Құқық

Мал ұрлығы тыйылмай ма?

Облыста мал ұрлығы көбейді. Былтырғы он айда мал ұрлығына қатысты 78 дерек тіркелген болса, биылғы он айдың қорытындысы бойынша 146 дерек анықталып отыр. Яғни екі есе көбейген. Неге? Қазаннан қақпақ кеткеннен бе, әлде иттен ұят кеткеннен бе? Пікір де, себеп те көп.

Қазір малдың нағыз қоң жинап, семіріп тұрған кезі. Соғым сою науқаны да басталды. Қожайындар мал жайыла тұрса екен дейді, бақташылар ертерек демалғысы келеді. Ал екі ортада құрығын сайлап барымташылар отыр…

146 мал ұрлығы тіркелген…

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақында Қобда аудандық полиция қызметкерлері мал ұрлаған қылмыскерді ұстаған. Әккі ұры өзінің сыбайласымен бірге жайылымда жүрген екі сиырды мылтықпен атып алып (!),  сойып, аудан орталығы мен Ақтөбе қаласындағы базарларға әкеліп етін сатып жіберіпті. (Сұрақ туады: қазір жер-жерде мал сою бекеттері ашылып, ветеринарлық талаптар күшейіп жатқан тұста сол базардағы саудагерлер қалайша малдың құжатын талап етпеген?)

Бұл кісінің үш ай ішінде тағы алты сиыр, үш жылқы ұрлағаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері оның «ВАЗ 2109» маркалы қызыл түсті көлігін тінту кезінде 16-шы калибрлі аңшы мылтығы мен 4 оқ-дәрі тәркілеген. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқан көрінеді.

Мұндай деректер өте көп. ІІД аға жедел уәкілі Алманияз Танжерековтің айтуынша, әсіресе, жылқы көп ұрланады екен. Тамыз айында Хлебодаровка елді мекенінен 20 жылқы жоғалған. Темір ауданында Б. деген азамат осынша жылқыны ұрлап, Кеңқияқта тығып ұстап отырған жерінен табылды. Тамыз айында Қобда ауданының Қаракемер ауылында 60 бас жылқы қолды болыпты.

«Қазір шалқарлық Ш. деген азаматтың үстінен мал ұрлығына қатысты қылмыстық іс қозғалып жатыр. Ол Қызылорда облысының Арал ауданы тұрғындарының да малын ұрлаған. Ш. ұйымдасқан тобы бар әккі барымташылардың бірі болып шықты. Оның Шалқар, Ырғыз, Байғанин, т.б. бірнеше  ауданда сыбайластары бар екен», — дейді А.Танжереков.

ІІД аға жедел уәкілінің айтуынша, жыл басынан бері тіркелген мал ұрлығының 102 дерегінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. «Қараша айында тіркелген мал ұрлықтарына қатысты тағы он іс қаралатын болады», — дейді ол. Ал мал ұрлығына қатысты 53 қылмыстық іс тоқтатылған. А.Танжерековтің айтуынша, малы жоғалғандар құқық қорғау органдарына 3-4 күннен кейін хабарласады. Ал бұл уақытта барымташылар малды сойып, етін өткізіп үлгереді. Қылмыстың ізі суып кеткен соң ұрыларды табу оңайға түспейді.

Тек Ақтөбе облысында ғана емес, республиканың басқа облыстарында да мал ұрлығы өткен жылдармен салыстырғанда көбейіп тұр. Биыл қыркүйек айында үш күндік республикалық «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы өткізілген болатын. Осы шара барысында Ақтөбе облысында мал ұрлығына қатысты он дерек анықталып, оны жасады деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Ойыл ауданында ұрланған 12 бас қойдың ізі тез табылды. Мал иесіне 120 000 мың теңге шығын келтірген 30-40 жас аралығындағы екі азамат қолға түсті. Сонымен қатар Ойыл ауданында сиыр ұрлады деген айыппен ұсталған 50 жастағы жергілікті тұрғынның бірнеше рет жауапқа тартылғаны белгілі болды. Шара барысында Целиноград ауданының 33 жастағы тұрғыны Шалқар қаласының тұрғындарына тиесілі бір үйір жылқысын иелеріне қайтарды.

Малдың толық есебі жоқ па?

