Білім

Жүйелі жұмыс. Нақты нәтиже

Тәрбие

Облыстық қос басқарма — білім және денсаулық сақтау басқармасы «Bilim foundation» қоғамдық қорымен «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында келісімшарт жасады.

Бағдарлама аясында суицидтік қауіпті анықтау мақсатында 698 мектеп психологі мен 427 дәрігер оқытылған.

Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасындағы суицид мәселесі өзекті болып тұр. Соған байланысты суицидтің алдын алу жөнінде арнайы жұмыс жоспары, бағдарлама әзірленді. Бұл мақсаттағы жұмыстарды іске асыру үшін 36 миллион теңге бөлінген болатын. Жоспарланған жұмыс аясында біршама жұмыстар атқарылды. Мысалы, 8-11 сынып және колледждердің 1-курс оқушыларының психологиялық сауаттылығы арттырылды. Суицид немесе суицидке ұмтылу әрекеті болған жағдайда педагогтерге, жастар мен ата-аналарға шұғыл көмек көрсетілді. Келеңсіз жағдайдың алдын алу мақсатында ата-аналар жиналыстарында және оқушыларға арналған сынып сағаттарында көрсетілетін деректі фильмдер мен әлеуметтік роликтер шығарылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына үйлестірушілер ата-аналар чаттары арқылы тарату үшін әртүрлі тақырыптарға байланысты бейнероликтерді жүйелі түрде жіберіп отыр, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрқожаева.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында әзірленген барлық материалдар https://bilimfoundation.org / сайтында жарияланған.

Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың суицидтік әрекеттерінің саны 64 пайызға төмендеді, — дейді бөлім басшысы.

Ата-аналар мен жасөспірімдер қор үйлестірушілерінің 8-771-039-49-29, 41-52-96 сенім телефонына хабарласып, тегін психологиялық-педагогикалық көмек алуларына болады. Сондай-ақ облыстық білім басқармасында балалардың құқықтарын қорғау және педагогикалық-психологиялық кеңес беру мақсатында 55-17-92 сенім телефоны, 54-03-52, 8-702-031-25-22 — Call center жұмыс  жасайды.

Айта кету керек, «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы Қызылорда, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұрсұлтан қаласында іске асырылуда.

Бағдарлама тиісті сараптамадан және апробациядан өтті. Превенция әдістемесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бағдарлама жұмыс істейтін өңірлерде балалардың суицидтік мінез-құлқының айтарлықтай төмендеуі байқалады, — дейді Райхан Нұрқожаева.

Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен  биылдан бастап бағдарлама еліміздің барлық аумағында енгізілуде.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button