Басты жаңалықтар

2020 жыл қорытындысы

Жыл марапаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасына сіңірген аса зор еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлық жұмысы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — Қазақстанның Еңбек Ері атағы, айрықша ерекшелік белгісі — Алтын жұлдыз және «Отан» ордені Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Есбосынұлы Қозбағаровқа (марқұм) берілді.

Жыл сапары

Жыл басында облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған делегация Қарақалпақ Республикасының астанасы Нөкіс қаласына барды. Аймақ басшысын Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Мұса Ерниязов қабылдады. Екі өңірдің басшылары Ақтөбе облысы мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы экономикалық, мәдени қарым-қатынастарды нығайту жөнінде пікір алысты. Нақты ұсыныстар айтылып,  оны жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Жыл жәрмеңкесі

Нұр-Сұлтан қаласында ақтөбелік тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. 2018-2021 жылдарға арналған азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеге облыстың 12 ауданы мен Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілер, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысып, барлығы 216,5 тонна өнім ұсынды.

Жыл мешіті

Ақтөбе қаласына қарасты Бауырластар ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Бұл — өңірдегі алпыс сегізінші мешіт. «Қайырқожа мешіті» атанған жаңа мешіттің ғимараты екі қабаттан тұрады. Жалпы ауданы — 650 шаршы метр.

Мұнда бір мезгілде 800 адам құлшылық жасай алады. Мешіт ауласында имамға арнап салынған қызметтік үй бар.

Жыл кеңсесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында облыс әкімдігінің ASHYQ AKIMDIK кеңсесі пайдалануға берілді. Жобаның мақсаты — тұрғындарға жедел әрі сапалы қызмет көрсету, жемқорлықтың алдын алу. Бұл жерде әр бөлімнен жауапты мамандар кезектесіп келіп, тұрғындар сауалына жауап береді.

Жыл саудасы

Ақтөбеліктерді бағасы қолжетімді, әлеуметтік маңызды азық-түлікпен қамту мақсатында облыста «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығының 19 дүкені ашылды. Бұл — «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның бастамасымен жүзеге асырылған жоба. Мұндағы азық-түлік өнімдерінің барлығы делдалдардың араласуынсыз, яғни өнім өндірушілерден тікелей алынады. Сол себепті нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан.

Жыл отасы

Биыл Ақтөбеде еліміздің Батыс өңірінде алғаш рет бауыр циррозына шалдыққан науқастарға фетальды жасушаларды ауыстыру отасы жасалды. Қазақстанда бұрын мұндай ота тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана жасалатын.

Жыл көлігі

Биыл облыстың емдеу мекемелеріне жедел қызмет көрсетуге арналған  19 реанимобиль автокөлігі әкелінді. «Hyundai»  маркалы реанимобиль көлігі «Astana Motors» фирмасынан алынған. Көліктің ішінде жасанды тыныс алдыру аппараты, яғни қажетті құрылғылардың бәрі бар.

Жыл мерейтойы

Биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құрылғанына 85 жыл толды. Мерейтойға арналған салтанатты жиын 2000-нан астам адамның қатысуымен ZOOM платформасы арқылы өткізілді. Шара «Жұбанов кітапханасы» жобасы аясында жарыққа шыққан «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерейтойлық кітабы мен ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған халықаралық онлайн-көрменің экслибрис-каталогының тұсаукесерімен басталды.

Жыл инвестициясы

2017-2022 жылдарға арналған «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметінің инвестициялық бағдарламасы шеңберінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бекіткен инвестициялық бағдарламалардың  жалпы сомасы — 6,4 миллиард теңге. Биыл аталған кәсіпорында инвестбағдарламаны орындауға 1,5 миллиард теңге бекітілген.

Жыл аппараты

«Ақтөберентген» АҚ — отандық цифрлық стационарлық және жылжымалы рентген аппараттарының жалғыз өндірушісі. Биыл аталған компания қысқа мерзімде 53 сандық рентген аппаратын шығарды. Құрылғылар еліміздің медициналық мекемелеріне жіберілді. Барлық жабдықтар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өндірілген.

