Басты жаңалықтар

Аң аулауға шығасың ба?..

Қазір екінің бірі «охотник». Жүгірген аң, ұшқан құс жердегі адамдардың нысанасынан қашып құтылмайтын болды. Неше түрлі жол талғамайтын техника мен алысты жақындататын қару-жарақтар біраз аң мен құсты «Қызыл кітапқа» енгізіп жіберді. Аңшылық — қазақта бар кәсіп. Ал саятшылық — өнер.  Әрине, таза ауа, өзен-көлдің жағасында  ит қосып, қиқу салуға әркім құмар-ақ. Бірақ…

Аңның да сұрауы бар. Біз әуесқойларға аң аулаудың жалпы ережесін айтпақпыз. Өйткені елсіз даладағы жыбырлағанның бәрі менікі деп ата беретін заман жоқ. Өйтсеңіз ірі көлемде айыппұл арқалап, тіпті бас бостандығыңыздан айырылып қалуыңыз әбден мүмкін. Мұны бәрі біледі. Қай нәрсенің де құрығы ұзарған заманда «ақырын жүріп анық басқан» жөн. Кейбіреулер қызыққа беріліп, бейне кадрға түсіріп, оны әлеуметтік желіге салып, өз-өзін ұстап береді.

Сонда облыс тұрғындары  аң аулау үшін алдымен не істеуі керек? Оның үстіне тап қазіргідей қар түскен сайын қансонар болатын қыс айында аңшылар үйде жата ала ма? Дегенмен бірінші мына мәселені шешіп алайық. Сіз аңды немен ұстайсыз? Әрине, жайлы техника, сайлы қару тұрғанда  атқа мініп тазы қосып не керек? Көбі солай ойлайды. Егер құмарыңызды қарумен басқыңыз келсе, ауылдан алыс шығып ата бермейсіз. Қай жерден ұсталып қалам деп қыпылдап жүру  саятшылыққа да жатпайды. Әрі қызығыңыздан гөрі қорқынышыңыз басым жүретінін мойындаңыз. Ал заңды түрде аңның көкесі қабан атқыңыз келсе, бұған мүмкіндік бар. Аңшылық шаруашылықпен айналысу мақсатында жабайы жануарларды жартылай ерікті жағдайда ұстауға болады.

Мәселен, Қобда ауданында «Зеленый Дол» аң шаруашылығы бар. Алдымен сол шаруашылықтан жолдама болуы керек. Сол жердің аумағында ғана рұқсат етіледі. Сонымен бірге қару ұстауға ішкі істер органдарының рұқсат қағазы және аңшылық куәлігі болуы шарт. Осы үшеуі болған жағдайда сіз еш алаңсыз қызыққан дала жануарын көздей аласыз. Бір қабанға шамамен 60 мың теңге төлейді. Атып алынған аң 100 пайыз сіздікі. Бірақ бәрін сатып алдым деп өзіңіз барып сайран сала алмайсыз. Оның да тәртібі, талабы бар. Тұяқты жануарларды ату үшін қасыңызда міндетті түрде қорықшы болады. Ол сіздің қауіпсіздігіңізге жауап береді және қай жерде аң аулау ыңғайлы екенін көрсетеді. Облыста мұндай 52 аң шаруашылығы бар. Олар 10 жылға жалға алады. Аң-құстарды қорғайды. Әр шаруашылықтың қорықшылары болады.

Хромтау ауданында «Қопа» аң шаруашылығы бар. Аумағы 80 гектар жерді алып жатқан шаруашылықтың даласынан қоян, түлкі, қарсақ, тағы басқа аңдар өреді.

Жалпы, мұндай шаруашылықтар аумақты қоршап алып, ол жерге иелік жүргізбейді. Қорықшылар тек сол аумақтағы аң-құстарға жауапты. Әкімшіліктің немесе шаруа қожалығы жеріндегі дала жануарлары сол шаруа қожалықтарының иелігінде емес. Шаруа қожалықтары да өз жеріндегі аң-құстарды рұқсатсыз ата алмайды.

Біз талапқа сай жылына 200 қоянға дейін атуға жолдама береміз. Бірақ келіп аулаушылардың қатары аз. Оның үстіне карантин талаптары тағы бар. Қазір бұрынғыдай емес, бей-берекет аңға шығу  азайды. Егер жоғарыдағыдай талаптарды орындап, аулаушылар келіп жатса, бес қорықшымыз бар. Күзде үйрек, қаз, қасқалдақ, құр, шалшықшы  аулау мерзімі 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін, ал шілге 6 қыркүйектен 15 қарашаға дейін мерзім белгіленген, — дейді «Қопа аңшылар мен балық аулаушылар ұжымы» қоғамдық  бірлестігінің төрағасы Тілеу Ескендіров.

Жалпы   тұяқты жануарлардың аталығына  1 тамыздан 31 желтоқсанға дейін, қабанға  6 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген. Қыста қоян, түлкі, қарсақ, күзен аулау  1 қарашадан бастап ақпан айының ортасына дейін жалғасады.

Облыс аумағында сүтқоректілердің 62 және құстардың 214 түрі бар екен.  Олардың ішінде 35 сүтқоректі мен құстың 80 түрі аңшылық-кәсіптік бағыттарға жатады. Ал аңдардың 10 түрі мен 35 құс «Қызыл кітапқа» енген. Мамандардың айтуынша, жабайы аңдардың  жағдайы қалыпты. Казіргі кезде аңшылық пайдаланушылармен кәсіптік аң аулау жүргізілмейді. Сонымен қатар Ақтөбе аймағының жері жартылай шөлейтті. Құнарлығы төмен, 4, 5-ші санатқа жатады екен. Сондықтан дала жануарлары да сирек. Бұл сала кәсіптік жолмен ғана дамуы мүмкін.

