстық мемлекеттік архив ұйымдастырылған. Архив құжаттарының көлемі өскен сайын қызметкерлер саны да біртіндеп артқан. 1946 жылы мамырда облыстық мемлекеттік архивтерге ауданы 600 шаршы метр болатын ғимарат бөлінді, бұл құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдауды көбейтуге мүмкіндік берді. 1963 жылы облыстық мемлекеттік архивке жалпы ауданы 571,0 шаршы метр, жобалық қуаттылығы 240 мың сақтау бірлігіне арналған Лачугин көшесі, 2-үй мекенжайы бойынша жаңа типтік ғимарат салынды. Ал 1993 жылы мемлекеттік сақтауға қабылданған құжаттар көлемінің, сондай-ақ құжаттарды сақтауға тапсыратын ұйымдар мен мекемелердің санының артуына байланысты архивке ағайынды Жұбановтар көшесі, 255-үйде орналасқан бүгінгі біз отырған ғимарат берілген. Оның жалпы аумағы — 2714 шаршы метр,  жобалық қуаттылығы 400  мың сақтау бірлігіне арналған. Бұл типтік ғимарат 1983 жылы салынған.

Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік архив екі ғимаратта орналасқан.

Бүгінде біздің мекеме  құжаттарды сақтау, есепке алу, жинақтау,  пайдалану  және оларды ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын жүргізеді. Оның барлығын 45 қызметкеріміз атқарады.

Менің осы жерге басшы болып жұмысқа келгеніме төрт жарым жылдай уақыт болды. Ғимарат 30 жылдай жөндеу көрмеген. Биыл сол олқылықтың орнын толтырдық.

Былтыр маусым-желтоқсан айларында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық мемлекеттік архивтің бас ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жобаға сәйкес 66 адамға жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамтылды. Күрделі жөндеу жұмыстарына отандық өндірушілердің құрылыс материалдары пайдаланылды.

Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ғимараттың сыртқы келбеті қалпына келтіріліп, кабинеттер толықтай жөнделді, ауажелдеткіш жүйесі (вентиляция), автоматтандырылған өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі,  лифт құрылғысы, ішкі-сыртқы инженерлік жүйелер алмастырылды, ғимарат аумағына толықтай абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге облыс әкімдігінің қолдауымен құжаттарды цифрландыруға қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық.

Ғасырға жуық тарихы бар…

— Архивтегі ең ескі құжат қай жылғы?  

—  Қазіргі кезде біздің архивтегі ең ескі құжат шамамен 1860 жылдарда жасалған метрикалық шіркеу кітаптары. Сонымен бірге «Торғай өңіріне шолу» статистикалық кітабы,  революцияға дейінгі кезеңдегі «Ақтөбе бюллетені» журналдарын қамтитын ғылыми анықтамалық кітапхана бар. Жалпы алғанда облыстық архивте 707504 сақтау бірлігін (файлдарды) біріктіретін 1611 қор сақталуда, оның ішінде 8437 фотоқұжаттар, 179 фоноқұжаттар, 180 кинофильмдер, 79 бейнеқұжаттар бар. Облыстың мемлекеттік архивінде аймақ архивистерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде жиналған ең бай архив қоры бар. Құжаттармен қатар микрофильмдер, фотосуреттер, жергілікті газеттер де бар.

Жеке қорлар да жасақталған.

— Жеке қор деген не? Сонда жеке адамдар да өз құжаттарын архивке сақтауға өткізе ала ма?

— Тек қоғамға еңбегі сіңген белгілі тұлғалар ғана архивке құжаттарын тапсыра алады. Қазіргі күні облыстық архивте 37 адамның жеке қоры бар. Дегенмен бұл құжаттарды біреудің пайдалануына рұқсат жоқ. Ол мұрагерлікпен қалдырылады. Өзі, не мұрагерлері рұқсат берсе ғана жеке қордағы құжаттар ғылыми айналымға енгізіледі.

