Жаңалықтар

Хромтаудағы жарылыс себебі анықталып жатыр

30 желтоқсанда «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС «Весенняя Аралчинская» шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде төрт жарушы қаза болды.

Ресми дерек бойынша 30 желтоқсанда 21 сағат 21 минутта Хромтау ауданының өрт сөндіру бөлімінің пультіне Көктау кентінен 30 шақырым жерде орналасқан  шахтадағы жағдай туралы хабарлама келіп түскен.

«Оқиға орнында барлау жүргізу кезінде 1 адам зардап шегіп, 4 адам қаза тапқаны анықталды. Қазіргі уақытта зардап шегушіні медициналық қызмет қызметкерлері тексеріп жатыр, оқиғаның себебі анықталуда. Оқиға орнына жедел түрде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша мән-жайды анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары С.Бекбергенов және ТЖД қызметкерлері шықты», —  деп жазды облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғани Жапишов.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарылыстан қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтып, оқиғаның анық-қанығын жіті зерттеу үшін арнайы комиссия құрылғанын, жағдайдың өз бақылауында болатынын жазды.

Ал кеше Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Қамиев пен еңбек инспекторы Артур Әуезов арнайы сұхбат беріп, қазіргі кезде осы жазатайым оқиғаға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

— Алдын ала болжам бойынша 4 адам белгісіз газдан улану салдарынан қайтыс болған. Оның ішінде біреуі — тау-кен шебері, екеуі — жарушы және біреуі — көлік жүргізушісі. Әзірге сот сараптамасы бізге толық берілген жоқ. Бүгінде кен орнындағы жұмыс толық тоқтатылды, жұмысшылар жер бетіне шығарылды. Сол күні жазатайым оқиға болған жерге облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов бастаған комиссия жедел түрде барды. Комиссия құрамында сонымен бірге Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров, Ақтөбе облысы еңбек инспекция жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы Самат Тәждәулетовтер болды.

Бүгінде бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті тарапынан арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылды. Оның құрамына аталған комитеттің, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті, Ақтөбе облысының тауарлардың сапасын бақылау департаменті өкілдері енгізілді, сонымен бірге Ақтөбе мыс компаниясы жұмысшыларының ұсынысы бойынша еңбек ұжымының өкілі де енгізілді. Бүгінде жұмыс беруші тарапынан үйіндегі азаматынан айырылған әр отбасына әлеуметтік көмек көрсетуге шешім қабылданды. Біріншіден, әр отбасына жерлеу жұмыстары үшін 2 миллион теңгеден қаражат бөлінді. Және әр отбасына 20 миллион теңге көлемінде бір реттік көмек, не отбасындағы адам санына байланысты пәтер алып беру, не үйдегі ең кішкентай бала кәмелет жасқа келгенше қайтыс болған жұмысшының жалақысын сақтау, не балаларды жоғары оқу орнында оқытуға қатысты бірнеше нұсқада көмек ұсынылды. Әзірге отбасылар тарапынан жауап берілген жоқ. Жазатайым оқиға кезінде зардап шеккен тағы бір адамға емдеу шаралары үшін көмек көрсетілді, — деді Қуаныш Қамиев.

Қ.Қамиевтің айтуынша, қазіргі уақытта арнайы зерттеу жүргізетін комиссия жұмысына кірісті. Еңбек заңнамасына байланысты комиссия 10 күннің ішінде жұмыс жүргізіп, нәтижелерін жариялауы керек.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button