Жыл ескерткіші

Ақтөбеден Қобда бағытына шығар жолдағы үлкен көше Едіге есімімен аталады. Биыл сол көшенің бойындағы көрнекті жерге Едіге ердің ескерткіші орнатылды. Ескерткіш авторлары — Жеңіс Жұбанғосов пен Тоқтар Ермеков.

**

Тәуелсіздік күнінде Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды.

Шаһардың ескі бөлігінде орналасқан ескерткіш демеушілердің қаражатына тұрғызылған. Биіктігі — 3 метр. Биыл туғанына 100 жыл толған ер есімін атымтай жомарттар осылайша ұлықтауды жөн көрген.

Жыл сыйлығы

Былтыр Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толуына орай Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы ұйымдастырылған болатын. Бұл шара биыл да жалғасын тапты. Өткен жылғы форумда облыс басшысы Оңдасын Оразалин өңіріміздің атынан қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан қаламгерлерге 7 сыйлық тағайындалатынын айтқан еді. Биылғы жиында ол осы сыйлықтарды иегерлеріне тапсырды. Атап айтқанда, Тахауи Ахтанов атындағы сыйлық — Серік Асылбекұлына,  Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлық — Байбота Қошым-Ноғайға, Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлық — Ертай Ашықбаевқа, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық — Олжас Қасымовқа, Сағи Жиенбаев атындағы сыйлық — Жанат Әскербекқызына, Үмбетбай Уайдин атындағы сыйлық — Қонысбай Әбілге, Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық Мархабат Байғұтқа табысталды. Арнайы сыйлықтың әрқайсысының мөлшері —1 миллион теңге.

Жыл шарасы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде талантты ақын Төлеген Айбергенов атындағы конференц-зал мен белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы кабинеттің ашылуы өтті.

Аталған шараға  ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова, Қажығали Мұханбетқалиұлының зайыбы Сұлуханым Ілиясова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты. Кейінірек университетте Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет ашылды.

 Жыл құрылысы

Биыл Ақтөбе қаласында 115 көше жолы жөнделді. Осы бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 13,9 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен қатар биыл облыс орталығында көп қабатты үйлердің 100 ауласы жөнделді.

Жыл экспорты

Ақтөбеде  83,5 мың тонна бидай экспортталды.  Биыл егін жинау жұмысы республика бойынша өткен жылмен салыстырғанда бір ай бұрын аяқталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарынан биыл қаңтар-қараша айларында  86,4 мың тонна өнім экспортталды. Оның 83,5 мың тоннасы — бидай,  2,1  мың тоннасы — арпа, 0,8 мың тонна майлы (күнбағыс, мақсары) дақылдар. Жергілікті өнімдер Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ау­ғанстан және Қытай ел­деріне жөнелтілді.  Өткен жылдың сәйкес осы кезеңімен салыс­тырғанда, бұл  көрсеткіш  45,7 пайызға (46,9 мың тонна)  ұл­ғайғаны байқалады.

Жыл баспанасы

Ақтөбеде  қайырымды жандардың арқасында  анасынан ерте айырылған Үсеновтер отбасы баспаналы болды. Бұл Президент тапсырмасына сәйкес оң шешімін тапқан мәселе. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 4 баланың асыраушысы — жалғызбасты  Амангелді Зайдуллаевқа  3 бөлмелі пәтер кілтін тапсырып, балалардың  баспаналы болуына атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді. Қиын жағдайда қалған бүлдіршіндердің мәселесін шешу мақсатында өңір басшысы жетекші  құрылыс компаниялармен  келіссөз жүргізді. Нәтижесінде «Нектар» құрылыс компаниясының басшысы Шамиль Каспранов жаңаша үлгіде салынған, аумағы 93 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтерді жеңілдетілген бағамен ұсынды.

