Құқық

Көлік жүргізуші, сен жауаптысың!

Заң

Жол ережелерін сақтамаудан қаншама отбасы қайғы жұтып, қара жамылып жатыр. Заңның қатайғанына, жазаның ауырлағанына қарамастан, жолдағы жүгенсіздік тыйылмай тұр. Ranking.kz. сарапшылары ұсынған дерекке сенсек, былтырғы жылдың тоғыз айында елімізде 10,1 мың жол-көлік апаты орын алған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға көп. Жол апатынан 15 мыңға жуық азамат зардап шеккен. 1300-ден астам адам жауапсыз жүргізушілердің құрбанына айналған. Биыл да бұл дерек көбеймесе, азая қойған жоқ. Оны сот тәжірибесінен анық аңғаруға болады.

Жолдағы апаттардың көбеюіне не себеп? Құқықтық сауаты күннен-күнге жоғарылап келе жатқан азаматтардың жауаптылығын қалай арттыруға болады?  Бұл — бүгінде жиі қойылатын сауалдардың бірі. Апат санының артуы көбіне жүргізушілердің салғырттығына байланысты. Көлігінің техникалық ақауына үстірт қарайтындар, тексеруден өткізуге мән бермейтіндер де баршылық. Олар өз өмірі үшін ғана емес, өзгелердің өмірі үшін де жауапты екенін түсінгісі келмейді. Жол ортақ, көлік көп болғандықтан бір жүргізушінің қателігі талай адамның тағдырын өзгертуге пәрменді. Сондықтан рөлге отырған әрбір адам айналасына құрметпен қарап, жанашырлық танытуы маңызды.

Ессіз әрекет ететін, көлікке отырса, айналасындағыларды танымай кететіндер де баршылық. Ондайларды тіпті жол бойына қойылған бейнекамералар да тежей алмайды. «Сергек» бейнекамераларынан түсетін айыппұлдардың көбі осындай жүргізушілерге тиесілі.

Ең қорқыныштысы, бізде әлі күнге дейін рөлге ішімдік ішіп, есірткі өнімдерін, психотроптық дәрілер тұтынып отыратындар қатары азаймай отыр. Кейде масаң күйде көлік басқарудың соңы ірі жол апаттарына соқтырып жатады. Ондайда кінәлі адам болары болып, бояуы сіңген соң жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан қатаң жаза тағайындамауды өтініп жатады. Әрине, жеңіл жарақат алған жәбірленушілермен келісімге келу, кешірімін алуға болар. Ал отбасында бір адамы апаттан ажал құшқандардан кешірім алу мүмкін емес. Оның артында қалған ата-ана, жары мен балаларының өмірі үшін де жүргізуші  жауапты болатынын ұмытпағаны жөн. Бірақ желік қуғандар мұны ескермейді. Сондықтан қоғам болып апаттың алдын алуға барынша мән беруіміз керек. Бейбіт заманда бауырларымыздан айырылуға тиіс емеспіз.

Жақында 25 жастағы жігіттің ісін қарадым. Онлайн режимінде өткен сот отырысында жүргізуші өзінің алкоголь тұтынғанын мойындамады. Көп мөлшерде қымыз ішкенін айтып, өз тарапынан заңның бұзылмағанына уәж келтірген ол өзіне қатысты қозғалған әкімшілік істі құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартуды сұрады. Сонымен қатар құзырлы орын өкілдерінің медициналық қорытындымен таныстырмағанын және екі сағат ішінде қайтадан сараптамадан өтуге болатынын ешкім айтпағанын айтып көрсетті. Осылайша кінәні өзінен аулақтатуға тырысты. Алайда сотқа қатысқан полиция қызметкері әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманың дұрыс толтырылғанын растап, онымен азаматты таныстырғанын, хаттама соңына жүргізушінің қол қойғанын айтты. Азаматқа  ҚР ӘҚБтК-нің 744-бабы бойынша құқықтары мен міндеттері түсіндірілген, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама шығарған кезде ҚР ӘҚБтК-нің талаптары толық сақталған.

Сонымен бірге, облыстық наркологиялық диспансердің нарколог дәрігері де жүргізушіге қатысты медициналық қорытындыда жеңіл дәрежеде алкогольдік масаңдық болғанына куәгерлік етті. Қымызды көп мөлшерде ішкеннің өзінде зерттеу нәтижесі (промилле) 1.20 болмайтынын нақтылаған маман тексеруден өткен азаматтан алкогольдің иісі шыққанын алға тартты. Тіпті наркологиялық орталық берген нәтижемен келіспеген жағдайда екі сағаттың ішінде қайта сараптама өтуге құқылы екені түсіндіріліп, қорытындымен танысуына жағдай жасалған. Осы сөзді растайтын құжатта жүргізушінің ескертпемен танысқанын растайтын қолтаңбасы да тұр.

Істегі құжаттарды зерттей келе, жүргізушіні ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға шешім қабылданды. Өзін ақтау үшін өзгелерді қаралаған азамат енді жеті жыл көлік басқара алмайды. Мұндай азаматтардың қателігі басқаларды ойлантса игі. Сонымен бірге біз де жолдағы жүгенсіз әрекеттерді жылы жауып қоймай, әшкерелеуге тырысуымыз керек. Өйткені өзгенің жауапсыздығынан ешкім зиян шекпеуі керек.

Арайлым ЕЛАМАНОВА,

Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button