Басты жаңалықтарМереке

Сиыр жылының тосынсыйы көп пе?

Жұлдызжорамал-2021

Жылдың ең жақсысы — жаңа жыл. Қазақша жыл қайыруға шебер болған ата-бабаларымыз Тышқаннан кейінгі жылды Сиырға теліпті. Қазақ халқы жыл иесіне мінез-құлқына қарай сипаттама беріп, он екі айдың шаруаға қалай болатынын да болжай білген. Соған сәйкес Сиыр жылы халық есінде көбінесе ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарымен есте қалған.

Ырымшыл халқымыздың әдеті бойынша осы жылы туғандар сиыр бауыздамайды. Ешкімге зияны жоқ, адамға пайдасы көп, момын жануар қажет кезде шешім қабылдағыш, ашуланшақ, қырсық та бола алады.  Сондықтан да бұл жылы өмірге келгендердің мінезі Зеңгі баба көбейткен малдың болмысына ұқсас, маңғаз, сабырлы, тұрақты әрі жауапкершілігі мол, еңбекқор келеді.

Ал Шығыс күнтізбесіне сүйенсек, жаңа жылдың элементі — металл, ал сәйкес түсі — ақ, яғни 2021 жылдың символы — ақ түсті металл бұқа. Ақ түс тазалық, даналық, көпшілдік, достықты, ал металл тәртіп пен тепе-теңдікті білдіреді. Сондықтан да 2021 жылы жарқын сәттер көп болады деген жорамал бар. Жұлдызнамашылар кібіседен кейінгі жылдың тыныш өтетінін, еті мен сүті бүкіл әулетті асырайтын маңғаз жануардың мол несібесімен келетінін болжайды.

Ендеше, жыл иесінің кімдерге қандай табыс әкелетінін, не сыйлайтынын болжам мен жорамалдарға сүйене отырып, баяндап көрейік.

Тышқан

(1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008, 2020)

Тышқан жылы туғандар жаңа жылдың иесімен тез тіл табысады. Осы мінезінің арқасында жаңа байланыстар орнатып, көптен бері шешілмей жүрген жеке шаруалары шешімін табады. Жұлдыздар шоғыры жыл бойы адал әрі тынымсыз еңбектенгендердің  жолы болатынын меңзейді. Өз жылында әлемді әбігерге салып, өкпеден қысқан індеттен әбден мезі болғандар жаңа жылда молшылықтан дәмелі. Бұл жылы туғандар Сиыр жылында мансапқа маңыз берсе, биыл осы бағытта мол табысқа кенеледі. Әсіресе, бизнесте жаңа серіктестер табады. Алайда «сақтықта қорлық жоқ», серіктестерінен сақ болғаны жөн. Жаңа жыл қызмет ауыстырғандарға несібелі болмақ, оларға дивиденд, сыйақы берілуі мүмкін.

«Қаптесерлердің» әсіресе ұзынсары келген кезде денсаулықтары сыр беруі мүмкін, сондықтан да әрқашан жейтін тамағы мен тұратын жерінің тазалығына мән бергені абзал.

Тышқан жылғылардың жаңа жылда шығармашылық пен махаббатта да жолы болып, екі еселенген табысқа қол жеткізеді. Өз жылында «інінен» шыға алмаған «тышқандар» Сиыр жылында көптен бері ойында жүрген тарихи жерлерге жолға шығады.

Сиыр

(1901, 1913, 1925, 1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997, 2009, 2021)

Сиыр — осы жылдың иесі. Сондықтан да жылдың төріне шыққан сәттен бастап маңғаз жануар «өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар деп», осы жылы туғандарға жомарттық танытып, дүниені жалпағынан басуға жағдай жасайды. Жыл иелері үшін ең қолайлы жыл болмақ. Кейінге қалдырылған немесе ұмыт болған шаруаларды жүзеге асыруға мүмкіндік осы жылы туындайды. Алайда «сүзеген түлікке» босаңсуға болмайды, керісінше өз отбасына мүмкіндігінше көп көңіл бөлгені жөн. Отбасындағы кейбір түсініспеушіліктерге қарамастан, қажет кезде шешім қабылдағыш мінезі бизнес пен қызметте жоғары мансапқа қол жеткізуге көмектеседі. Тіпті Жыл иесі өз жылында туғандардың отбасы бюджетіне күтпеген табыс сыйлауы да мүмкін.

