Құқық

Жетімдердің пәтері қайтарылды

Заң

Ақтөбе қалалық сотында сотқа дейін алып барған пәтер дауына қатысты азаматтық іс қаралып, аяқталды. Бұл жай дау емес.

Іс мазмұнына келетін болсақ, сонау 1998 жылы пәтерде сол кезге дейін өз ата-анасымен бірге тұрған С.Лена есімді жасөспірім балалар үйіне жолданады. Қала әкімінің 1998 жылы жарық көрген шешімі бойынша аталмыш пәтер С.Ленаның иелігіне беріледі. Алайда 2007 жылы осы Ленаның туысы С.Сергей пәтерді жекешелендіру шарты бойынша өз атына аударып алып, кейін басқа бір тұлғаға сатып жіберген. С.Сергей болса, сол кезеңде түзеу колониясынан жаңа ғана босап шығып, нанын әрең тауып жүріпті.

Сотқа шағымданған талапкер өз ағасы С.Сергей мен қазіргі күні пәтерді иеленіп отырған тұлға арасындағы сату-сатып алу келісімін жарамсыз деп танып, оған қайтаруды сұраған. Сотқа жауапкер ретінде қатысқан қазіргі күнгі пәтер иесі, өз кезегінде оны С.Сергейден заңды түрде, келісім-шарт бойынша сатып алғанын, ақшасын толық төлеп құтылғанын айтып, аталмыш келісім-шартты заңды деп тануды сұраған.

Жетім балалардың құқығын қорғау үшін сотқа қатысқан «Қалалық білім бөлімі», «Алға балалар үйі» мемлекеттік мекемелері соттан заңсыз түрде пәтерінен айырылған талапкерлердің мүддесін қорғап, баспанасын қайтаруды сұраған. Тағы бір айта кетерлік жайт, осы пәтерді жекешелендіру барысында пәтерде тіркелген жетім балалардың құқықтары тіпті ескерілмегендігіне мемлекеттік органдардың да қатысы бар болып шықты.

ҚР «Тұрғын үй қарым-қатынастары туралы» Заң талаптарына сәйкес, жекешелендіру барысында, осы пәтерде тіркелген тұлғалардың барлығының мүдделері ескеріліп, ол пәтер тіркелген тұлғалардың барлығының ортақ меншігіне айналады. Ал осы даулы пәтерді жекешелендіру барысында тек қана бір С.Сергейдің құқықтары ескеріліп, оны қожайын ретінде танып, қалған екі қыз бала далада қалған.

Өз туған қарындастарының жетім балалар үйінде екендігін пайдаланған ағасы С.Сергей сот отырыстарына тіпті келген де жоқ.

Тараптардың дәлелдемелерін, айғақ заттарды, прокурор пікірін сараптай келе, сот пәтерді сату-сатып алу туралы келісімді заңсыз деп тану туралы С.Ленаның талабын қанағаттандырып, жетім балалардың құқығын белшесінен басып, баспанасынан айырған бұл келеңсіз жағдайға нүктені қойды. Шешім жарияланған соң, талапкерлер қуаныштарын жасыра алмай, әділдікке қол жеткізгендігіне көпке дейін сене алмады.

Сонымен қатар, сот заңсыз әрекеттердің орын алуына жол берген мемлекеттік органдардың басшылығына кінәлі тұлғаларға тиісті шара қолдану туралы жеке қаулы шығарды.

***

Судьялар құрметтелді

Облыстық сот төрағасы Бектас Бекназаров Елбасының Жарлығына сәйкес орнынан босатылған судьяларды зейнеткерлікке салтанатты түрде шығарып салды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының облыстық және оған теңестірілген соттары судьяларының штат кестесінің қысқартылуына байланысты қызметінен босатылып, зейнеткерлікке шыққан 9 судьяға да құрмет көрсетілді. Б.Бекназаров оларды әділдік жолында атқарған адал еңбегі үшін алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына орай облыстық сот судьялары Садық Елтүзер мен Райхан Айтөкенова, облыстық соттың тәжірибелі мамандарының бірі Күлмаксым Сәулебаева «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» құрметті төс белгісімен марапатталған болатын. Сот төрағасы бұл азаматтарды да табыстарымен құттықтады.