Киік пен қабан, көл мен құс десе, көз алдымызға олардың отаны болып отырған «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік резерваты келеді. Бірақ онда аң ауламақ түгілі кіруге тыйым салынған.  Былтыр киіктерді ату, сақтау, алып жүру, тасымалдау және киіктердің дериваттары бойынша 12 факт анықталды, 12 адам ұсталып, соттың шешімімен 7 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 5 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілді. 7 киіктің ұшасы (туша) және 326 мүйіз айғақ зат ретінде тәркіленді. Заң бұзушылардан 1 автокөлік, 1 қарда жүргіш шана, 2 мотоцикл мемлекет пайдасына өндірілген. Сондықтан саят құрамын деп тәртіпті ұмытпаған дұрыс.

Киік  өте ежелден келе жатқан жануар түрі болып есептеледі. Бұл жануарды сақтап,  келер ұрпаққа жеткізу — бүгінгі біздің тікелей міндетіміз. Қазіргі кезде аңшылық шаруашылығын жүргізудің негізгі бағыты жабайы жануарларды қорғау, олардың санын өсіру, биотехникалық іс-шараларды өткізу және өз аңшылық шаруашылығымыздың аумағында әуесқойлық аң аулауды ұйымдастыруымыз керек. Аңшылық жолдамада ауланатын аң-құстардың түрі, ауланатын жері және мерзімі міндетті түрде көрсетіледі, — дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияның басшысы Қуаныш Аязов.

Қарусыз қанжығасына қасқыр байлаған жігіт

Саятшылық дәстүрді насихаттап, қанымызда бар серілікті жалғастырып жүрген жігіттер бар екен. Бірақ олар оқ шығармай-ақ, қарусыз қанжығасын майлап жүр. Солардың бірі Ғабит  Сейітжанов бірнеше тазы ертіп аңға шығады. «Дәуқара», «Көктұйғын», «Дауыл», «Жойқын» атты тазылары жүгірген аңды аттатпайды. Бала кезінен күшік ұстап өскен Ғабит қолдағы тазыларын келістіріп баптаған. Ол Ақтөбе қаласының іргесінде тұрғанымен аңсары далаға көбірек ауады. Былтырғы қансонардың алғашқы күнінде тазысы екі қоянды қағып түскен. Ал екінші сонарда  қасқыр алды. Үшінші сонарда қашқан 4 қоян жүйрік тазылардан құтыла алмапты.

Өткен жылы күзде Ғабиттың бастамасымен «Салбурын» ұйымдастырылды. Ырғыз жерінде өткен сайысқа еліміздің кәнігі аңшылары мен әуесқойлары  жиналған. Даланың сәнін келтірген салтанатты шара көптің құмарын қандырды. Келісім бойынша тазылар далаға жіберіледі. Кімнің тазысы қоянды бірінші ұстаса, сол жеңімпаз болады. Бұл жерде тазылардың жүйріктігі, аңды шалу, қайыру әдістері де сыналады. «Салбурынның» жоғары деңгейде өткені соншалықты, әлеуметтік желіден көріп, еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелден де қызығушылық танытқандар көп болды.

Қазіргі кезде техника, қар шанасы аң біткеннің бәрін бездіріп, түз тағысы қасқырға дейін қуысқа қуып тықты. Бұл әсіреқұмаршылдық аңдардың азаюына әкеліп соқтырды. Ал Ғабиттың тобындағылар құнықпайды.  Өзін де, тазыларын да құмардан шығаратын қансонарды күтеді. Ғабитты көбіне жылқыларына ит-құс тиіп маза бермеген малшылар шақыртады екен. Бұған дейін атпен жүріп 7-8 қасқыр алған.

«Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп Абай айтқандай, бұл күндерді асыға күтеміз. Біздің мақсатымыз — табиғат аясында қазақы, таза саятшылық құру. Осының өзінде кейінгі жастарға пайдасы бар сыйластықтың, татулықтың, жомарттықтың үлгісі көп. Оқ атып, дала жануарларын құртып алмауымыз керек. Ал біз бұйырғанын ғана аламыз. Әр тазының қару сияқты өз құжаты бар. Бұл жағынан жеңілдік жоқ. Бір маусымға 6 қоян аулау үшін 25 мың теңгеге жолдама аламыз. Аңшылар мен балықшылар одағы бізге жолдама беру жеңілдігін қарастырса дейміз. Қоян аулауға қазан айының ортасынан бастап рұқсат берілсе деген ұсынысым бар. Себебі қара жерде тазыларымызды жүгіртуіміз керек. Қараша айында қар түсіп кеткеннен кейін  қоян қаша алмайды. Иттердің жүйріктігін анықтай алмайсың, — дейді Ғабит Сейітжанов.

Оның айтуынша, тазы ұстайтын аңшылардың WhatsApp желісінде арнайы тобы бар. Басында 70-80 адам болатын. Қазір олардың саны 350-400-ге жеткен.

P.S.Облыс аймағында құсбегі жоқ десе де болады. Қанатты құсты қолға бағындырып, аңға салу батыста дамымаған. Оған табиғатымыз келіспейді екен. Бірақ Ғабит алдағы уақытта бүркіт ұстауға ниеттеніп отырғанын айтты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button