Басты жаңалықтар

Араның түрін алыстан танитын омарташы

Дәстүрлі емес шаруашылық

Облыстың ауылшаруашылық саласына сүбелі үлес қосып отырған Қобда ауданында соңғы жылдары дәстүрлі емес шаруашылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Бұл мекеннен ауласында түйеқұс, қаз, қоян өсіріп, бал арасын баптап отырған шаруаларды жиі кездестіруге болады.

Әрине, аталған кәсіп түрлерімен айналысып бір күнде байып кетпесің анық. Бірақ еңбектенсең едәуір пайда табуға болатынын айтады шаруалар.

Аудан әкімдігі де ауыл азаматтарының дәстүрлі емес шаруашылықпен айналысып отырғанына ерекше ықылас танытуда. Болашақта құс өсіріп, ара баптап отырған шаруалар еңбегін ауданға келген туристерге үлгі қып көрсету жоспары барын да айтқан.

Біз бүгін Қобданың Жиренқопа ауылында тұратын жас омарташы Дархан Жанкеевтің шаруашылығы жөнінде әңгіме қозғамақпыз. Бал арасын баптасаң, берекелі шаруашылыққа айналатынын, ал оның балын алсаң, әжептәуір табыс табуға болатынын айтады жас кәсіпкер.

Араның жайын баққан білер

«Кейде 100 ара баптағаннан гөрі 100 сиыр жайлаған оңай ма деп қаласың», — деп бастады өз сөзін кейіпкеріміз. Осыдан кейін-ақ ара баптаудың анау біз ойлағандай оңай емес екенін түсіндік. Омарташы алғашқы уақытта өзінің хоббиі ретінде бастаған істің қалай кәсібіне айналып кеткенін де байқамай қалғанын айтады. Үш жылдан бері осы салаға білек сыбана кіріскен Дархан бұл күнде араның түрін алыстан таниды.

— Шынымды айтсам, ара шаруашылығын қолға аламын деп бұрын-соңды ойламаппын. Өзімнің мамандығым — электрик. Отбасымызда да ара баптаған адам жоқ. Барлығы ойламаған жерден басталды. Осыдан үш жыл бұрын Александр есімді омарташымен кездесіп, әңгімесін тыңдадық. Әлгі кісінің әңгімесі әсерлі болса керек, содан кейін бал арасы туралы өзім қосымша ізденіп, білім жинақтай бастадым. Содан өз қаражатыма Мәртөк ауданынан бал арасының екі ұясын сатып әкелдім. Бір ұяда 10 мыңдай ара болады. Жаз айында әкелген екі ұямның қыстан тек біреуі ғана аман шықты. Бірінші жылы бал алмадым. Тек сырттай бақылап, баптадым, — деген Дархан ара шаруашылығының аса тиянақтылықты, ұқыптылықты қажет ететіндігін айтады.

— Қарап отырсаңыз, қызық. Аралар да адамдар секілді үлкен жанұя болып тіршілік етеді. Тазалықты жақсы көреді. Жоғарыда айтқанымдай, бір ұяда 10 мыңға жуық ара болады. Олардың әрқайсысының атқаратын қызметтері бар. Аналық ара, аталық ара, жұмысшы аралар, сондай-ақ күзетші, санитар аралар да болады. Олар омартада қалыптасқан ережеге бағынады және өз міндеттерін жақсы біледі, — дейді омарташы. Оның айтуынша, аралардың ғұмыры небары 15 күнге дейін ғана жетеді екен. Кейін бір апта он күннің ішінде қайтадан пайда болып, жұмыстарына кіріседі.

Алғашында араны интернет материалдары арқылы біліп таныған Дархан Жанкеев бүгінде бал арасын баптау бойынша арнайы курстан өтіп, республикаға өз жобасын ұсынған. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алып, Өзбекстан Республикасынан 10 ұя бал арасын сатып әкеліпті.

— Бұл кәсіпті бастаған тұсымда Карника тұқымын өсіріп көргенмін, биыл Өзбекстаннан Карпатка тұқымды бал арасын сатып әкелдім. Қазір 8 омарта бар. Яғни 80-90 мыңдай араны үйдің қасына әкеліп қойдым. Жыл мезгіліне байланысты омартаның орындарын ауыстырып отырамыз. Олар көктемде, жаз айларында дала гүлдерінен өз өнімін алады. Ал қыс айларында олар жаздай жинаған азығымен қоректенгісі келеді. Сондықтан күн суыған тұста ұяларын қайтадан балға толытырып қою қажет. Және олардың да өзге тіршілік иелері секілді суды жақсы көретінін естен шығармаған жөн, — деген омарташы қызықты кәсіптің қиындықтары туралы да айтты.

