Басты жаңалықтар

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА: Әлеуметтік қолдау бар. Енді бұқаралық спортқа маңыз беру керек

Кеше Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мәртөк ауданындағы мемлекеттік мекемелердің жұмысымен танысып, өзі басқаратын саладағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ол ведомство осындағы ұсыныс-тілекті тыңдап, алдағы уақытта ескеруге дайын екенін білдірді.

Министр бастаған топ әуелі Мәртөк аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мұнда ұл-қыздар спорттың бірнеше түрімен алаңсыз айналыса алады. Бір уақытта 270 спортшыны қабылдауға мүмкіндік бар. Тиісінше екі қабатты ғимараттың материалдық-техникалық базасы талапқа сай. Әсіресе, бұл жерде қазақша күрес пен дзюдоға қызығушылық зор. Қысқы спорт түрлеріне де ықылас айтарлықтай екен. 2019 жылы ашылған аталған орталықта бассейн және жұмыс істейді. Спорт мекемесінің директоры Нұрлан Тажиғаринның айтуынша, қазіргі таңда су спортымен 50-ден астам мәртөктік жас ақысыз негізде айналысып жүр. Барлығы 4 топ жасақталған. Олардың арасында мүгедек жандар да кездеседі. Спорт мектебіндегі бассейнді көрген министр мұндай кешендердің көптеп салынуы керектігін айтып, өзгелерге үлгі етуге болатынын және қосты.

— Мемлекет басшысының өзі бұқаралық спортқа ерекше мән беріп отыр. Жер-жерде спорт кешендерін салуды тапсырды. Осы тұрғыдан келгенде, мұндай орталықтар халыққа керек. Әрі ішінде бассейні болса, тіптен жақсы. Спорттың басқа түрімен айналысқан балалар жаттығудан кейін суда жүзе алады. Уақытын үнемдейді әрі ыңғайлы.

Қамқорлықтың бір көрінісі деп өткен жылдың соңында қабылданған заң нормаларын айтуға болады. Енді нұсқаушылар да жалақы алады. Бұрынғыдай ақысыз негізде жүрмейді.  Бұл да болса спорттың дамуына әсер етері сөзсіз, — деп атап өткен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жас спортшылармен де сөйлесіп, оларға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин балалардың қысы-жазы ғимарат ішінде спортпен айналысуына мүмкіндік беретін осындай кешендермен барлық ауданды қамту басты мақсат екенін айтты. Ал аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы биыл ауданға қарасты 5 ауылға спорт кешенін салу жоспарға енгенін, сол мақсатта қажетті құжаттардың дайындалып жатқанын тілге тиек етті.

Арнайы топ аудан орталығындағы Мәдениет үйінің жұмысымен де танысты. Аталған сала қызметкерлерімен кездесіп, кітап және қолөнер бұйымдарының көшпелі көрмесін тамашалаған Ақтоты Рахметоллақызы атқарылған жұмыстарды оң бағалады. Кездесу барысында белгілі қолөнер шебері Ерқосай Әбілов өзінің авторлық жобасы — алып киіз үйдің эскизін көрсетіп, атқарушы биліктен идеяның жүзеге асуын қолдауды сұраса, өзгелер қолдан жасаған түрлі заттарын таныстырды. Сондай-ақ мекеме жанынан ашылған үйірмелердің тынысы туралы жан-жақты мәлімет берілді. Үйірме жетекшілерімен жеке-жеке тілдескен министр сөз арасында олардың еңбекақысының қанша екенін сұрап, хал-жағдайын білді. Шығармашылыққа жақын мамандардың ақысыз негізде жұмыс істейтінін білгенде, риясыз көңілі үшін алғысын білдіріп, бұны руханиятқа қосқан айрықша үлес деп бағалады…

Күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінің іші-сырты толығымен жаңартылыпты. 350 орынға шақталған көрермендер залы да сыңғырлап тұр. Аудандағы оркестрдің өнеріне куә болған министр жиналғандармен естелік суретке түсіп, лебізін білдірді.

— Мәдениет және спорт мамандарына қолдау күшейіп келеді. Ел Президентінің тапсырмасымен жыл сайын жалақы көлемі артып келе жатыр. Көптеген мәдени-спорттық нысандар ашылу үстінде. Осының  барлығы азаматтардың денсаулығын жақсартып, тұрмысын көтеру үшін жасалып отыр. Әлі де атқарылатын жұмыс көп. Бір жағынан, Ақтөбеге ұсыныс-тілектеріңізді білу үшін келіп отырмын. Лажы болса, әкім, оның орынбасарлары арқылы сауал-хаттарыңызды жолдаңыздар. Өзім де тыңдауға әзірмін.

Еңбектеріңізге табыс тілеймін. Пандемия аяқталып, мына Мәдениет үйі көрерменге толсын, — деген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова облыс әкіміне Ақтөбенің киелі жерлерін танытуға ерекше маңыз беруді тапсырып, қолөнершілерді қолдау да күн тәртібінен түспесе деген тілегін білдірді. Артынша еліміздің бірнеше өңірінде қолөнершілер үйінің ашылғанын мысалға келтірді.

Айта кетейік, ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Мәртөк ауданында 30 мыңға тарта тұрғын бар.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button