Сиыр жылы туғандар биыл шаңырақ көтеруге, баспаналы болуға қадам жасаса, оң болмақ. Биыл, әсіресе, шығармашыл тұлғалардың нағыз өндіріп жұмыс істейтін жылы. Мол табысқа кенелемін деп жүріп, денсаулық жайын да естен шығаруға болмайды, әсіресе, жүйкені сақтау керек. Қажет кезде бір мезгіл қыңырлықты кейін тартып, сенімділікті іске қосқан да дұрыс.

Барыс 

(1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010, 2022)

Жаңа жылда Барыс жылында туғандардың жеке өмірінде көп өзгерістер болуы мүмкін. Жұлдызнамашылардың болжамынша, жаңа жылда  Барыс жылы туғандар бар қайраты мен күш-жігерін материалдық жағдайымен қатар білім-білігін дамытуға да жұмсайтын болады. Тіпті шетел асып, білімін жетілдіруі мүмкін.

Арман қуып, биік мақсаттарды бағындырам деп жүргенде денсаулықты да ұмытуға болмайтынын ескеру қажет. Бір мезгіл жаттығу залдарына барып, дұрыс тамақтанғандарға ағза да лайықты жауап береді. Әсіресе, созылмалы аурулар асқынатын күз мезгілінде абай болған жөн. Асқынуларға жол бермеу үшін ауырмаудың жолын ертерек іздеп, дәрігермен кеңескен абзал.

Осы жылы  баспананы жаңартып, күрделі жөндеу жасауға қаражат жұмсайтындары да аз болмайды. Жорамалға сүйенсек, осындай маңызды шаруаларды жылдың екінші жартысында бастаған ұтымдырақ болады екен. Барыс жылы туғандарға сәттілік серік болып, күтпеген жерден қомақты ұтысқа ие болып, отбасы бюджетін толтыруы да ғажап емес.

Қоян 

(1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999, 2011, 2023)

Биылғы жыл Қоян жылы туғандар үшін де тосын оқиғаларға толы, берекелі жыл болғалы тұр. Биыл Қоян жылғылардың шуақты сәттері көп болады, әсіресе, балаларының қуанышына көңілі семіреді, сондай-ақ ескі достарымен қауышады. Жаңа жыл ірі бастамалармен басталады, сондықтан да маңызды істе шешім қабылдауға үйрену қажет. Қонақжай Қояндар үшін іштарлық қылатындар  да жоқ емес, солардан сақтанып жүрген дұрыс. Әркімге сыр айта бермеуді үйренген жөн.

Жұлдызнамаға сүйенсек, жаңа жылдың басы —  Қояндар үшін қосымша қаржы көздерін іздестіруге сәтті мезгіл.  Жыл ортасына қарай табыстары еселене түспек.

Ал жеке өмірдегі тұрақтылық пен балалардың қызығы жүрекке тыныштық сыйлайды.

Асқазан, бауыр сыр беруі мүмкін. Сол себепті де майлы, ащы тағамдардан осы бастан бас тартқан жөн. Әсіресе, көшедегі адамдардың айтқанын тыңдап, соны жасап жүріп, уақыт кетіріп алудан аулақ болған дұрыс. Керісінше, дәрігер көмегіне жүгіну қажет.