Сонымен бірге архив мекемесі «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділерді беру» мемлекеттік қызметін көрсету, яғни әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстарды орындауға басты көңіл бөледі. 2020 жылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне байланысты Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві барлығы 7000 сұраныс орындады, оның ішінде әлеуметтік-құқықтық сұраныстар саны — 6795, тақырыптық сұраныстар саны — 170, генеалогиялық сұраныстар саны — 35. Тұрғындар электронды үкімет арқылы электронды цифрлық қолтаңба пайдалана отырып сұраныс жасай алады немесе архивке келіп те сұраныс жасауына болады. Көп ретте тұрғындар өз еңбек өтілін анықтау үшін растау құжаттарын іздейді, басқа да сұраныстар болады. Мәселен, ілкіде Nur Otan партиясының сұранысы бойынша облыстың 1993-2000 жылдар аралығындағы кірісі мен шығысы туралы мағлұматтарды іздедік. Бұл бір мысал ғана.

Цифрландыру дәуіріндегі архив

— Жаңа бір сөзіңізде «құжаттарды цифрландыруға қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық» дедіңіз. Жалпы, жаңа ғасырды — «төртінші өндірістік революция кезеңі» деп атап жүрміз. Бұл цифрландырумен тікелей байланысты. Осы тұрғыда архив жаңа ғасырдың жаңа талаптарын қалай орындап отыр?

— «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін енгізу шеңберінде облыстық мемлекеттік архив Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құжаттарын цифрлық форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл архивтік құжаттардың электрондық көшірмелерін жасауға, әрі қарай құжаттардың ұзақ және қауіпсіз сақталуын, архив құжаттарының қолжетімділігін және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте мемлекеттік архивтің Ұлттық архив қорының бірінші санаттағы құжаттарын және мемлекет үшін ерекше тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени маңызы бар аса құнды құжаттарды, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын және неғұрлым талап етілетін құжаттарын сканерлеу жүргізіледі.

Архивтік құжаттарды сандық форматқа көшірудің бірінші кезеңінде облыстық мемлекеттік архивте 112 қорды сканерлеу жоспарланып отыр, бұл 112 қорда 128220 сақтау бірлігі бар. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша облыстық мемлекеттік архивте 6000-нан астам сақтау бірлігі цифрландырылды. 2020 жылдың қараша айынан бастап «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесін енгізу жұмысы басталды. Бұл республикалық деңгейдегі қор. Барлық ақпарат осында сақталады. Бұл электронды базадан ақпарат алу үшін де міндетті түрде электронды цифрлық қолтаңба қажет болады.

Цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша былтыр өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің қолдауымен облыстық мемлекеттік архивке және 12 аудандық мемлекеттік архивтерге автоматтандырылған және желілік қоймасы бар  А-2 форматындағы бір планетарлық сканер,  А-3 форматындағы 14 планшеттік сканер желілік қоймасымен,  архивтік құжаттарды шаң-тозаңнан тазалауға  арналған жылжымалы 1 қондырғы және 15 компьютер сатып алынды. Бұл қазіргі цифрландыру жұмыстары үшін өте қажетті құрылғылар.

Қазыналы үйдің қуанышы

— Жақында өңірге ресми іссапармен келген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова облыстық мемлекеттік архивіне де бас сұғып, ұжыммен кездесіп, мекеменің жұмысымен танысқаны белгілі. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен болған сол кездесу барысында облыстық мемлекеттік архивтің жұмыс барысы, күрделі жөндеу жұмысының қорытындысымен бірге жаңа ғимараттың салынатынын да айтқан едіңіз. Сол туралы кеңірек айтып кетсеңіз?

— Иә, кездесу барысында министрге облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жаңа ғимараттың жобасын таныстырды. Эскиздік жоба бойынша бұл ғимаратта кітапхана мен архив ғимараты болады. Қазіргі уақытта Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық-әмбебап кітапхананың да таршылық етіп отырғаны белгілі.   Жоспар бойынша облыстық кітапхана 400 мың кітап қорына, ал архив 600 мың  сақтау бірлігіне арналмақ. Облыстық архив пен кітапхана ғимараты жоспар бойынша өзара қиылысқан 3 алаңнан және 4 қабаттан тұрады. Ғимарат сырты дизайны ерекше терезелермен қапталады. Ғимарат айналасы көк желекті, арнайы автокөлік тұрағы бар, жаңа заманға сай жабдықталған болады деп жоспарланып отыр.