— Жер бетінде араның 25 мыңдай түрі бар екен. Біздің өңірде енді-енді қолға алынып келе жатқан бұл кәсіп түрін республиканың өзге аймақтары баяғыда-ақ дөңгелетіп алған. Әрине, бал арасы жер таңдайды. Оның жақсы жетіліп, өсуі үшін қолайлы климат болуы тиіс. Мәселен, бұған дейін араға тек таулы аймақ қолайлы десек, біздің Ақтөбе жерінде де олардың  өмір сүре алатындығын мен сияқты азаматтар дәлелдеп жатқан сияқты,— дейді ол.

Балдың жайын татқан білер

Араның негізгі беретін өнімі — бал.

Сонымен қатар араның уы, аналық сүтшесі, балауызы және желімі де әртүрлі салада сұранысқа ие.

Әдетте бал сатып алуға бара қалсаң, сатушылар балдың мың бір түрін және әрқайсысының өзіне тән артықшылықтары барын жатқа айтады.

Ал біздің кейіпкеріміз балдың қай түрін өндіреді және оның пайдасы қандай?

— Дұрыс айтасыз. Ара секілді балдың да бірнеше түрі бар. Және олардың әрқайсысының өзіндік емдік қасиеттері бар. Менің араларым жаз бойы далалықта болады. Сондағы түрлі шөптер мен гүлдерден жинайды өз өнімдерін. Яғни мен дала балын өндіремін. Балдың бұл түрі де жоғары қасиетке ие. Мәселен, дала балын бауыр ауырғанда, тыныс алу жолдарын емдеуде және суық тигенде пайдалануға болады, — дейді Дархан Жанкеев.

Биыл омарташы сәуір-мамыр айларында 20 килограмға жуық бал жинапты. Алғашқы өнімінің ауылдастарынан ауыспай қалғанын айтады.

— Биыл бал жинау маусымы пандемия уақытымен тұспа-тұс келді. Сондықтан жинаған өнім ауыл тұрғындарынан ауыспай қалды. Алдағы уақытта ара санын көбейтсек, өнімін де молайту жоспары бар, — дейді ол.

Балды жақсы көргенімізбен, оның қалай өндірілетінін біле бермейміз. Әңгіме барысында  Дарханнан бұл туралы да сұраған едік.

— Иә, балды тоқудың өз әдістері бар. Көктем-жаз айларында гүлдер мен дала шөптерінен алған өсімдік шырынын аралар өз ұясына келгенше өңдеп келеді. Кейін ұяшықтарға құйып, балауызбен жабады. Бақылап отырсаңыз, олар балды толық өздері өңдеп шығады. Бастапқы тұсында бал сұйық болады, ұяшықтан алғаннан кейін қоюланады, — дейді кәсіпкер.

Дархан 1-2 ұя ара асырау кәсіп емес екендігін айтады. Егер бұл істі шынымен кәсіпке айналдырғыңыз келсе, 10 ұя араңыз болуы тиіс. Сондай-ақ алдымен омартаңызды дайындап алғаныңыз жөн. Ол араларды омартасымен бірге сатып алуға да болатынын айтады. Бірақ бұл әдіс әлдеқайда қымбатырақ.  Біздің кейіпкеріміз бұл құрылғылардың барлығын өз қолымен жасап алған.

Араның түрлерін әбден зерттеп-зерделеп алған Дархан алдағы уақытта Ресей еліне барып, бал арасының тағы бір түрін әкелгісі келеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Сіз білесіз бе?

Аралар жайлы бірнеше факт

(https://faktiler.kz/ сайтынан алынды)

  • 1 қасық балды табу үшін 200 ара күні бойы жұмыс істеуі керек.
  • 1 килограмм балды шығару үшін 10 миллион гүлдің шырыны қажет.
  • Ара өзінен 30-40 есе ауыр затты көтере алады.
  • Араның уын медицинада қолданады. Оның көмегімен невралгия, артрит, жоғары қан қысымы және т.б ауруларды емдеуге болады.
  • Араның 5 көзі болады. Бірақ олардың көздері өте нашар көреді. 1,5 метрден асатын жерді көре алмайды. Ал иіс сезу қабілеті ерекше жақсы дамыған.
  • Арамен қоректенетін бір ғана құс бар. Ол — сарышымшық.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button