Ұлу

(1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988, 2000, 2012, 2024)

Қай істі де өз бетімен, оңаша шешуге ұмтылатын Ұлу жылы туғандар жаңа жылда да аузын буған өгіздей боп жүріп, жыл-он екі айда қауырт шаруалармен жүріп, көп жетістікке жетеді.  Жылдың басында Ұлулар кішігірім кедергілерге тап болады. Алайда «көлеңкеден кейін Күн шығатынын» ескеріп,  еңсені биік ұстаған абзал. Жауапкершіліктен қашпайтын, әділ шешімге жол бастайтын жандар қиындыққа тап болғанда салқынқанды сабыр мен ақыл-парасатына жүгінгені жөн.

Ал жұмыссыз жүргендерге кәсіп ашуға немесе белгілі бір қызметтің тізгінін ұстауға мүмкіндік мол. Ал бойдақтарды түрлі қызықты кездесулер күтіп тұр. Әсіресе, екінші жартыжылдықтағы таныстықтың соңы жақсы аяқталуы мүмкін.

Сиыр жылында ипотекалық несие немесе баспана мәселесіне қатысты мәселе оң шешімін табады.

Күнделікті жұмыстан жүйкеге түсетін салмақ күйзеліске ұшыратуы мүмкін. Егер ұйқысыздыққа тап болсаңыз, күйзелістің бірінші белгісі — осы. Сондықтан да жұлдызнамашылар Ұлу жылында туғандарға уақтылы тынығуға кеңес береді.

Жылан 

(1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013, 2025)

Маңызды істерден қашқақтайтын Жылан жылы туғандар Сиыр жылында өзгеріп, керісінше, батыл шешімдерге қадам бастайды. Алайда жаңа бастамалар үшін жылдың басы — сәтті кезең емес. Одан да аяқталмаған істердің нәтижелі болуына аянбай тер төккен абзал. Қаржылық жағдай да күтпеген жерден өзгеріске ұшырайды: бірден қалта қалыңдайды немесе шығындалу қаупі бар. Қандай қиындыққа тап болса да, жыландардың сезімталдығы оған тығырықтан шығар жолды сездіреді.

Жылан жылы туғандардың Сиыр жылында әріптестері арасындағы бедел-мерейі арта түспек. Тек жақындарын ренжітіп алудан сақтанғаны жөн. Жұлдыздар Жылан жылғылардың ашуға берілмей, ұсақ-түйек шаруалардың өзіне жауапкершілікпен, сын көзбен қараса, табысқа жететінін болжайды. Жұлдызнамашылар тәуекелге бел байлап, күмәнді жобаларды қолға алудың соңы сәтсіздікпен аяқталуы әбден мүмкін екенін ескертеді. Айтпақшы, жылдың бірінші жартыжылдығындағы кездейсоқ жаңа таныстық Жылан жылғылардың материалдық жағдайын жақсартып алуына оң ықпал етуі мүмкін.

Жылқы 

(1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002, 2014, 2026)

Жылқы жылы туғандарға Сиыр жылы жаңа үміт пен мол мүмкіндік сыйлайды. Жаңа жоспарлар туындап, біршама бастамаларды қолға алу үшін кішкене қаржылық қиындықтар кездесуі мүмкін. Сондықтан да  бәріне сақтықпен қарап, үнемшіл болудың да пайдасы зор.

Жеке кәсіппен немесе шығармашылықпен  айналысатындар үшін айы оңынан туатын жыл болмақ. Сиыр жылында Жылқы жылы туғандардың жеке өмірінде де, отбасында да өте жақсы өзгерістер болады. Өмірге сәби келуі, жаңа үй тұрғызуы әбден мүмкін.

Жылқы жылында туғандар өзінің дәулеті тасып тұрмаса да, Сиыр жылында жоқ-жітікті жарылқап, ізгілікті істер жасауға ұмтылады. Дегенмен жылдың ортасында көңіліне кірбің түсетін жайттардың орын алуы да ғажап емес. Ал жылдың екінші жартыжылдығында күш-жігерін жаңа жобаға немесе нәтижелі іске жұмсауға дайын болғаны жөн. Әсіресе қыс айларында жылы киініп, тұмау жұқтырып алудан сақтанған абзал. «Басты байлық — денсаулықты» нығайту үшін таза ауада көбірек жүріп, жүгірген пайдалы болмақ.

