Билік

Биліктегі ауыс-түйістер

Өткен аптада биліктің жоғары эшелонында орын алған кадрлық өзгертулер көп үмітке жетелейді. Атап айтқанда, Президент Жарлығымен еліміздің Бас прокуроры болып бұған дейін Жоғарғы сотты басқарған Қайрат Мәмидің, Әділет министрі болып бұрынғы Бас прокурор Рашид Түсіпбековтің, Жоғарғы сот төрағалығына Мұсабек Әлімбековтің, ал Ішкі істер министрлігінің басшылығына Мәжілістің бұрынғы депутаты Серік Баймағанбетовтердің келуіне көпшілік үлкен үміт артып отыр.

Бұрынғы бас полицей Бауыржан Мұхамбетжанов енді Парламент Сенатына қоныс аударды. Ал Әділет министрлігінің бұрынғы жетекшісі Зағипа Балиеваның қызмет ауыстырған жері әзірге белгісіз. Осы тағайындаулардан кейін Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен құқық қорғау органдарының кеңесіне байланысты ресми сайтта жарияланған материалда Елбасының осы тағайындаулар арқылы тағы бір оң қадам жасағандығын аңғару қиын емес.

Кеңеске қатысушылар алдында сөз сөйлеген Елбасы бірқатар күштік құрылымдар мен сот жүйесі басшылығындағы кадрлық тағайындаулардың мәнісін түсіндірді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы дағдарыс кезінде құқық қорғау саласы қызметінде бірқатар мәселенің беті ашылғанын атап өтті. Үлкен қоғамдық резонанс тудырған қылмыстар ашылмай қалып отыр. Көшедегі қылмыскерлікке қарсы күрес бәсең жүргізілуде, ұйымдасқан қылмыстық топтар жанданды. Осындай жағдайда құқықтық тәртіпті үйлестірудің әлсіздігі байқалды. Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, ІІМ мен Әділет министрлігі басшылығындағы кадрлық өзгерістер ахуалды түзету және барлық құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін жасалып отыр.
– Мен ел Президенті ретінде заңдылықтар мен қоғамдық тәртіптің жағдайы үшін толық жауап беремін. Сондықтан да сіздердің баршаңыздан Конституция мен заңдарды мүлтіксіз сақтауды, менің нұсқауларым мен тапсырмаларымды сөзсіз орындауды талап етемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде.
Қазақстан Президенті құқықтық тәртіп органдары жаңа басшыларының алдына бірқатар міндеттер қойды. Ең алдымен, полиция, прокуратура, әділет және сот органдарындағы басқарушы кадрлардың сапалық құрамын жақсарту қажет. Олар өз іштеріндегі сыбайлас жемқорлықты жою үшін батыл қадамдар жасап, кездейсоқ адамдардан тазартылуы тиіс. Халықтың жоғары сенімін толық қалпына келтіріп, оны ақтау керек.
Бүкіл құқық қорғау қызметін үйлестіру мәселесінде прокуратураның рөлін күшейту маңызды. ІІМ қоғамдық қауіпсіздік пен көшелердегі тыныштықты нығайтуды, заң бұзушылар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуі қажет.
Ерекше міндет – елге көптеген миллиардтаған залал келтіретін экономикалық қылмысқа, көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейту. Бұл мәселедегі негізгі ауыртпалық соңғы уақытта өз жұмысын айтарлықтай жандандырған Қаржы полициясы агенттігіне түседі.
Сонымен қатар барлық құқық қорғау органдары саласы бойынша дағдарыс салдарын еңсеруге мемлекет бөліп отырған қаражаттардың заңды әрі мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылауға алу қажет.
Мемлекет басшысы сот жүйесі проблемаларына жеке тоқталды. Ол судьялардың тәуелсіздігі сот корпусын жабық, сыннан тыс сыбайлас жемқорлыққа айналдырмауы тиіс екенін атап өтті.
Құқық қорғау органдары басшылығына жаңа адамдардың келуімен жұмыста сабақтастық қамтамасыз етілуі, бақылаудағы барлық мәселелер мен істер тиісті түрде тапсырылып, ары қарай орындалуы тиіс.
Президент Әкімшілігіне Мемлекет басшысы берген барлық тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алу жүктелді.
Кеңеске қатысушылар Қазақстан Президенті көтерген барлық мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кеңесті қорытындылай келе Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау жүйесінің жаңа басшыларының жұмысына табыстар тіледі.

www.akorda.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button