Зейнет жасына келген судьяларды шығарып салуға арналған салтанатты шара сот жүйесі қызметкерлерінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Әсіресе, Ақтөбе қалалық соты сот мәжілісінің хатшысы Азиза Рахимованың судьяларға арнаған «Әділдік жолында» атты авторлық өлеңі мен Мұхтар Шахановтың «Қасымды қабылдамаған адам хақында» атты өлеңін мәнерімен жүреке жеткізе орындаған қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлжан Әжіғалиеваның өнері жиылғандарды тәнті етті. Сонымен қатар, Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Жанар Жұбатованың орындауындағы «Өмірге ғашықпын» әні үлкен әсер қалдырды. Салтанатты шараның соңында жиналған қонақтар мен зейнеткер судьялар естелік үшін суретке түсті.

***

Әйеліне қол жұмсау құнын 141 мың теңгемен өтейді

Ақтөбе қалалық №2 сотында ҚР қылмыстық Кодексінің 105-бабы (денсаулыққа қасақана зақым келтіру) бойынша айыпталған С.Федорға қатысты қылмыстық іс шешімін тапты.

Аталмыш қылмыстық істің қозғалуына отбасындағы ерлі-зайыптылардың арасында орын алған кикілжің себеп болды. Бірнеше жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп келген ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірі биылғы жылдың басында сыр беріп, ақыр аяғында ажырасу туралы арыз жазуға мәжбүр болды. Олар күн сайын жалғыз баланың көзінше айқайласып, жанжалдасып жататын.

Ақыр аяғында биылғы жылдың мамырында әжетханаға арналған қағазға таласқан Федор мен оның жары Марина арасындағы кикілжің соңы төбелеске ұласады. Бұл айқай мен төбелес барысын Марина қолындағы ұялы телефонының бейнекамерасына жазып алып, осы айғақты сотқа ұсынды. Сот отырысы барысында өзін жәбірленушімін деп таныстырған ашулы әйел өзінің бұрынғы жарының ішімдік ішіп оған жиі қол көтергенін, отбасының шырқын бұзғанын айтып, соттан айыпталушыны жауапқа тартуды сұрады.

Сот жәбірленушінің алған жарақаттарының деңгейін анықтау үшін арнайы сараптамаға жүгінді. Сарапшының берген қорытындысы бойынша, жәбірленуші Маринаның денесінде ұрып-соғу белгілері бар екендігі, олардың адамның жұдырығымен салыну мүмкіндігі анықталған.

Сот отырысы барысында кезінде Федор мен Маринаның көршісі болған адамдар куә ретінде шақырылып, олар аталмыш отбасыдағы болған түрлі кикілжіңді білетіндерін, кей кездері төбелес те болғандығын айтқан.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, сот айыпталушы С.Федордың тарапынан жасалған заңсыз іс-әрекеттері үшін оны  Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 105-бабы бойынша кінәлі деп тауып, бірақ оның жас екенін, бұрын сотталмағанын, жақсы мінездемесін ескерді. Оған жаза ретінде 100 айлық есептік көрсеткіш (141 300 тенге) көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарылды.

(Қатысушылардың аты-жөндері өзгертілген).

***

Төлем төленбесе…

Ақтөбе облыстық сотында өткен кезекті семинарда  азаматтық істер бойынша соттың мәлімдемелері және отырыстарға шақыру мәселесі қаралды. Оған Ақтөбе облыстық сотының басшылығы, судьялары, қалалық соттардың судьялары,  «Қазпошта», «Трансэнерго», «Ақбұлақ», «ҚазТрансГазАймақ», «АқтөбеЭнергоСнаб» АҚ сияқты маңызды саланы қамтамасыз етіп отырған мекемелер және тұрғын үйлер кооперативтері өкілдері қатысты.