Жақында облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалығымен облыстық прокуратура мен облыс әкімдігінің бірлескен алқа отырысы өтті. Сол отырыста облыстық ІІД бастығы Патрис Нокин мал ұрлығының көбеюіне бақташы мен мал есебінің жоқтығы себеп болып отырғандығын тілге тиек етті:

— Осы күнге дейін малдың толық есебі жоқ, соның салдарынан тіпті кейбіреулердің қанша малы болғанын, қаншасы жоғалып кеткенін білмей қалған кездері болды.

Аудандарда малды сырғалау мен таңбалау дұрыс ұйымдастырылмаған. Облыста миллион жарым бас малдың бар болғаны 970 мыңы ғана таңбаланған. Мысалы, Хромтау ауданында әр жүз малдың, Шалқар ауданында әр екі малдың, Мұғалжар ауданында әр үш малдың біреуі ғана таңбаланған. Селолық округ әкімдері малды күзету жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра алмай отыр. Ауылдардың көпшілігінде жалдамалы бақташылар жоқ. Биыл жайылымда қараусыз жүрген малды ұрлау дерегі 32-ге жетті. Мысалы, тамыз айында Қобда ауданының Қаракемер ауылы маңынан жайылымда жүрген Ш. деген азаматтың 60 бас жылқысы жоғалып, иесі 6,5 млн. теңгенің шығынына батты. Мұндай қылмыстар Мәртөк және Қарғалы аудандарында да тіркелді, — деді. Отырыс барысында облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.

Мал таңбалауға қатысты жұмыстардың мардымсыз жүргізіліп жатқанына еліміздегі ветеринария саласында болып жатқан өзгерістер де себеп болып отырған сыңайлы. ҚР «Ветеринария туралы» Заңына өткен жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ол биыл жыл басталысымен күшіне енген болатын. Өзгерістерге сәйкес, барлық жерде мал сою бекеттері ашылып, мал біткеннің бәріне құжат беріліп, компьютерге енгізілуге тиіс болатын.

— Жұмыс саты-сатымен жүргізілуге тиіс еді. Алғашқы кезекте ірі қара мал бірдейлендіруден өткізілуі тиіс болатын. Алайда құзырлы министрлік тарапынан берілуге тиіс мал сырғалары мен құжаттары әлі күнге дейін берілмей жатыр. Сондықтан, оны тұрғындар жеке кәсіпкерлерден өздері сатып алуға мәжбүр. Дәріханалардағы баға әртүрлі, кейбір тұрғындар сырғаны  мүлде алмайды. Жұмыстың кідіріп жатқандығының осындай түрлі себептері бар, — дейді ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бастығы Асанхан Жұмаш. А.Жұмаштың сөзінің жаны бар, ветеринария саласына қатысты түсініспеушіліктер мемлекеттік қызметкерлерді оңтайландыру барысында да шиелінісіп кеткені айқын. Өйткені жыл басында ашылып, бірнеше қызмет жүктелген жергілікті жерлердегі ветеринария бөлімдері бір жыл толмай-ақ дербес бөлім ретінде қысқарып, ауыл шаруашылығы бөлімдеріне қосылды. Мысалы, облыстағы 148 селолық округтегі мал дәрігерлерінің 10-ы қысқарып қалған. Қарғалы ауданында 8 мал дәрігердің 5-еуі, Ойыл ауданындағы 7-еудің 2-еуі, Хромтау ауданындағы 15-тің 3-еуі жұмыс орнын босатқан.

Жақында ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен, облыс әкімінің бірінші орынбасары І.Өмірзақов бекіткен кесте бойынша селолық округтердегі, ауылдық жердегі қысқарудан «аман қалған» мал дәрігерлерінің ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіру жобасын жүзеге асыруға байланысты семинары өтті. Олардың әңгімесі — бөлек тақырып. «Малына сырға салып, таңбалауға көп жағдайда тұрғындардың өздері немқұрайды қарайды. Тұрғындардың әрбірінің малына сырға сатып алып беру біздің міндетіміз емес, барлық шығын мал иесі есебінен жүргізілуі тиіс», — дегенге саяды олардың пікірі. Ал құқық қорғау органдары өкілдері не сырғасы, не таңбасы жоқ малды табу өте қиын екендігін айтады…

P.S. Мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Төрт түліктің, негізінен, жайылым­дарда жоғалып кететінін ескерсек, ауыл халқының малға күзетті күшейткені абзал. Мал бағуды жауапты, сенімді адамға тапсыру керек. Тұрғындардың өз малының қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарауын тоқтатпайынша, құқық қорғау органдарының қылмыскерлермен күресі оң нәтижесін бере қоюы екіталай…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button