Басты жаңалықтар

Ашық әкімдік: ашықтық және сапалы қызмет

Кеше облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қарғалы ауданында болды. Ауданға жасаған сапары аясында агенттік төрағасы мен облыс әкімі Оңдасын Оразалин ашық әкімдік ғимараттары мен халыққа қызмет көрсету орталығын аралады.

Агенттік төрағасы бастаған топ алдымен Қосестек ауылдық округінде жақында пайдалануға берілген ашық әкімдік ғимаратын аралады.

Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетова агенттік төрағасына сервистік әкімдіктің жұмысын таныстырып, ауылда жүзеге асырылған бірқатар жобалар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, ашық әкімдік ғимаратының құрылысы биыл мамыр айында басталған. Ғимарат қазан айында пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым — «АқтөбеСтройЭксперт» ЖШС. Жоба құны — 33 718,0 мың теңге.

Қазіргі таңда сервистік әкімдікте 7 маман жұмыс жасайды. Олардың қатарында бас маман, жетекші маман, мал дәрігері мен оның көмекшісі бар. Ал ғимаратта ашық әкімдік кеңсесі, тұрғындарды қабылдау кабинеті, балаларға арналған бөлме және мал дәрігерінің кабинеті бар. Сондай-ақ сервистік әкімдік ғимараты жанында «Қазпошта» бөлімшесі мен учаскелік инспектор жұмыс істейді.

— Ауылымызға 2016 жылы көгілдір отын келді. Ал 2018 жылы орталық су құбыры  жүргізілді. Өткен жылы 150 орындық клуб салынса, биылғы жылы ауылдағы «Балауса» балабақшасына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ округ орталығындағы 4 көшеге асфальт төселіп, 3 көшеге жарық шамдары орналастырылды. Жалпы халықтың жағдайы жақсы. Ал жаңадан ашылған ашық әкімдік халықпен коммуникацияның тиімділігін арттырып, азаматтар үшін ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді, — деді округ әкімі.

Әкімдік жұмысымен танысқан агенттік төрағасы Алик Шпекбаев ауылдағы оң өзгерістерге жоғары баға беріп, сервистік әкімдік жемқорлық тәуекелдерін жоятынын және күнделікті жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ететінін атап өтті. Өз сөзінде ол алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өсетінін, бұл, әсіресе, ауылдағы жастардың осы салаға қызметке келуіне зор серпін беретінін жеткізді.

— Елімізде азаматтардың жайлылығы үшін барлық жаңашылдық шын мәнінде тиісті деңгейде жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін біз өңірлерді, оның ішінде ауылдық округтерді аралаймыз. Алдағы уақытта жергілікті жердегі биліктің жауапкершілігі мен парасаттылық деңгейін арттыруда ауыл әкімдерін сайлаудың жаңа тәжірибесі ықпал ететін болады. Себебі сайлаушылардың сенімін ақтауға деген ұмтылыс олар үшін басты ынталандыру болмақ. Сондықтан ауыл-аймақтарда осындай жақсы бастамалар жүзеге асырылса, біз үшін де үлкен жетістік, — деді А.Шпекбаев.

Бұдан кейін агенттік төрағасы мен облыс әкімі Қосестек ауылындағы биыл жөндеуден өткен «Балауса» балабақшасына барды. Қазір балабақшада кезекші топтар жұмыс жасауда. Үш топта 45 бала тәрбиеленуде. 80 орындық балабақшада балаларға барлық жағдай жасалған. Ойын алаңы, спорт зал, жатын бөлмелер және асхана бар.

Агенттік төрағасы бастаған топ аудан орталығы Бадамшадағы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты. Бұл орталық аудан тұрғындарын барлық мемлекеттік қызмет түрлерімен қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері бүгінге дейін мұнда аудан бойынша 16 802 тұрғынға мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Орталық басшысының орынбасары Николай Смолинецтің айтуынша, қазіргі таңда мұнда тұрғындарға барлығы 700-ге жуық қызмет көрсетіледі. Биыл жыл басынан бері орталық мамандары ауылдық округтерге шығып, 50-ден астам кездесу өткізген. Нәтижесінде 771 тұрғын мен мүмкіндігі шектеулі 93 адамға үйден мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сондай-ақ орталық ғимаратында тұрғындарға көрсетілетін қызметтің ашықтығы мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында «Адалдық алаңы» кеңсесі жұмыс жасайды. Бұл кеңсеге тұрғындар орталық мамандары тарапынан көрсетілетін қызмет сапасына көңілі толмаған жағдайда шағымдана алады.

Бұдан кейін агенттік төрағасы Қарғалы аудандық әкімдігі ғимаратының 1-қабатында орналасқан «Адалдық алаңы» кеңсесінің жұмысымен танысып, мемлекеттік қызметшілермен тілдесті.

Бүгінгі күні Қарғалы ауданында «Arm Wind» ЖШС жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны — 100 млн АҚШ доллары. Бірегей нысанның қуаттылығы – 48 МВт. Бұл станция өңірді жыл сайын 196 ГВт/ сағ көлемінде электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, бұл 37 мың тұрғыны бар шағын қала үшін жеткілікті. Сондай-ақ бұл станция атмосфераға таралатын көмірқышқыл газының көлемін жылына 172 мың тоннаға дейін қысқартады. Станция құрылысы келер жылы аяқталмақ.

Аталған жел электр станциясының жұмысымен танысқан Алик Шпекбаев «Protecting Business and Investments» жобасы аясында агенттік станцияны өз қамқорлығына алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесіп жұмыс жасайтынын жеткізді.

Ауданға жасаған жұмыс сапарының соңында агенттік төрағасы бизнесті қолдау аясында  «ЭкоФерма» ЖШС-ның құлпынай өсіретін жылыжайына барды. Жылыжай жұмысымен таныстырған кәсіпкер агенттік төрағасы мен облыс басшысына мемлекет тарапынан кешеннің құрылысына инвестициялық субсидия алуға қолдау танытуды сұрады.

Айта кету керек, испаниялық NGS жүйесі негізінде құлпынай өсіретін «ЭкоФерма» ЖШС биыл 20 тоннадан астам өнім жинаған.

                                                                                                         Данагүл ҚАЗИХАН,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button