Семинар барысында коммуналдық мекемелердің өкілдері қаламыздың кейбір тұрғындары  тиісті төлемдерін уақытында төлемей, мұның аяғы сотқа шағымдануға мәжбүрлейтінін алға тартты. Бұл бір мәселе болса, екінші мәселе жауапкер ретінде шақырылған кей тұрғындардың сот отырыстарына келмейтіндігі де жасырын емес.  Осы мәселені көппен кеңесе отыра шешуді мақсат еткен облыс соттарының өкілдері мен коммуналдық мекемелер жауапкерлерден қарызды заңды  түрде қайтарудың жолдарын талқылады.

Семинарға басшылық еткен Ақтөбе облыстық соты кассациялық алқа сотының төрағасы Ерлан Айтжанов аталмыш мәселені бірлесе шешуге шақырып, соттың коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеген басқа тұрғындарға тиісті деңгейде қызмет көрсетіліп, олардың құқықтарының бұзылмауына мүдделі екендігін атап көрсетті.

Өз кезегінде баяндама жасаған Ақтөбе облыстық сотының судьясы Гүлнар Әлімбаева сотқа шағымданушы  мекемелердің  ісін қарау барысында тұрғындар тарапынан сотқа, оның ресми құжаттарына деген немқұрайдылық бар екендігін де жасырмады. Кей жағдайда пошта қызметінің сотқа шақыру қағазын уақытында жеткізбейтіндігі де сот төрелігін жүзеге асыруға кері әсерін тигізеді. Сот отырысына келмеген жауапкерге, яғни қарыздар азаматтарға сот сырттай шешім  шығарады. Бүгінгі күні сырттай шығарылған сот шешімдерінің көлемі де аз емес. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш емес.

Ақтөбе қалалық сотының төрағасы Серік Төлегенов талапкер ретінде сотқа шағымданған мекемелердің өкілдеріне өз құжаттарында жауапкерлердің аты-жөндері, мекен-жайлары және т.б. қажетті мәліметтерді мұқият тексеріп, жазуды ескертті. Сонымен қатар, сот саласының өкілдері осы семинарға жиналған мекемелер мен заңды тұлғалар өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, бірталай мәселенің бетін ашты.

***

Аздық еткен ақша

Ақтөбе қалалық №2 сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 177-бабы 2-бөлімімен айыпталушы С.Әлияға қатысты қылмыстық іс қаралуда.

Айыпталушы С.Әлия «Ақтөбе медициналық колледжі» қазыналық кәсіпорнына 2008 жылы ғылыми жаратылыстану-биология пәнінің оқытушысы болып қызметке орналасқан. 26 жастағы оқытушы Ақтөбе облысының Хромтау ауданында туып-өскен.

Айыпталушы өзі жетекшілік еткен 306-топ студенттерінен ағымдағы жылдың қыркүйек айында колледж директорына ақша жинап жатырмыз деп алдап, жалпы сомасы 90 000 теңге көлеміндегі ақша алды деп айыпталып отыр.

Алғашында айыпталушы топ ішіндегі белсенді студентті шақырып алып, әрбір студенттен 2 500 теңгеден жинап алып келуін талап еткен. 35 000 теңгені оқу орнында бір алып, кейін бұл ақшаны аздық еткен С.Әлия өз студенттерінен тағы да 55 000 теңге көлемінде қаржы талап еткен. Бұдан соң жәбірленуші студенттер құқық қорғау органдарына барып, колледж мұғалімі тарапынан орын алған заңсыз іс-әрекеттер туралы арыз жазған. Осы арыз негізінде арнайы сұйықтықпен өңделген 55 000 теңге көлеміндегі ақшаны алу кезінде С.Әлия қолға түсті. Қазір С.Әлияны ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша жауапкершілікке тарту үшін іс материалдары сотқа берілді.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің көмегімен әзірлеген

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button