Қой 

(1907, 1919, 1931, 1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003, 2015, 2027)

Жыл иесі Қой жылында туғандарға күтпеген кездесулер мен тосынсыйлар дайындап отыр. Бұл жыл жылжымайтын мүлік, жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелерді шешуге таптырмас жыл. Қаражат көбейіп, қалта қомпаятын жыл да — осы. Соның арқасында бірінші жартыжылдық соңында баспана мәселесі шешілуі мүмкін.

Ал бойдақтар жар таңдауда нақты шешім шығара алмай, қиналуы мүмкін. Жыл иесі сәтті қадам жасауға қолайлы болмақ. Тек жүректі тыңдаған абзал.

Сиыр жылында Қой жылғылар қаражат жағынан таршылық көрмейді. Дәулеті аста төк болмаса да, үнемдеуді қажет етпейді. Керісінше, олар жаңа жылда мол олжаға кенелмек: ол мұрагерлік, дивиденд немесе қызметтегі сыйақы болуы да мүмкін. Кірістің көп болуы қаржыны оңды-солды есепсіз жұмсауға итермелеуі мүмкін, ысырапшылдықтан зардап шегуге жол бермеген жөн.

Жұлдызнамашылар Қой жылғыларға іштен тыну мен күйгелектіктің жүйкеге артық салмақ жүктейтінін еске салады. Жақын жандармен жайбарақат әңгімелесу жан дүниеге жылулық сыйлайтынын ұмытпай, уақыт тауып, жиі кездесіп тұрған абзал.

Мешін 

(1908, 1920, 1932, 1944, 1956, 1968, 1980, 1992, 2004, 2016, 2028)

Сиыр жылында Мешін жылы туғандардың биік мансапқа, атаққа қол жеткізу үшін жасаған қадамдары оң болмақ. Ең бастысы — адамгершілікті сақтап, өзін қамшылап, төзімді болса болғаны. Көбіне өзінің және өзгенің өмірінен сабақ алып жүретін Мешін жылғылар, рас, өз сезімін жеткізе алмайды. Алайда, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында мақсат еткен нәрсесіне жетпей, тынбайды.

Бір орында байыз тауып отыра алмайтын Мешіндер Сиыр жылында көп саяхаттайды. Жаңа жыл, әсіресе, шығармашылық иелерін өрге сүйрейді. Жаңа жыл жалғызбасты Мешіндердің өз жұбын табуға қолайлы жыл болмақ. Сондай-ақ жақсы қызметке ие болу немесе қаржылық жағдайды жақсарту туралы ойларыңыз Сиыр жылында толығымен орындалады. Мешін жылғылардың жаңа жылда ақшасы көбейіп, қымбат сыйлықтар сатып алуға мүмкіндіктері пайда болады.

Осы жылы спортқа көп көңіл бөлгендері дұрыс. Спорт адамға сергектік пен тамаша көңіл күй сыйлайды.

Тауық 

(1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005, 2017, 2029)

Әншейінде де тынымсыз Тауықтардың Сиыр жылында да көп еңбектенуіне тура келеді. Нақты қойылған мақсаттардың биікке шығаратынын білетін олар жыл ортасында шаруаның сиырқұйымшақтануына жол бермеудің қамын жасап, ірі ұсыныстарға келісім береді. Еңбекқорлығының арқасында табысқа жетіп жүрген Тауықтардың жетістігі — көптің көзіне түсіп, кедергілерге де тап болуы ғажап емес. Сондықтан да бауырларың мен шын жанашырлардың ортасында ғана қуанған абзал.

Тауық жылғылар бір орында ештеңе істеместен ұзақ отыра алмайды. Алайда қызметте де, отбасында да аса белсенділік танытамын деп тынығуды да естен шығармаған жөн.