Жыл ұңғымасы

Шығыс Өріктау кен орнындағы екі ұңғыма тәжірибелік пайдалануға берілді. Биыл «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ  инвестициялық комитетінің шешімімен Өріктау жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы мақұлданған болатын. Осы кезеңді іске асыру аясында Шығыс Өріктау кен орнындағы екі ұңғыманы және 2021 жылдың желтоқсанында Орталық Өріктау кен орнындағы бес ұңғыманы іске қосу жоспарланып отыр. Бірінші кезең табысты аяқталып, қолайлы экономикалық ахуал қалыптасқан жағдайда екінші кезеңді іске асыру мүмкіндігі қаралатын болады. Ол Өріктау кен орны тобының 58 ұңғымасын пайдалануды және бірқатар өндірістік нысанның құрылысын көздейді.

Жыл қоныстойы

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин әлеуметтік жағынан осал топ өкілдеріне пәтер кілттерін табыстады. Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» тұрғын  алабының 3-шағын ауданындағы бес қабатты 60 пәтерлі үй баспана кезегінде тұрған отбасыларға  берілді. Олар —  көпбалалы ата-ана санаты бойынша кезекке тіркелген азаматтар. Шектеу шараларына байланысты солардың 15-іне пәтер кілті салтанатты түрде берілді.

Қазір Ақтөбе қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар есебінде 24 мыңнан астам адам кезекте тұр.

Жыл орталығы

Ақтөбеде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған «Ситуациялық орталық» жобасы іске асырылды. Жаңа жүйеде тұрғындарға арналған портал, мобильді қосымша, Telegram Bot, 109 қызмет операторларының платформасы, аналитикалық платформа сынды бірнеше қызмет түрлері атқарылады. Бұдан былай қала тұрғындары 24/7 режимінде жұмыс жасайтын «109-Aqtobe» қызметі арқылы өздерін  жиі мазалайтын коммуналдық қызмет көрсету сервистері, абаттандыру мен қауіпсіздікке жауап беретін қызметтер т.б мәселелер  бойынша хабарласып, жауап ала алады.

Жыл порталы

Ақтөбе қаласының әкімдігі қаланың геоақпараттық порталын әзірлеп, өнеркәсіптік пайдалануға енгізді. Ендігі уақытта қала тұрғындары жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік қызметтер мен сервистерді онлайн режимде алады. Қазіргі таңда ақтөбеліктер портал арқылы 11 қызмет түрін ала алады. eaqtobe.kz  порталына кіріп, өзіне қажетті құжатты алуы үшін әрбір азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы болуы шарт. Қарапайым қала халқы үшін порталда барлығы нақты әрі түсінікті жазылған.

Жыл мектебі

Биыл Ақтөбе қаласында «Ақбөбек» халықаралық мектебі ашылды. Қаланың Батыс-2 ауданында бой төрген білім ордасында 400-ден астам бала білім алуда. Халықаралық стандартқа сай білім беретін жеке мектепте балалардың қосымша білім алуына да барлық жағдай жасалған. Үш қабатты білім ордасы 600 балаға арналған. Мектеп ғимаратының жалпы ауданы — 15 800 шаршы метр. Ғимаратта спорт залы, акт залы, асхана, компьютер және робототехника кабинеті, арт-студия, сондай-ақ пәндік оқу кабинеттері бар. Мектеп ауласында спорт алаңы да бар.

Жыл рейсі

Ақтөбеге «FlyArystan» әуе компаниясының алғашқы рейсі келді. Елордадан келген алғашқы жолаушылардың қатарында облыс әкімі Оңдасын Оразалин де  болды. Заманауи Airbus A320 әуелайнерлері екі қала арасында аптасына 4 рет, яғни сейсенбі, бейсенбі, жұма, жексенбі күндері қатынайтын болады. Билеттер Flyarystan.com сайтында сатылады.

 Жыл гастролі

 Биыл әнші Димаш Құдайбергеновтің Еуропа елдеріне гастролі басталды.

Ресей Федерациясының астанасы — Мәскеу қаласында жерлесіміз Димаштың «Арнау» атты концерті өтті. Бұл — әншінің Еуропа елдеріне жоспарлаған туры аясында ұйымдастырылған кеші. Мұндай концерттік бағдарлама Латвия, Украина, Германия, Беларусь елдерінде жалғасын тапты.

