Басты жаңалықтарМереке

Құрметті ақтөбеліктер! Қадірменді жерлестер!  

 

Мінеки, өздеріңізбен бірге күнтізбені жаңартып, жылнаманың жаңа 2021 жылын қарсы алып отырмыз.

Өткен жылдың өзіндік ерекшелігі мен салған салмағы ешкімге оңай тиген жоқ. Жүз жылда бір келетін ғасыр дерті әлемді аласапыран қылды. Күллі адамзаттың басына түскен  сынақ бізге де әсерін тигізді. Індеттің себебінен көптеген шаралар кейінге шегерілді. Жоспардан тыс қаншама істер жолдан қосылды. Пандемияның кері әсері экономиканың барлық салаларын қамтыды.

Жасыратыны жоқ, облыстық бюджетке едәуір салмақ түсті. Дегенмен шүкір дейік, ол сынақтан да сынбай өттік. Шыдамдылық көрсеттік. Шыңдалдық. Жаңылыс басқан жерімізді оңдадық. Бүгіндікке басымыз аман, бауырымыз бүтін. Ең басты байлық — денсаулық екенін, ал ең басты құндылық отбасының берекесі екенін түсіндік. Көптен еңбегі еленбей қалған дәрігерлеріміз бен мұғалімдеріміздің қадірін білдік.

Осындай қиындықтарға қарамастан, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өсу қарқыны тоқтаған жоқ. Өткен жылы өздеріңізге берген уәдемізде тұра алдық. Экономикалық салада бірқатар алға жылжу бар.

Жалпы өндіріс саласындағы, құрылыс саласындағы өсім мөлшері жоспарлаған межеден артты. Соның нәтижесінде көптен күткен кезек жылжып, қаншама тұрғындарымыз жаңа баспана алып қуанды!

Қаламызда жоспарланған 97 көшенің орнына 117 көшені жөндеп, асфальт төседік. Тротуарлар мен балалар алаңын салдық. Тозығы жеткен аулаларды жөндей бастадық.

Инвестиция көлемі де ұлғайды. Көптеген жаңа жобалар іске қосылды. Нәтижесінде өңірлер арасында алдыңғы қатардан көріндік. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Жаңа өнімдер пайда болды.

Ауыл шаруашылығында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Астық бітік шығып, дихандарымыздың көңілі жайланды. Шаруаларымыздың жағдайын жақсартып, мал өсіруге ынталандыру мақсатында субсидия мәселесін шештік. Соған сәйкес мал басының саны көбейді.

Шалғай ауылдарға газ, су тартылды. Байланыс жүйесі жаңартылып, интернет желісіне қосылды. Көшелерге асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынды. Көшелер жарықтандырылды.

Бірнеше елді мекендерде  денешынықтыру-сауықтыру кешендері іске қосылды. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары да бассейн, заманауи фитнес орталықтарының игілігін көре бастады. «Ақтөбе» футбол клубы қарыздан толық құтылып, премьер-лигаға қайта оралды. Барлық бастамаларымыз  алдағы уақытта  да өз жалғасын табады.

Даңқты бабаларымыз әл-Фарабидің 1150,  Абайдың 175 жылдығына орай бірқатар маңызды шаралар өткізілді. Ақтөбедегі ақын атындағы даңғыл бойынан Абай атамыздың еңселі  ескерткіші бой көтерді. «Әдебиет. Рух. Қоғам»  республикалық  әдеби шарасы ұйымдастырылды.

«Ер Едіге — Ноғайлы дәуірінің жыры»  дастанының  музыкалық альбомы  жарыққа шықты.

Атап өту керек,  жасалған іс-шаралар орта ғасырдағы айбынды мемлекетіміз Алтын Орданың 750 жылдығына тұспа-тұс келді. Ол дегеніміз — тарихты тану. Өзімізді тану. Ата-бабаларымыз өр мінезімен, қайтпас қайсарлығымен тұлпардың тұяғының жеткен жеріне дейін ұлан-ғайыр мемлекет құрған. Сол дәуірдің заңды тарихи мұрагері біздерміз. Жас ұрпаққа  сондай даңқты бабалардың ізбасарлары екендігін мақтанышпен дәріптеу үздіксіз жалғасын табатын ұлағатты іс болуы тиіс.

Құрметті ақтөбеліктер!

Әр жылдың өз жетістігі, өз ерекшелігі бар. Өткенге салауат айтып, келер күннен жақсылық күтетін халықпыз. Алдағы уақытқа жоспарлаған межелеріміз айқын. Осыған сай жасалатын жұмыстар көп. Қордаланып қалған экологиялық мәселелеріміз бар. Оны шешуге әрекет жасаймыз. Бірқатар салынуға тиіс әлеуметтік нысандарымыз бар. Оларды қолға аламыз. Көптен көгілдір отынды сағынып күткен елді мекендердің бірқатарына  газ тартамыз. Елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыруды жалғастырамыз. Жолдарымызды, көшелерімізді жөндеу, тротуарлар салу жалғасын табады. Келген жылға жоспарлаған осындай жұмыстарымыз жеткілікті. Тек оның нәтижелерінің оңды болуы елдегі тыныштыққа, береке-бірлікке, саяси тұрақтылыққа тікелей тәуелді. Ендеше, келіп кірген 2021 жыл береке мен ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы болғай. Ой-арманымыз, үміт-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін! Жаңа жетістіктерімізбен, жеңістерімізді бірге көрейік.

Жаңа жылда Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт пен береке тілеймін!

Еліміздің еңсесі биік, тұғыры берік болғай!

Жаңа 2021 жыл құтты болсын, ағайын!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button