Архив ғимараты —  құжаттарды сақтау, есепке алу, өңдеу және пайдалану міндеттерін жүзеге асыру үшін негізгі және қосалқы бөлмелер кешенін қамтиды. Архив ғимаратының қор сақтау қоймалары мобильді стеллаждар мен заманауи техникалық қондырғылармен қамтамасыз етіледі. Төменгі қабатта әкімшілік бөлім, қызметкерлердің жұмыс кабинеттері, оқу залы, техникалық бөлмелер орналасады. Қор сақтау қоймалары жоғарғы қабатта орналасып, құжаттарды сақтау талабына сай  жабдықталады. Жалпы аумағы 11296,0 шаршы метр болатын жаңа ғимараттың салынуы біз үшін үлкен тарихи оқиға болары сөзсіз. Қазіргі ғимаратымыздың таршылығына байланысты біз шамамен 10 жыл бойы ешқандай құжат қабылдай алмай отырмыз. Жаңа ғимараттың салынуы архив ісінің көптеген өзекті мәселелерінің шешімінің табылуына зор мүмкіндік береді деп сенеміз.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен осындай қуанышымызбен бөлісіп,  архивтің жұмыс кабинеттерімен, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2017-2020 жылдар аралығында сатып алынған қондырғылардың жұмысымен таныстырдық. Министр архив жұмысына оң баға беріп, қызметкерлерімізге сәттілік тілеп, архив тарихында бірінші болып келген министр ретінде біздің естелік кітабымызға өз қолтаңбасын қалдырды.

«Архив-2025»: Орынбордан әкелінген құжаттар

— 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды ұсынған болатын. Осы жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек екенін айтқан болатын. Бұл бағытта облыстық мемлекеттік архив қандай жұмыстар атқарып отыр?

—  «Архив-2025» мемлекеттік іс-шаралар кешенін жүзеге асыру шеңберінде еліміздегі архив ісі жүйесін цифрландыру ісін жетілдіру, отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі және ұзақ мерзімді қарым-қатынасты нығайтып, Ұлттық архив қорын Қазақстан және өлке тарихы бойынша құнды құжаттармен  толықтыру, оларды ғылыми айналымға енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ғылыми-іздестіру экспедициясы жасақталды. 2019 жылы облыстың мемлекеттік архиві қызметкерлері Орынбор облысына іссапармен барды. Экспедиция мақсаты — Орынбор облысының мемлекеттік архивінің қорларында Қазақстан тарихы және Ақтөбе облысы бойынша деректі дереккөздерді іздеу болған-ды. Экспедиция жұмысының нәтижесінде Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатынан 74 іс көлемінде 10 қордан құжаттардың көшірмелері табылып, әкелінді.

Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Жоспар бойынша биыл Уфа, Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларының мемлекеттік архивтеріне ғылыми-іздестіру экспедициялары ұйымдастырылмақ.

— Облыстық мемлекеттік архивтің 1923 жылы 15 қыркүйекте губерниялық архив бюросы ретінде құрылғанын айтып кеттіңіз. Демек, екі жылдан кейін архив бір ғасырлық тойын тойлайды. Сол межелі датаға жаңа ғимаратпен келеді екенсіздер ғой?   

— Иә, бұл шын мәнінде облыстық мемлекеттік архивтің жаңа бір белесі болмақ. Оған қоса  Қазақстан Республикасының  мерекелер күндерін бекіту барысында   қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесін бекіту туралы» қаулысына былтыр 22 желтоқсан күнгі №874 толықтыру енгізілді. Құжатқа сәйкес, көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесі «48. Архивист күні – 22 желтоқсан» деген мазмұндағы 48-тармақпен толықтырылды. Демек, биылдан бастап архивистердің күнтізбеде «өз күні» болады, яғни төл мерекесі болады.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button