Басты жаңалықтар

Дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есеге көбейтіледі

Nur Otan партиясы республикалық сайлауалды штабы облысқа келді. Жетекші партия мүшелері бір күн ішінде қалалар мен ауылдарда болып, тұрғындармен, өнеркәсіп кәсіпорындары ұжымдарымен, білім беру және денсаулық сақтау салалары өкілдерімен кездесулер өткізді.

Ақтөбе қаласы дәрігерлерімен кездесуде денсаулық сақтау саласы жүйесін дамытудың түйінді мәселелері талқыланды.

«Nur Otan партиясы қолға алған басты басымдықтағы мәселелердің бірі — азаматтардың денсаулығы. Бұл саланы қаржыландыру көлемі еліміздің жалпы ішкі өнімінің 5%-на дейін жеткізілетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның сайлауалдындағы съезінде атап көрсеткендей, дәрігерлердің еңбекақысын 2,5 есе көтеру жоспарлануда. Қажетті салалық мамандарды даярлауға гранттар саны көбейтіледі», — деп атап көрсетті сайлауалды штабының жетекшісі Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында аудандық ауруханалар мен перзентханалар заманауи томографтармен, рентген аппараттарымен және басқа қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылатын болады. Негізгі және серіктес селоларда фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар ашылып, жаңғыртылады.

Партияның ықпалымен Ақтөбе облысында тиянақталатын жұмыстар туралы да айтылды. Мәселен, консультативтік-диагностикалық бөлімшесі бар перинаталды орталық,  туберкулез диспансері, Қарғалы қалалық ауруханасының, қалалық балалар клиникалық ауруханасының қосымша құрылыстары және басқалары осы ауқымдағы шараларға кіреді.

Nur Otan партиясының өкілдері Алға ауданындағы Маржанбұлақ селосы тұрғындарымен де кездесті. Мұнда партияның сайлауалды бағдарламасы аясында мектеп салынып, көшені жарықтандыру және сумен жабдықтау жүйесін кеңейту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

«Бүгінгі күні біздің азаматтарымыздың 40%-дан астамы селоларда тұрады. Біз ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайларын жақсарту үшін қажетті жағдайларды жасайтын боламыз. Мәселен, 5 жыл аумағында елімізде 3,5 мыңнан астам селода жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, әрбір тірек селоға дейінгі 27 мың километр жолды жөндеу жоспарланды. Селолық жерлердегі барлық елді мекендер сумен жабдықталып, 99%-ы жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылмақшы. Ал жалпы тұрғындары 900 мыңнан астам адамды құрайтын 246 село көгілдір газ игілігін көреді», — деп атап көрсетті Бауыржан Байбек.

Селолық Мәдениет үйінде өткен кездесу дәстүрлі әнші, белгілі өнер шебері Айгүл Елшібаева мен айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекованың шағын концертіне ұласты.

«Біздің ауылдың тұрғындары сайлауда Nur Otan партиясы үшін 100% дауыс беретіндігіне кепіл бола аламын», — деді кездесу қорытындысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Телағыс.

Нұротандықтар сондай-ақ темірбетон бұйымдарын шығаратын «СтройДеталь» зауытында болып, өңірдің көкейкесті мәселелерін талқылады. Онда партияның алдағы 5 жыл ішінде кемінде 100 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырғаны айтылды. 60 мектеп, 43 денсаулық сақтау нысандары салынып, жөнделеді және 125 балабақша ашылады, осы бағытта басқа да жұмыстар атқарылады.

Экологияны жақсарту мақсатында 9 қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысы жүргізіліп, зиянды қалдықтарды кемінде 5%-ға төмендетумен өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту қолға алынады.

А.БАБЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button