Жыл көрмесі

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында  жергілікті кәсіпкерлердің  «Ақтөбе өнімдері-2020» көрмесі ұйымдастырылды. Ақтөбелік тауар өндірушілердің көрмесінде өңірдегі  құрылыс заттары, киім-кешек, сүт, нан өндіруші 40-тан астам кәсіпорын өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрме аясында өткен форум жұмысына Орынбор облысындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл  Виктор Коршунов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжанов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшылары, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері қатысты.

Жыл кәсіпорны

Шалқар қаласында «Минеральные воды Казахстана» ЖШС «Шалқар PREMIUM-2» минералды су құю зауытының ашылу салтанаты болды. Ғимараттың жалпы ауданы — 9959,1 шаршы метр, кірме теміржол ұзындығы — 816 метр, зауыттың өндірістік қуаты 1,5 литрлік «Шалқар» емдік-асханалық минералды суын айына 2 400 000, ал 0,25-05 литрлік «Шалқар» минералды суын айына 1 500 000 бөтелкеге дейін өндіруге әлеуеті бар. Зауытты іске қосу үшін тартылған инвестиция көлемі — 580 000 000 теңге.

Жыл туннелі

Ақтөбелік кәсіпкерлер елімізде бірінші болып залалсыздандыру туннелін жасап шығарды. Жоба авторы — жеке кәсіпкер Хайдар Ильясов. Бұл құрылғыға облыстың Қобда, Темір аудандары мен Атырау, Алматы облыстарынан тапсырыс түскен. Хайдар Ильясовтың айтуынша, дезинфекция жасайтын сұйықтықтың денсаулыққа зияны жоқ.

Жыл көмегі

Төтенше жағдай кезінде Президент тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе облысы ел өңірлері арасында бірінші болып «Дағдарысқа қарсы жедел шаралар» топтамасын қабылдап, облыстың бюджетін қайта нақтылаған болатын. Соның нәтижесінде облыстағы  44 534 адамға облыстық бюджеттен 20 мың теңгеден көмек берілді.

**

Ақтөбеден Түркістан облысының Мақтаарал ауданына азық-түлік пен қажетті заттар тиелген жиырмадан астам көлік  аттанды. Гуманитарлық көмекті жинауға әкімдіктің қолдауымен AntiCovid-19 волонтерлер қозғалысы кірісті.

Жыл жобасы

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көше саудасын дамытуға арналған «Arman qala» жобасын іске асырды. Бір ерекшелігі — бұл жобаға көпбалалы аналар жеңілдікпен қатыса алады. Қалалық әкімдік қолдау танытқан жобаның мақсаты —  шағын және орта бизнесті қолдау, отандық өндірісті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу.

Жыл көпірі

Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолында салынған көпір пайдалануға берілді. Аталған көпір тоғыз жолдың торабын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне қосады. Ауыр жүк көліктері қалаға кірмей, оңтүстік айналма жолмен өтеді.
Ұзындығы 13 шақырымдық оңтүстік айналма жолдың бойындағы 3,2 шақырымдық көпірді «КТП» ЖШС пайдалануға берді. Кепілдік мерзімі — 5 жыл.

Жыл фестивалі

Ақтөбеде  алғаш рет «Көрпе Fest» фестивалі өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясыныңғимаратындаұйымдастырылған шараға қала мен аудандардан 300-ге жуық қыз-келіншек қатысты.

Шараның мақсаты —  көпбалалы және аз қамтылған, оның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдағы әйелдердің кәсіп ашуына бағыт беру, олардың мүмкіндіктерін дамыту, кәсіпке үйрету және ұлттық қолөнерді дәріптеу.  

Жыл қойылымы

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында жаңа спектакльдің премьерасы өтті. Қазақтың классикасына айналған Ғ.Мүсіреповтің әйгілі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасын Қырғыз Республикасынан келген режиссер Нұрлан Әбдіқадыров сахналады.

 Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button