Жылдың алғашқы айларында аздап қаржы жағынан тарығуы мүмкін, алайда ол уақытша қиындық. Бұл жылы Тауық жылғылар биік үй, қымбат көлікке қол жеткізуі мүмкін. Жұлдызнамашылар тірнектеп жинаған қаражатты әп-сәтте шашып тастамай, үнемді пайдалануды ұсынады. Жыл бойы сіңірген еңбектің жемісін тамыз айында көруге мүмкіндік болады.

Жұлдызнамашылар Тауық жылғыларға Сиыр жылында айналадағы сенімсіздіктер мен мағынасыз әңгімелерге мән бермеуге кеңес береді.

Ит 

(1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006, 2018, 2030)

Жұлдызнамашылар Сиыр жылы Ит жылында туғандар үшін қарбаласқа толы болатынын болжап отыр. Алайда қай іске де жауапкершілікпен қарайтын ит жылғылар Сиыр жылын көптен күткен жоспарларын іске асырудан бастайды. Ұтымды іскерлік байланыстар жақсы пайда табуға мүмкіндік береді. Жаңа жылдың иесі Ит жылында туғандарға жоғарырақ жалақысы бар жұмыс ұсынуы мүмкін. Сиыр жылы ит жылғылар үшін үйде де, жеке өмірде де сәтті болмақ. Осы жылы көптеген мәселенің түйіні оңтайлы шешілмек. Әсіресе, бойдақтар үшін отбасын құруға нағыз қолайлы уақыт. Сондықтан да төрімізге шыққалы отырған Сиыр жылында Ит жылғылар жұмыста да, үйде де көптің назарында болады. Олар достық үшін кез келген қиындықты жеңе алады. Өзіне жасалған жақсылықты, сыйлықты, сондай-ақ сатқындықты ешқашан ұмытпайды. Жаңа жылдағы өзгерістер кезінде бұрын-соңды болмаған күшке ие болған Ит жылғылардың белсенділігі арта түседі.

Денсаулыққа бейжай қарамай, әсіресе, жаз айларында қан қысымы мен жүректі тексерістен өткізу де артықтық етпейді.

Доңыз

(1911, 1923, 1935, 1947, 1959, 1971, 1983, 1995, 2007, 2019, 2031) 

Бұл жылы туғандарға да Сиыр жылы кез келген жағдайдан барынша көп пайда ұсынады. Доңыз жылы туғандар жұрт енді ойлана бастаған жоспарларды бірінші боп аяқтап, атақ-даңққа қол жеткізеді. Жылды көптен күткен жоспарларды жүзеге асырудан бастайды. Әріптестер мен достар арасында абыройы артқан Доңыз жылғыларды жаңа жылда мансап баспалдағы да күтіп тұр.

Білім көкжиегіңізді кеңейтіп, тәжірибе жинақтаудың жаңа мүмкіндіктері туады. Саяхатқа шығу, жаңа достар табу жаңа жылдың сыйы болмақ.

Әдетте Доңыз жылғылар отбасындағы тұрақтылықты жоғары қояды, сол себепті де жаңа жылда жақын жандарына көбірек көңіл бөлгені абзал.

Доңыз жылы туғандардың дені ұзақ өмір сүретіндердің қатарына кіреді. Алайда олардың біршамасы уақытын текке өткізуге бейім келеді екен. Жұлдызнамашылар қимыл-тірек аппаратында проблемалар туындамау үшін Доңыз жылында туғандарға белсенді өмір салтын ұстануға, дене шынықтыруға кеңес береді. Сондай-ақ қарыз бен несиеге жоламауды ұсынады. Оңай табылған ақшаның тез жұмсалатынын да естен шығармаған абзал.

Айтпақшы, жаңа жылда бойдақтар сыңарларын тауып, бөпе сүйе алмай жүргендердің ізгі тілектері қабыл болады.

Әзірлеген Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button