Басты жаңалықтарЭкономика

Хромтау — облыстың күретамыры

Жексенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің жұмыс сапары Хромтау ауданында жалғасты. Мұнда өңір басшысы он бір ай көлемінде аудан аумағында атқарылған шаруалар барысымен танысып, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты.

Ақжарда спорт кешені ашылды

Алдымен облыс әкімі Ақжар ауылына барып, ангар типті спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Жалпы құны 217,276 миллион теңге, сыйымдылығы 500 адамға шақталған кешен екі қабатты. Бірінші қабатында таэквондо, еркін күрес, қазақ күресі және тренажер залы жасақталған. Ал екінші қабатында ақжарлық жас спортшылар  футбол, волейбол, баскетбол ойнап жаттыға алады.

Күні кеше Алға, Темір, Байғанин аудандарына қарасты ауылдарға көгілдір отын беріліп, осындай спорт кешендерінің ашылу салтанатына қатысқан едік. Міне, бүгін ақжарлық тұрғындардың қуанышын бөлісіп отырмыз. Бұл — жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануына жасалып жатқан мүмкіндіктердің бірі. Мұның бәрі — Тәуелсіздіктің арқасында жасалып жатқан дүниелер.  Тоқсаныншы жылдары елде қандай қиыншылықтар болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бір жүйеден екінші жүйеге ауысу оңайға түскен жоқ. Нарықтың қыспағына шыдамай колхоз, совхоздардың ыдырап кеткенін көрдік. Экономикалық байланыстар үзілгеннен кейін, көптеген өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық пайда болды. Дей тұрғанмен, Елбасының табанды, салиқалы саясатының арқасында еліміздің экономикасы біртіндеп нығая бастады. Шетелдік кәсіпкерлерде сенім пайда болып, елге инвестиция тартыла бастады. Ел экономикасы түзеліп, салық базасы нығайғасын бюджетке кіріс болды. Соның арқасында елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіншілік туды. Бізге ешкім сырттан келіп ештеңе жасап берген жоқ, бұның бәрін өздеріңіз еңбектеріңіз бен ауызбіршіліктеріңіздің арқасында жасап жатырсыздар, — деген облыс әкімі ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, спорт кешеніне құрал-жабдықтар сатып алу үшін 5 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.

Ақжарлықтардың атынан ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Қашақбай Баекенов сөз сөйлеп, облыс басшылығына  ауылдықтардың алғысын жеткізді. Облыс орталығынан — 55,  ал аудан орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан Ақжар ауылы Хромтау ауданындағы әлеуеті жоғары ауылдардың бірі.  2700-ден астам тұрғыны бар ауыл ауызсу құбырымен, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Орталық көшелері жарықтандырылған ауылдың биыл 12 көшесіне асфальт төселген.

Жаңа  балабақша пайдалануға берілді

Бұдан соң облыс әкімі Хромтау қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты.  Биыл шілде айында басталған құрылыс жұмыстары жоспар бойынша 2021 жылдың шілде айында аяқталуға тиіс. Мердігер мекеме өкілдерімен кездескен облыс әкімі тұрғын үйдің сапасына ерекше мән бере отырып, құрылыс жұмыстарын уақтылы бітіру қажеттігін айтты. Облыс әкімі Хромтау қаласының 22-шағын аудан тұрғындарын сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету мақсатында тұрғызылған антенна-мачталық қондырғыны көрді. Айта кетейік, биыл аудан бойынша дәл осындай 3 ұялы байланыс мұнарасы салыныпты. Нәтижесінде Хромтау қаласындағы 22-шағын аудан тұрғындарымен қатар, Табантал, Тассай ауылының халқы да сапалы байланысқа қол жеткізді. Аудан әкімі Нағымжан Алдияров аудан тұрғындарының ұялы байланыс қызметін жақсарту және интернет жылдамдығы мәселесін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап берді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Хромтау қаласындағы 22-шағын аудан жаңа балабақша пайдалануға берілді. Бұл — есеп бойынша өндірісті өлкенің орталығындағы №9 балабақша. «Казхром» ТҰК» АҚ бірлескен  мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында  бой көтерген жаңа балабақша 320 орындық. Хромтаулықтарды алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жаңа мектепке дейінгі ұйымның ашылу салтанатына қатысқан Оңдасын Оразалин балабақша ішін  аралап, бүлдіршіндерге жасалған жағдаймен танысты. Мұнда мектепке дейінгі білім алушыларға  арналған 14 кабинеттің барлығы дерлік интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген. Компьютерлік класс жұмыс жасайды. 2 қабатты нысанның құрылысына 880  миллион теңге жұмсалған. 14 топқа 3-7 жас аралығындағы балалар қабылданады.

