Басты жаңалықтарЭкономика

2020 жылы облыста жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
Одан кейін жиында облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы жасалып, алдағы жылдың жоспары айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалатынын жеткізді. Облыс бойынша инфляция 107,5%-ды құрайды. Негізгі капиталға түсетін инвестиция 646,8 миллиард теңгені құрады. Бюджет қаржысының 355 миллиард теңгесі игерілді, сол көрсеткіш бойынша Ақтөбе облысы өңірлер арасында үшінші орында.​ Бюджеттің жоспарлау кезіндегі ​ 99,8 миллиард теңгені құрайтын кіріс бөлігі 123,5 миллиард теңгені құрады.
Негізгі мақсаты ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту, ауыл аумақтарындағы инфрақұрылымдарды жаңғырту, оларды өңірлік стандарттар жүйесі параметрлеріне дейін жеткізу болып табылатын «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2020 жылдары 107 мың тұрғыны бар 17 ауылда 6,6 миллиард теңгеге 39 жоба жүзеге асырылды. Биыл 72,5 мың адам тұратын келешегі бар 32 ауылда 7,7 миллиард теңгеге 78 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 41,5 миллиард теңгеге 300 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды, 12 мың адам жұмысқа орналасты. 22​ 803 жаңа жұмыс орындары құрылып, оның 56%-ы тұрақты.
«Жол картасының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы республикамызда жұмыссыздық деңгейі 0,1% төмендеген жалғыз өңір. Осы жылы шағын және орта бизнеске микрокредит беру үшін 1,1 миллиард теңге, тағы 13,9 миллиард теңге инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға ​ бөлінбек. «Еңбек» бағдарламасымен 54​ 248 адам қамтылып, 2 мыңдай адам мемлекет қолдауын пайдаланды, 1​ 357 адам 745 миллион теңгеге қайтарымсыз гранттар, 953 адам 4,6 миллиард теңге шағын несие алды. Көпшілік мақұлдаған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%, жастар арасындағы жұмыссыздық – 2,7% құрады», — деді Руслан Хамбаров.
Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығының 2020 жылдағы дамуы туралы баяндады.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 324,7 миллион теңгені, нақты көлем индексі 106,7% құрады. Негізгі капиталға 22,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өсім – 110,4%.
Субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 19 миллиард теңге бөлінді, соның ішінде 863 миллион теңге мал шаруашылығына берілді.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин субсидия алатын әрбір шаруашылық бойынша нақты талдау жүргізуді тапсырды.
Облыс басшысы: «Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға қанша қаражат бөлетінін ескерсек, барлық көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім болуы керек. Біз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден бағаны тұрақтандыру, мал басының, ұқсату көлемінің ​ өсімі түрінде қайтарымды көруіміз керек», — деп атап өтті.
Ағымдағы жылы Ақтөбе қаласында, Хромтау, Мәртөк, Қарғалы аудандарында тауарлы сүт фермаларын, ет пен жұмыртқа ​ бағытындағы құс фермаларын, бордақылау алаңдарын, жылыжай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін экспортқа бағытталған өндірістік кәсіпорындар ашу, өндірістік кооперативтердің тиімділігін арттыру, егістік жерлерді әртараптандыру, тұрақты суарылатын жерлерді айналымға енгізу бойынша үлкен жұмыстар жоспарланған.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары аясында бизнестің 1675 жобасы қолдау тапқандарын баяндады. Өңірлер тұрғысынан алғанда, облыс көшбасшылар қатарында. Бизнестің жол картасы аясында кәсіпкерлік субъектілерінің 1108 жобасы қолдау көрді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 38,9 миллирд теңгеге 122 жоба мақұлданды. Жобалардың дені аграрлық-өнеркәсіп кешені, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, білім және т.б. ​ үлесінде.

Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 1​ 156 ​ жұмыс орны құрылып, 138,3 миллиард теңгеге 23 жоба жүзеге асырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет әлеуметтік саланың даму қорытындысы туралы ақпарат берді.
Білім беру саласында 20 мектеп салынып, 56 білім беру мекемесі жөнделді, 87 пән кабинеттері жабдықталды.
Биыл білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, үш ауысымдық білім беру мен оқушы орындарының тапшылығын жою ​ шаралары қабылданатын болады. Сондай-ақ 8 мектептің, екі қосалқы ғимараттың құрылысы жалғасып, Мұғалжар ауданының Қандыағаш, Ембі қалаларындағы, Алға ауданының Маржанбұлақ ауылындағы мектептердің, Қарғалы ауданындағы өнер мектебінің, Ақтөбе қаласындағы Қазанғап атындағы мектептің құрылысы басталмақ.
Жиын соңында Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының тапсырмаларын толығымен орындау үшін барлық шараларды қабылдау керектігін атап өтті.
Облыс әкімі: «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын көтеру – алдымызда тұрған ең маңызды міндеттер. Бұл мәселелер қатаң бақылауда. Олардың шешіміне қолда бар ресурстарды пайдалана отырып, үлкен жауапкершілікпен қарау керек», — деп тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button