Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Мақсатымыз — қаланы жанға, даланы малға толтыру

Сенбі күні ақтөбеліктер ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтті.

Шаруалар мерекесі жылдағы дәстүр бойынша жәрмеңкемен басталды. Салтанатты шара алдында «Табыс» коммуналдық базарында, «Рамазан» ЖШС, «Табыс Агро» шағын базарлары алаңында облыстың 12 ауданы мен Ақтөбе қаласының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды. Қыс жақындаған сайын етке сұраныс артатыны белгілі. Бұл күні шаруалар ақтөбеліктерге қой, сиыр, жылқы етін молынан ұсынды.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өткен жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, экономиканың басты салаларының біріне елеулі үлес қосып отырған азаматтарға алғыс білдірді.

— Ауыл шаруашылығы — тек экономиканың ғана дамуына үлес қосып отырған жоқ, ол — халықтың қоғамдық-саяси өмірінде де үлкен орын алып отырған салмағы бар сала. Мен бұған дейін де айтқам, басты мақсатымыз — қаланы жанға, даланы малға толтыру. Ақтөбе облысы жер көлемі жағынан да алдыңғы қатарда тұр. Шаруалардың егін егуге де, мал өсіруге де толық мүмкіндігі бар. Карантин кезінде біздің Ақтөбе өзінің  ауыл шаруашылығы жағынан әлеуеті жоғары облыс екенін көрсетті. Сол тұста көрші өңірлерден  ет,  сүт өнімдерімен қатар, көкөніс өнімдеріне сұраныс көп болды. Қажетті азық-түлік тауарларымен тек өңір тұрғындарын ғана емес, айналамыздағы көршілерді де толық қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз бар екендігін анықтадық, — деген облыс әкімі шаруалардың тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбектерінің арқасында ауыл шаруашылығы саласының оң нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

Жыл он екі ай бойы облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар бұл мерекеден құр қол қайтпады. 17 адам ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің наградаларына ие болса, 4 адамға ардагерлер қоғамы медаль тақты. Ал 52 адамға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен сыйлықтары табысталды.

Биыл егіншілік саласы бойынша озат аудан ретінде Мәртөк ауданы танылса, мал шаруашылығы бойынша Қобда ауданы көш бастап тұр. Сондай-ақ молшылық пен тоқшылықтың мерекесі күні «Озат малшы», «Озат сауыншы», «Озат түйеші», «Үздік тракторшы» секілді түрлі номинациялар бойынша нағыз еңбек адамдары марапатталды.

Облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алып, «Озат малшы» атанған Алтынбек Қуанышев өз қуанышын біздің тілшілермен бөлісті. Алты жылдан бері  алдындағы ірі қараның ешбірін шығынсыз бағып келе жатқан шаруа еңбегінің еленгеніне дән риза.

— Қарапайым еңбек адамдарының еңбегін ескеріп, бағалап жатқандығы қуантады. Өзім секілді ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруаларды мерекелерімен құттықтаймын, — деді жылдың озат малшысы атанған Алтынбек Қуанышев.

Салтанатты жиын барысында  облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин 2020 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Биыл облыста 277 миллиард теңгенің  ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өскен. Мал  басы саны 6%-ға, асылтұқымды малдың үлесі 2,3%-ға, ет тірілей салмақта 5%-ға, сүт  2,8%-ға артқан.

Ал ауыл шаруашылығы саласына  тартылған инвестиция көлемі 14%-ға артып, 19,1 миллиард теңгені құраған. Еңбек өнімділігі — 109,7% немесе 1 481,3 мың теңге.

Егін жинау науқаны жақсы нәтижеге қол жеткізіп, облыс бойынша 447,8 мың гектар дәнді дақылдардың алқабынан 11,5 ц/га орташа өнімділікпен 513,8 мың тонна өнім жиналды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 33%-ға артық.

Ауыл  шаруашылығы саласына 20,3 миллиард теңге бөлініп, 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді. Мал шаруашылығына 10,3 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Оның ішінде, республикада алғаш болып облысымыз жергілікті бюджеттен мал шаруашылығына 3,4 миллиард теңге қаражат бөліп, шаруалардың мал азығына деген қажеттіліктері толық қамтылды.

Сонымен қатар шаруашылықтарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 18,2 миллиард теңге  жеңілдетілген несие берілді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 3,7 млрд теңгеге бірқатар жобалар жүзеге асырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен облыста барлығы 38 миллиард теңгеге 110 жоба жүзеге асырылса, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 91 жоба 34,5 миллиард теңгеге қаржыландырылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button