Аудан орталығында жылытылатын аялдама пайда болады

Бұдан соң облыс әкімі Хромтау қаласындағы жаңғырту жұмыстары жүргізілген орталық саябаққа барды. Жалпы аумағы 15,8 гектарды алып жатқан саябақ адам танымастай өзгерген. Саябақ бойынша 140 бағанаға жарық шамдар орнатылып, 14 бейнебақылау камерасы қондырылған. Тротуарлар төселіп, жүгіру жолдары салынған. 39 орындық пен 6 беседка қондырылды. Жастарға арналған скейт және воркаут алаңдары бар. Саябаққа кіреберіс аумағының құрылысы және сахнаны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Қыс айларында хромтаулықтар хоккей ойнап, шаңғы спортымен айналыса алады.  Саябақ ішімен жүріп өткен облыс әкімі демалыс күнін тиімді өткізіп, спортпен шұғылданып жүрген хромтаулықтармен кездесіп, емен-жарқын сөйлесті. Сондай-ақ Оңдасын Оразалин сапар барысында аудан орталығында салынып жатқан жылытылатын аялдаманың құрылысын да көрді. М.Әуезов көшесіндегі аялдаманың құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы алаңы 56 шаршы метр болатын жаңа аялдамаға бейнебақылау камерасы орнатылып, теледидар, кондиционер, телефон қуаттағышпен жабдықталды.

Айта кетейік, маусым айында Хромтауда «Қатысу бюджеті» бастамасы қолға алынған болатын. Ондағы мақсат —  болашақта қаржыландырылатын қоғамдық жобаларды іріктеуге қала тұрғындарын қатыстыру. Яғни бұл — қоғамдық инфрақұрылымды қалай дамытып, не жасау керектігін қала тұрғындары, әкімдік пен қала құраушы кәсіпорын — Дөң тау-кен байыту комбинаты бірлесе шешеді деген сөз. Өз кезегінде хромтаулықтар дені спорт алаңдары мен стадиондар, жолдар, автотұрақтар, балалар алаңдары мен саябақтар, аллеялар салуға қатысты 45 жоба ұсынған болатын. Нәтижесінде 17 жоба ғана дауыс беруге жіберіліп, 13-і жеңіске жетті. Жылытылған аялдама — сол жеңіске жеткен жобаның бірі.  Бұл туралы облыс әкіміне ERG компаниясының «Қатысу бюджеті» жобалау кеңсесінің жетекшісі Абай Мырхин айтып берді.

Мемлекеттік бағдарлама жемісі

Хромтауға жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Дөң ауылына барып, мектептің акт залында ауыл ақсақалдарымен кездесті.

—Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аудан көлемінде қалай орындалып жатыр? Жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарылды? Тұрғындардың қандай өтініш – тілектері бар? Осы мәселелерді көрейік деп іссапармен келдім. Жалпы жыл басынан бері облыс  тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыстық деңгейін жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделуде. Тұрғын үйлер салынып, инфроқұрылымдық жұмыстар жүзеге асуда, — деді Оңдасын Оразалин

Мұнда облыс әкіміне «Хромтау — облыстың күретамыры» тақырыбындағы ауданның даму жоспары туралы арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 миллиард 19 миллион теңге бөлініп, 19 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 565 азаматқа жұмыс табылды.  Аудан көлемінде аталған бағдарлама аясында 42 көше асфальтталды.  Оның 12-сі Хромтау қаласында  болса, қалғаны Абай, Ақжар, Көктау, Бөгетсай және Дөң ауылдарында. Мәселен, Дөң ауылдық округіндегі 14 көшенің  7-еуі биыл жөнделіпті.  Сонымен қатар  бағдарлама шеңберінде  аудан орталығы мен ауылдық округтердегі әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәселен, №2 Хромтау гимназиясына, аудандық аурухананың мәйітханасына, Никельтау ауылының медициналық пунктіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, Қызылсу ауылдық округінде жаңа 30 орындық медициналық пункт салынды.  «Ауыл — ел бесігі» жобасы  аясында Ақжар, Көктау ауылында ангар типті спорт кешендері бой көтерді. Сондай-ақ Тассай, Тасөткел, Табантал ауылдық округтеріне баратын кіреберіс жолдардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыс сапарының соңында Оңдасын Оразалин Абай ауылына соғып, ұзындығы 68,2 метр болатын құрылысы аяқталған көпір өткелін қарады. Ауыл ақсақалдарымен кездесті. Содан соң «Жантізер» шаруа қожалығының жұмысын көрді. Мұнда қазақтың ақбас сиырлары өсіріледі. Төрт түлікті теңдей өсіріп отырған қожалықта бордақылау алаңы жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда 1300 ірі қара аталық малын бордақылап отыр. Ет өнімі өзге облыстармен қатар Иран еліне экспортталады.

Сапар соңында Оңдасын Оразалин Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияровқа жүзеге асырылып жатқан жобалардың уақтылы әрі сапалы тапсырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Хромтау  ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button