Басты жаңалықтар

Болашақ ұшқыштардың ұйымшылдығы

Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 300-ге тарта курсанты қаладағы №72 сайлау учаскесінде бір мезгілде дауыс берді.
— Сайлауға қатысу — әрбір қазақстандық азаматтың конституциялық құқығы және азаматтық борышы. Бүгін әскери институттың 300-ге тарта курсанты Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депуттарын сайлауға келіп, таңдауларын жасап жатыр. Оның 70-ге жуығы — алғаш рет сайлауға қатысып, дауыс берушілер. Яғни, оқу орнына 2020 жылы қабылданған бірінші курс курсанттары. Біз бүгін тәуелсіздігімізге, жоғары кәсіби армиямызға, тұрақтылық пен ұрпақтар сабақтастығына және балаларымыздың болашағы үшін дауыс бердік. Оқу орнында курсанттарға сайлаудың тәртібі туралы жалпы ақпарат берілді, арнайы сабақтар өткізілді. Бұл туралы олар бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар арқылы да хабардар, — дейді Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттар батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Арман Өмірзақов.
Курсанттардың арасында сайлауға алғаш рет қатысып тұрғандардың бірі — Рамазан Молтай. Ұшқыш мамандығы бойынша дәріс алып жатқан ол сайлаудың әрбір қазақстандық үшін маңызы зор екенін айтады.
— Сайлау учаскесіне келіп, бірінші рет дауыс бердім. Өзімді Қазақстақстан Республикасының толыққанды азаматы ретінде сезініп тұрмын. Мұны мен мақтан тұтамын. Бүгінгі біздің сайлауда берген дауысымыз еліміздің жарқын болашағы үшін өте маңызды, — деді Тараз қаласынан Ақтөбеге оқуға келген бірінші курс курсанты Р.Молтай.
Ақтөбе қаласындағы №1 орта мектебінде орналасқан №72 сайлау учаскесінің төрағасы Аян Бимановтың айтуынша, аталған учаскеге 2163 сайлаушы бекітілген. Бұл учаскеге қаланың Ағайынды Жұбановтар, Гришин көшелері мен Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы үйлердің тұрғындарын қамтиды.
— Осыдан бір ай бұрын сайлау науқанына дайындық басталған болатын. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, сайлаушыларды қабылдап жатырмыз. Сайлаушыларымыздың арасында 13 адам үйден дауыс беруге өтініш білдірді. Біз сайлау тәртібі бойынша, үйден дауыс берушілердің өтінішін сағат 12.00-ге дейін қабылдаймыз. Содан соң сайлау учаскесінен екі адам және бір байқаушы дауыс жинау үшін сайлаушылардың үйлеріне барады. Сол сияқты, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 5 курсанты қазіргі күні госпитальда жатыр. Олардың да өтініші қабылданған болатын, — деді А.Биманов.
Аталған сайлау учаскесінде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, жастар ұйымдарының мүшелері байқаушы ретінде қатысты.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Күнбаеваны біз №72 сайлау учаскесінде кезіктірдік.
— Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары. Олардың ерте тұрып, дауыс беруге келіп жатқанын аңғаруға болады. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері санитарлық талаптарды қатаң сақтап отырғанын байқаймыз. Әрі мұндай тәртіпті сайлаушыларымыз да ұстануда. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, барлық сайлау туралы заңдылықтар сақталып жатыр. Өздеріңіз аңғарған болсаңыздар, әрбір сайлау учаскесіне кіреберістегі стендке еліміздің Бас санитарының қаулысы ілінген. Сондықтан барлық заңдылықтар сақталып, дауыс беру рәсімі өткізіліп жатыр, — деді ол.
Оның айтуынша, облыс бойынша 517 сайлау учаскесі құрылған. Барлық сайлау учаскесінде байқаушылар жұмыс жасап жатыр. «Бізде шамамен екі айдан бері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан, яғни Ұлыбританиядан келген екі адам жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, ТМД Атқарушы комитетінен, яғни көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысынан келген 4 халықаралық байқаушы бар. Қазіргі күні олар сайлау учаскелерінде дауыс беру рәсіміне қатысып, жағдайды жан-жақты бақылап жүр. Олардың барлығы Ақтөбе қаласында жұмыс жасап жатыр. Егер аудандарға барамыз десе, біз қарсылық білдірмейміз», — деді Г.Күнбаева.
Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, сайлау күні аймақтағы 3 сайлау учаскесінде — Мұғалжар ауданының Саға және Жағабұлақ, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен дауыс беру уақыты таңғы сағат 6.00-де басталған. Бұл — вахталық елді мекендер мен әскери бөлімде жұмыс уақытына байланысты қабылданған шара.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button